Зат пен энергия алмасуының жастық ерекшеліктері.
Зат алмасуы тірі табиғаттың ерекше маңызды және организмнің негізгі қызметі. Зат алмасуы тоқталысымен тірлік жойылады. Оның барысында организмге түрлі қуаты бар қоректік заттар, тұздар мен су кіреді де, бұл заттардың ыдырауынан пайда болған денеге қажетсіз улы заттар денеден шығарылады. Жаңадан қабылданған заттардың организмдегі ұлпалардың клеткаларының өздеріне бейімделген заттар жасалады. Бұл ассимиляция, яғни организмге енген заттарды өздеріне бейімдеп өзгерту. Мұнымен бірге организмде клеткалар мен олардың бөлшектері ескіреді, олар ыдырайды, яғни диссимиляция байқалады. Асимиляция мен диссимиляцияның нәтижесінде организм ескіріп тозған қажетсіз заттарды сыртқа шығарады және қызметіне қуат алады.
Балаларда ассимиляция диссимиляциядан басым болады, олар тек ересек адада ғана теңеседі. Бала кезінде ассимиляция басым болса, қартайғанда, керсінше диссимиляция басым болады. Бұл заңдылық түрлі ауруларға, сыртқы ортаның қауырт жағдайларының әсерінен байланысты бұзылады.
Энергия алмасуы. Ұлпадағы клеткаларда белок, май, көмірсу, оттегінің қатысуымен тотығып ыдырайды және осы заттар денеге бейімделіп қайтадан өндіріледі. Қуат шығыны екі түрлі әдіспен анықталады: а) денеден шыққан жылу қуатын тікелей калориметр деген аспаппен өлшеу - тікелей калориметрия әдісі; ә) газ алмасуын өлшеу арқылы, яғни жанама калориметрия әдісі.
Тәуліктегі жұмсалатын қуат мөлшері адамның жасына, денсаулығына, азығына және іс-қимылына байланысты. Жеңіл дене еңбегінде тәулігіне 2000-2300 ккал қуат жұмсалады, ал ауыр жұмыс кезінде бұл мөлшер істеген жұмысқа сай 2-3 есе артады.
Негізгі алмасу. Адам толық тыныштықта болғанның өзінде белгілі мөлшерде қуат жұмсайды. Денедегі физиологиялық қызметтерге тынымсыз үнемі қуат жұмсалып жатады. Қалыпты жағдайда адам организміндегі ең төменгі деңгейлі зат алмасуы мен қуаттың жұмсалуын негізгі алмасу дейді. Негізгі алмасу кезіндегі қуат тыныштық жағдайдағы тіршілікті сақтайтын жүрек–қан тамырлар, бүйрек, бауыр сияқты мүшелердің үздіксіз қызметі үшін, клеткалардағы зат алмасуын қамтамасыз етуі үшін жұмсалады.
Негізгі зат алмасуының мөлшері 1 кг салмаққа шаққанда жаңа туған нәрестелерде онша көп емес 38-42 ккал, туғаннан кейін ол көбейе бастайды: 2-4 аптада 44-46 ккал, 5-8 аптада 49 ккал, 8-12 аптада 54 ккал, 1-1,5 жаста 55-60 ккал болып ең жоғарғы деңгейіне жетеді. Ересек адамда 23 ккал.
Достарыңызбен бөлісу: |