Иіс сезу қызметі. Адамдарда иіс сезу қызметі – нейроэпителийлі иіс сезу торшалары – хеморецторлары бар иіс сезу зонасының шырышты қабығы арқылы орындалады. Иіс сезу аймағы иіс сезу саңылауынан басталады (rimma olfactoria), бұл саңылау ортаңғы қалқанның төменгі шеті мен мұрын орталығы аралықтарында орналасқан, ені 3-4 мм болады. Иіс сезу саңылауы үстінде иіс сезу аймағына өтеді, бұл аймақ мұрынның жоғарғы латеральды және медиальды қабырғаларында және күмбезге дейін орналасқан. Иіс сезу саңылауы жабылып қалғанда респираторлы иіс сезу қабілетінің төмендеуі – гипосмия, иіс сезбеу – аносмия басталады.
Егер нағыз рецепторлардың өздері зақымдалса, ондай жағдайда оны иіс сезу жүйкесі невриті деп атайды, ал бұл кездегі иіс сезудің бұзылуын – эссенциальды гипо немесе аносмия дейді. Көбінесе бір жақты иіс сезбеу (аносмия) – бас миының маңдай бөлігі ісіктерінің немесе іріңдігінің белгісі болып келуі мүмкін.
Дыбысты жаңғырту (резонаторлық) қызметі. Мұрын қуысы және қосалқы қуыстар дауыстың тембрін, әр түрлі дауыс үндерін ұлғайтатын және дауыстың бояу өзгерістерін құрауға қатысатын мүше болып саналады. Кішірек қуыстар (торлы лабиринт, сына тәрізді қуыс) тым жоғары дыбыстарды жаңғыртады, ал ірі қуыстар (жоғарғы жақ және маңдай қуыстары) тым төменгі үндерді жаңғыртады. Үлкен кісілерде қалыпты жағдайда қосалқы қуыстары өзгермейді, сондықтан дауыстың тембрі бүкіл өмір бойы тұрақты болады. Қосалқы қуыстардың қабыну процестерінде, оның шырышты қабықтарының қалыңдауына байланысты дауыс тембрінің аздаған өзгерісі байқалуы мүмкін (бұны әншілер бұрын байқайды). Жұмсақ таңдайдың жағдайы белгілі дәрежеде дыбыстың ашықта жақсы естілуін реттейді, бұл кезде мұрынжұтқыншақ және мұрын қуысы жұмсақ таңдайдың көмегі арқылы жұтқыншақтың ортаңғы бөлімімен, көмейден бөлектеніп жабылады. Жұмсақ таңдай кейбір дауыссыз дыбыстарды (м,н,л) шығару мезгілдерінде бос салбырап тұрады, бұл кезде мұрынжұтқыншақ және хоаналар ашық қалады да дауыс мұрын реңі өзгешелігіне ие болады.
Жұмсақ таңдай салданғанда немесе ол толық бітпей, ашық қалған жағдайларда ашық мыңқылдап сөйлеу пайда болады, ал мұрын қуысы, хоаналар және мұрынжұтқыншақ бітеліп қалған жағдайларда (полиптерде, аденоидтарда, ісіктерде, мұрын қалқанының гипертрофиясында) жабық мыңқылдап сөйлеу байқалады.
Жұтқыншақтың (pharynx) жартылай ас қорытатын түтік бөлігі және тыныс жолы болады, ол бұлшықеттер мен шелді қабықтан (көп талшықты дәнекер тканді немесе фиброзды) жасалған және ішінен шырышты қабықпен төселген қуыс (бос) мүше болып есептеледі.
Жұтқыншақтың клиникалық физиологиясы. Жұтқыншақ жартылай тамақ өткізу және тыныс алу жолдары болып табылады; бұл арқылы кезектесіп ішек-қарын жолына тамақ және сілекей, ал көмейге, өкпеге – ауа өтеді және керісінше. Жұтқыншақтың келесі тіршілікке маңызды қызметтерге қатысуын ажыратады:
Тамақ қабылдау актісі – сору және жұтыну.
Дауыс және сөйлеуді құрауда.
Тыныс алу актісі.
Тамақты қабылдау және тыныс алу кезінде қорғаныш механизмі.
Балалардың өмірінің алғашқы айларында тамақты қабылдауы тек қозғалтқыш сору актісінің көмегі арқылы мүмкін. Сору кезінде ауыз қуысы мүшелерімен сынап бағанасы бойынша 100 мм шамасында теріс қысым жасалады. Сору кезінде жұмсақ таңдай төмен қарай созылады және ауыз қуысын артқы жағынан жаба тілдің түбіріне жақындасады, сондайлық мұрын арқылы тыныс алуға мүмкіндік беріледі. Ауыз қуысына сүтті толғанынша сорғанынан соң, сору және тыныс алу тоқталады да жұтыну актісі пайда болады, сонан соң тыныс алуы және сүттің жаңадан ауыз қуысына сорылуы қайтадан басталады.
Үлкендерде шайнаудан соң тіл түбірі аймағында тамақ түйірі жасалады. Бұл кезде пайда болған қысым жұтыну актісін шақырады – жұтқыншақ қысушысы жұмсақ таңдай және таңдай доғаларының бұлшықеттері перистальтикалық (толқынды) түрде қысқарады. Тамақтың ауыз қуысынан жұтқыншақ арқылы өңешке өтуі күрделі рефлекторлық жұтыну актісінің үйлестірілуі нәтижесінде жүзеге асырылады, бұл уақытта белгілі жүйелілікке тіл, жұтқыншақ, көмей бұлшықеттерінің қысқаруы пайда болады. Жұтыну актісінің 1-ші фазасы өз бетімен (еркін); тілдің көтерілуімен тамақ түйірі алдыңғы доғалардың артына жылжытылады. 2-ші фаза – тамақ түйірінің жұтқыншақ арқылы өңеш аузына қарай жылжытылуы - еркін емес (өз бетімен емес), туа біткен рефлекспен қамтамасыз етіледі. Жұтқыншақтың жоғарғы бөлігі шырышты қабығының рецепциясының зақымдалуы жұтыну актісін бұзуы мүмкін, себебі рефлекторлы доға үзіледі.