Адам ғапыл[1] дүниені дер менікі, Менікі деп жүргеннің бәрі оныкі. Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде, Сонда, ойла, болады не сенікі. Абай.
«Барлықтың түп себебі жаратушының білім құдірет шеберлігінде өлшеу жоқ»
«Адамдағы нысап, әділет, мейірім үшеуін қосып айтқанда мұсылманша ұждан, орысша совесть бар... Меніңше совесть – жанның тілегі. Неге десеңіз жан тіпті жоғалмайтын бұзылмайтын нәрсе, барған сайын жоғарылайтын нәрсе. Сондықтан тезірек жоғарылауға себеп керек қылады. Мәселен, таза дене, таза, толық мінез ой істерін керек қылады. Сосын қатты бір керегі совесть – ұждан. Оны осы өмір үшін ғана керек қылмайды, соңғы өмір үшін де керек қылады." [5,117б.]
«...Өлгеннен соңғы жан өміріне нана алмай, ұждан
– совесть екі өмірге бірдей керек таяныш екеніне нана алмаған кісінің жүрегін ешбір ғылым, өнер, ешбір жол заң тазарта алмайды. Егер бір адам жанның өлген соңғы өмірі мен ұждан соның азығы екендігіне әбден нанса, оның жүрегін ешнәрсе қарайта алмайды. Адам атаулыны бақытты қылып, екі өмірде де жақсылықпен өмір сүргізетін жалғыз жол осы ислам сияқты. Кейбір діншілдерді қорлыққа түсіріп жүрген – шатақ дін, жалқаулық, әйтпесе жаратушыда білім бар, өлген соң да бір түрлі жан тіршілігі бар, Жанның екі өмірде де азығы – ұждан, совесть деумен еш нәрсе кемдік көрмейді. Тіпті бұл жоғарылаудың ең зор жәрдемі үш анық дегенім осы» [5, 120б.], деген тұжырым жасаған ғұлама Шәкәрімнің сөзі
Әл-Фараби адамның материалдық денесі - тәні болуымен байланысты әртүрлі құмарлықтарға таңылуға мәжбүрлігін айта келіп, оның кемелдену мүмкіндігі ақылмен байланысты екенін айтады. Адам жетілу үшін үнемі жанын тән құмарынан азат етуге ұмтылып, ақылға жүгіндіре отырып, «... содан кейін өзінің субстанциясы жағынан, бұдан соң өзінің түрліше акциденциялары жағынан бірте-бірте өзінің ақтық кемеліне дейін көтеріледі» [6,253б.]. Адам жанын кемелдендіретін даму рухани-интеллектуалдық тұрғыда өсумен жүзеге асарына тоқталады. Аристотель болса ақылдың адам дамуындағы орнын жоғары бағалап, адамның бала кезіндегі қарапайым қайырымдылығы ақылмен бекігенде оны нағыз адамға айналдыратынына назар аудартады. «Когда же человек обрел ум, он отличается по поступкам [от не разумных детей и зверей], и [только] тогда склад [души], хотя он и подобен [природной добродетели], будет добродетелью в собственном смысле слова» [7,73б.].