18 – ші сурет. 4-ші беломыртқаның көлденең кесіндісі және Б.А. Башкиров әдісі бойынша инені енгізу бағыты.
үлкен белдеме бұлшық еті;
белдеме және мықын фасциясы;
сыртқы ен нерві;
үлкен және кіші белдеме бұлшық
еттерінің аралығындағы қуыс;
кіші белдеме бұлшық еті.
Бұл әдісті желіннің оң және сол жақ алдыңғы бөліктері қабынғанда қолдануға болады. Сонымен қоса, желінге операция жасайтын жағдайда малдың 100 кг салмағына 7 мл 3% новокаинді пайдалануға болады.
Д. Д. Логвиновтың әдісі бойынша желін жүйкелерін тежеу
техникасы. Желінсауды емдеуде желін нервтерін Д.Д. Логвинов әдісі бойынша новокаинмен тежеу жасау жақсы нәтиже береді. Ол үшін сиырды арнайы станокқа бекітеді. Ине енгізетін жердің жүнін қырқып, ол жерді иодты спиртпен өңдеу керек. Новокаин енгізу үшін ұзындығы 10 – 15 см ине қолданылады. Желінің артқы бөлігі қабынса, ине енгізетін жерді табу үшін желіннің артқы бөлігінің жоғарғы тұсынан көлденең сызық түсіріп және желінді екіге бөлетін сызықтың қиылысқан тұсын табу қажет. Егер желінің сол жақ артқы бөлігі қабынған болса, онда жоғарыдағы аталған тіке және көлденең сызықтардың түйіскен тұсынан 1 – 2 см солға қарай ығысып барып желін терісіне инені енгізеді. Инені жоғарыдан төменге қиғаштап, сол жақтағы алдыңғы аяқтың тізе буынына бағыттап, 10 – 12 см тереңдікке енгізеді.
19 – шы сурет. Желін нервтерін Д.Д. Логвинов әдісі бойынша тежеу.
Осы талапты орындағанда ине желіннің жоғарғы жағы мен құрсақтың бұлшық етінің аралығындағы қуыста орналасқан нервтер маңынан өтеді. Тежеу жасау үшін 0,5% новокаин ерітіндісі, 150 – 200 мл мөлшерінде желіннің қабынған бөлігінің жоғарғы тұсына бөлшектеп енгізілуі керек. Егерде желіннің екі артқы бөлігі қабынса, новокаин жоғарыдағы тәсіл бойынша қатарынан ауырған бөліктерге енгізіледі.
Желіннің алдыңғы бөлігі қабынса новокаинді енгізу үшін, қабынған бөліктің алдыңғы жағындағы терісін жоғарғы тұсынан ұстап, инені төменнен жоғары, қарсы жақтағы артқы тізе буынына бағыттап, тереңдігі 10 – 12 см енгізу қажет.
20 – шы сурет. Д.Д. Логвинов әдісі бойынша желіннің алдыңғы бөлігі қабынғанда новокаин ерітіндісін енгізу көрінісі.
Содан кейін, көлемі 150 – 200 мл, 0,5% шприцтегі новокаин ерітіндісін, инені кері шығару барысында, желін бөлігінің жоғарғы қуысына бөлшектеп жібереді.. Желіннің алдыңғы бөліктері қатарынан қабынса, онда новокаинмен екі бөлігінде тежеуге болады.
Желінде қабыну процесі алғашқы басталғанда новокаинді ем ретінде қолданса, 3–5-ші күндері желінсау жазылады. Серозды, катаральды желінсауда 24 – 48 сағат аралатып новокаинді 2 – 3 рет қолдануға болады. Фибринозды және іріңді желінсауда новокаинді 24 сағат аралатып 5 – 6 рет қолдануға болады. Салқын уақытта желінді жылы ұстау және малды жиі сауу қажет.
Желін нервтерін тежеуде новокаинмен бірге антибиотиктерді қолдану жақсы нәтиже береді. Ол үшін новокаин ерітіндісіне 200 – 300 мың бірлік әсерінде (БӘ) пенициллин немесе стрептомицинді қосып пайдалануға болады.
И.И. Магда әдісі бойынша желін жүйкелерін тежеу техникасы.
Аталған әдісте айналшақ пен сарпай маңайында орналасқан нерв тармақтары новокаинмен тежеледі. Новокаинді енгізу үшін шонданай сүйегінің ойысын тауып, сол тұстың терісі залалсыздандырылғаннан кейін, 1,5 – 2 см тереңдікке ине енгізіліп, шприцпен 15 – 20 мл мөлшерінде 3%- ды новокаин ерітіндісін бөлшектеп, ине жолының оң және сол жағына енгізіледі.
21 – ші сурет. И.И. Магда әдісі бойынша айналшақ пен сарпай
аралығындағы нервті новокаинмен тежеу.
Бұл әдісті желіннің артқы бөліктері қабынғанда қолдануға болады.
Қорыта келгенде, болашақ кәсіптік негізде мал мамандарын дайындауда ауруларды анықтау, емдеу және олардан сақтандыру үшін қолданылатын әдістердің техникасын жете меңгеру үшін терапевтикалық техниканы үйренудің маңызы өте зор. Ауру малды дұрыс емдеу үшін қазіргі кезгі талаптарға сай ұсынылып отырған техникаларды пайдалана білу әрбір маманның міндеті. Тек заманауи техниканы, әдістерді жете меңгеріп, оны тиімді пайдалана білетін маман ғана өз ісінің шебері атанады.
Болашақ мал маманына өте қажетті арнайы клиникалық пәндерді терең игеру үшін, теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде іске асыра білу үшін бұл пәннің алатын орны ерекше. Малшаруашылық өнімдерін тиімді пайдалануды малдарды аурулардан, әсіресе ішкі жұқпалы емес аурулардан, сақтандыру бағытындағы теориялық, методологиялық және ұйымдастырушылық салаларының жеткен жетістіктерін түгелдей дерлік есепке ала отырып, ауру малды дара және топтап емдеу әдістерінің техникасын ары қарай дамытып, жетілдіру арқылы іс жүзіне асыруға болады. Ол үшін диспансеризация әдісін дұрыс пайдалану малдәрігерлерінің жоспарының негізі болуы керек.
Қышалар
Қышалар терінің рецепторларына, қан тамырларына әсер етеді. Малдың организмін нақтылы емес қуаттаныдрушы емдеу әдістерінің негізінде белсендендіреді. Малдәрігерлік тәжірибеде қышаның талқандалған ұнтағы мен майсыздандырылған ұрығынан қышаның қамырын дайындап барып қолданады.
Қышаның ұрығының құрамында эфир майы, синигрин глюкозиды және мирозин ферменті бар. Жылу мен ылғалдылықтың әсерінен мирониз ферменті глюкозид синигринді ыдыратады, одан қышаның эфир майы түзіледі. Қышаны теріге жапсырғанда бастапқыда күйдірген тәрізді әсер етеді де, артынан ұзаққа созылатын қызару пайда болады.
Малдың терісінің қыша қойылатын жерін жақсылап тазалап, сумен ылғалдайды. 400 граммға жуық қышаның ұнтағын алып, жылы суға илеп қамыр жасайды. Қамырды щетка арқылы, малдың жүнінің жығылысына қарсы бағытта жұқа етіп жағады. Оның үстін суланған орамалмен жауып, сыртынан су өткізбейтін қабатты (клеенка, целлофан, полиэтилен пленкасы) орналастырады да, жылулық қабатымен орап тастайды. Осындай жағдайда қамыр тез кеппейді және қышаның эфир майы ұшудан сақталады.
Қышаны терілері қалың ірі малдарда 20-25 минут, ал ұсақ малдарда 10-15 минуттай ұстайды. Уақыт біткеннен кейін қышаны жылы сумен жуып, орнын құрғатып сүртеді де, малдың үстін жылылап қояды.
Егер қыша дұрыс қолданылған болса, онда қыша қойылған жерде 4-6 сағаттан кейін қабыну ісігі пайда болады да, ол ісік 2-3 күндей сақталады. Қышадан кейін қыздырғыш аспаптарды қолданған пайдалы.
Қышаны малдың өкпелері, плеврасы, бронхылары қабынғанда; жарақатты және ревматикалық миозиттерде; малдың сіңірі созылғанда; жүйке жүйесінің ауруларында қолдануға болады.
Терінің, емшектердің ауруларында, геморрагиялық диатезде, ісіктерде қолдануға болмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |