Дәріс бойынша ағымдық, аралық, қорытынды бақылау бойынша тест тапсырмалары және сұрақтар 1. Дәстүрлі оқытудың жабдықтары:
A) оқулық, дидактикалық материал, өлшеу құралдары, анықтама әдебиеттер.
B) интерактивті тақталар, парталар.
C) калькуляторлар, фигуралар.
D) флепчарт тақталар.
E) компьютерлер.
2. Модельдердің көрнекілігіне қарай негізгі түрлері:
A) материалды модельдер;
B) абстракциялы модельдер;
C) идеалды модельдер;
D) идеалды емес модельдер;
E) абстракциялы емес модельдер.
3. Материалдық модельдердің түрлері:
A) статикалық модель;
B) динамикалық модель;
C) интерактивтік модель;
D) логикалық модель;
E) дискреттік модель.
4. Геометриялық денелердің модельдері - :
A) статикалық модель;
B) динамикалық модель;
C) кинематикалық модель;
D) энергетикалық модель;
E) графикалық модель.
5. Педагогика көрнекіліктің ..., ... және ... көрнекіліктер деп аталатын үш түрін қарастырады:
A) табиғи;
B) қосалқы;
C) кескіндік;
D) символдық;
E) деректі.
1
№ 4
дәріс
Математиканы оқытуды ұйымдастыру формалары. Математика сабағына дайындалу. Оқу үдерісіне педагогикалық талдау жасау және рефлекcия.
Қарастырылатын мәселелер.
1. Математиканы оқытуды ұйымдастыру формаларының жалпы сипаттамасы.
2. Математика сабағы жалпы білім беретін мектепте бірыңғай педагогикалық процесті ұйымдастырудың негізгі формасы ретінде.
3. Қазіргі заманғы математика сабағы және оған қойылатын талаптар.
4. Математика сабағына дайындалу және оны жоспарлау.
Дәрістің қысқаша мазмұны Математиканы оқытуды ұйымдастырудың негізгі мақсаты математика мұғалімінің тарапынан оқушылардың оқу-танымдық қызметін тиімді ұйымдастыру және басқару үдерісін қамтамасыз ету болып табылады. Сондықтан математиканы оқытуды ұйымдастырудың қандай формада жүзеге асырылатыны аса маңызды мәселе болып табылады. Оқытуды ұйымдастырудың формасы-оқу жұмысын білім алушыларды қандай да бір ретпен, тәртіппен біріктірудің (ұжымдық, топтық немесе жекелей) және орындалу уақыты бойынша (оқу сабақтары, өз бетімен дайындалу,т.с.с.) құрудың тәсілдері.
Математиканы оқытуды ұйымдастырудың формалары негізінен алғанда, білім берушілік, тәрбиелік, практикалық, ұйымдастырушылық, психологиялық, дамытушылық және тексерушілік қызметтер атқарады.
Математика сабағы – математика пәнінің өзіндік ерекшелігін ескере отырып, оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудың негізгі формасы ретінде дидактика анықтаған сабақтың өзіндік көрінісі және дербес бір түрі. Ол математиканы оқытуды ұйымдастырудың негізгі формасы болып табылады.
Сабақ дегеніміз не?
Сабақта оқушылардың іс-әрекеті әр түрлі вариантта (бүкіл сыныппен, топпен, жекелеген оқушылармен) ұйымдастырылуы мүмкін. Оның қай түрінің таңдап алынуына байланысты сабақтың міндеті де түрліше шешіледі. Демек, сабақтың міндеттері оқушылардың іс-әрекеттерін ұйымдастыру формалары арқылы да жүзеге асырылады. Сонымен бірге сабақтың білімдік, тәрбиелік, дамытушылық және практикалық міндеттерін дәл анықтау және соларға орай оқытуды ұйымдастырудың формаларын анықтау және іріктеп алу сабақтың нәтижелі де сапалы, сондай-ақ қойылып отырған талапқа сәйкес болуының алғы шарты болып табылады.
Сабақ жайында әңгіме болғанда оның типін анықтау ең басты мәселе болып табылады. Сабақтың типі қойылып отырған дидактикалық міндетке орай анықталады. Олай болса, өткен материалдарды қайталау, жаңа материалды оқып-үйрену, оқып-үйренген мәселелерді тиянақтау және бекіту, оқып үйренген материалдарды қорытындылау және жалпылау оқушылардың білімін тексеру, т.с.с. міндеттердің қайсысы нақты сабақтың негізгі міндеті болуына орай қайталау, жаңа материалдарды оқыту, білімді тиянақтау және бекіту, білімді қорытындылау және жинақтау, білімді тексеру, т.с.с.сабақ типтерінің түрлері болуы мүмкін. Алайда, сабақта жоғарыда аталған міндеттердің әрқайсысы жеке-жеке алынбай, олардың бәрінің де бір сабақтың өзінде қамтылуы мүмкін.Осы тұрғыда алып қарағандағы сабақтың типін аралас сабақ деп атайды. Алайда, математика сабақтарының барлығы да аралас сабақ болуы тиіс деуге болмайды, яғни ара-тұра сабақтың басқа типтері де өткізілуі мүмкін.
Математика сабақтарының нәтижелі болуы, ең алдымен оған қойылатын негізгі талаптарды ескеруге тікелей байланысты болып табылады. Сабаққа қойылатын негізгі талаптар әдістемелік әдебиетте ашып көрсетілген.
Жалпы алғанда, «Сабаққа қалай дайындалу керек? және «Сабақтың жоспарын қандай түрде жазу керек?» деген сұрақтарға бір мәнді жауап беру мүмкін емес. Біздің ойымызша, ол, ең алдымен, мұғалімнің теориялық және әдістемелік тұрғыдағы дайындық деңгейіне, шеберлігіне, шығармашылық ізденісіне байланысты түрліше шешілетін мәселе. Соңғы жылдардағы педагогикалық әдебиет пен озат мұғалімдердің іс-тәжірибесін зер сала зерттеу математика мұғалімінің сабаққа дайындалуының мына сияқты жалпы сатыларын анықтауға мүмкіндік береді: 1) Мұғалімнің оқу жылына дайындығы; 2) Күнделікті сабаққа дайындық.
Мұғалімнің математика сабағы бойынша оқу жылына дайындығы математикалық білімнің мемлекеттік стандарты, оқу жоспары мен оқу бағдарламасы сияқты нормативтік құжаттарды оқып-үйренуден басталады. Осылардың негізінде оқу жылына немесе жарты жылдыққа арналған ұзақ мерзімді жоспар жасалады. Мұнда мұғалім мемлекеттік құжаттарда көрсетілген қағидаларды басшылыққа алады.
Математика сабақтарына дайындалудың аса маңызды кезеңі күнделікті сабаққа дайындалу болып табылады. Осының нәтижесінде қысқа мерзімді сабақ жоспары жасалады. Күнделікті сабаққа дайындалу мұғалімінен көп уақыт пен қажырлықты талап ететіндігі белгілі. Ал, математика мұғалімі күніне бірнеше сабақ беретіндігін ескерер болсақ, сабақ дайындалудың ол үшін оңай жұмыс болмайтындығы айқындала түседі. Сондықтан мұғалім сабаққа әзірлену барысында өзінің педагогикалық еңбегін ғылыми негізде дұрыс ұйымдастыра білуі аса маңызды болып табылады.
Көпшілік мұғалімдер бірден сабақ жоспарын жасауға кіріседі. Осының барысында ол нақты жұмыс жоспары болып шықпайды. Шындығында мектеп тәжірибесінде көпшілік мұғалімдердің жоспары басқаша болып, оның сабақ үстінде басқаша жұмыс істеуге мәжбүр болатындығы байқалады. Осының нәтижесінде сабақ дұрыс өтпейді, оның нәтижесі мен сапасы ойлағандай болып шықпайды.Біздің ойымызша, мұның басты себебі, мұғалімнің сабаққа әзірленудің, сондай-ақ өзінің осы сипаттағы еңбегін ғылыми негізде дұрыс ұйымдастыра алмауынан деп білеміз.
Математика сабағына күнделікті дайындалу сабақтың тақырыбын анықтаудан басталады. Содан кейін мұғалім оқулық бойынша осы сабаққа арналған оқу материалын логикалық-дидактикалық талдауға кірісуі керек. Мұнда ол сабаққа керек теориялық материалдың оқулықта қалай баяндалғанымен танысады. Ондағы материал сабақ үшін жеткілікті ме, көп пе? немесе аз ба? осы жағын тексереді. Егер жеткілікті болмаса нені қосу керек және қосымша материалды қайдан алу керек, осы жағын ойластырады. Бұны ойдағыдай шешу үшін аталмыш тақырыпқа байланысты әдістемелік әдебиеттерді оқып, танысады. Мұның ішіндегі ең маңыздысы, мұғалімдерге арналған көмекші құралдармен танысу болып табылады. Әдістемелік құралдың сабақтарға нұсқаулар деген бөлімі бойынша мұғалім сәйкес сабақтың білімдік міндетін анықтайды. Алайда, ол оны өзгертуі немесе оған ішінара өзгеріс енгізуі ықтимал. Ал сабақтың нақты тәрбиелік, дамытушылық және практикалық міндеттерін өзі анықтайды және оларды жалпылама түрде емес, дәл, нақты және қысқа түрде тұжырымдайды.
Мұғалімнің сабаққа дайындалуындағы маңызды жұмыстардың бірі –сабақ барысын, яғни сабақтың типіне орай оның кезеңдері бойынша ұйымдастырылатын жұмыстардың мазмұнын анықтау және жоспарлау болып табылады. Сабақ жоспары мұғалім мен оқушылардың сабақтағы іс-әрекетінің мазмұнын, әдіс-тәсілдерінің жиынтығын және ұйымдастырылу түрлерін анықтайтын және реттеп отыратын құжат деп түсіну керек. Сонда ғана оны нақты жұмыс жоспары деуге толық негіз бар.
Сабақтың кезеңдері сабақтың типіне байланысты анықталады. Олардың саны мен ретін мұғалімнің өзі анықтайды да сәйкес кезеңдер бойынша кестенің бөліктерін толтырып отырады. Сонда сабақтың әр кезеңінде не істеу керек? қандай әдіс-тәсілдер арқылы қандай нәтижеге жету мақсаты көзделеді? деген сияқты мәселелер мұғалімдің көз алдында тұрады да, уақытты реттеп отыру, жоспарға өзгеріс енгізу, оны жетілдіріп отыру мүмкін болады. Осындай формада жасалатын сабақ жоспары мұғалімнің шығармашылыққа бейімделуіне себепші болады және оның кәсіби шеберлігінің шыңдала түсуіне ықпал жасайды.