Жайық үшін жан бергендер, Еділ үшін егесіп. Қиғаш үшін қырылғандар – Қазір бір-бір төбешік... Басын иіп өтуі керек Уақыт өзі бұл жерден Тағзым етіп тұруы керек келген қоғам төресіп. Ұ.Есдәулетұлының «Киіз кітабындағы» «Күршім. Жаралы Барақ батыр». «Қобда. Исатай батыр қабірі». «Ұлытау. Құрбандық. Қобыз үні». «Қарой. Махамбет». «Алматы. Желтоқсан» толғамдарынан түзілген «Қара шаңырақ. Иманнұр» топтамасы ата мекенді ардақты тұлғаларымен аялайды.
Ақындық «Меннің» алғаусыз рас болмысынан қайнап шығып жататын, бейнелі тілмен жасанған өлеңнің көркемдік кернеуі поэзияның бәсін көтере түседі.
Қара Қобда қан сасыды, Көбік шашып қан ақты. Қан кірпігін әрең ашып, Қанды көзбен таң атты. Қапияда қырғын тапқан қобыландар жанарын Қарға шұқып, Қорқаулар мен қара шыбын талапты. Аса шынайы, жаны жұмсақ, кішіпейіл өлеңдерімен әдеби кеңістікке ерте, еркін кірген Ұлықбек ақын Тәуелсіздік жылдары өлеңін өткірлік дарыған, әлеуметшілдігі айқын тың бағыттармен байытты.
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Несіпбек Айтұлының жүздеген жылдарға кеткен Азаттық жорығын, Бостандықтың арман-арпалыспен қолға түскен бағалы, кәделі жолын дәстүрлі эпикалық баяндау, аңыздау, тарихи жырлар үлгісінде толғаған дастандары Тәуелсіздік кезең поэзиясының көркемдік даму бағыттарында өзіндік мәнге ие болды.
«Осы Тәуелсіздік идеясы тоғыз дастанға ортақ желі тартқан бұл жинақ – «Тоғыз тараудан» тұратын «Тәуелсіздік дастан» атты эпикалық роман ретінде әсер қалдырады» (С.Қирабаев) [3, 44].
Біздің уақытымыздың рухы тұнған «Бәйтерек» поэмасында ақын Астана туралы толғанады. Астана – тәуелсіздік құрбандарына мәңгілік ескерткіш.
Астананың күн санап бой түзеп, қазіргі заманғы сәулетті шаһарға айналып келе жатуы – тұтас елдіктің тұғыры.
Жөңкілген Бостандықтың көші қандай, Сарқылған құрдым қайта тасығандай! Көзінен келгендердің қымсынады, Жыртығын жүдеу қала жасырғандай. Бұл – 1997 жыл. Ақын болашаққа болжам айтады. Сол болжам ертегідегідей шындыққа айналды.
Уақа емес, жалт қаратып дүниені, Астана шыттай жаңа киінеді. Қазақтың көсемінің алдына кеп, Тәкаппар талай бастар иіледі! Ата тарихты ілгерідегі бабалар дәстүрі машығында өлеңмен ашып, шежіре, шешен сөзге ұйыта баяндауды жаңғырту бағытын мығым ұстанған ақынның «Бас сүйектер», «Төлегетай», «Жалаңтөс», «Сардар», «Бердіқожа», «Ақмола шайқасы», «Желтоқсан – Мұқағали», «Ерлік пен тектілік», «Ту», «Тоғыз тарау», «Ерліктің ескерткіші», т.б. поэмаларындағы эпикалық екпін, есілген сөз оралымдарының поэтикалық салмағы құнарлы мазмұнға көркемдік маңыз қосты.
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Есенғали Раушановтың «Ғайша бибі» поэмасы Тәуелсіздік тұғырлары бағытындағы эпикалық толғамның озық үлгілерінің бірі [4, 57].
Ежелгі дәуірлерден бергі өзекті күйді – халық пен билік баянын Есенғали ақын жаңа уақыттың ең жауапты құбылысы мәнінде ақындық үрдіске батыл енгізді.
Діни ұстаным, дүниетаным бағытында да Алланың пәрмені, ұзақ адасуда жүрген адам баласының шектеулі тағдырын үздік көркемдеу тәсілдерінде тәпсірлеген Есенғали Раушанов әлем әдебиетіндегі шығарма бітімін Ұлы Мәнмен нәрлендірудің ежелгі озық арқауын қазақы пайымға қайта сіңіру бағытындағы қапысыз суреткерлік әлуетін байқатты.
Поэмада көркем әдіптелген тұспал, астарлаудың озық үлгілері ұдайы назарға ілініп отырады. Адамзат тарихымен қатар жасап келе жатқан көне де жасаң поэзияның аспан асты, жер үстін ұйытқан сырлы сазы құлақтан кетпей, дауалы күйімен әлдилейді. Е.Раушановтың дүниенің ұлы қисындарын сезіндіру машығы ақындық алқапты еркін шарлау рахатын сыйлайды. Әр сөз, әр тармақ, әр шумақта тұнған шыншылдықтың сәулесімен нәрленген поэтикалық мән ұлан-асыр көркемдік әсерге бөлейді. Ежелгі эпостың оралымды, ой жетегін үзбей есіліп жататын жатық баяндау үлгісі шығармашылық ұтымдылықпен дамытылған поэмада кейіпкерлер ой текетіресі, әрекет, аталы сөз ауқымында авторлық, азаматтық ұстаныммен астаса дараланып, тұлғаланады.
Шығарма құрылымындағы дәстүрге жүйрік, жаңашыл тәсілдерге де икемді дара сипатты ақындық қолтаңба назар аударады.
Ақын ұлттық төлтума өнер айтыс өлеңнің қатты айтуға, ащы ай туға, бетке айтуға жол беретін жанрлық мүмкіндігін ұтымды қолданған.
Айтыстың бұқарашыл заңы шамданбауды, кектенбеуді міндеттейді.
Елдік салт, тұғырлы мемлекеттіліктің мәңгілік негіздері тұрғысында ой қозғаған шығармада автор аңыздық арқауды шындыққа сіңістірудің өзгеше бір үлгісін жасайды.
Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар, Күлтегін, Жігіт-қаған, ақын қыз Ғайша, мәңгілік ергежейлі жырлардың авторы Мәстекбай, Жылан-ханша, жыландар, заман, қоғам бейнесі тұлғаланған дастанның құрылым, тіл, образ ашудағы, табиғатты түйсіндірудегі шебер өрімі, автордың ой азаттығы, көркемдеу кеңістігіндегі шығармашылық еркіндік үйлесімі қазіргі қазақ поэзиясының озық бағыттарын поэтикалық әлуетін танытады.
Осы кезеңдегі поэма жанрының тақырып аясы, эпикалық құлаш-қарымы Жәркен Бөдештің «Аңырақай бекетіндегі ой», «Генерал Жохар Дудаев», «Исатайдың баласы», «Жалғыз», «Бостандықтың басы», «Қарауыл төбе», т.б. поэмаларында өзіндік көркемдік алымда көрініс беріп отырды.
«Жолаушы» поэмасында күнкөріс қамымен шетке кеткен, толған соң Елді ұмытқан ұлдың айтқанға көнбес құлқын иіткен күй құдіреті, ұлттық рух қуаты жайлы айтылады.
Асқар Егеубайдың түркі әдебиетін зерттеу бағытында нақтылы тарихи деректер қозғау салған «Шу батыр», «Мыс шаһар», «Қала салған қазақтар» егіздастаны сынды туындылары эпикалық жанрдың көркемдік өрісін кеңіте түсті.
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын Нұрлан Оразалиннің халықтық, ұлттық мұраттар, биік адамгершілік ұстанымдар арқау болған сыншыл философиялық толғамдары тәуелсіздік дәуіріндегі поэзияның даму, қалыптасу бағыттарындағы жеке шығармашылық тұлға әлуетін айқындай түскен сыршыл лириканың озық үлгілері есебінде танылып, бағаланды [5, 112].
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Иранбек Оразбаевтың Абай дәстүріндегі өлең үлгілері ақынның қоғам, адам болмысындағы жан қыжылын, пәлсапалық ойларын көркемдік шешімге тартуындағы әсерлі бейнелілік дарытқан, ұтымды, жатық тәсілдердің бірі болып орнықты.
Мінезді өлеңдердің көркемдік-стильдік дара сипатын айқындай түсті.