Дәрістер. 1 тақырып. Философия, оның пәні мен қоғамдық маңызы


Философия - ғылым әлде өнер ме ?



бет3/175
Дата24.10.2023
өлшемі2,79 Mb.
#187769
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   175
Байланысты:
lektsii po filosofii

Философия - ғылым әлде өнер ме ?
Жоғарыда атап өткеніміздей, Дүниеге деген діни көзқарасқа қанағаттанбаушылық сонау көне заманның өзінде-ақ пайда болып, аса ұлы тұлғалардың дүние мен адам қарым-қатынасы жөніндегі ақыл-ойға негізделген сұрақтар мен жауаптарының дүниеге келуіне себеп болды.
Осы тұрғыдан алғанда “Философия – ақыл-оймен ұстап қалынған тарихи дәуір² деген Гегельдің берген анықтамасында терең сыр жатса керек.
Әрине, дін де философия сияқты шынайы ең биік рухани құндылықтарды, адамның өмір жолының адалдығын уағыздайды, бірақ олардың қайнар көзін ²о Дүниеден² табады. Философияны алсақ, сонау Көне Грециядағы алғашқы пайда болған “Милет – мектебі² өкілдерінің қойған “Дүниенің негізінде не жатыр? ² деген сұрағынан бастап, осы күнгі ойшылардың “Адамзаттың болашағы бар ма, ия болмаса ол өзін-өзі экологиялық апатқа, дүниежүзілік ядролық соғысқа әкеліп өлтіре ме? ²,- деген сұраққа дейін, бұлардың бәрі де ақыл-ой таразысына салынып, парасат шеңберінде талданады.
Философияның басқа өмірге деген көзқарастардан айырмашылығы – оның рационалдығында (ratіo - латын сөзі, -ақыл-ой). Жалпы алғанда, философия қоғамдық сананың ғылыми саласының шеңберінен шығып кетпеуге тырысады, осы мақсатқа жету үшін өзінің категориалық (categorіa - грек сөзі, белгі, пікір айту, айыптау) бүкіл ғылымның жетістіктеріне, адамзаттың мыңдаған жылдық өмірден алған тәлім-тәжрибесіне негізделген жүйесін қалыптастырады.
Сонымен қатар, философияны басқа жаратылыстану және әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдармен салыстырсақ, оның ерекшеліктерін де байқауға болады (humanus - латын сөзі, -адамдық, адамгершілік).
Біріншіден, философиялық категориялардың (ұғымдардың) шегіне жеткенше жалпылығын атап өтуге болар еді. Олар болмыс пен ойлаудың ең маңызды және мәнді терең байланыстары мен қатынастарын көрсетеді. Жеке ғылымдар тек қана Дүниенің белгілі бір бөлігін ерекше объект ретінде қарап, соның мәнді байланыстары мен қатынастарын зерттейді (objectum - латын сөзі, -зат).
Екіншіден, философия басқа ғылымдар сияқты ғылыми деректерді пайдаланады. Бірақ, философиялық деректердің айырмашылығы – ол жеке ғылымдарда сарапталған, белгілі бір теоретикалық орта деңгейге көтерілген білімді дерек ретінде қорытады. әсіресе, бұл философияның онтология және гносеология салаларына тән нәрсе (ontos - грек сөзі, -болу, өмір сүру), (gnosіs – грек сөзі, -білім, таным).
үшіншіден, философияда ғасырлар бойы жиналған сан-алуан теоретикалық жүйеге келтірілген көзқарастарды кездестіруге болады. Бірақ, соған қарамастан, бұл ғылымның саласында үзілді-кесілді шешілген барлық философиялық қауымның бір ойынан шығатын бірде-бір тұжырымдамасы жоқ сынайлы. Философия саласында қызмет еткен ірі тұлғаның өзіндік дүние сезімі, түсінігі, көзқарасы қалыптасады. Сондықтан біз Платон, Спиноза т.с.с. ірі тұлғалардың философиясын ерекше түрде басқалардан бөліп алып зерттейміз.
Ал, жеке ғылымдарды алатын болсақ, ондағы ашылған табиғат сырларын, жасалған теориялар мен тұжырымдамаларды сол саладағы ғалымдар мойындайды. Мысалы, физика саласында қазақ, американ ия болмаса араб физикасы жоқ, бұл ғылымның жетістіктері бүкіл адамзатқа ортақ, және өткен ғасырларда ашылған жаңалықтар мен жасалған теориялар үйлесімді түрде жаңа жасалған тұжырымдамалардың ажырамас бағынышты бөлігіне айналады, олар бір-біріне қарама-қайшы келмейді.
Философияға келер болсақ, ондағы сонау көне заманда қойылған метафизикалық сұрақтар осы күнгі ұрпақтарды да тебірентеді, оларға әр дәуір өзіндік жауабын ұсынады (metaphysіca – грек сөзі, -физикадан кейін, яғни болмыс жөніндегі тәжрибенің шеңберінен шығып кететін мәселелер)
Оқырманның байқағанындай, философия статусы (status – латын сөзі, -орын) жеке ғылымдарға қарағанда анағұрлым кеңірек, сондықтан Батыс елдерінде философияны тіпті өнер саласына жатқызатыны мәлім (the Art – ағылшын сөзі, - өнер).
Мысалы, А.Шопенгауер философия ғылымының кемшіліктері – оның ғылым жолымен дамуында, ал шынында философия көркемөнердің бір түрі ғана,- деген пікір айтқан болатын.
Егер біз философияны көркемөнер саласымен салыстырсақ, онда біз олардың бір-бірімен біршама көп ұқсас жақтарын ашуымызға болады.
Жоғарыдағы көрсеткендей, философия саласында қызмет еткен әр ірі тұлға осы ғылымның тарихында өзінің ерекше дүниесезімі, дүниетүсінігі, көзқарасымен ерекшеленіп, ешқашан бұрын-соңғы қайталанбас орын алады. Сондықтан, қанша ірі тұлға философияға ат салысса, соншалықты философияның түрлері бар деп айтсақ артық болмайды.
Өнер саласындағы туындылар да бір-бірін қайталамайды, онда өнерпаздың дүниеге деген тұлғалық-сезімдік қарым-қатынасы өзгеше болып көрініп тұрады.
Философиядағы әрбір тұлға өзгеше орын алғаннан кейін, біздің алдымыздағы таңдау мәселесі пайда болады. Философияда талғамдық бар. Біреуге Гегельдің философиясы ұнаса, екіншіге Фейербахтан асқан ойшы жоқ сияқты. Осы себептен кейбір уақытта философияның белгілі бір ағымы басқалардан гөрі басымырақ әсерін тигізіп, сол дәуірдің рухани өмірінің өзегіне айналуы мүмкін. Мысалы, діни философия – орта ғасырларды, маркстік философия - ХқХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бірінші жартысында, экзистенциализм – ХХ ғасырдың 60-70 жылдарында т.с.с. И.Фихтенің айтқанындай, философиялық жүйені таңдау - адамның өзінің кім екеніне байланысты, өйткені, философиялық жүйе соны жасаған адамның жан-дүниесі арқылы жанданған. Бұл жағынан алып қарағанда, - философия көркемөнерге ұқсас.
Жеке ғылым салаларына көз жіберсек, онда талғам мәселесі толығынан жоқ сияқты. Физика, я болмаса биологиядағы теорияларды жасаған авторларды көбінесе көзі тірі кезінде айтамыз, соңынан олардың ашқан жаңалықтары сол ғылымның бір тарауына құрап, бейтұлғалық объективтік заңға айналып бара береді (objectum – латын сөзі, -зат, қарсы қоямын).
Шынайы философиялық шығармалар көркемөнердегі ұлы туындылар сияқты адамның жүрегінде, ой-өрісінде өшпес із қалдырады, оның жан-дүниесін ұлылық, құлаштап жетпес биіктік, әсемдік, гармониялық сезім билейді. (harmonіa – грек сөзі, -үйлесімді, қарама-қарсылықтың бірлігі).
Философияны өнерге жақындататын келесі мәселе – Дүниенің біртұтастығын көрсету, ішке және сыртқа қарай шексіз Дүниенің суретін жасау – философия саласындағы ең қиын істің бірі. Өйткені, Дүние жөніндегі ғылыми деректер әр уақытта өзінше шектелген. Олай болса, тек қана ғылыми жолмен шексіз Дүниені шектелген білім арқылы біртұтас ретінде суреттеу мүмкін емес. Ал, бірақ, адамның жүрегінде Дүниені толығынан түсіну ұмтылысы ешқашанда бітпес іңкәр болып қала береді де, әртүрлі Дүние суретін тудырады. Ол үшін философ өзінің Дүниесуретін ғылыми деректер жетіспеген жағдайда қиял арқылы толықтырады, сезім толқындарымен бояйды. Олай болса, философия өзін тудырған мифологиядан толығынан бөліне алмайды. Философия мен көркемөнердің бір-біріне жақындығын, бір-біріне өтіп жатқанын айқын көрсететін нәрсе - тарихтағы ұлы тұлғалардың шығармалары. Оған Платонның “Диалогтарын², нақыл сөздерін, Ницшенің афоризмдерін, Камюдің эсселерін жатқызуға болады, өйткені, олардың философиялық мазмұны көркем сөзбен берілген. Ал Абайдың өлеңдері мен Әуезовтың романдарында Достоевский, Толстой сияқты орыстың ғұлама жазушыларының шығармаларында терең философиялық сыр жатыр, (dіalogos - грек сөзі, екі адамның айтысы. Essentіa - мән, латын сөзі, -қысқаша жазылған көркем терең мазмұнды шығарма).
Философиялық білімді тек қана Дүние мен танымның ең жалпы заңдылықтарына, универсалияларына теңеуге болмайды (unіversalіs - латын сөзі, -жалпы ұғым).
Өйткені, көне заманда бұл пәнге берілген аттың өзі - философия (phіleo – грек сөзі, -сүю, sophіa – даналық) оның практикалық, өмірге лайықтылық жағын көрсетеді. Шығыс пен Батыстағы философия бастауындағы тұлғаларды (қытайдағы Кон-Фу-Цзы, Лао-Цзы, гректердің “Жеті данасы², парсы елінің Заратустрасын алсақ , олар, негізінен алғанда, адам бұл тіршілікте қалай өмір сүруі керек , қандай құндылықтарды сыйлауы керек, жақсылық пен зұлымдық, сұлулық пен түрсіздік дегеніміз не, адам өмірінің мән-мағнасы неде?,- деген сұрақтарды қойып, соларға жауап беруге тырысқан.
Шынында да, даналық дегеніміздің өзі білімділік пен тепе-тең емес. Оның өзегі – адам өмірінің мән-мағнасын анықтайтын мыңдаған жылдардағы жиналған өмір тәжрибесі мен моральдық құндылықтар мен ережелерінің біртұтастығында.
Философиядағы құндылықтар адамды жағалай қоршап шектелген, толымсыз болмыстан тиістілік әлеміне ұмтылдырады. Қазақстанның белгілі ғалымы профессор Абишев К. философияның ерекшелігін оның үсынатын бағытын болуға қажетті, болуға лайықты, болуы мүмкін, тіпті болуы парыз нәрселерден көреді. Мұндай пікірмен толығымен келісуге болады. Өйткені адамның рухани өмірі сан-алуан ойлар мен болжамдарға, күнгірт және әсем сезімдерге, жоспарлар мен үміттерге т.с.с. толы. Адам өзін қоршаған нақтылы болмыстың шеңберінен әрқашанда шығып кетіп, әлі өмірде жоқ, бірақ тиісті болуы керек Дүниеге жетуге тырысады. Сонымен құндылық әлемі оның өмірінің мақсат-мұраты мен мән-мазмұнына айналады. Бұл күрделі мәселелерді философияның аксиологиялық жағы деуге болар еді (aksіos - құндылық, құндылықтар ілімі(.
Адам өмірінің құндылықтары сан-алуан. Оларды негізінен алғанда екі үлкен топқа – материалдық және рухани құндылықтарға бөлуге болады. Қарапайым адамдардың көпшілігі өмірдің мән-мағнасын материалдық құндылықтарды жинаудан, байлыққа ұмтылудан көреді. Американ философы Э.Фромм бұл құндылық бағытын “алу² категориясымен көрсетеді. Ал, екінші бағытты – адамның рухани ізденісін, оның шындық, әсемдік, жақсылыққа, шығармашылық деңгейіне ұмтылысын өмірде “болу² категориясымен ұштастырады.
Бұл тұрғыдан алғандағы философияның негізгі қызметі - құндылықтар әлемін сараптау, әлеуметтік өмірде қандай құндылықтар болуы керек, болуы тиіс, - соларды негіздеу болып табылады.
Қорытындылай келе, философиялық Дүниеге көзқарастың мәнін ашу жолында біз оның көп қырлы, көпсырлылығын байқадық. Бір жағынан алып қарағанда, философия ғылымменен ұштасып жатса, екінші жағынан оның көркем өнермен, идеологиямен, гуманитарлық біліммен, күнбе-күнгі сана мен моральдық рухани құндылықтармен, тіпті мистикалық діни сезімдермен байланысты екенін байқадық.
Әрине, әрбір үлкен тарихи философиялық тұлғалардың шығармашылығында олардың алатын үлестері әр-түрлі, біреулерінде ғылыми жағы басым болса, екіншілерде – көркемөнерлік, үшіншілерде – нақылдық-моральдық, төртіншілерде – діндік-мистикалық жақтары басым болуы мүмкін.
Оның өзі көп жағдайлармен, әсіресе белгілі тұлғаның өмір сүрген дәуірімен, сол тұлғаны түдырған халықтың тілі мен ділімен (менталитет) оның тәрбие, білім алған жағалай ортасымен, тіпті, жеке мінез-құлқы темпераментімен байланысты болса керек (temperamentum – латын сөзі, -жеке адамның жан-дүниесінің табиғи ерекшеліктері; mental – ағылшын сөзі, -ой-өрісі).
Бірақ, қалай дегенде де, философияның әр-түрлі жақтарын бір-бірінен ажыратып бөлек алуға болмайды. Философия – біртұтас ерекше Дүниеге деген көзқарастық білім. Философия – адамзат мәдениетінің өзегі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   175




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет