«эгоцентрикалық сөз» деп аталады. Мектепке дейінгі ересек жасқа жеткенде баланың эгоцентрикалық сөзі ішкі, үнсіз сөйлеуге айналады және осы түрде өзінің жоспарланушы қызметін атқарады. Сонымен, эгоцентрикалық сөз баланың сыртқы және ішкі сөйлеуінің арасындағы баспалдақ болып табылады /5; 177/.
Ал, Қазақстандағы ойлау мен сөйлеудің байланысын зерттеген ғалым ретінде М. Мұқановты айтуға болады. Ол «Ақыл-ой өрісі» деген кітабында ойлау мен сөйлеудің арақатынасы ретінде іштей сөйлеуді көрсетеді: «Ниет деп адамның өзіне белгілі, бірақ сөз «қабағана» әлі енбеген оның ішкі ойын айтады. Егер ниеті адамның ішкі жоспары десек, енді оның орындалуын ойластыру керек. Жоспарды орындаудың екі жолы бар: егер ниет тек сол адамның өзі үшін ғана болса, онда ол сыртқы жіберілмей үнсіз сөйлеу алабына жіберіледі. Үнсіз сөйлеу деп ойдың жүзеге асып отыратын ішкі механизмін айтады. Үнсіз сөйлеу мен ой біте қайнасқан. Сөйлеу арқылы бір кісіден екінші кісі ой процесінің өзі берілмей, тек оның жемісі ғана (ұғым, пікір және т.б.) беріледі» /6; 116/.
М. Мұқанов жоғарыда айтылған мәселелерге қатысты мынадай мысал келтіреді: « кейбір шәкірттер бір мәселе жөнінде ойланбастан ойына не келсе соны айта салатыны да болады. Бұл терең ойланудың белгісі емес, өйткені оның айтайын деген ойы үнсіз сөйлеу алабына жетіп тексерілмей бірден өзге адамдарға жіберіледі» /6; 120/. Бұдан шығатын қорытынды, яғни ойды өзгелерге айтар алдында үнсіз сөйлеу арқылы алдымен терең ойланып айтқанда ғана мазмұны біршама терең болады. М. Мұқанов « ойдың өзгелерге берілуі тек тіл арқылы ғана іске аспақ. Міне, ой мен тілдің, яғни ойлау мен сөйлеудің байланысы осында. Сондықтан тілдің негізгі мақсаты өзі ұстатпайтын адамның басындағы субъективті процестерді объективті түрге айналдыру болып табылады» -деп жазды /6; 126/.
Ж. Аймауытов «Псиқолоғия» кітапында «ұғым мен сөздің бір-біріне байланысы қандай, сөз болмаса, ұғым болар ма еді-деген мәселе псиқолоғия көп тексеріледі. Кейбір психологтар әуелі сөз пайда болады, ұғым содан кейін туады дейді. Мұны былай түсіндіруге болады. Мысалы: бала итті бірінші көрген екен, біреу оған «ит» дейді екен. Бала «ит» деген сөзді қағып алады. Бірақ бұл жалпы есім деп ойламайды. Сәрсенбай, Бейсенбай деген сықылды, жалқы есім деп жүреді. Тағы бір ит көрсе , оны да жұрт «ит» деп атайды. Бұл да сол айуанның жалқы аты деп жүреді. Соңынан жүре-жүре көп иттерді көрген соң барып бала «ит» деген жалпы ат екенін біледі. Сонда барып жалпы бейне, ұғым туады. Бұл мысалдар сөз ұғымынан бұрын туады деген қорытынды шығады.
Енді бір оқымыстылар сөзден бұрын балада ұғым пайда болады, сөз ұғымнан қойылатын ат дейді. Олар мысал келтіреді. Бала тілі шықпас бұрын ойлайды, ойлағаны емес пе, өз үйінің кісілеріне жымияды, бөтен кісі көрсе қорқып жылайды. Ендеше балада іліктестік, жаңғырту, есіне түсіру бар болуы керек, тілі жоқ болса да ойлау болу керек «-деп жазды /7; 191/.