ДӘРІС № 9 ТАҚЫРЫБЫ: Өндірушінің экономикалық мәдениеті. Ұлттық экономика және оның динамикасы.
ДӘРІС ЖОСПАРЫ: 1. Экономикалық дамудың негізгі принциптері
2. Ұлттық экономика
3. Ұлттық экономиканың айналымы
4. Ұлттық экономиканың негізгі көрсеткіштері
ДӘРІС МАЗМҰНЫ: Ұлттық экономика ретінде елдің халық шаруашылығын есептеу қабылданған. Бұл — көпжақты экономикалық байланыстармен бірыңғай ағза болып біріккен барлық салалар мен аймақтардың жиынтығы. Ұлттық экономикада материалдық игіліктерді, көрсетілетін қызметтер мен рухани құндылықтарды өндіру, бөлу, айырбастау мен гұтыну ажырамас кешен болып әрекет етеді.
Ұлттық экономика екі түрге бөлінеді: материалдық өндіріс салалары және әлеуметтік орта салаларын қамтиды. Материалдық өндіріс салаларына өнеркәсіп, ауыл және орман шаруашылығы, көлік, байланыс, құрылыс, сауда, қоғамдық тамақтандыру жатады. Әлеуметтік бөлім салалары білім беруді, іргелі ғылымды, денсаулық сақтауды, мәдениетті, тұрғын-үй-коммуналдық қызмет көрсетуді, спорт, туризмді қамтиды.
Ұлттық экономиканы дамыту экономикалық тиімділік, саясат пен экономиканың бірлігі, жүйелілік, мақсатты бағытталғандық және т.б. ұстанымдарға негізделген. Экономикалық тиімділік шаруашылық қызметіндегі нәтижелер мен шығындардың өзара қатынасын білдіреді. Саясат пен экономиканың бірлігі ұстанымы ұлттық экономиканы дамыту мәселелерін қарастыру кезінде жалпы мемлекеттік мүдделердің есепке алынуын білдіреді. Жүйелілік ұстанымы,бір жағынан, ұлттық экономика бірыңғай объект ретінде, екінші жағынан, салыстырмалы түрде дербес құрылымдардың жиынтығы ретінде қарастырылатынын білдіреді. Жүйелілік ұлттық экономиканың кешенді экономикалық дамуын қалыптастыруды көздейді. Мақсатты бағытталғандық ұстанымы экономикалық дамуда алдағы уақытта қол жеткізілетін мақсаттардың болуын ұйғарады.
Ұлттық экономиканың негізгі субъектілері үй шаруашылықтары, фирмалар, мемлекет, сыртқы субъектілер ашық экономикада) болып табылады. Экономикалық қызметтің әрбір субъектісінің орны мен рөлі оның қандай экономикалық ресурсты иеленетіндігіне байланысты болады.
Үй шаруашылықтары— бұл өндіріс факторларының меншік иелері, олар ресурстарды іске асырудан кірістер алады және кірістерді тұтыну тауарлары мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға пайдаланады. Фирмалар — ресурстарға (инвестициялық) сұраныс ұсынады, тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді ендіреді және ұсынады, қызметтерді өндіреді және инвестициялайды.
Мемлекет — бұл ұлттық экономиканың басқа субъектілері арасындағы қатынастарды реттейтін және қоғамдық мақсаттарға қол жеткізу үдерісін қамтамасыз ететін орган. Сыртқы субъектілер — шетелдік қатысушылар.
Ұлттық экономиканың айналымы (ресурстар, өнімдер мен кірістер ағыны). Экономикада субъектілердің өзара әрекеттестік үдерісінде кірістер мен шығыстардың ағындары қалыптасады. Бұл ретте экономикадағы бір субъектілердің кірістері басқалары үшін шығыстар болып табылады. 26-сызбада кірістер мен шығыстардың шеңберлік айналымы моделінің қарапайым сұлбасы (жабық экономика, мемлекет қатыспайды) ұсынылған.
Фирмалардың ресурстарға (немесе олардың шығындары) шығындары бір мезгілде үй шаруашылықтары үшін жалақы, ренталар мен басқадакірістердің ағындары болып табылады. Екінші жағынан, тұтынушылың шығындар ағыны фирмалардың дайын өнімді өткізуден түскен пайдасын (немесе кірісті) құрайды.
“Кірістер-шығыстар” және “ресурстар, тауарлар мен көрсетілетін қызметтер” ағындары бір мезгілде қарама- қарсы бағыттарда жүзеге асырылады және шексіз қайталанады. Шеңберлік айналым моделінен негізгі қорытынды кірістер мен шығыстардың теңдігі болып табылады. Бұл жабық экономика үшін өндірістің жалпы көлемінің шамасы ақшалай мәнінде үй шаруашылықтарының ақшалай кірістерінің жиынтық шамасына тең екендігін білдіреді.
Ұлттық экономиканың негізгі көрсеткіштері (ұлттық байлық, жалпы ұлттық өнім, жалпы ішкі өнім, ұлттық табыс). Ұлттық экономика қызметінің нәтижелері әртүрлі макроэкономикалық көрсеткіштермен сипатталады.
Ұлттық байлық (ҰБ) — макроэкономикалық көрсеткіш, ақшалай мәнінде қоғамның өз өндірістік қызметінің барлық уақыты ішінде жасаған және жинақтаған активтерінің жиынтығын білдіреді. Ұлттық байлық: табиғи байлықты, материалдық және рухани құндылыңтарды қамтиды.
Жалпы ұлттық өнім (ЖҮӨ) — бұл осы елге тиісті өндіріс факторларын (ұлттық капиталды) пайдаланумен экономикада белгілі бір кезеңде (әдетте, бір жыл) өндірілген тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің жиынтық құны.
Жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) — бұл осы ел аумағында уақыттың белгілі бір кезеңі (әдетте, бір жылда) ішінде жасалған соңғы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің жиынтық құны.
Егер ЖҮӨ ЖІӨ-ден асып кетсе, онда бұл елдің тұрғындары шетелдіктерге қарағанда, шекарадан тыс табысты көбірек алатынын білдіреді. Егер ЖҮӨ ЖІӨ-ден аз болса, онда шетелдіктердің осы елде бұл елдің тұрғындарынан көбірек табыс табатындығын білдіреді.
Қазақстан жағдайында ЖІӨ-нің ЖҮӨ-ден көп болуы заңды, өйткені ел аумағында жұмыс істейтін шетелдік компаниялардың саны шетелде ұлттың капиталды (ресурстарды) пайдаланумен жұмыс істейтін фирмалар санынан асып кетеді.
Ұлттық табыс (ҰТ) — өндіріс факторларының барлық иелері кірістерінің қосындысы, яғни жалақы, пайда, пайыз бен рентаның қосындысы ретінде анықталады. Ол қоғамның таза пайдасын білдіреді.
Ұлттық табыс экономиканың әртүрлі қатысушыларының арасында бөлінеді. Жалақы — еңбек үшін, рента — жер үшін, пайыздар мен дивиденттер капитал үшін сыйақы болып табылады.