Лексика Сөз бен мағына
Лексика - белгілі бір тілдегі сөздердің жиынтығы.
Дыбыстар тіркесінде мағына болмаса, сөз де болмайды. Сөз мағынамен тығыз байланысты. Дыбысталу – сөздің сыртқы қабығы, мағына - сөздің ішкі мазмұны.
Сөздің тура мағынасы – сөздің затты я құбылысты атап білдіретін мағынасы тура мағына. Тура мағына әр заттың өзіне ғана тән жеке мағынасы. Мыс: аспан, жер, жел, орман заттарды атаса, биік, жылы, жақсы дегендер сапаны, бару, салу, оқу дегендер қимылды атайды.
Сөздің ауыспалы немесе туынды мағынасы – сөздің тура мағынасының негізінде туып, өрбіген, жалпы көпшілікке түсінікті сөздер. Мыс: көз – адамның немесе аңдар мен жәндіктердің көру мүшесінің атауы болып, оның бастапқы тура мағынасы да, күннің көзі, бұлақтың көзі дегендегі көз – оның ауыспалы, туынды мағыналары.
Көп мағыналы сөздер – сөздің екі я одан да көп мағынаға ие болуын сөздің көп мағыналылығы дейміз. Көп мағыналы сөздер бір негізден таралады да, бір сөз табына қатысты болады. Мыс:
Бас (зат есім) – 1) адамның, айуанның, жәндіктің дене мүшесі; 2) шөптің, ағаштың ең жоғарғы жағы; 3) таудың ең үсті, төбесі; 4) өзеннің, бұлақтың басталған жері; 5) таяқтың ұшы, 6) балтаның, шоттың жүзі бар жағы. 7) бір нәрсенің айналасы.
6) Омонимдер – біркелкі дыбысталып айтылатын, бірақ мағынасы басқа-басқа сөздердің тобы. Омонимдердің көп мағыналы сөздерден айырмашылығы: көп мағыналы сөздер бір негізден тарап, мағыналары жағынан өзара жақын, ұқсас болып, олар бір сөз табына жатады. Ал омонимдер мағыналары жағынан бір-бірінен соншалықты алшақ болады да, кейде бір сөз табына, кейде әр басқа сөз табына қатысты бола береді. Мыс: Қара: 1) қара шаш – сын есім, 2) тақтаға қара – етістік.
7) Туынды омонимдер – түбір сөзге жұрнақтар жалғану арқылы жасалады.
8) Синонимдер – мағыналары бір-біріне жақын, бірақ әр түрлі дыбысталып айтылатын сөздер тобы. Олар мынандай ерекшеліктеріне қарай топтастырылады.
1) сөздің дыбысталуында өзгешелік болуы керек;
2) сөздер бір ғана ұғымды білдіруі керек;
3) сөздер бір ғана сөз табына қатысты болуы керек. Олар бір сөйлем мүшесінің қызметін атқарады. Синонимдік қатарлар әр сөз табының құрамында кездеседі:
- Зат есімдерден болған синонимдер: өң, түр, түс, келбет, пішін, ажар, көрік, әлпет, кескін, рең, дидар, шырай;
- сын есімдерден болған синонимдер: салмақты, сабырлы, байыпты, ұстамды;
- етістіктерден болған синонимдер: амандасу, сәлемдесу, есендесу;
- үстеулерден болған синонимдер: тез, жылдам, шапшаң, лезде.
9) Антонимдер – мағыналары бір-біріне қарама –қарсы болып келетін сөздер тобы. Мыс: ескі-жаңа, жақсы-жаман, жомарт-сараң. Антоним мен жұрнақ арқылы жасалатын болымды-болымсыздық мағына бірдей емес. Оларды былайша салыстырып көруге болады.
Антонимдер Болымды-болымсыздық мағыналар:
Жақсы-жаман жақсы – жақсы емес
Ал-бер ал-алма
Сулы-құрғақ сулы-сусыз
Көңілді – қапалы көңілді – көңілсіз
10) Табу – мифтік ескі наным бойынша атын тура атауға тыйым салынған сөздер тіл білімінде табу деп аталады. Қазақтың ескі әдет-ғұрпы бойынша келін боп түскен қыз күйеуінің туған-туыстарын өз атымен атамай, солардың әрқайсысына жақындық жолына, жаса үлкен-кішілігіне қарай лайықты ат қоюға тиісті болған. Мәселен, қызға шырайлым, еркежан, бикеш... десе, ұлға шырақ, мырза жігіт, төре жігіт деп ат қойған. Қазақ тіліндегі табудың ендігі бір түрі қатал табиғи құбылыстарға, жыртқыш аңдар мен қауіпті жәндіктерге, түрлі ауру – сырқауларға байланысты қалыптасқан. Мысалы жай түсудің апатынан сақтанып, жадй «жасыл» деп атаған. Шешек ауруын «қорасан», қасқырды «ұлыма» немесе «итқұс» деп атаған.
11) Эвфемизм – тіліміздегі дөрекі сөздерді сыпайы, жағымды сөздермен алмастыру. Мыс: «мылжың» деудің орнына «сөзуар», «өтірік айту» - «қосып айту», «өлді» - «о дүниеге аттанды, жан тәсілім етті, дүние салды» сияқты сөздер мен сөз тіркестерімен алмастырылып қолданылады.
12) Дисфемизм – күнделікті ауызекі сөйлеу тілінде әдепті сөзді әдепсіз, дөрекі сөздермен алмастырып айту. кеміту, Дисфемизм қорлау, іске жаратпау ұғымын тудырады. Дисфемизм әдеби тілдің үлгісіне жатпайды.
13) Тұрақты тіркестер (фразеологизмдер) - екі немесе бірнеше сөздің тіркесуі арқылы бір ғана мағына білдіретін сөз тіркестері.
1) Фразеологизмге тән мағына тұрақты тіркесті құрастырушы сөздердің жеке мағыналарына үнемі сәйкес келе бермейді., сыңарлары тұтасып барып, бір ғана мағынаны білдіреді. Мыс: тасбауыр деген тұрақты тіркестің мағынасы мейірімсіз, су жүрек- қорқақ.
2) Тұрақты тіркесті құрайтын сөздер бұрыннан қалыптасқан жүйемен айтылады. Олардың сыңарларының орнын ауыстыруға немесе басқа сөзбен алмастыруға келмейді. Мыс: тайға таңба басқандай дегенді жылқыға таңба басқандай деп алмастыруға болмайды. Яғни тұрақты тіркестер даяр қалпында жұмсалады, сөйлемнің құрамына бір бүтін тұлға ретінде енеді. Тұрақты тіркестердің синонимдік баламалары болады. Мыс: қыздың жиған жүгіндей - әсем, көрікті, көркем, ит терісін басына қаптады – ұрысты, балағаттады. Кейбір ұрақты тіркестердің бір-бірімен өзара синоним болып келетіндері де бар Мыс: азар да безер болды- ат тонын ала қашты, көз ілмеді-көрер таңды көзімен аттырды. Тұрақты тіркестер бір-бірімен мән-мағынасы жағынан қарама-қарсы да болып келеді. Мыс: ит терісін басына қаптады – басынан сипады, ат ізін салмады – ат ізін құрғатпады.
14) Тұрақты тіркестердің ендігі бір түрі - мақал мен мәтелдер. Мақал-мәтелдердің тұрақты тіркестерге ұқсас және айырмашылық жақтары да бар. Ұқсастықтары – сыртқы құрылымы, сөздердің орын тәртібі тұрақты болады; айырмашылығы - мақал-мәтелдің құрамындағы сөздер өздерінің лексикалық мағынасын толық сақтап тұрады, сөйлем мүшесіне талдауға келеді. Мақал - тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін білдіріп, белгілі бір тұжырым жасайды. Мыс: кең болсаң, кем болмайсың.
15) Мәтелдерде ой – пікір бейнелі әрі тұспалдап айтылған ишара түрінде болады. Мыс: біреу тоңып секіреді, біреу тоңып секіреді, қалауын тапса қар жанар.
16) Сөздік қор – қазақтың ғасырлар бойы қолданылып келе жатқан байырғы төл сөздері. Олар ең қажетті ұғымдарды білдіреді де, жалпы халыққа бірдей түсінікті болады. Мыс: туысқандық атаулыр ата, ана, нағашы, аға, жеңге, бөле, құда т.б; мал атаулары: жылқы, түйе, сиыр, қой, құлын, лақ т.б; табиғат құбылыстары: кү, ай, жел, бұлт, тау, тас т.б; аң-құс атаулары: бүркіт, қаршыға, түлкі, қасқырт.б; заттардың түр-түсін, сапасын білдіретін атаулар: ақ, қызыл, ауыр, жеңіл, жылы, суық, жылы т.б; қимыл-қозғалыс атауы: кел, бар, кет, сөйле т.б; сан атаулары: бір, үш, жеті, тоғыз т.б.
17) Сөздік құрам – тілдегі сөздердің тұтас жиынтығы сөздік құрам. Сөздік құрамғахалықтың тұрмыс жағдайын, кәсібін, мәдени қалпын танытатын барлық сөздер енеді. Қазақ тілінің сөздік құрамына халқымыздың ғасырлар бойы сақталып келе жатқан байырғы сөздері де, кірме сөздер де, кейін пайда болған жаңа сөздер де, термин сөздер де, ауызекі тілге тән қарапайым сөздер де, диалектизмдер мен кәсіби сөздер де кіреді. Сөздік құрам үнемі өзгеріп отырады. Сөздік құрамның ең басты және тұрақты бөлігін қазақтың байырғы төл сөздері құрайды.
18) Көнерген сөздер – қолданыстан шығып қалып, тарихи шығармаларда кездесетін, мағынасы көмескі сөздерді көнерген сөздер дейміз. Көнерген сөздер тарихи сөздер және архаизмдер болып екіге бөлінеді.
19) Тарихи сөздер – қолданылған дәуірі өтіп, ескі заманның өзімен бірге көнеоген тарихи атаулар. Тарихи сөздерге ел басқарумен байланысты атаулар: хан, патша, уәзір, би, аға сұлтан т.б., қазір қолданылмайтын қару-жараққа қатысты сөздер: садақ, жебе, сауыт, айбалта, найза, адырна т.б., кеңес дәуірі тұсында қолданылған әкімшілік сөздер: қызыл отау, қызыл әскер, отарба т.б.
20) Архаизмдер – халықтың тұрмыс-тіршілігіне, салт-сана, әдет-ғұрпына қарай әр дәуірде өзгеріп, басқа сөздермен ауысып отырған немесе ескіріп кеткен сөздер. Архаизмдерге мата атаулары: торқа, биқасап, дүрия, патсайы т.б., әдет –ғұрып атаулары: сауын айту, ұрын бару, бесік құда, барымта т.б., үй тұрмысы, киім-кешек, ыдыс-аяқ атаулары: лашық, жаппа, шидем, күпі, сәукеле, саптыаяқ, кебеже т.б. сөздер жатаады. Кейбір көнерген сөздердің қайта жаңаратын кездері де болады. Мысалы, діни сөздер (имам, мешіт, ораза, айт, пітір, құран т.б.), бұрынғы жыл атаулары ( барыс, қоян, жылқы, ұлу т.б.), ай атаулары (наурыз, сәуір, маусым, қыркүйек т.б.). ҚР тәуелсіздік алғаннан бері қайтадан жаңарып, қолданыла бастады.
21) Жаңа сөздер ( неологизмдер) – тілде жаңа ұғымды білдіретін сөздер. олар тілге алғаш енген кезде ғана жаңа болады. Кейін тілге сіңісіп кеткенннен кейін ол сөздер жаңа сөз болудан қалады. Қазіргі кезде жаңа сөздер қатарына еніп жүрген сөздер: ғарыш, ғарышкер, жер серігі, жолсерік, үнтаспа, жеделхат, саяжай, ермексаз, теңге, құжат, отбасы, кеден, зейнетақы, зейнеткер, сынып, үнқағаз, жылыжай, қызанақ, орамжапырақ, қаудан, дернәсіл, үлескі, өскін, жасуша, ағза және т.б.
22) Сөздердің қолданылу өрісіне байланысты түрлері. Қазақ тіліндегі сөздер қолданылу өрісі жағынан әр түрлі болып келеді. Қазақ тілінің лексикасы жалпылама лексика және қолданылу өрісі тар лексика болып жіктелсе, қолданылу өрісі тар лексика өз ішінде кәсіби (терминдік) лексика, диалектикалық лексика болып жіктеледі.
23) Жалпылама лексика – бір тілде сөйлейтін адамдардың бәріне түсінікті ортақ сөздер тобы. Жалпылама лексикаға тән сөздер өздерінің тура мағынасында жұмсалады. Мыс: Кеше күн суық болды. Жалпылама лексикаға жататын сөздер жалпы халыққа түсініктілігімен, анықтығымен, қарапайымдылығымен ерекшеленеді. Олар әдеби тілдің негізгі қоры болып табылады.
24) Кірме сөздер – басқа тілден енген сөздер тобы. Қазақ тіліне араб, парсы, монғол, орыс тілдерінен көптеген сөздер енген. Араб, парсы тілдерінен енген сөздер: адам, әлем, ғылым, қоғам, білім, мектеп, тарих, әдебиет, мәдениет, пән, емтихан ,тәрбие, емле т.б. Монғол тілінен ел билеуге байланысты ұлыс, нөкер, жасақ, аймақ, жарлық сөздері, жер-чу атауларына қатысты Тарбағатай, Нарынқол, Нұра, Баянауыл, Зайсан, Қордай, Алтай т.б. атаулар кірді. Орыс тілінен жәшік, кереует, бөтелке, бәтеңке, шайнек, сіріңке, кәмпит, тәрелке, сөмке, тұрба, т.б. Бұл сөздер қазақ тілінің дыбыстық қалпына түсіп өзгерген. Кейін, кеңестік дәуірде, орыс тілінен енген термин сөздер өзгеріссіз қалпында қолданылады. Телефон, телеграф, автомобиль т.б.
25) Диалект сөздер – белгілі бір жердегі (аймақ, облыс, аудан) тұрғындардың сөйлеу тілінде ғана қолданылатын сөздер. Диалектілер жалпыхалықтық болып есептелмейді. Өйткені олардың көпшілігінің әдеби тілде баламалары болады. Мысалы, әдеби тілдегі тәртіп сөзі Орал облысында нұсқау, бұйрық деген мағынада қолданылады. ШҚО әдеби тілдегі шалбар сөзі сым деп айтылады. Иыңла-тыңда, құдағай – құдағи, полпт-болат, баралы-баралық, бережақ – берешек, келулі – келді. Қазіргі әдеби тілімізге біраз диалект сөздер еніп, жалпыхалықтық тілге айналды. Мыс: арасан суы, жейде, ұжым, кеден, немелтай (шөберенің баласы), үшен (бірден үш төл туса), төртем (бірден төрт төл туса)
26) Кәсіби сөздер мен термин сөздер дегеніміз – жұрттың бәріне бірдей түсінікті бола бермейтін, белгілі бір кәсіппен я шаруашылық саласымен шұғылданатын адамдардың арасында ғана айтылатын сөздер. Кәсіби сөздерді екі екі үлкен салаға бөлуге болады.
1. Қолөнершілікке (ағашшылық, ұсталық, өрімшілік, тоқымашылық, зергерлік т.б.) қатысты сөздер: пышқы ( араның бір түрі), шербек (үлкен ара), ыңғыру (ағаш оятын құрал), тышуыр (бұрап тесетін құрал), пәрбі (шойын тескіш), атауыз (шеге суырғыш) т.б.
2. Ауыл шаруашылығына ( мал, астық, балық, аңшылық, бау-бақша, темекі, мақта, күріш, қызылша) байланысты сөздер: 1) мақтаға қатысты: қоза (мақта өсімдігі), шиіт (мақтаның тұқымы), терімші (мақта теруші), балдаң (мақтаның сабағы), 2) жүгері түрлері: дүмбі, пәшік, сота, 3) қауын аттары: әңгелек, жәмше, торлама т.б.; 4) қызылша шаруашылығына байланысты: қылшы, түбір, өркен, түбіртек, жом. т.б.
27) Термин сөздер дегеніміз – ғылым, техника, өндіріс және тағы басқа салалардағы арнаулы ұғымдар мен зат атауларын білдіретін сөздер. Терминдер бір ғана ұғымды білдіргендіктен, бір мағыналы болып келеді. Терминдердің мағынасы әрқашан тұрақты болады. Қазақ тіліндегі термин сөздер екі түрлі жолмен жасалған.
1) Басқа тілден енген сөздерге қазақ тілінен балама табу: 1. жергілікті және көне сөздер алынған. Кеден-таможня, егемен – суверенитет, әмбебап – универсал, кешен-комплекс, нарық-рынок, жарғы-устав, бап-статья, ғарыш-космос, әкім-администратор; 2. Тілімізде бар сөздерді біріктіру арқылы термин жасаған: отбасы-семья, әуежай-аэропорт, төлқұжат-паспорт, мұражай-музей, елтаңба-герб, әнұран-гимнт.б.
2) Тілімізге орыс тілі арқылы келген, қазақша баламалары жоқ интернационалдық терминдер. Мысалы: математика терминдері: квадрат, куб, коэффициент т.б.; химия терминдері: аммиак, азон, дром, гидрат т.б.; география терминдері: глобус, картат.б.; лингвистика терминдері: синоним, антоним, эвфемизм, дисфемизм, диалект т.б.