Дәріс № 17
Тақырыбы: Еңбектің психологиялық аспектілері. Кәсіпкерлік деңгейі. Мейірбике тұлғасына психологиялық талаптар
Жоспары:
1. Мейірбике тұлғасына психологиялық талаптар.
2. Дәрігер парызы, дәрігер жауапкершілігі және дәрігерлік құпия;
3. Медициналық этиканы бұзу, кәсіби тозу синдромы;
4.Медицина қызметкерлері мен тұрғындарды тәрбиелеудің деонтологиялық және әлеуметтік-құқықтық аспектілері.
«Біз қазір үшеу боп тұрмыз — мен, сен және сенің ауруың. Егер екеуміз біріксек, ауруды жеңеміз, ал сен ауру жағына шықсаң, мен жеңілемін».
Ғұлама дәрігердің аузынан шыққан осы тәмсіл кейін талай ізбасарының аузымен айтылып, мыңдаған науқастың көкірегіне сенім ұялатты.
«Жақсы сөз — жарым ырыс». Дәрігер, ең алдымен, ауру адамды ықыласпен тыңдай білуі, жылы сөзімен үміттендіре білуі тиіс. Яғни жоғарыда айтылғандай, науқасты «өз жағына» тарта білуі керек.
Бізде қазір әлгі ғұлама сынды емен-жарқын әңгіме айтып, алдына келген кісінің еркін билеп алатын дәрігер бар ма? Жоқ деп айта алмайсыз, бар! Бірақ өте сирек. Керісінше қазір дәрігерден көрген «қорлығын» айтып, зар еңірейтіндер өте көп. Өкінішке қарай (!), олардың сөздерін толық жоққа шығара алмайсыз. Диагнозды дұрыс қоя алмай, дертіне дерт қосып беретіні өз алдына, науқастың жігерін құм етіп, өмірден түңілдіріп жіберетін де дәрігерлер бар. Немесе таныстарының (өзінің де үлесі болғасын, әрине — ред.) дәрілерін ретті-ретсіз тықпалайтын ақ халаттыларды да көріп жүрміз. Тіпті үстелінде тұрған медициналық карточкаңды қарауға ерініп, үйіңнен «іздетіп» қоятын, науқаспен жүре сөйлесетін, жұмыста «настроениесі болмай отыратын», кейде тіпті, қаумалап тұрған жұртқа қарамай, жұмыстан ертерек зытып тұратын дәрігерлерге де бой үйренді. Солай болуға тиіс сияқты…
Сондықтан да ақтөбелік белгілі дәрігерлер Ізбасқан Аймағамбетовтің, өкінішке қарай, бүгінде көп айтыла бермейтін деантология туралы мақаласын біз өте ықыласпен қабылдап, жариялап отырмыз. Бұл мақала жұртшылық арасында әжептәуір пікірталас тудырады деп сенеміз.
Республикамызда тұрғындарға медициналық көмектің сапасы мен мәдениетін көтеру, оның мамандандырылған түрлерін дамыту және кең ауқымдағы профилактикалық шараларды жүзеге асыру көп ретте медициналық деонтология — медицинадағы қажеттілік ілімі туралы таным принциптерін сақтаумен анықталады.
Деонтология (парызтану) бұл медицина қызметкерлеріне жоғары гуманистік, моральдық-этикалық талаптар, кәсіби деңгейін ұдайы жетілдіру, патриотизмге тәрбиелеу мен қалыптастырудың, халыққа, өз ісі пен парызына берілгендік негізі болып табылады. Сырқатты емдеу барысында дәрігердің деонтологиялық әдістерді оңтайлы қолдануы емделушінің бойында дертінің емге көнетіндігі туралы сенім мен үмітті нығайтады, сондай-ақ медицина қызметкерінің жоғары кәсіби дайындығының дәлелі болып есептеледі. Денсаулық сақтау қызметкерлері алдында Елбасының жыл сайынғы Жолдауларында, ҚР Конституциясында, «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтауды дамыту туралы Кодексте», мемлекеттік құрылымдар мен қоғамдық ұйымдардың күшін біріктіру жолымен әрбір қазақстандықтың ұлт саулығын қалыптастыруға қатысу принципіне негізделген, «Саламатты Қазақстан» деп аталатын республиканың денсаулық сақтау саласын дамытудың 2010 жылдан 2015 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру міндеттері тұр.
Дәрігер сырқат адамға емдеудің қандай да бір әдісін, тіпті қауіпті, тәуекелді жолын немесе жаңа операцияны ұсынғанда, осы әдісті өзіне немесе жақын адамдарына да қолдана алатындай адамгершілік ережесін ылғи да есте сақтауы қажет.
Өмір бір орында тұрмайды, ол медицинаға, дәрігерлерге барған сайын жаңа талаптар қоя береді. Медицина ғылымының жетістіктері мен соңғы он жылдықтар практикасы адам өмірі үшін күресте дәрігерлердің мүмкіндіктерін көтерді, бүгінде осыдан жиырма жыл бұрынғы үмітсіз деп саналатын көптеген сырқаттарды, оның ішінде клиникалық өлім жағдайында тұрғандарды да құтқаруға жол ашылды. Адам өмірі үшін күресте қазіргі уақытта дәрігерлердің мүмкіндік аймағы бұрынғы жасанды демалдыру мен жүректі уқалаудан жасанды қан айналымы, гипербориялық оксидинация органдарын алмастыруға дейін жетті.
Медицинаның қандай да жетістіктерін қолдану күрделі материалдық шығындармен байланысты болады, оның үстіне ауыр сырқаттардың барлығын бірдей заманауи әдістердің көмегімен құтқарудың сәті түсе бермейді. Бірақ адам өмірі қасиетті болғандықтан, дәрігерлер ол үшін соңғы минутқа дейін күресуге тиісті. «Үмітсіз» сырқат деп аталатындардың дәрігерлік табандылық, төзімділік, емдеушінің нағыз ерлігі нәтижесінде толыққанды өмірге қайта оралған жағдайлары да аз емес. Адамды сүю парызы дәрігерден әрбір сырқат үшін, тіпті оның әр сағат өмірі үшін шексіз берілгендікпен күресуді талап етеді. Дәрігер халықтың өзі арқылы дерттен құтқарушы бар екендігін көруі тиістігін, сондай-ақ әр адам қандай ауыр жағдайға ұшырағанда да медицина мүмкін болғанның бәрін жасайтындығын білуі тиіс.
Дәрігер сырқат адам үшін бедел иесі және әлеуметтік өмір мәселелерінде ғана емес, саясатта да ақпарат көзі болуы тиіс. Қазіргі заманғы жағдайда қоғамдық өмірдегі дәрігердің жеке тұлғалық рөлі сөзсіз өсе түсуде. Осыған байланысты адамның дәрігерлік қызметке жарамдылығы көрсеткіштері, кәсіби іріктеу үлкен мәнге ие. Медициналық білім басқаларына қарағанда мейлінше кең ауқымды, сондай-ақ дәрігер де орта медицина қызметкері секілді қай уақытта да неғұрлым ауқымды немесе бір саланы ғана таңдай алады. Дәрігердің жұмысында ұсақ-түйек деген болмайды. Дәрігердің сырт бейнесін емделушілер тиісті түрде қабылдайды. Үстіндегі халаттың кірлеуі мен тұла-бойдағы кез-келген күтімсіздік, сөз жоқ дәрігерге бедел әкелмейді. Бұл ең алдымен этикалық нормаларға қайшы келеді, сырқаттың дәрігерге деген сеніміне кіреуке түсіреді. Өмір дәрігерге бүкіл ғұмырында және практикалық қызметінде елеулі талаптар қояды, сондай-ақ оның еңбегін ерліке пара-пар етеді. Шынында да, дәрігер мамандығы — ерлікке тең. Ол жанқиярлықты, жан тазалығы мен діл ұлылығын талап етеді. Бұған кез келген адам қабілетті бола бермейді. Кез келген дәрігердің моральдық тұрғыдан таза бола бермейтінін де байқап қаламыз. Дәрігердің сырқаттың көз алдында бедел иесі болуы керектігіне дау жоқ. Дәрігер беделі терең кәсіби білім, сырқат адамның жеке басы ерекшеліктерін ұғына білу, оның жан азабы мен күйзелістеріне ене білу, емделушімен сыпайы тіл қатысу, неғұрлым тезірек және мүмкіндігінше толық сауығып шығуына қол жеткізу секілді жағдайлардан қалыптасады. Дәрігердің міндеттерінің бірі — өз қадір-қасиеті мен ар-ожданын биік ұстау, бұл оған деген сенім мен құрмет ахуалын орнатады. Рас, ол сырқатқа көмек көрсете отырып, кейде жекелеген емделушілер мен олардың туыстары тарапынан негізсіз талаптарды, ренішті сөздер мен бопсалауды да тыңдауына тура келеді. Кез келген дерлік басқа мамандық иелері мұндайда ондай сөз иесіне дөрекі жауап қайтарып, оған айқайлауына, тіпті бөлмеден қуып шығуына болады, ал дәрігердің қандай жағдайда да өзінің көңіл-күйі мен сезіміне ерік беріп, қызбалыққа салынуының жөні жоқ. Ол өзін-өзі ұстаудың, қадір-қасиет пен кәсіби парыздың үлгісі болуы тиіс, сырқат адамға қамқорлықпен, құрметпен қарауға міндетті, сондай-ақ өзіне сондай құрмет жасалуын күтуге де құқылы.
Денсаулық сақтау ісін ұйымдастырушылар мен дәрігерлер қауымдастығы тұрғындарды медицина мен дәрігерге құрмет жасау рухында тәрбиелеуі тиіс, сондай-ақ медицина қызметкерін зәбірлегені үшін азаматтарды жауапкершілікке тарту мүмкіндігін де жоққа шығаруға болмайды. Сонымен бірге дәрігердің өз қызметтестерімен жұмыс барысындағы секілді ресми қатынасты сырқаттарға және4 олардың туысқандарына қолдануы бедел әкеле қоймайды. Қадір-қасиетті биік ұстау, қажет жерінде қаталдық, сонымен бірге зейінділік пен мейірбандылық — бұл дәрігер беделін көтеруге жол ашатын қасиеттер.
Дәрігер үшін сырқат ең жақын, туыс адамы болуы тиіс, ал емделуші үшін дәрігер — өз өмірін қолына ұстатып, оған сенетін, сүйенетін адамы. Егер адам өз тағдырын дәрігерге тапсырса, оған сенетін болса, адам ретінде құрметтеуі, оның өз ісіне берілгендігін, осы шаруаның білгірі ретіндегі түйсінуін ерекше ілтипатпен білдіреді, мұндай жағдай сырқаттың өзіне ғана емес, сондай-ақ оның жанашыр туыстарына да қатысты болмақшы. Дәрігердің емделушінің туыстарымен өзара байланысы әдетте пациенттің емге орналасуының алғашқы сәтінен және емханаға алғашқы келуінен қалыптасады. Бұл ретте тума-туыстарды аурудың диагнозы да, дерттің алдағы өрістеу деңгейі де мазасыздандырады. Олардың дәрігердің аузынан өздерін толғандырған барлық мәселеге қатысты жауапты шыдамсыздықпен және күйзеліспен күтетіні де табиғи жағдай. Сондықтан да мұндай әңгімелесу дәрігерден әдептілікті, сыпайылықты, қысқасы үлкен өнерді талап етеді. Дәрігер ешқандай алдауға бармай, болжамды диагноз, тексеру мен емдеудің жоспары туралы ақиқатты айтуы тиіс. Емделушінің жақындарына қажеттінің бәрі жүзеге асырылатындығын, сырқаттың көмексіз және қараусыз қалмайтындығын ұғындыруы қажет. Егер дәрігер сырқат болжамын үмітсіз деп есептейтін болса, бұл туралы туысқандарына сақтықпен айтуы, жанға ауыр тиетін хабарламаға оларды бірте-бірте даярлағаны жөн. Өте қауіпті жағдайдың өзінде кейде әрбір дерттің өз өрістеуі болатындығын және емдеу әсерімен алғашқы болжамдардың өзгеретіндігін айтқан дұрыс болмақ. Мұндай жағдайда сауалдарға иә немесе жоқ деген жауаппен шектелуге болмайтын да кездер кездеседі, ондайда үшінші түрді іздестіресіз. Тікелей ашықтық ылғи да орайласа бермейді, кейде туыстарға күрт мінез танытуға да тура келеді. Енді бірде диагноздың орнына оларға сырқаттың ерекшеліктері, оны емдеудің мүмкін жолдары туралы онсыз да жанұшырып жүрген адамдардың көңіліне кіреуке түсірмеу үшін әрбір сөзді салмақтап хабарлаған дұрыс болмақ. Сырқаттың туыстары олардың көзқарасы тұрғысынан қажетті қосымша тексерулер жүргізуге мәжбүрлейді, жаңа дәрі-дәрмектерді қолдануды талап етеді. Мұндай жағдайда қалыптасқан ширыққан ахуалды басу, көңілдегі түйіткілдер тетігін табу үшін түсінік бере білу, шыдамдылық, икемділік қажет болады. Туысқандардың кеңесшілер шақыру туралы табанды талабы ескерусіз қалмауы тиіс. Мұның өзі жақын адамның өмірін құтқару үшін барлығын, тіпті мүмкін еместі де жасау ұмтылысымен туындайтыны белгілі. Кеңес алуға қажеттілік болмағанның өзінде де табиғи адами әрекетке тыйым салуға болмайды. Басқа маманға көрсету пациентті де, оның туысқандарын да тыныштандырады, неғұрлым қолайлы психологиялық ахуалды құруға жағдай жасайды, ретсіз дау-дамай мен шағымды болдырмайды. Сырқат адам мен оның туыстарына жанама болса да басқа дәрігерлердің дұрыс емес әрекеттері туралы, мысалы, бұл пациентті бұрын емдеуші жөніндегі ыңғайсыз пікірлер айырықша теріс әсер етеді. Бұл сөз жоқ, дәрігердің өзінің ғана емес, сондай-ақ медицинаның да беделін түсіреді.
Достарыңызбен бөлісу: |