Пән атауы: Ғылым тарихы мен философиясы
ДӘРІС САБАҚТАРЫНЫҢ ТОЛЫҚ МӘТІНІ
Мамандығы: Барлық мамандықтағы магистранттар үшін
1 курс, қазақ тобы, 1 семестр, 2 кредит
Оқу нысаны: күндізгі
ДӘРІС САБАҚТАРЫНЫҢ ТОЛЫҚ МӘТІНІ
Кіріспе
Бүгінгі таңдағы еліміздің ғылым мен білімге басымдылық беру саясатына орай, оны тереңірек игеру және зияткерлік деңгейді көтеру ұстыны білім беру үдерісінен бастау алады. Жоғары оқу орындарында кәсіби философия мамандығы емес магистранттар үшін міндеттелген оқу пәндерінің бірі – ғылым тарихы мен философиясы болатын. Кей тұстарда бұл пәнді оқып үйрену магистранттарға біршама қиындық тудырады. Оның бірнеше өзіндік объективті, субъективті себептері де бар. Бұл көп жағдайда қазақ топтары үшін ана тіліміздегі оқулықтардың жетіспеуінен, осының салдарынан тәлім алушы көптеген терминдер мен түсініктерді ұғынуға мүмкіндігі төмендейді.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғылым мен технология тілін мемлекеттік тіл деңгейіне көтеру мәселесі жолға қойылып отыр. Дегенмен, осы тұста да әлі кемшін жақтар бар. Қазақ тілінде жазылған, аударылған ғылым тарихы мен философиясы бойынша жазылған туындылар мен оқулықтар қатары көбейіп келеді, бірақ баламалы оқулықтар түрін көбейту, оны жаңа оқыту технологиясы бойынша жазу, еуропаорталықтық көзқарастардан арылу сияқты өзекті мәселелер әлі де қазақ тіліндегі бұл пәннен оқулықтар қатарын көбейту мәселесіне келіп тіреледі.
Бұл оқу құралы осындай заманауи талаптар мен қажеттіліктерді қамтамасыз етуге бағытталған. Кейбір ғылымдарды оқытудың арнайы әдістемесі жетілген, ал кейбірінде бұл сала дамымай қалған. Оқыту әдістемесі жетілмей қалған ілімдердің бірі осы ғылым тарихы мен философиясы пәні. Сондықтан осыған келешекте баса назар аудару қажеттілігі туындайды.
Бұл оқу құралында дәстүрлі бағдарлама бойынша ғылым тарихы мен теориясының келелі түйткілдері ұсынылды. Жаңа оқыту технологиясының қағидалары барынша ескерілді. Оқу құралының мазмұнын толықтыру мен баяндау сәтінде қазіргі қазақстандық беделді ғалымдардың төлтума еңбектері мен оқулықтары, оқу құралдары, әдістемелік нұсқаулары басшылыққа алынды, олардың ұтымды пікірлері пайдаланылды, бірақ бұл оқу құралы болғандықтан сілтемелер алуды қажет деп таппадық. Бұнда студенттердің ғылыми ойлау дағдысын қалыптастыру, шығармашылық үдерісін жандандыру мен жетілдіру, ғылыми таным аппараттарымен қаруландыру, логикалық операцияларды игеру сияқты үрдістер барынша толығырақ қамтылды. Соңында бақылауға артналған сұрақтар мен тесттер берілді.
Себебі, ғылым тарихы мен философиясыпәнін оқыту өзіндік күрделі мәселелер ауқымын қамтиды. Ғылым философиясының көптүрлі көзқарастар аясында өрбитіндігі, идеялардың түбегейлі жоққа шығарылмайтындығы, абсолюттіліктің таза абсолюттілікке тек қана бағдарланып келе жатырғандығы, канондалған «дұрыс» пен «теріс» өлшемдерінен барынша тыс бола алатындығы т.б. оқу бағдарламасындағы әрбір тақырыпты түсіндіруді тереңірек зерделеуді қажет етеді. Осыған орай, кей тұстарда авторлардың өзіндік көзқарастары да ішінара енгізілді, бірақ ол сендіру мақсатында емес, талқылау мен студенттің өз ойын дамыту мақсатында қолданылды.
Қазіргі ақпараттық кеңістіктегі және болашақтағы руханияттық деңгейге ұмтылыс пен таным парадигмаларының руханилық дәрежесінің артуы, адамның өзін жан-жақты интеллектуальдік тұрғыдан жетілдірудің заманында ғылым логикасы мәдени кеңістікте айрықша орын алатын сала. Ол өз кезегінде магистранттардың ғылыми ойлау машығын жетілдіріп, ғылыми жұмыстар жазуға септігін тигізетін, оның әдіснамасын үрететін бірден-бір қажетті пән болғандықтан, біз ғылым тарихынан гөрі, ғылым әдіснамасына, ғылым логикасына, зерттеудің логикасына баса мән бердік. Ендеше, ғылымның бастапқы негіздерін оқып үйрену заман талабынан, жастардың білім аймағының кеңдігін толықтырудың сұранысынан, руханилық аясында өзін еркін сезіну және үнемі жетілу бағдарларын қамтамасыз етуден, барлық білімдердің түпкілікті негіздерін, жалпы әдіснамасын бағдарлай алу қажеттіліген туындайды.
Достарыңызбен бөлісу: |