«6. Бұрн «тн» болб жазылатұн етстк жалғауы «ۏ» (ұ) харфы мен «тұн» делінб жазылады («оқыйтұн», «жазатұн»).
7. Қосалқы сөздер түбр сөзге сызқша мен («-») жалғанб жазылады.
8. «Ма», «ба», «ме», «бе» деген қосалқы сөз түбр сөз бен жалғаудң араснда келсе, түбр сөзге сызқша мен жалғанб, жалғау мен брге жазылады («келе-місн», «жақсы-мысн»). Бұл сөз «еді» деген етсткдң алднда келб, өзінң алдндағы сөз бен үшеуі бр сөз сықлды айтылатұн болса, қосалқы сөз алдндағы сөзге сызқша мен жалғанб, «еді» бөлек жазылады («келер-ме еді», «келер-ме екен»).
9. «Еді» деген етстк бен алдндағы сөздң араснда «ійгі» деген сөз болб, үшеуі бр сөз сықлды айтылатұн болса, үшеуі үш бөлек жазылады («келсе ійгі еді»).
10. Жалпылағш қос сөздер арасына сызқша қойылб жазылады («аяқ-табақ, кійм-кешек, төсек-орн»). Жалқылағш қос сөздң екеуі брдей қатты, я екеуі де жұмсақ айтылатұн болса, екеуі бірге жазылады. Біреуі қатты, біреуі жұмсақ айтылатұн болса, арасына сызқша қойылб жазылады («басқұр», «жел-бау», «Кене-сары», «Оспанқұл», «мрза-шөл», «Қызлқұм», «Түркстен», «Есенгелді»).
11. Етстктң бірнші жақтқ жалғауы «м» болса, оған сәйкес екнші жақтқ жалғау «ң» болады. Етстктң бірнші жақтқ жалғауы «мн» болғанда, оған сәйкес екнші жақтқ жалғауы «сн» болады («бардм», «бардң», «бармн», «барасн»)».
А.Байтұрсынұлы «Тіл-құрал» (Дыбыс жүйесі мен түрлері) кітабының 3-басылымы:
«Жазу ережелері»
«Сөз жазуының жалпы ережелері»
«Мұғалімдер үшін баяндама»
Жазба түрде берілген ойды қағазға айқын түсіру үшін, ойымызды екінші біреуге жазба түрде дұрыс айтып беру үшін, әрбір дыбыстарды, әрбір тыныс белгілерін орын-орнына қоя білуіміз керек. Орфография мен пунктуацияны білмейінше, сауатты жазу мүмкін емес. Сондықтан да әр тіл білімінде өзінің орфографиялық нормалары мен пунктуациялық жүйесі қалыптасқан.
Орфографиялық ережелер мынадай мәселелерді қамтиды:
- кейбір дыбыстардың жазылуы;
- түбір сөздердің және қосымшалардың жазылуы;
- сөздердің бірге, бөлек және дефис арқылы жазылуы;
- шылаулар мен одағайлардың жазылуы;
- бас әріптің қолданылуы;
- сөздерді тасымалдау.
Морфологиялық принцип бойынша сөз бөлшектерінің түбір тұлғалары сақталып жазылады.
Фонематикалық принципке дыбыстардың бір сөз ішіндегі немесе сөз аралықтарындағы бір-біріне тигізетін әсерлері ескерілмей, негізгі фонемалық түрі сақталып жазылуы жатады.
Фонетикалық принцип бойынша сөз бөлшектерінің дыбыстық өзгеріске ұшырауы есепке алынып, олар айтуынша жазылады.
Тарихи-дәстүрлік принцип бойынша жазу сөз бөлшектерінің түбір тұлғасын сақтау ережесіне де, естілуінше жазу ережесіне де сай келмейді, мұнда сөздердің бір кездегі қалыптасып, үйреншікті болып кеткен жазылу түрі сақталады.
Қазақ орфографиясында фонетикалық принцип те кеңінен қолданылады. Ол мынадай тұстарда көрінеді:
- Қазақ тіліндегі септік, көптік, тәуелдік, жіктік жалғаулары, сондай-ақ жұрнақтардың көпшілігі сөздің соңғы буынының жуан-жіңішке әуеніне қарай және ең соңғы дыбысына қарай түрленіп жалғанады: қала +лар, көше +лер, ат + тар, ит + тер, қаз + дар, із + дер; қала+ ның, көше + нің, ат + тың, ит + тің, қаз + дың, із + дің; қалам+ ым, дәптер + ім, әнші + мін, оқушы + мын. Бұларда жалғаулар естілуінше жазылып тұр.
2) Қатаң п, қ, к дыбыстарына аяқталған сөздерге дауыстыдан басталған қосымша жалғанғанда, қатаң дыбыстар ұяң естіледі (айтылады): кітап + ым – кітабым, тарақ + ы – тарағы, күрек + ің – күрегің. Мұндай жағдайда да сөздің түбірі сақталмай, естілуінше ұяң дыбыс әрпі жазылады: кітабым, тарағы, күрегің. Бұл да – фонетикалық принцип бойынша жазу.
3) Қазақ тілінде п дыбысына аяқталған етістіктерге көсемшенің – ып, – іп жұрнақтары жалғанғанда, қос п дыбысы қатар айтылмай немесе алдыңғысы ұяңдамай, түбірдегі п дыбысы үнді у дыбысына айналып кетеді және сол өзгеруінше жазылады: кеп + іп – кеуіп (кепіп, кебіп емес), тап + ып – тауып (тапып, табып емес). Ал пы, пі дыбыстарына аяқталатын етістіктерге п жұрнағы жалғанғанда, алдыңғы ережеге бағынбай, екі п дыбысы араларына ы, і дауыстыларын салып, қатар естіледі және естілуінше жазылады: күпі + п – күпіп, лепі + п – лепіп (отыр).
4) Бірқатар біріккен сөздер әр компонентінің түбір тұлғасын сақтамай, естілуінше жазылады: белбеу (бел+бау), қолғабыс (қол+қабыс), қолғап (қол+қап), бүгін (бұл+күн), биыл (бұл+жыл), екіншігәрі (екіншіден әрі). Бұл тәрізді фонетикалық принциппен жазылатын біріккен сөздердің саны, морфологиялық принциппен жазылатындарына қарағанда, әлдеқайда аз. Олар орфографиялық сөздіктерде беріледі. Сондықтан кез келген біріккен сөзді естілуінше жазудан сақ болу керек.
5) Орыс тілінен ертеректе еніп, дыбысталуы жағынан өзгеріп кеткен бірқатар сөздер фонетикалық принциппен қазақша айтылуынша жазылады: самаурын (самовар емес), пәуеске (повозка емес), шайнек (чайник емес), божы (вожжи емес), болыс (волость, волостной управитель емес), шөген (ыдыс, чугун емес).
6) Араб-парсы тілдерінен енген сөздер қазақ тілінің фонетикалық заңдылықтарына қарай өзгерген күйінде, айтылуынша жазылады: әділ (‘адл), пайда (файда), ақпар (әхбар), ақыр (ахир), қайран (хэйран), қате (хәта), дүние (дүнийа), нәпсі (нәфс), өсиет (уасийәт), ауа (һауа), әлек (һәлак), мазақ (мәзх). Мұндағы жақша ішінде көрсетілгендер – бұл сөздердің арабша-парсыша транскрипциясы (яғни сөздердің өз жазуымызбен сол тілдегі айтылуының көрсетілуі).
Тарихи-дәстүрлік принципке орыс тілінен және орыс тілі арқылы өзге тілдерден енген сөздердің қазақша айтылуынша емес, орыс орфографиясы бойынша жазылуы жатады: спорт, стадион, алгебра, физика, химия, геометрия, банк, биржа, съезд, фестиваль, кандидат, доктор, капитал, кальций, авиация, авианосец, акционер.
Бірақ бұларға қазақ тілі қосымшалары фонетикалық-морфологиялық принциппен жалғанады, яғни сөздің соңғы буынының жуан-жіңішкелігі, сөз соңындағы қатаң дауыссыздардың ұяңдауы (бұл сөзге дауысты дыбыстан басталатын қосымша жалғанған күнде), дәнекер ы, і дыбыстарына иек артуы сияқты құбылыстар орын алады: акцио-нер + лік, кон-церн+дер, репор-таж+ы дегендерде кірме сөздің соңғы буындарына қарай бірде жуан, бірде жіңішке қосымшалар жалғанған, ал банк, фонд сияқты сөздерге қазақ қосымшалары ы, і дәнекерлері арқылы қосылады: банк+ і + ге, банк+ і + ден, фонд + ы + сы, фонд + ы + ға.
Араб пен парсы тілдерінен енген бірқатар сөздерді х, һ әріптері арқылы жазу да дәстүрлік принципке сүйенеді: хат, халық, хабар, хал, хан, -хана, гауһар, жиһан, қаһарман. Бұлайша таңбалау 1940 жылы қазақ тілінің кириллицаға негізделген жаңа жазуы мен жаңа емле ережелері қабылданған кезде көрсетілді де, содан бергі мерзім ішінде осылайша таңбалау дәстүрге айналды.
Қазақ білімпаздарының құрылтайында қазақ терминдері жайлы қарастырып, Елдес Омаров термин сөздерді қабылдаудың 9 ерекшелігін көрсетеді:
- Жат сөздерді үндестік заңына бағындыру
2) «ә» дыбысы қазақ тілінде сөз соңында келмейтіндіктен «е» немесе «а» дыбысына ауыстыру: әдәбиәт - әдебиет
3) Қазақ тілінде «о» дыбысы сөздің бас буынында келуіне байланысты жат сөздердегі кейінгі буында келген осы дыбысты басқа дыбыспен алмастыру: Покров – Боқырау
4) Тілімізде «ғ, г, д» дыбыстарына сөз аяқталмайды, «қ, к, т» айтылады. Соны ескеру керек, ойғы ұғымды болған жағдайда үш дыбысты тастауға да болады: Оренбург Орынбор
5) Жат сөздер екпінін сөз соңына түсетіндей етіп алу: Самара Самар
6) Қазақ тілінде дыбыс қосарланып келмейтіндіктен біреуін басқа дыбыспен алмастыру: алла алда
7) Тілімізде жоқ дыбысты өз тіліміздегі дыбыстармен жеткізу
8) Жат сөздердің түбірін алып, жалғауын алмау, қазақ тілінің қосымшасын жалғау
9) Басқа тілдің дыбыстарын әліпбиге алмау.
1929 жылғы 25 маусымда қазақ әліпбиі мен жазуы латын графикасына көшті. Латын графикасын қабылдағанда фонетикалық принцип басшылыққа алынды.
1938 жылы қазақ орфографиясын жетілдіру мақсатында жазудағы негізгі принцип морфологиялық деп танылып, қазақ әліпбиіне ф, х, в әріптері енгізіледі.
1940 жылы 5 қарашада қазақ жазуы крирллицаға көшеді. Қазақ әліпбиінің орыс графикасына негізделген жаңа жобасын С.Аманжолов жасаған. Бұл алфавитте 41 әріп болған.
1951 жылы «ұ» таңбасы өзгерді. «ё» дыбысы енгізілді.
Қазақ тілінің алғашқы орфографиялық сөздігі 1941 жылы жарық көрді. 1963 жылы толық басылымы шықты, ал 1978, 1988 жылдары толықтырылды.
Қазақ жазуы мәдениетін дамытуға ерекше үлес қосқан ғалым Р.Сыздық.
«Емле заңдылықтары да тілдің өзі сиякты дамып, жетіліп отыратын құбылыс болғандыктан, 1957 жьілы түзілген қазақ орфографиясының принциптері негізінен дұрыс, жинақы бола тұрса да, кейбір ережелерін әлі де болса толықтыра түсу қажеттігі туды. Осы себептен Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл білімі институты мен Қазақ ССР Оку министрлігі 1957 жылғы орфографиялық ережелер кодексіне толыктырулар мен түзетулер енгізіп, оның жаңа редакциясын ұсынды. Ол ресми түрде қабылданып, Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумынын, 1983 жылғы 25 августағы Указымен бекітілді».
Орфография ережелері:
- Дауыстылардың жазылуы
- Кейбір дауыссыздардың жазылуы
- Түбір сөздердің жазылуы
- Қосымшалардың жазылуы
- Бөлек жазылатын сөздер
- Бірге жазылатын сөздер
- Дефис арқылы жазылатын сөздер
- Қысқарған сөздердің жазылуы
- Шылаулардың жазылуы
- Одағайлардың жазылуы
- Бас әріптің қолданылуы
- Тасымал
Достарыңызбен бөлісу: |