Мен де – Бетті бастым. Мен де – Тұра қаштым: Көбігімен жудым кір – Көзден аққан жастың... Ақын нарық заманының ауыртпалықтарын сезінеді, жаһандану дәуіріндегі халықтың керенау, байғамдау қалпына алаңдайды, күйіп, күйзеледі. Оның поэзиясындағы өткір сыншылдық, қалғымайтын қырағы азаматтық ұстаным, жаңа үлгілер, өзіндік поэтикалық кеңістік қазіргі қазақ өлеңінің мәнді көркемдік нышандарына айналды.
Қазақ поэзиясындағы дәстүрлі, ел мінезіне күйіну, күйзелу, алаңдау сарыны белгілі ақын Исраил Сапарбайдың «Рухнама» жыр жинағында да айқын «Тайқазан», «Қазақты жаңаша таныстыру», «Менталитет», «Жаһандану жаңғырығы», «Ерлердің ісі бітер ме?!», «Менің әлемім», «Отырар ойлары», «Біздің қоғам» толғамдары – қаламын құрғатпай замана күйіне алаңдап отырған ақынның қалпын қапысыз сезіндіреді.
Әдет шіркін қала ма, қанға сіңген? Әлі күнге келеді арбасумен. Жалқаулығын қайтерсің алабөтен, Алтын басып жатқандай жамбасымен! Тәуелсіздік кезеңіндегі поэзия ХХ ғасырдың адамзатқа жасаған асқан «сыйы» – атом апаты тұрғысында елеулі ойлар толғады.
Қазақ жеріндегі қырық жылғы жарылыстың бақ үркіткен бейдауа опаты азаматтық лирикада ширыққан серпінді желі түзді.
Б.Жақыптың «Тамыздың жиырма тоғызы» атты ұзақ толғамында жарылыстың бейдауа сұмдығы, жан шыдамас ақиқаты және бір қырларынан ашыла түседі.
Тамыздың жиырма тоғызы... Күн емес, алып шар шықты. Дегелең деген өр таудың Кеудесінен сол күні жан шықты. Тәуелсіздік жылдар поэзиясында ұлттық бітім даралығы, дәстүр, салт-сана, туған жер, ата-анаға сағыныш, адамдық қилы аңсар, көңіл-күй, сезім жырлары сыршылдық бағыттағы жаңа ағыстар түзді.
Ақұштап Бақтыгерееваның әйел-Ана, ата мекен Ақжайық, туған ауыл, Ана тілі, ата салт, адамгершілік игіліктер, ұлттық құндылықтар, қазіргі қоғамның көкейкесті күйлері тұрғысындағы сезімді, сырлы, жаз мінезді, кей-кейде сынық көңіл, кейде өктем де өр жырлары өзекті ой айту үшін «ойбайлай» берудің міндетті емес екендігіне меңзейді.
Ақынның «Наурыз» толғамы осы бір арғы тарихы адам ғұмырымен бір тұтасқан ұлы мерекенің рухани мәнін жоқ іздеген жолаушы ұлтының жоғалғаны табылған, айтқаны болып, арманы озған құбылысымен аса нәзік әрі сәтті астастырады.
Ақын адамсүйгіштік пейілі асып-тасып жатқан Әз Наурызбен ұлтының ұмыт бола жаздаған ұлы құндылықтары қайта оралатынына шаттанады.
Ұлт кіндігі байланған Ауыл қазақ баласы үшін дүниенің бар қымбатын сыйғызған ұғым.
Анасы, атасы, бабасы ғұмыр кешкен, елдік рух жайылған ауыл – осы кезең поэзиясында болашағы алаң туғызар қаяу көңіл, аяулы, амалсыз қалпында көркем бейнеге тұтасты.
Тәуелсіздік жылдары қазақ лирикасы шыншылдық сәулесімен қуаттанған ішкі мазмұнға тұнған дүние құбылыстарын сезіндіру тәсілдеріндегі тосын шеберлік алымдармен құнарланды.
Адамның әрқилы күйзеліс, жадаған сәттері, арғы түкпіріндегі жан қаяуына әрдайым ортақ болып отыру – ақындық болмыстың әлімсақтан бергі адамсүйгіштік артықшылығы.
Тәуелсіздік кезеңнің әдеби дамуындағы тыңға түрен салған ізденістер модернистік, постмодернистік жазу үлгілерінің Т.Медетбек, Ә.Қайран, Т.Әбдікәкімұлы, Ж.Бөдеш, Н.Оразалин, Ұ.Есдәулет, Е.Раушанов, Г.Салықбай, М,Райымбек, З.Елғондинова, Ж.Әскербек, т.б. ақындар поэзиясындағы нышандары, олардың шығармашылығындағы жаңа көркемдеу тәсілдері бұл дәуір поэзиясының танымдық, түйсіну, сөздің шексіз бейнелеу мүмкіндіктерін кәдеге жарату бағытындағы елеулі көркемдік жаңғыруын танытады [6, 28].
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Темірхан Медетбек көне түркілік өлең түрінің қазіргі поэзиядағы өзіндік үлгілерін түзді. Көне жыраулар поэзиясындағы ұйқассыз өлең үлгілерін, тармақтардағы буын санының әркелкілігін қазіргі поэзияның көркемдік өрісіндегі өзіндік стильдік өзгешеліктерге ұластырды.
Поэтикалық тіл қолданыста ой мен образ тұтасқан күрделі оралымдарды іркілмей, қиналмай төгіп тастайтын ақындық өнер, жыр шайырлары айқындау (эпитет) мен ауыстырудың (метафора), алмастыру (метонимия) мен кейіптеудің (аллегория), егіздеудің (параллелизм), шендестірудің (антитеза) үздік бейнелеу жүйесін түзді.
Қазақ поэзиясы сөз айшықтаудың небір қайталанбас үлгілерімен молықты. Ақ қар мен көк мұз құрсанған қыс, желмая жел, сылдыр бұлақ, жаңбырлы күздің суланған сары жапырағы тілге келіп, сыр ашты.
Тәуелсіздік жылдар поэзиясында ана тілдің бейнелеу мүмкіндіктері ашыла түсті. Дала суреті, тау аңғары, судың түсі, бұлақ күлкісі, бұта сыбдыры, Тәуелсіздіктің саумал дәмі, кәрі тарихтың мәңгілікте қалған таңбалары, адамның ақ пейіл, алаң көңілі, шаттығы мен шарттылықтармен шарпысуы, «күн түспейтін қырлары да сәулелендіретін» сөздің құштар нысанына айналды.
Тіршілік иірімдерін ақындар тосын метафоралармен тұспалдады, керемет кейіптеулер жасады.
Тәуелсіздік жылдардағы қазақ поэзиясының айтулы өкілдерінің шығармашылық бағыттары туралы зерттеу еңбектер жарық көрді.
Қазақ поэзиясының аға буын өкілдері мен жас ақындардың таңдамалы томдарын, жеке жинақтарын шығару үрдісі жалғасуда.
Бүгінгі Уақыттың өзекті күйлерін, өткен тарихтың тағылымын, келешектің баянды бағыттарын ұлттық сана, ұлттық болмыс, ұлттық мұраттар, ұлттық мүдделер, жалпыадамзаттық игіліктер ауқымында толғап отырған өміршең поэзия – халқымыздың сарқылмайтын рухани қуаты.