Диалектиканың сандық өзгерістердің сапалық өзгерістерге айналу заңы кезкелген психологиялық-педагогикалық құбылыстарды олардың сапалық және сандық сипаттамаларының бірлігінде зерттеуді талап етеді.
Теріске шығаруды теріске шығару заңы ескіні алып тастау мен жаңаны орнату дамудың сатылы кезеңдерінде жүзеге асады, теріске шығарудың өзі прогрестің алғашқы сәті болып танылады.
Бүгінгі күні өскелең ұрпаққа рухани-адамгершілік құндылық бағдарлар қалыптастыру мәселелерінің басты назарда болу себебі де сол, осы мәселелерді шешу адам болмысының сипаты мен оның даму бағытын, қоршаған әлеммен қарым-қатынасын белгілейді. Тәрбиедегі ең маңызды әдістердің бірі – сендіру әдісіне ерекше тоқтала кетейік (кейбір ғылыми әдебиетте бұл сөздің «көзін жеткізу» «иландыру», «нандыру» синонимдері де қолданылып жүр). Оның мағынасы – қалыптасып келе жатқан тұлғаның сана-сезімінің дамуы барысында оған адамгершілік нормалары, мінез-құлық пен қоғамда өзін-өзі ұстау және әлеуметтік қарым-қатынас ережелерінің мәнін жан-дүниесіне жеткізе отырып (эмоционалды түрде) тереңнен түсіндіру.
Ғылымның түрлі саласында қолданылатын «тұғыр» термині күрделі пәнаралық ұғымды білдіреді. Педагогика теориясы мен тәрбие әдістемесінде ғылыми әдіснамалық тұғыр қандай да бір мәселеге қатысты зерттеуші-педагогтың қолданатын тиісті ұстанымдарын, практик-педагогтың педагогикалық, тәрбиелік әдіс-тәсілдерін реттейтін әдіснамалық бағдары болып табылады. Әдіснамалық тұғырлар педагог үшін педагогикалық болмыста зерттеудің және қайта құру үдерісінің барлық кезеңінде басынан аяғына дейін басты бағдар ретінде әрекет етіп, әдіснамалық міндеттерді атқарады, жан-жақты қарауға және зерттеуге үлкен мүмкіндіктер ашады [37, 153-229].
Замануи жастардың рухани-адамгершілік құндылық бағдарларын қалыптастырудың маңызды жолы ретінде сендіру әдісі осы аталған тұғырлардың әрқайсысының технологиялық құрам бөлігінде кездеседі.
Әдіснамалық тұғырлар туралы білімдер жиынтығы әдіснамашы ғалымдардың еңбектерінде, түрлі ғылыми басылымдар, ғылыми-практикалық конференциялар, әдіснамалық семинарлар, интернет-конференциялар, дөңгелек үстелдер, пікірталастар материалдарында көрініс тапқан.
Сонымен, әдіснамалық тұғырлар дегеніміз – қайсыбір педагогикалық мәселені зерттеудегі қолданылатын ұстанымдар, әдістер, тәсілдер жиынтығы. Әдіснамалық ұстанымдар деп педагогикалық жүйелерді зерттей отырып, өзгерткенде негізге алынатын қағидаларды айтады. Ғылыми-педагогикалық зерттеуді ұйымдастыру ұстанымдары – жүргізілетін ғылыми зерттеулерге қойылатын жалпы талаптар, жетекші идея, түпкі қағида болмақ. Ғылыми әдебиеттерде жалпы ғылымилық ұстанымдар қатарына объективтілікті, ғылымилықты, жүйелілікті, тарихилықты, сабақтастықты және т. б. жатқызады. Демек, тұғыр ұстанымға қарағанда кең ұғым. Бұл тұғырлар мен ұстанымдар барлық ғылымға тән. Сондықтан, педагогикада аталмыш тұғырлар мен ұстанымдарды зерттелетін нысандардың мәніне сай қолданып, ізденушілер өз зерттеулерін ұйымдастырады. Нақты тұғыр бірнеше ұстанымдар арқылы іске аспақ. Бұл ретте әдіснама негізінен ғылыми әрекеттің логикасына қатысты түсіндіріледі. Әдіснама – педагогика ғылымының жасалу зертханасы, сол әдіснама арқылы зерттеудің қазіргі талапқа сай екендігі көрсетіледі және ғылыми қызметкерлердің кәсіби деңгейі бағаланады.
Зерттеуші әдіснамалық бағдар ретінде әдістер немесе тәсілдер, тұғырлар немесе ұстанымдар, логика немесе зерттеу бағдарламасы, парадигма немесе теория қолдана алады. Олар ғылыми-педагогикалық және жобалау әрекетінің жалпы бағытын анықтайтын негізгі ережелер болып табылады. Әдіснама педагог-зерттеушінің педагогикалық практика нысандарын жетілдіру немесе өзгерту мақсатымен байланысты жаңа педагогикалық жобаны әзірлеу барысындағы ғылыми немесе жобалау қызметіне жалпы бағыт береді. Сондықтан, қандай да бір әдіс педагогикалық зерттеудің немесе педагогикалық жобалау үдерісінің бүкіл кезеңінде қолданылып, өзіне басқа әдістерді тәуелді етсе, онда ол оның әдіснамасы болады. Мысалы, «жүйелілік талдау – жүйелілік әдіснама».
Әдіснамалық негіздер мен бағдарлардың ерекшелігі мен мазмұнын ашуда педагог-зерттеушілер көбінесе «әдіс», «тұғыр», «қағида», «заң», «идея», «логика», «парадигма», «теория» ұғымдарын қолданады. Осы ұғымдарды салыстыруға көптеген педагогтар жүгінді. Алайда, бүгінгі күні аталған ұғымдардың «әдіснама» түбірлес түсінігімен өзара байланыс сипатын айқындау ғана емес, олардың педагогикалық зерттеулер немесе жобалаулардағы әдіснамалық бағдар болудағы орнын нақтылау маңызды.
Ғылыми әдебиетте «әдіснамалық тұғыр» деген ұғым (сөз тіркесі) кездеседі. «Тұғыр» ұғымы педагогикада ғылымның пайдаланатын нақтылы тәсілі, элементі ретінде қолданылады. Тұғыр – бұл ғылыми-педагогикалық қызметтің қандай да бір үдерісінің элементі, жеке әрекеті. Егер «әдіс» ұғымы ғылыми-педагогикалық әрекет тәсілдерінің жиынтығын білдірсе, «әдіснамалық тұғыр» ұғымы аталмыш түғырдың зерттеушінің ғылыми-педагогикалық әрекетінің бүкіл кезеңінде пайдаланылатынын білдіреді. Зерттеу тұғырларының жиынтығы, олардың қолдану дәйектілігі мен логикасын, педагогикалық зерттеуді жүргізу технологиясын анықтайды. Бір қарағанда, «технология» ұғымы әдіснамаға жатады, өйткені, технология ғылыми-педагогикалық әрекеттің басынан аяғына дейін оның сипатын анықтайды және әдістер мен зерттеу тәсілдерін таңдау үшін нұсқау жасайды. Ғалым А.Ю. Кармаев Ресейдің ұлттық ұланының әскери қызметшілерін тәрбиелеуде сендіру әдісін жүзеге асыру мәселесін зерттеуде жүйелілік, синергетикалық, іс-әрекеттік, тұлғалық, мәдениеттанымдық, аксиологиялық, акмеологиялық, антропологиялы,қ тұтастық тұғырларын қолдану тәжжірибесімен бөлісіп, әрбір тұғырдың әлеуетін негізгі ұғымдар, үстанымдар, әдістер арқылы сипаттағаны 2-кестеде берілген [100, 266-271].
Достарыңызбен бөлісу: |