14-15 дәріс. Интеллектуалдылық пен рационалдылық: ғылыми ойлау мен шығармашылық
Мифтік логика ойлау мәдениетінің бастауы ретінде және фантастика
Интеллектуалдылық және елеміздегі интеллектуалды ұлт қалыптастыру саясаты.
Ғылым логикасы мен ойлау ережелері
Жаңалық ашу логикасы
Креативті, сыни, продуктивті, эвристикалық, шығармашылық ойлау
Қазіргі кездегі еліміз жүргізіп отырған стратегиялық саясаттың бірі – интеллектуальдік ұлт қалыптастыру ұстанымына байланысты бүгінгі таңда жастардың ғылыми әлеуетін арттыру мен кең дүниетаным қалыптастыру қолға алынып отырған шақта, алдымен, оның теориялық-әдіснамалық бағдарларын құрып алу маңызды істердің бірі болып табылады. Бұл тұста, басқа да ғылым салаларымен қатар философияның атқарар міндеттері мен мүмкіншіліктері зор.
Жалпы ойлау мәдениеті, оның шығармашылыққа бастар көне дәуірдегі мифологиялық құрылымы, одан соң осы мифологиялық ойлау бағдарының қазіргі фантастикалық ойлаумен келіп ұштасатын қырлары жеке-жеке талданып көрсетіледі. Бұл ойлаулардың жалпыға ортақ шаблондары ұсынылады да, мифтің немесе фантастиканың өзіндік бір ортақ ерекшеліктері бар екендігін ашып береді. Келесі кезекте, ол қазақ дүниетанымын да назардан тыс қалдырмай, би-шешендер логикасы бойынша зерттеулер жүргізіліп, оларға ортақ жалпылама бағдарлары көрсетіліп, философия тарихындағы жаңа идеялардың қалай туындағандығына баса назар аударылып, тың идеялардың пайда болуының өзіндік бір ерекшеліктері арнайы формулалармен көрсетіледі. Бұл да философиялық тың ойларды туындатуға алып келетін әдіснамалар ұсынады.
Адамзат ақыл-ойы тарихын барлап қарасаңыз, кез келген ұғымға балама боларлық термин дереу табыла кететіндігіне көз жеткізесіз, кейде ұғым өзіне релевантты терминді бірнеше ғасырлап күтетін кезі де кездеседі. Ойлау мәдениеті ұғымы тап осындай жағдайды бастан кешті. Ұғымның өзі ежелгі философия кезінде-ақ табылған еді, ал оған сәйкес келетін термин Батыс Еуропада XVIII ғасырдың екінші жартысында ғана пайда болды. Зерттеушілер нақ осы уақытта мәдениет және өркениет ұғымдарының пайда болуын жатқызады («өркениет» термині болса қолдан жасалды, өйткені латында бұл болмаған еді).
Аристотель негіздеген формальді логика кейіннен, қайта өрлеу дәуірі мен жаңа заманда рационализмге айналып, ХІХ-ХХ ғасырларда логоцентризмдік деңгейге дейін көтерілген еді. Осындай логикалық ойлаудың арнасының кеңею кезеңдері мен сәттері бір қарағанда, ғылыми-техникалық төңкерістермен тұспа-тұс келеді. Ендеше, формальді логика тұтас ғылыми танымның негізіне айналды немесе ол ғылым логикасы ретінде бекітілді. Бірақ бұндай ғылымиланған дүниетаным бірте-бірте бұқаралық санаға кеңірек жайылып, сананы басқа да логикалық емес ойлау түрлерінен ажырата бастады.
Соның бірі – мифтік ойлау, яғни, мифтердің мазмұны мен ондағы оқиғалар шындықтан неғұрлып алшақ, ешқандай да қисынға келмейтін, бір қарағанда қоғамдық өмірге еш пайдасы жоқ құбылыс ретінде бағалануға дейін барды. Бірақ релятивистік, диалектикалық, ХХ ғасырдағы постпозитивистік бағыт пен постмодернистік философия, әлеуметтік мифтерді зерттейтін әлеуметтік философияның арнасы т.б. мифтерге де руханияттың маңызды бір саласы ретінде қарау қажеттігін, оны да белгілі бір деңгейде ғылыми таныммен салғаластыруға болатындығын, ол да қоғамдық сананың ажырамас қасиеті екендігін ұсынған болатын.
Сондықтан да, қазіргі таңда көне мифтердің туындауын, ондағы оқиғаларды әр түрлі түсіндіретін көзқарастар легі қалыптасты: мифтік образдарды адамның өзімен аналогиялық түрде түсіндіретін – аллегориялық, жеке тарихи тұлғаларды құдайландырып жіберген деген – евгемеризмдік, көне дүниетанымдағы тілдік сарқыншақтардан туындаған деп түсінетін «тілдің ауруы» интерпретациялары, мифті таза поэтикалық тіл ретінде түсіндіру, миф ритуалдардан туған деп санайтын – ритуалдық-социологиялық интерпретация, ішкі көңіл-күйді объективтендіруден туындайды деп пайымдайтын психологиялық түсіндірме, мифті құрылымдық түрде сараптау, оны символдар мен романтикалық ықпал деп есептейтін ағым т.б. жалпылама алғанда, мифті адамзаттың «балаң» кезеңіндегі дүниені «аңғалдықпен» қабылдау, толық жетілмегендік сана деген тұжырымдарды ниеттеуге келіп тоғысады. Яғни, олар мифтік дүниеге көзқарасты архаикалық стиль немесе прологикалық ойлау деп түсіндіре келе, қазіргі заман тұрғысынан бағалап, танымның артта қалған көрінісі ретінде ұғындырады. Біздіңше, бұндай біржақты түсіндірмелер мифтегі продуктивті логикалық ойлау бағдарларын ашуда оңды нәтижелер бермейді. Демек, архаикалық ойлаудың оңды тұстарын, жетілген жақтарын көре білу зерттеп отырған мәселемізді толығырақ дәйектеу үшін қажетті әдіснамалардың бірі болып табылатындығын ұсынамыз. Олай болса, біз үшін ең бастысы – сол мифтік ойлаудың бүгінгі таңдағы маңызы неде, оның қазіргі өмірімізге ықпалы қандай деген сияқты таза тәжірибелік қырлары. Бұл тұста, ол – шындыққа сәйкес келе ме, келмей ме, қай кезеңдерде пайда болған, олардың арасындағы сұхбаттастық қандай деген сияқты миф философиясындағы қозғалатын тақырыптардан басқа арнаға бет бұрамыз. Мифтік логика прологикалық ойлау деп немесе архаикалық ойлау деп атала ма, мәселе мүлде онда емес, біз үшін продуктивті логиканы дамытуға қандай деңгейде септігі тиетіндігі маңыздырақ. Сондықтан, біз жалпы миф ұғымын кеңірек алып қарастырып, классикалық мифтерден бастап, ертегілер мен аңыздар, әфсаналар мен оның діндегі көріністеріне дейінгінің бәрін қамтып, ондағы формальді логикаға бағынбайтын қырларына тоқталып, оның өзіндік ойлау тәсілдерін туындата отырып, жинақтап көрсетуіміз қажет.
Ол әрине, көп жағдайда формальді логика заңдарына бағына бермейді, олай болса, біз оны «мифологика» деп атап, оның да еркін ойлаудың үлгілерін бере алатындығын ескеріп, белгілі бір деңгейде бәріне ортақ ойлаудың осындай бір көне ерекше бір түрін жүйелеп береміз.
1.Антропоморфтау. Дүниедегі барлық құбылыстар мен заттарды, яғни, адам болмысынан басқалардың барлығын адам кейіптендіру логикасы. Яғни, барлығына да, табиғатта ол өзінің болмысы жөнінен иеленбесе де, адами қасиеттерді: сөйлеу, ойлау, күлу, адамша қимылдау т.б. апарып таңу. Мәселен, ертегілердің оқиғаларындағы табиғаттағы су, бұлақ, тау т.б. тіл бітіп сөйлейді. Қазақ эпостары мысалында, «Қобыланды батыр» жырында оның мінген аты Тайбурыл адамша сөйлейді және ол иесінің жағдайын түйсіне отырып, оған қиыншылықтан шығудың жолын айтып береді: «Жоғарғы ерні қыбырлап, Астыңғы ерні жыбырлап, Тайбурыл сонда сөйледі, Сөйлегенде бүй деді». Осыдан формальді логикалық таным парадигмасы үшін: «жылқы қалай сөйлейді?» деген түсінбестік сұрақ туындайды. Бұндай тәсіл қазіргі кезде, әдебиетте, әсіресе, поэзияда, көркемдік таным мәнері ретінде поэзияда анық байқалады: «Күн күлімдеп», «Тау күңіреніп» т.б. Яғни, мифтік шығармашылық ойлау кейіннен поэтикаға оның тыңдаушыға әсер ету қуатын арттыру үшін көшірілген деп айта аламыз.
2. Субьективтілікті обьективтендіру, обьективтілікті субьективтендіру. Ол үшін мифті түсіндірушілердің пікірлеріне сүйенуімізге болады: Ф.Х. Кессидидің: «Мифтің мәні құбылыстарды түсіндіру емес, субьективті әсерлерді обьективтендіру, нәтижесінде қиялдаудың туындылары сыртқы әлемнің ақиқат шынайлығы ретінде қабылданады»,-деген мифтік ойлау машығын байыптау тұжырымы немесе: «Кейбір ауруларға түр кейіп береді, мысалы шешекті мейірімсіз де, жексұрын кемпір ғып бейнелейді»,-деп шамандық дүниетанымды зерделеген Ш.Уәлихановтың пікірі, сондай-ақ демонологияға сараптама жасаушылардың: «Бәлкім, табиғаттағы жаман күштер мен ұнамсыз құбылыстарды, жалпы алғанда, «жаман» іс-әрекеттерді түсіндіру үшін ғылыми бір атау табылмаған соң оларға жалпы «Шайтан» - деген ат беріліп, сол термин сақталып қалуы да мүмкін»,-деп көрсетілген пайымдаулары т.б. мысалға алууға болады.
Бұл – сезімдік күйзеліс арқылы субъективтілікті әсірелеп, объективтендіруге алып келетіндігін білдіретін ойлау операциясы деп пайымдауымызға болады. Мәселен, әлемдік мифтерде жиі ұшырасатын жалғыз көзді дәу – дүниедегі зұлымдықтың шынайыланған, адам кейіпті түпнегізі болса, сәйкесінше, Қызыр Ата – жақсылық пен ізгіліктің осындай кейіпте құрастырылған көрінісі болып табылады деп жобалай аламыз.
Яғни, мысалы, зұлымдықтың жеңілмейтіндігі, жойылмайтындығы, игілікті адамзат ғасырлар бойы қаншама күрессе де, ол сақталып қалатындығы, нақты көзге көрінбейтін абстрактілігі, деструктивті, үнемі үрей мен қорқыныш алып келетін сипаты т.б. оны дәуге апарып балауға ұмтылдырған. Ол бір қырынан алғанда, психологиялық жеңілдену, екінші бір қырынан, оны арнайы обьективтендіріп барып, реалдандырып, күрес алаңына шығарып, жеңіске жету, демек, жер бетіндегі зұлымдықты жою туралы идеал. Бірақ, бұл біз қарастыратын мәселеден алшақтайтындықтан, бұндай талдауларға тереңірек үңілмейміз.
Осыған сәйкес, керісінше операция жүргізіледі. Обьективті, шынайы табиғаттағы, өмірдегі адам мүмкіндігі келмейтін құбылыстар мен нәрселер субьективтендіріледі, яғни, адамға қатысты, оның жүзеге асу-аспауы оның құзырында болып шығады. Мысалы, мифтердегі магияның барлық түрлері: тіршілік иелерін тасқа айналдырып жіберу, өзен суын кері ағызу т.б.
Бірақ, бұл құбылыс қоғамдық-тұрмыстық өмірде, сиқыршылар, экстрасенстер, тылсым күштер т.б. арқылы кей сәттерде жүзеге асып та отырғандай болады.
Екіншіден, мифтік ойлауда «бәрі де бар, өмір сүреді» принципі үстемдік ететіндігін аңғаруымызға болады. Бұны мифте «бәрінің өзіне қолайлы өзгеге айналып отыратындығымен де» толықтыруымызға болады. Бұл жағдайда болмыс өзінің қатаң қисынды заңдылықтарынан ажырайды да, бұл әлемде шынайы өмір сүрмейтіндер де «бар» болып шығады. Сан алуан деп түсінілген жекелеген болмыс өзінің түрлерін күтпеген жағдайда, кенеттен одан әрі көбейте алады.Осы процесс миф құрылымы үшін көркем бейнелі, сол дәуірдегі шынайы қоғамдық санада қайшылықсыз түсінікке оңай айналады, өздігінше «қисынды» түрде қабылданады. Бұл мистификация мифтік дәуір үшін ақылға сиымды туынды болып табылады.
3. Антиконтинуумдану, уақыт пен кеңістіктің динамикалылығы – кеңістік пен уақыт өлшемдері қатаң сақтала бермейтін, кейде тіпті қатыспайтын, процестер мен құбылыстар көбіне лезде, уақыттан тыс жүзеге асатын, әрі айқын мекенсіздік үстемдік ететін ойлау машығы. Кеңістікте орын ауыстыру оны толық физикалық игеру арқылы іске аспайды, яғни, кез-келген нәрсе жарыспалы түрде «ол жерде және бұл жерде» бола беруі мүмкін. Себебі, мифтік оқиғаларда кеңістік пен уақыт динамикалы – созылмалы және сығылмалы болып келеді. Мәселен, ұлттық дүниетанымның байырғы рухани көздеріне сүйенер болсақ, батырлар жырындағы «алты айшылық жолды алты күнде аттау» – кеңістіктің, «жыл санап емес, күн санап, сағат сайын ер жету» феномендері – уақыттың сығылуы болса, ертегілердегі: «темір етігі теңгедей, темір таяғы тебен инедей» болғанша жүру – кеңістіктің, қалыпты адамның 200-300 жыл өмір сүруі – уақыттың созылуы болып табылады. Яғни, кеңістік пен уақыт динамикалылық арқылы бірқалыпты, үздіксіз, объективті т.б. қасиеттерінен айрылып, тездеп, баяулап, қысқарып, ұзарып, кейде тіпті жоғалып отырады. Бұл – «универсум антиконтинуумданып кеткен» сияқтанатын құбылыс. Бұндай параметр мифтік сюжеттерде жиі кездесетін болғандықтан, оны мифтік логика жүйесі деп бағамдауымызға болады. Осы орайда қазақ философиясындағы кеңістік пен уақыт мәселесін зерделеген М.Исаеваның бұл параметрлердің психологиялық, субьективті ауытқулары мен обьективті тұрақтылығын салыстыра отырып бағамдап, мифтік танымдағы уақыттың сығылуын былайша атап өткендігін де мысалға алуымызға болады: «Әртүрлі дәуірлерде әртүрлі жанрларда «өзінің» және «бөтен» әлем уақыттарының арақатынасы елеулі өзгерістерге ұшырады...Айта кететін жай және тән нәрсе: t1 және t2 уақыт сәттері іргелес орналасады. Шырғалаңдардың барлығы «бөтен» әлемде өтіп, осы әлемнің уақыты бойынша саналды».
Бұл тұста кеңістік те, уақыт та өзінің өлшемдеріне және өзіндегі болмысқа, көркемдік-мифтік тілмен айтқанда, «жауап бермейді». Кеңістік физикалық денелердің орны болып табылатын функциясын толық атқармайды, уақыттың «өткен-бүгін-болашақ» жүйесінің хронологиялық сабақтастығы жойылады: «өткен – бүгінге және болашаққа; бүгін - өткенге және болашаққа; болашақ – бүгінге және өткенге» оңай айналып отырады. Мәселен, мифтік дәуірдегі: «ұшқыш кілем» сол кезеңдегі бүгіннің болашаққа өтіп кетуі немесе сол дәуірдегі болашақты сол кезеңдегі бүгінге айналдыру, түрлі құбыжық типтестердің адамзат қоғамында өмір сүруі – сол дәуірдегі өткеннің сол кезеңнің бүгініне айналуы, яғни, адамзат қоғамынан да бұрын пайда болған әр түрлі хайуанаттар, мысалы, динозаврлар т.б. мифтік оқиғаларда қатыстырылады, бұл өткен уақытты бүгінге (сол миф тудырған дәуірдің бүгіні) алып келеді.
Мифтегі осы көріністі байыптасақ, шындығында – диалектикалық логикамен орайласатын тәрізді болып көрінеді. Бірақ диалектикада бұндай өтпелілік шындық дүниенің бейнесінен ауытқымауы тиіс, оның ішкі заңдылықтарын ашып тұруы керек. Ал мифте бұл адам қиялының нәтижесі.
Қашанда фантастика шығармашылық ойлау саласында өзіндік беделге ие болған ой машығы еді. Сондықтан да фантасттың еркін және батыл ойлауы кей сәттерде ақылдың саулығы мәселесін туғызды. Бірақ оның өрісті ойлау үшін де айтарлықтай маңызы бар екендігін ескеру қажет. Иысалы, психолог Гордан өрісті продуктивті ойлау бойынша 4 қағиданы ұсынып, төртіншісін «фантастикалық аналогия» деп атап оған ерекше мән берген болатын
Фантастикалық ойлаудағы басты психологиялық ұстаным мен ой өрісі мыныдай бағдарларды негізгі мыныдай 3 тұғырды басшылыққа алады: сенсациялық мазмұн, логикалық форма, эпихереймалық аттап өту тәсілі.
Сенсациялық мазмұн фантастикалық мазмұннның, яғни идеялардың негізгі бағдары болуы тиіс. Фантаст қарапайым, 5-10 жылдық стратегияға, әлеуметтік болжамдауға сүйене бермейді, ол үшін алыс және жақын болашақ бағдарлары аса маңызды емес, сондықтан оның болжамдауларында нақты уақыттар көрсетілмейді, тіпті шартты уақыт та аталмайды: ең бастысы, ешкімнің ойына келе бермейтін тың, төлтума, жаңа ойлардың сенсациялық кейіпте болуы. Себебі, ол ғылыми футурология емес, көпшілік қауымды елітіп әкетуі тиіс өнер болып табылады. Бірақ, фантасттың да болжамдаулары пессимистік және оптимистік бағдарларға бөлінеді. Оның сенсациялық ұстанымының ерекшеліктері: ой мазмұны, яғни, суреттелетін оқиғалар революциялық болуы тиіс, әлемнің бейнесін тұтасымен өзгертетіндей жүйелі түрде құрылса, ол ғыылми фантастикалық бағытқа қарай ауысады. Кейде, ғарыштағы, жердегі, қоғамдағы т.б. бір ғана аспект нысанға алынады. Мысалы, «ауа сату» кезінде адам сенбес сенсациялық мазмұнды жамады.
Ол өзінің болжамдарын құруда, оны көркемдеуде, бәрібір логикалық формадан ауытқымауы тиіс. Әрине, ғылыми тұрғыдан қатаң қолданлымаса да, оқырманды сендіру үшін, жобалау мен болжамдаудың өзіндік бір қисындарынан тыс болмауы тиіс.
Эпихереймалық аттап өту – болашақтағы болуы ықтимал бірінші құбылысты, одан туындайтын екінші бір құбылысты т.б. мүмкіндігі келгенше бірнешеуін аттап өтіп, төртінші, бесінші, алтыншы т.б. бағдарда өзінің нәтижесін бірден-ақ ұсынады. Мысалы, жоғарыда айтылған, ауаның болашақта ластана түсетіндігі – бірінші болса, таза ауаның құндылығы арта түсетіндігі – екінші, адамдар таза ауаға зәру болатындығы – үшінші т.б. Фантаст үшін олар қызықты емес, себебі, онда сенсация жоқ. Яғни, ол логикалық жүйелілікті сақтай отыра, оның сатылатындығы – төртінші сатыны бірден-ақ көздейді. Мысалы, ауа басты құндылық болатын болса (1), капиталистік қоғамда құнды нәрсетелер сатылатын болса (2), онда ауа да сатылады (3).
Егер осындай болашақ туралы қарапайым өрлеу тізбегінің логикасын: «А – В – С – Д – Е...» деп белгілесек, фантаст бұл тізбекті түсіндіріп отырмайды, ол «А» ден бірден-ақ «Д»-ға немесе «С»-ға өтеді, тіпті болмаса, одан да әріге ауысады. Осыдан болашақтағы таңғажайып оқиғалар өздігінен туындайды. Бұны «фантастикалық ойлаудың гипер перспективасы» деп атауымызға болады.
2. Фантаст мифтік ойлау логикасына сүйенеді де, анаолгия жасайды немесе ратификациялайды. Бұндағы ең ұтымды қиялдау машығы – қиял-ғажайып ертегілеріндегі кейіннен, яғни, бүгінге дейін және қазіргі заманда іске асқан сол дәуір үшінгі болашақ үлгілерді қайталау емес, соның нұсқасын алу немесе әлі іске аспаған үлгілерді қайта жаңғырту болып табылады. Мысалы, қазақ ертегілеріндегі «Ұшқыш кілемнің» ХХ ғасырдағы іске асқан кейпі – ұшақ, тікұшақ, зымыран сынды ұшатын құрылғылар. Бұндай сарындарды «сол дәуірдің фантастикасы» деп атауымызға немесе «сол дәуірдің бүгнігі күні іске асқан фантастикасы» деп нақтылауымызға болады.
Фантаст бұны жаңғыртуына және дамытуына болады. Тіпті болмаса, әлі іске аспаған мифтік оқиғаларды басқаша формада бере алады. Мысалы, «Ер төстік» ертегісіндегі «Жер асты патшылығын» қазіргі замануи бейсызықтық физикадағы мистикалық-ғылыми әлемдерге немесе көп өлшемді кеңістіктерге сәйкестендіріп барып, көркемдеп мазмұндай алады. Нақтырақ айтқанда, оның жер астыда болуы міндетті емес, мүмкін ғарышқа орналастыруы да ықтимал. Сонда, мифтердегі әлі іске аспаған үлгі басқаша кейіпте қазіргі фантастикаға айналады. Бұл тұста, фантаст дәл осыдай әлі іске аспаған, бірақ асуы неғұрлым ықтималдырақ оқиғаларды теріп алуына болады. Бұны «фантастикалық ойлаудың мифтік гиперретроспективасы» деп атауымзыға болады.
Егер осындай болашақ туралы қарапайым өрлеу тізбегінің логикасын: А-В-С-Д- Е -Ғ-К-Н.. деп құрып, Е-ні қазіргі заманғы ойлау деп шартты түрде белгілесек, фантаст Ғ-К-Н... ға емес, А-В-С..-ге ұмтылады. Мысалы, А-ны А1, А2,А3.. ретінде қайта жаңғыртады. Бұл бір қарағанда, мифтік және фантастикалық ойлаудың шығыршық (спираль) бойынша дамуы сияқты лып көрінеді. Бірақ бұндай ойлау әмбебептық сипат алмайды.
3. Фантаст тек өткеннің мифологиясына ғана емес, қазіргі заманғы әлеуметтік мифтерге де сүйене алады. Бірақ оларды сол қалпыда қайталмайды, тек олардың мазмұндарындағы фантастикалық логика үшін маңызды деп саналған жақтарын ойша бөліп ала алады да, оларды да өз бетінше дамытады. Мысалы, «Беймәлім Ұшатын Обьект» фантастикалық ойлау үшін негіз болуға лайықты: «Беймәлім Ұшатын Обьекті Субектілерінің Мекені», «Беймәлім Ұшатын Обьекті Субектілерінің өмір салты», аналогиялық түрде бір ғана емес, «Беймәлім Ұшатын Обьекті Субектілерінің бір-біріне мүлде ұқсамайтын әр түрлігі» т.б. фантатикалық ойлау үшін тың тақырып. Мысалы, А – әлеуметтік миф мазмұнының субстанциясы (басты кейіпкері, басты құбылысы т.б.) болса, Фантастикалық ойлау машығы «А бар ма, А жоқ па» деген сауал тастмайды (бұны футуролог немесе ғылым қоя алады), ол үшін бұндай сауалдың маңызы төмен. Ол А-ның тек әзірге белгісі А ғана екендігі, (яғни, Х екендігіне сүйенеді). Сондықтан да ол, А дегеніміз – Аа, Ав, Ас.... екендігі туралы ой толғай алады. Немесе, АВ, АС т.б. бұндағы а – олардың мекендері, в – өмір салттары болса, В – мүлде басқа БҰО өкілдері болып шығады. Бұндай ойлау машығын, біз, «Фантастикалық ойлаудың әлеуметтік мифтік интроспекциясы» деп атауымзға болады.
Немесе, қазіргі технофобиялық мифтерді мысалға алуымызға болады: Роботтардың адамзат қауіпсіздігіне ықпал етуі, Роботтардың адамзатқа қарсы жойқын соғысы т.б. сарындағы әлеуметтік мифтердің өзі бір қарағада фантастикалық, бірақ ескірген фантастика немесе әлеуметтік мифтердің тым ақылға сыйымсыздау түрі. Фантастикалық ойлау, мысалға, роботтардың сезімдік ақпараттық желі орталығының Бар екендігі туралы үлгіні басшылыққа ала алады. Яғни, А – технофобиялық роботтық обьект болса, А1 осы ақпараттық желі орталығы. Демек, А болса, онда А1 деп бар болып шығады.
4.Фантастикалық логика иррационалдылыққа, ақыл есі ауытқығандарға немесе «миға штурм жасау» әдісіне сүйене алады. Мәселен, «миға штурм жасау» әдісі белгілі бір адамдардың ерік шабыты мен еркін фантастикалық қиялдау күшіне сүйеніп, әр бағыттағы, көп нұсқалы идеяларды жинау және оны сұрыптауды басшылыққа алады. Фантастикалық логика өзгеге және өзіне штурм жасаумен келіп сабақтасады. Бұл бір қырынан психологиялық ауытқуға алып баратын жеке бас қауіпсіздігі, екінші бір қырынан, ғылым этикасын жатыңқырамайтын күрделі ахуал болып табылады. Бұл тым еркін, тіпті оның арнайы бір өлшемдері де болмауы ықтимал. Бірақ, бір кездерде, ашылған таңғажайып ғылыми жаңалықтардың кейбірінің авторларының ақыл-есінің дұрыс-терістігіне күмән келтірушілер де болғандығы рас.
5.Фантастика әдебиет саласына жататын болғандықтан, онда да көркемдік әдістер мен тәсілдер еркін қолданылады: теңеу, метафора, эпитет, шендестіру т.б. Оның ішінде, гипербола мен литота фантастикалық ойлаудың және оның мазмұнын арттыратын тәсілдер. Яғни, тым әсірелеу мен тым кішірейту фантаст үшін «гипергипербола» немесе «гиперлитота» деп атауға болатындай жаңа сатыға көтеріледі. Мысалы, ғарыш әлеміндегі тіршілік туралы болжам, гиперболизацияланып барып, олардың ғарыш әлемінде қалалары ғана емес, мегақалалары бар екендігі туралы идеяларға алып келеді.
Егер, қалыпты ойлауда «А» бар ма? деген сауал қойылса (БҰО өкілдері), егер «А» болса, онда «в» (олардың ғарышта қалалары бар) бар деген қарапайым логика алынады. Ал фантаст «гипергиперболизациялап», «А» бар болса, «в» бар болса, ол «в» емес, «В» (мега қалалар) болып табылады. Мысалы, ол қала жай ғана үлкен қала емес, адам ақылына сиымсыз, бірнеше миллинондаған қашықтыққа созылып жатарған қала.
Осыған байланысты Д.Дьюи мәселені шешудің үш бағытан көрсетіп, үшіншісін, «үздік баламаны таңдап алу» деп атаған болатын. Олай болса, фантаст осы тым әсірелеу нұсқасын таңдап алады.
ІІ Бүгінгі таңдағы әлемдік өркениет көшіне ілесу тек қана экономикалық өрлеу талаптарымен шектелмек емес, ол өз кезегінде қоғамның рухани-мәдени саласын қайта жаңғыртуды талап етеді. Тұтастай алғанда, қоғамдық өмірдің барлық саласын қайта жаңарту мен инновацияға ұмтылудың нақты нәтижелерге қол жеткізуі түптеп келгенде, еліміздің адам ресурсына, әсіресе, зиялылығы мен зияткерлігінің сапалық деңгейіне байланысты болып шығады. Сондықтан, көп салалы руханилық пен мәдениеттілік тармақтарының бірі – еліміздегі интеллектуальді капиталды нығайтуға келіп тіреліп отыр. Бұндай болашаққа салынатын капитал, сайып келгенде, жастардың интеллектуальдік әлеуетін одан әрі арттырумен келіп сабақтасады. Ендеше, қоғам дамуындағы «адам капиталы», «адам ресурсы» деген сияқты түсініктердің жаңарған формасы сапаға негізделген келбеті – «интеллектуальді ресурс» дегенге келіп саяды. Бұл – болашақта елеміздің одан әрі өркендеуі үшін салынатын қомақты қаражат іспетті деген сөз. Бірақ бұл тұста, сол ресурстың санынан гөрі оның сапалылығына баса маңыз беру керек. Қазақ халқы мұндай кемшін ахуалды: «саны бар да, сапасы жоқ» деп сынаған болатын. Сапалы адам ресурсының басты екі қағидасы бар десек те болады: біріншісі денсаулығы мықты тұлғалар, екіншісі – рухани интеллектуальдік тұрғыдан жетілген субьектілер. Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасы адам денсаулығына баса назар аударып, еліміздегі медицинаны дамытуды, салауатты өмір салтын насихаттауды, баршаның спортпен шұғылдануына жағдай жасауды және оған құлшындыруды назарға алған болатын.
Ендеше, дені сау тұлғаның руханилығы да басты нысана ретінде қолға алынуы кезекті қисынды құбылыс. Бірақ тек қана білімділік шығармашылық деңгейді арттырмайтындығы түсінікті. Дегенмен, білімділік сауаттылық ретінде осы шығармашылықтың алғышарты болып табылады, білім болмаса, интеллектуальді ұлт туралы сөз қозғаудың өзі артық екендігі белгілі жайт. Біз халықты жаппай сауаттандыру мен надандықты жоюды ХХ ғасырдың басында-ақ қолға алып, ортасына таман бұл саясат өзінің оңды нәтиежесін берді, ал аяғына таман өзінің межесіне келіп жетті. Ендеше, ағартушылық мәселесі бүгінгі таңда өздігінен-ақ шешімін тапқан ахуал ретінде өзекті емес. Қазір жастар түгелге жуық сауатты, көбісі жоғары білім алған. Демек, бүгінгі таңдағы интеллектуальді ұлт қалыптастыру үшін негіз қаланған десе де болады.
ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында қазақтың ағартушы зиялыларының ұстанымы – білімді (сауатты) ұлт қалыптастыру болса, ХХІ ғасырдың басында, сол білімді ұрпақ негізінде, орындалған армандар бойынша интеллектуальді ұлт қалыптастыру саясаты жолға қойылып келеді. Ендеше, ХХ ғасырдың басында «білімділік» қандай деңгейде өзекті болса, ХХІ ғасырдың басында «интеллектуальдік» те сондай дәрежеде көкейкесті болып отыр. Ол кездегі ұлт зиялыларының білімділікке алаңдаушылығы мен бүгінгі ұлт зиялыларының интеллектуальділікке баса көңіл бөлуі тарихтың жаңа сападағы қайталанған үлгісі және өрлеудің заңды сабақтастығы десе де болады.
Себебі, ол кездегі заман халықтар мен мемлекеттердің тек білімді ұлтпен қанағаттануына болатындай жағдайда болған болса, бүгінгі жағдай, бұндай қанағаттануды артқа тастады, сол кездегі қаланған білімге негізделген интеллектуальділікті талап етіп отыр. Бұл екі ұстанымның аралығын тура жүз жылдай уақыт бөліп жатыр. Қазақ халқында «елу жылда ел жаңа» деген орнықты мақал бар. Ендеше, екі аралық екі елу жылмен байланысады. Елу жылдың жаңалығынан да жаңарған заманды талап етеді. Олай болса, «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда тым жаңа» деп тұжырымдай отырып, бүгінгі бізге жүктеліп отырған жауапкершіліктер мен міндеттердің зор екендігін сезінуімізге болады.
Осы тұста интеллектуалдік пен білімділіктің ара жігін, бір-бірінен қалай туындайтындығын ашып алуымыз қажет. Білім академиялық болсын, шығыстық немесе ұлттық болсын, қандай-ма бір белгіленген ғылым салаларын стандарттар бойынша толықтай игеру дегенге келіп саяды. Ал интеллектуальдік деген ұғым жалпы психологияда – ақылдың ұшқырлығы, сыншылдығы, тапқырлығы деген сияқты үдерістер арқылы жетілетін, тіпті, тестілер бойынша өлшенетін адам санасының жоғары дамыған көрінісінің нәтижесі ретінде белгіленген.
Бірақ еліміз ұстанған интеллектуальді ұлт қалыптастыру осы түсінікке барынша сәйкес келгенмен, батыстық білімділік талаптарымен өлшенетін таза ақылға ғана негізделмеген. Ендеше, бізге қажетті «интеллектуальдік» - білімді негізге ала отырып, шығармашылық ойлауды талап ететін, ақылдың тапқырлығын басшылыққа алатын ілгерішіл және жігерлі, оң нәтижелі психологиялық үдеріс болып табылады. Қазіргі психологияда, осы үдеріске тікелей байланысты немесе оған тура сәйкес болып келетін мынадай құбылыстар бар екендігін былайша жинақтап көрсетуімізге болады: өнімді ойлау (продуктивті ойлау), креативті ойлау (жаратушы ой), шығармашылық ойлау (творчестволық қабілет), сыни ойлау (сыни ой), интуитивті ойлау т.б.
2.Бүгінгі таңдағы әлемдік өркениет көшіне ілесуді және оның алдыңғы шебінде болуды мақсат еткен еліміздің стратегиясы дамудың барлық алғышарттарын да назарда ұстап отыр. Экономикалық өрлеу қашанда әлемдік аренадағы саяси-әлеуметтік қатынастардың ыңғайластырылған кеңістігінде орнығады. Сондықтан Қазақ Елі де осындай дүниежүзілік ынтымақтастық кеңістігінен өзіндік орнын айшықтауы тиіс. Олай болса, экономикалық байланыстарды өрістету мен саяси-әлеуметтік қарым-қатынастарды нығайту – өркениеттілікке ұмтылудың маңызды алғышарттарының бірі десек, рухани-мәдени толысу да оның түпсебептері болып табылады. Сондықтан, көп салалы руханилық пен мәдениеттіліктің тармақтарының бірі – еліміздегі зиятты капиталды нығайтуға келіп тіреледі. Осындай обьективті қажеттілік сайып келгенде, жастардың зияттылық әлеуетін одан әрі арттырумен келіп сабақтасады. Бұл жастардың тек қана бірді-екілі өкілдерін ғылыми шығармашылыққа тарту ғана емес, мүмкіндігінше, неғұрлым кең аудиторияны қамту нысанаға алынып отыр. Осындай ұстаным «зиятты ұлт» қалыптастыру саясатын туындатты да. Яғни, қоғам дамуындағы «адам капиталы», «адам ресурсы» деген сияқты түсініктердің жаңарған формасы «зиятты ресурс» дегенге келіп саяды.
Ендеше, бізге қажетті қазіргі «зияттылық» - білімді негізге ала отырып, шығармашылық ойлауды талап ететін, ақылдың тапқырлығын басшылыққа алатын ілгерішіл және жігерлі, оң нәтижелі психологиялық үдеріс болып табылады. Қазіргі психология мен философияда осы үдеріске тікелей байланысты немесе оған тура сәйкес болып келетін мынадай құбылыстар бар: өрісті ойлау (продуктивті ойлау), креативті ойлау (жаратушы ой), шығармашылық ойлау (творчестволық қабілет), сыни ойлау (критикалық ой), интуитивті ойлау т.б.
Өнімді ойлау – бұрын болмаған идеяны, жаңа пікірді тудырушы, ешкім айтпаған жаңа ой айту дегенді білдірсе, креативті ой да осындай мағынаға келіп жуықтайды. Бұған Әл-Фарабидің «білімді болу деген сөз – белгісіз нәрсені аша білу қабілетіне ие болу деен сөз» деген даналық сөзі тура сәйкес келеді.
Бұл жердегі креативтілік – ойды жарату, тудыру, өндіру деген түсінікке келіп саяды. Демек, бұлар ой өндірісі дегенді білдіреді. Ал шығармашылық ойлау да осындай мағынаға жақын, бірақ бұлардан айырмашылығы ол көбінесе өнер иелеріне байланысты айтылады. Өнер мен ғылым қашанда жаңашылдықты қажет етеді, егер өнер туындысы біреуді қайталайтын болса немесе оның үлгісін көшіріп алатын болса, онда ол өнер емес. Ал неғұрлым тың, мүлде төлтума, ешқашан қайталануы да мүмкін емес туындалыр пайда болса, онда ол талант деп аталады. Талантсыз адам өнер иесі де, ғалым да бола алмайды. Талантқа берілетін тағы бір жауапкершілік – тек жаңа ойды бір реткі акт түрінде тудыру емес, үнемі-үздіксіз, талмастан жаңа идея тудыру. Сыни ойлау – өзгенің немесе өзінің идеясына сын көзбен қарай білу. Идеяның кемшілігі мен жетістік жақтарын қатар көре білген адам ғана сыни ойлауға бейім болып келеді, егер оның тек біреуін ғана көріп, екеуін қатар таба алмаса, онда ол сыни ойлаушы емес деген сөз. Интуитивті ойлау – талдау мен сараптаудан, логикалық операциялардан тыс, ақиқатқа тез, бірден жету, ақпараттардың ішкі сезім түйсігі арқылы сол сәтте адамның өзіне де түсініксіздеу жағдайда қабылдануы. Халқымыз көзі көрмеген, дәлелденбеген нәрсесін «ішім сезім тұр» деп айтады. Немесе, қазақта «ат сыншысы», «бала сыншысы» деген білікті мамандар болған. Олар атты немесе адамды сыртынан қарап-ақ тұтас болмысын бағалап беретін болған. Бұл да интуицияның жемісі. Әлем халықтарына ортақ көріпкелдік те осы интуицияға байланысты болып келеді.
Бұл қабілеттер мен ойлаудың осы түрлері тұтаса келе, біз ұстанып отырған интеллектуальділікті құрайды. Бұл көрсетілгендер ойлаудың түрлері ғана, ал оған жетудің жолы – сараптама жасау, ішкі мәнді көре білу, байланыстарды ашу сияқты психологиялық операциялар арқылы жүзеге асады. Демек, ғылымды дамытуға аса қажетті ойлаудың түрлері де осылар. Бұлардың барлығын жинақтап, «ғылыми ойлау» деп те атауға болады. Ендеше, осы ғылыми ойлау үшін ғылыммен арнайы шұғылдану қажет. Ғылыммен шынайы шұғылданып жетістікке жету және ашылған жаңалықтардың әлемдік деңгейде болуы – интеллектуальділіктің нақты нәтижесі болып табылады. Демек, жаңалық ашу интеллектуальділіксіз мүмкін емес жайт.
Бұл қабілеттер мен ойлаудың осы түрлері тұтаса келе, біз ұстанып отырған интеллектуальділікті құрайды. Бұл көрсетілгендер ойлаудың түрлері ғана, ал оған жетудің жолы – сараптама жасау, ішкі мәнді көре білу, байланыстарды ашу сияқты психологиялық операциялар арқылы жүзеге асады. Демек, ғылымды дамытуға аса қажетті ойлаудың түрлері де осындай мәнерлер. Бұлардың барлығын жинақтап, «ғылыми ойлау» деп те атауға болады. Ендеше, осы ғылыми ойлау үшін ғылыммен арнайы шұғылдану қажет. Ғылыммен шынайы шұғылданып жетістікке жету және ашылған жаңалықтардың әлемдік деңгейде болуы – интеллектуальділіктің нақты нәтижесі болып табылады. Демек, жаңалық ашу интеллектуальділіксіз мүмкін емес жайт.
Сондықтан, «қалай өрісті ойлауға болады, жаңа ой тудырудың, еркін ойлаудың өзіндік бір шарттары, қалыптары мен жүйесі бар ма, қарапайым сананы қалай өрісті ойлауға бейімдей аламыз?» деген сияқты сауалдар қоя отырып, оның белгілі бір бағыттары, өзіндік мәнері бар екендігін ұсынамыз. Мысалы, психолог Д. Халперннің пікірінше, әр түрлі жағдайда қолдануға болатындай етіп сыни ойлаудың құрылғыларын оқыту арқылы арнайы енгізуге болады және ол маңызды іс болып табылады.
Олай болса, біз, өрісті ойлаудың бағыттарын іздестіре келе, оның мәнерлері мен өзіндік ерекшеліктері бар екендігін ұсынып, оны «өрісті (продуктивті) ойлаудың әдістемелік нұсқаулары» деп атап, формулалармен белгілеп, нақты мысалдар келтіре отырып, кейбір бағыттарын ғана түсіндіріп өтуді жөн көрдік. Бұл баршаның өрісті ойлауына негізделген, ғылыми танымдағы жаңалық ашуға бағытталған ақылдың әдіснамасы ретінде де белгіленетін өзіндік бір тың бағдарлар болып табылады.
Біз ұсынып отырған өрісті логиканың әдістемелік бағдарлары формальді, диалектикалық, символикалық логика заңдарын, ондағы ой машықтарын жинақтай келе, олардың қажетті деген тұстарын пайдаланатын болады. Бұл әдістер көп жағдайда, дәстүрлі ойлауды сындарлау арқылы жүзеге асатындықтан, алдымен оның логикасы көрсетіліп, өрісті ойлауға бетбұрыс ашылады.
Ол әдістерді, біз, «Тезис-Антитезис» құрылымы бойынша ұсындық. Яғни, бастапқы белгіленген нұсқа, дәстүрлі түсінікті, қалыпты ой тұжырымдарын көрсетеміз, көп жағдайда, одан соң оны терістейміз. Осы тұста, В.И. Брюшинкиннің сыни ойлаудың деңгейлерін: 1.Эмпирикалық деңгей – айғақтарды сыни тексеру; 2. Теориялық деңгей – теорияларды сыни тексеру; 3.Метатеориялық деңгей – құндылықтар мен нормаларды сыни тексеру деп көрсетіп бергендігіне сүйенсек, біз осы үшінші деңгейді тезис ретінде ала аламыз.
Достарыңызбен бөлісу: |