Анкета мен сұхбат жүргізу әдістері
Сұрақ алу әдісі. Эмпириялық ақпараттар сұрақ алу арқылы алынады. Бұл әдіс ұйымдастыру жағынан артықшылығымен, арзандығымен, ақпараттың мазмұндылығы және әмбебаптылығымен, алынған ақпаратты өңдеуге техникалық құралдарды барынша мол пайдалану мүмкіндігімен ерекшеленеді.
Сұрақ әдісінің негізгі түрлеріне анкеталық сұрау мен әлеуметтік сұхбат (интервью) жатады.
Сұрақ алу тәсілінің өзіндік ерекшелігі «сұрақ-жауап» жүйесі логикалық көзқарас тұрғысынан жүзеге асып, алынған жауаптар кейіннен сапалық және сандық өңдеулерге түсуінде жатыр.
Анкета – зерттеушінің жауапшымен (респондент) анкета арқылы контактыға негізделген эмпирикалық әлеуметтану зерттеуіндегі әлеуметтік өлшеуіштің бірден-бір кеңінен тараған тәсілі.
Анкетаны жасаудың, онымен жұмыс жүргізудің өзіндік ерекше әдістемелік тәсілдері мен сипаты бар. Кез-келген анкетаның үш құрамдас бөлігі: кіріспе, мазмұндық (негізгі бөлім) және қорытынды (төлқұжат) бөлімдері болады.
Кіріспеде зерттеуді кімнің жүргізетіндігі, оның мақсаты мен міндеті, анкетаны толтыру тәсілі, оны толтырудың жасырын екендігі көрсетіледі. Анкетаны қалай толтыру керектігі жайлы нұсқау кіріспенің соңында беріледі.
Анкетаның негізгі бөлімін толтыруға айрықша назар аударылады, өйткені жүргізілетін зерттеудің табысқа жетуі осыған байланысты.
Анкетаның мазмұны (ұсынылатын сұрақтардың сипаты мен түрі, оларды орналастыру тәртібі, алынатын жауаптар) зерттеліп отырған объект жайлы неғұрлым нақтылы мағлұматтар алуға ұмтылу арқылы айқындалады. Бұл үшін анкетаның мазмұндық бөліміндегі сұрақтар жүйесін әбден саралап барып түзген жөн. Сұрақтар түзу анкета жасаудың ең күрделі кезеңі: оның алдында зерттеудің негізгі ұғымдарын эмпириялық тұрғыдан анықтау, әрқайсысына анкета сұрақтарының бір, не бірнешеуі сәйкес келетін эмпириялық индикаторларды іріктеп алу процедурасы өтеді. Заттық мазмұнына қарай сұрақтарды мынандай категорияларға бөлуге болады:
- деректер жайлы сұрақтар - әлеуметтік құбылыстар, өндірістегі хал-ахуал, қоршаған орта жайлы, сұралушының жеке басына қатысты мағлұматтар алу;
- білімі туралы сұрақтар – сұралушының белгілі бір сала бойынша білімінің деңгейін анықтау мақсатындағы емтихан типтес сұрақтар болып келеді;
- пікір жайлы сұрақтар - сұралушының деректерді қабылдауы, болашақ туралы тілектері, жоспарлары жайлы болып, өзінің жеке басының кез-келген проблемасын қозғауы мүмкін;
- себеп жайлы сұрақтар – адамның өзінің іс-әрекеттері жайлы субъективтік түсініктерін анықтайды;
- логикалық сұрақтар – негізгі сұраққа жауап арқылы зерттеліп отырған құбылыс жайлы негізгі түйін жасалады;
- елек сұрақтар – бір белгілеріне қарай көпшіліктің ішінен сұралушылардың бір бөлігін іріктеп алу мақсатында қойылады;
- бақылау сұрақтары – жауаптың орнықтылығын, шыншылдығын және қайшылықты еместігін тексеріп, олардың нақтылығын анықтау үшін қызмет етеді;
- контактылық сұрақтар – сұрау жүргізу барысында сұралушымен өзара қарым-қатынасты жеңілдету, оның зерттеліп отырған проблеманың мәні туралы өз пікірін толық және шынайы беруіне ынталандыру;
- аралық (буферлік) сұрақтар – назарды бір тақырыптық кешеннен екіншісіне аударуды қамтамасыз етеді.
Төлқұжат (демографиялық) бөлімде ақпараттың сенімділігін тексеру мақсатымен сұралушы жайлы мағлұматтар толтырылады. Бұған респонденттің жынысы, жасы, білімі, тұратын жері, әлеуметтік жайы мен шығу тегі, жұмыс стажы т.б. сияқты деректер кіреді.
Анкета жасалған соң тексеріледі, сынақтан өткізіліп, кейбір өзгерістер енгізіледі. Анкетаның сапасын анықтау үшін пилотаждық зерттеу жүргізіледі. Оның барысында анкетаның мазмұны, сұрақтардың қойылуы мен кезектілігі, жауап нұсқалары т.б. тексеріледі.
Анкеталық сұрау салу социологиялық зерттеулердің алғашқы мағлұматтар жинау сатысында аса маңызды әдіс болып табылады.
Сұрау әдісінің келесі түрі әлеуметтік сұхбат (интервью) арқылы жүзеге асады.
Сұхбат - әлеуметтану зерттеуінің сауалдау тәсілі, әлеуметтанушының алдын ала әзірлеген жоспары бойынша қайсыбір адаммен немесе адамдар тобымен мақсатты әңгімелесу формасы, оларға қойылған сұрақтарға қайтарылған жауаптар әлеуметтік ақпараттың бастапқы қайнар көзі қызметін атқарады.
Сұхбат социологтың сұралушымен тікелей байланысына негізделіп, белгілі бір тақырып бойынша әңгіме өткізу арқылы социологиялық ақпараттар жинаудың барынша қолайлы әдісі.
Әлеуметтік сұхбат жүргізгенде сұхбат алушы социолог пен сұралушы арасындағы байланыс тікелей болады; зерттеуші сұхбатты ұйымдастырады, сұрақтар қояды, әңгімелеседі, оны бағыттап отырады, алынған жауаптарды жазып алады. Яғни, сұхбаттың анкетадан ерекшелігі: зерттеуші сұралушы сұрақты түсінбеген кезде түсіндіреді, сұралушының көзқарасын нақтылай түседі, сұрау парақшасына толығырақ мәлімет жазу үшін қосымша сұрақтар сұрайды. Сұхбат мынандай түрлерге жіктеледі:
Достарыңызбен бөлісу: |