Ас қорыту жүйесінің жасқа сай
анатомиялық-физиологиялық ерекшеліктері.
Адам өз тіршілігіне қажетті қоректік заттарды тамақтану арқылы алады. Желінген тамақ ас қорыту мүшелерінде қорытылып, ыдырап, соның нәтижесінде пайда болған заттардан организм өзіне тән бейімделген заттарды құрады.
Ас қорыту жүйесінің мүшелеріне ауыз қуысы, үш жұп сілекей бездері, жұтқыншақ, өңеш, ас қазаны (қарын), ащы ішек пен тоқ ішек, бауыр мен ұйқы (қарын асты) бездері жатады.
Ауыз қуысындағы ас қорыту, оның маңызы. Жеген тамақ ауыз қуысынан бастап қорытылады, мұнда тамақтық дәмі, температурасы, басқа да қасиеттері анықталады. Асты шайнау ас қорытудың алғашқы кезеңі. Шайнауға қозғалмалы орналасқан төменгі жақ сүйегі мен қозғалмайтын үстіңгі жақ сүйегінде орналасқан тістер, тіл және ұрт қатысады.
Жұту. Жұту кезінде арнайы тетіктері ас қоймалжыңының тыныс жолдарына (мұрын қуысы мен кеңірдекке) бармай, өңешке өтуін қамтамасыз етеді.
Өңеш. Ауыз қуысындағы ұсақталып, сілекеймен араласқан ас қоймалжыңы жұтқыншаққа, одан өңешке өтеді. Мұнда ас қорытылмайды.
Нәрестелердің өңешінің кілегей қабаты нәзік болады, сондықтан ірі ас түйіршіктері оңай жаралайды. Жаңа туған сәбидің өңешінің ұзындығы 10 см, 5 жаста – 16 см, 15 – 19 см.
Қарында астың қорытылуы және оның жас ерекшеліктері
Өңештегі ас қоймалжыңы қарынға барып жеткеннен кейін қарындағы астың қорытылуы басталады. Бұл жерде ас қоймалжыңына қарын сөлі әсер етеді. Қарын сөлінің құрамында 0,35-0,5% - дық тұз қышқылы, органикалық заттар мен хлордың, фосфордың натрийдің және күкірттің тұздары болады. Сөл құрамында белокты ыдыратып пепсин, сүт казеинін ұйытатын химозин (мәйек), майды қорытатын липаза ферменттері болады.
Қарында барлық белоктар қорытылады. Химозин сүтті ұйытады, сондықтан жаңа туған балалардың асты қорытуында оның маңызы үлкен. Қарын сөлінің құрамындағы липаза ферменті ұсақ молекулалы, айталық жұмыртқаның сары уызындағы, ана сүтінің құрамындағы майды ғана қорытады. Жалпы алғанда қарын сөлінің мөлшері, құрамы, ас қорыту күші адамның тамақ қабылдау кестесіне, тамақтың түрлеріне, жасына , жеке басының қасиеттеріне байланысты.
Қарында ас шамамен 3-4 сағаттан 10-11 сағатқа дейін болады.
Баланың қарнының кілегей қабаты нәзік, қан тамырларына бай, бірақ сөл шығаратын бездері аз болады, сыйымдылығы да кішкентай: 6 айлық баланың қарынының аумағы не бары 250-300 мл.
Қарын қуысындағы ас қоймалжың химус деп аталады. Қарын қабырғасындағы еттер жиырылып, және босап, қорытылған асты араластырады, химустың ортаңғы жағын шетіне шығарып, ферменттердің әсер етуіне ыңғайлайды. Сонымен қатар, қорытылған химусты қарынның төменгі ішек жағына айдайды.
Достарыңызбен бөлісу: |