Цифрлік технологияларды енгізу және Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының түбегейлі жаңа траекториясына өту «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы 2017 жылдың 12 желтоқсанында қабылданған болатын және ақпараттық технологияларды экономиканың бес бағыты бойынша енгізу көзделуде. Олар: «Экономика салаларын цифрландыру», «Цифрлық мемлекетке көшу», «Цифрлық Жібек жолын іске асыру», «Адами капиталды дамыту», «Инновациялық экожүйені құру». Аталған бағыттар бойнша 2018-2022 жылдары аралығында 120 іс-шара жүзеге асырылады. Еліміздің Президенті биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында ақпараттық-технологиялық шешімдерді енгізу қажеттігін қадап айтты. Бұл деген сөз, ел экономикасының түбегейлі жаңғыруы үшін жаңа технологияларды енгізу, өндіріс саласын цифрландыру мәселелеріне назар аудару. Яғни, экономика салаларын цифрландыру – заман талабы. Қазіргі таңда цифрлық технологиясыз жетістікке жеткен кәсіпорынды елестету мүмкін емес, ондай өндірушілер тауарының сапасы мен бағасында ұтылып, бәсекелестікке төтеп бере алмайды. Елбасы Жолдауында ұсынылған ел дамуының басты бағыты – цифрландыру, яғни Қазақстанды жаңа әлемдегі көшбасшы елдердің қатарына кіргізу үшін өмірдің барлық саласына цифрлық технологияны белсенді енгізу қажет. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында елдің экономика және әлеуметтік салаларындағы күн тәртібінде тұрған кезек күттірмейтін аса маңызды 10 міндетті белгілеп берді. Бұл міндеттер – биік белестерді бағындыруға жетелейтіні сөзсіз. Индустрияландыру – бұл жаңа инновациялық технологияларды енгізу. Кәсіпорындарды жаңғыртуға және цифрландыруға бейімдік, өнімнің экспортқа шығуын көздейтін жаңа құралдарды әзірлеп, сыннан өткізу. Инновациялық орталықтар мен технологиялардың қызметін арттыру, ұйымдастыру және қайта қарау. «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі. Қаржы секторын «қайта жаңғырту» мен құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу, міне осылар алдағы кезеңдегі негізгі атқарылар міндеттеріміз болып табылады. Өткен жылғы басты қорытынды бұл – ел экономикасын қалпына келтіру үдерістерін жандандыру және оның жоғары қарқынмен дамуға қадам басуы болғаны белгілі. Өсімге себеп болған негізгі фактор – сауда секторларында өндірісті кеңейту, инвестициялық белсенділікті арттыру және ішкі сұраныстың біртіндеп қалпына келуі. Сыртқы жағдайлардың оң әсері ретінде мұнай мен металдарға жоғары баға конъюнктурасын, сондай-ақ ЕО, Ресей және Қытай секілді негізгі сауда серіктестер саналатын мемле-кеттердегі экономикалық жағдайдың жақсаруын айтуға болады.