Зерттеу нысаны - іздену аймағы. Мұндай объектілерге педагогикалық жүйе, құбылыс, үдеріс жатады.
Зерттеу пәні - объектінің ішін ізденудегі аспектісі, зерттеліп отырған құбылыстың таралу үдерісі, элементі, байланысы, қатынастардың жиынтығы.
Зерттеудің тақырыбынан оның мақсатына қойылатын талаптар туындайды.
Таңдалған зерттеу объектісі мен пәніндегі қарастырылып отырған мәселенің өзектілігін пайдалана отырып, оның мақсатын анықтауға болады. Зерттеу мақсаты әр түрлі әрекеттердің белгілі бір тетігі «мақсат–құрал–нәтиже» болып табылады. Мақсат – сезінілген бейне, пайдалы нәтиже, оған міндетті түрде қол жеткізеді. Ғылыми зерттеу өте күрделі, әр жағдайда өз логикасымен, зерттеу әдістерімен және ұйымдастырылуымен ерекшеленеді.
Зерттеудің мақсаты: зерттеліп отырған мәселенің себеп - салдар байланыстарын және заңдылықтарын айқындау, теориясы мен әдістемесін ұсыну.
Зерттеудің болжамы: өзекті мәселенің теориялық және практикалық жағын талдау негізінде шешімін алдын-ала болжау. Зерттеуші болжамында жаңаны алдын-ала көре алатындай болу керек. Зерттеу болжамы егер..., онда..., өйткені... деген ұғымдармен байланысып құрылады.
Зерттеудің міндеттері: зерттеу мақсатының бөлшектенуі, зерттеу, анықтау, айқындау, қорытындылау, нақтылау, ұсыну, тәжірибелік жұмыста тексеру тұрғысында құрылады.
Ғылыми ізденістің тиімділігіне көбінесе зерттеу кезеңдерін дұрыс тізбектей орналастыра білу және олардың нақты қадамы шынайы нәтижеге жеткізуі, яғни зерттеу логикасы себепші болады.
Педагогикалық зерттеудің әрбірі жеке сала ретінде қарастырылатын әдіснама, дидактика, тәрбие теориясы, педагогика тарихы, мектептану сияқты пәндердің шекарасында жүргізіледі. Әрбір пәннің көлемінде іргелі де, қолданбалы зерттеу де болуы мүмкін. Бұған дәлелді біз педагогикалық іс-әрекет түсінігіне талдау берілген В. В. Краевскийдің жұмысынан табамыз. Ол өзіне тәрбиешілер, мұғалімдер іс-әрекетін ғана емес, сонымен қоса, педагогика саласындағы ғылыми іс-әрекетті, мұғалімдерге педагогика ғылымындағы материалдардың берілуін, педагогика саласындағы ғылыми әрекетті бағыттайтын және реттейтін басқарушылық жұмысты да қамтиды. Бұндай кең түсінік бізге әрбір педагогикалық пәнде іргелі және қолданбалы зерттеу болуы мүмкін деген негіз береді.
Жіктелу нысандарының белгілі бір қасиеттерін сипаттайтын, зерттеудің тәуелсіз жіктелінген топтамаларға бөлінуі – ғылыми-педагогикалық зерттеу жіктелуінің негізіне фасетті әдіс лайық. Зерттеу қасиеттерінің теориялық және тәжірибелік бағытталған сипатында төрт жеке фасет ерекшеленеді. Бірінші фасет – зерттеу міндеттері - ғылыми қызметкерлердің, ғалым-педагогтердің өздерінің алдына қоятын мақсаттары, жан-жақты жоспарланған нәтижелерге бағытталып жүргізетін жұмысы сипатталады. Екінші фасет – зерттеу нәтижелері – ғылыми іс-әрекет нәтижесінде алынған өнім, білім түрлерін көрсетеді. Үшінші фасет – зерттеу нәтижелерін пайдаланушы ұйымның мекен-жайы – ғылыми және тәжірибелік іс-әрекет барысында алынған нәтижелерді пайдалануға қызығушылық тудыратын ұйым мен ортаны анықтайды. Төртінші фасет – құжат түрлері – ғылыми-педагогикалық зерттеу нәтижелері берілген жарияланым типтерін сипаттайды.
Ғылыми-педагогикалық зерттеудің әртүрлі қырларын сипаттау берілген фасетке тән және көпқырлы белгілерін көрсететін фасеттің әрқайсысына көптеген терминдер енеді. Сонымен, зерттеу міндеттері: сипаттау, анықтау, негіздеу, жасау, айқындау, толықтыру, жүйелеу, жетілдіру, дамыту, нақтылау, талдау (тұжырымдаманы, болжамды, әдістемені, әдісті, білім мазмұнын және т. б.) болуы мүмкін. Зерттеу нәтижелері тұжырымдамаларды, ұстанымдарды, заңдылықтарды, болжамдарды, жіктеулерді, әдістемелік нұсқауларды, ұсыныстарды, оқу құрал-жабдықтарына талаптарды және т. б. қамтиды. Дидактикалық зерттеулер – педагогика ғылымы мен педагогикалық практиканы байланыстыратын тізбектің органикалық бөлігі. Дидактика-педагогика ғылымының қоғам дамуының белгілі кезеңдерінде алға қойылатын аса жауапты міндеттерді шешу барысында үнемі дамып отыратын, білім беру мен оқытудың мазмұнын, құрылымын, оқыту заңдылықтары мен ұстанымдарын, ерекшеліктерін, талаптарын, шарттарын, оны ұйымдастыру әдістері мен формаларын және технологиясын, оқыту нәтижелілігін зерттейтін құрылымы қалыптасқан маңызды да күрделі саласы. Дидактиканың тарихи тамырларын зерттеу бүгінгі таңда жалпы орта білім беретін мектептегі пәндерді оқыту заңдылықтары мен ұстанымдарын жүйелеу, білім құрылымы мен мазмұнын жетілдіру, жаңа сапалы білімге қол жеткізу үшін құнды болып табылады.
Өзінің 300 жылдық даму тарихында оқытудың мәнін ашатын көптеген дидактикалық тұжырымдамалар пайда болды. Олардың бәрі де осы кезге дейін мектептерде білім беру мен тәрбиелеу тәжірибесіне үлкен ықпал етіп келді және әлі де ықпал ете береді. Дидактикалық тұжырымдаманың мәні мен мазмұнын сипаттау үшін оны жіктеу қажеттілігі туындайды. Мұндай жіктеудің негізі жалпы дидактиканың зерттеу пәні ретінде есептелетін оқу үдерісі болып табылады. Бұл жөнінде көптеген ғалымдар өз көзқарастарын білдірді. Осыған сәйкес, дидактикалық тұжырымдама үш топқа бөлінеді: дәстүрлі, педоцентристік және қазіргі заманғы дидактикалық жүйе. Әр топтың өзіндік теориясы мен белгілі бір бағыттары бар. Солардың бірі (Ч. Куписевич, П.И. Пидкасистый бойынша) дидактикалық зерттеулердің басты пәні сабақ беру үдерісі (дәстүрлі дидактикалық жүйе) және тәрбие үдерісі (педацентристік жүйе) немесе оқыту үдерісі (дидактиканың қазіргі жүйесі) болатынына тәуелділігіне байланысты жүзеге асады. Басты рөлді сабақ беру мәселесі алатын дәстүрлі жүйеге Я.А. Коменскийдің, Песталоццидің, А. Беллдің, Д. Ланкастердің, И.Ф. Гербарттың тұжырымдамалары жатады.
Оқушы іс-әрекетіне басымдық берілетін педоцентристік жүйеге ХХ ғасырдың бас кезіндегі Д. Дьюи, Г. Кершенштейнер және В. Лай теориялары жатады.
Қазіргі заманғы дидактикалық жүйеде оқыту мен оқу өзара бірлікте. Дидактикалық тұжырымдама шеңберінде бағдарламалап оқыту, мәселелеп дамыта оқыту, гуманистік психология, когнитивтік психология, психодидактика, педагогикалық технология және педагогикалық ынтымақтастық т. б сияқты әртүрлі бағыттарда жұмыс істейді.
Педагогиканың даму барысында дидактика барынша үлкен дәрежеде өз алдына зерттеу пәні бар жеке педагогикалық ғылыми пән мәртебесін иемденген пән болып табылады. Дидактиканың пәнін анықтауда теория мен практиканың бірлігі туралы таным теориясының іргелі мәні бар. Дидактика практикаға, практикалық педагогикалық әрекетке айналған, сондықтан, дидактиканың басты қызметі оқыту практикасының ғылыми тұрғыдан негізделуінде. Дидактиканың пәнін міндетті анықтауда басшылыққа алынатын екінші жалпы әдіснамалық қағида – адамның танымының белсенділігі туралы тезис. Сөйтіп, ғылыми дидактиканың әдіснамалық негізі мәнді өзгерту мен танудың теориясы мен әдісі түріндегі материалистік диалектика болып табылады. Дидактика әдіснамасы мәселесіне көптеген педагогтардың еңбектері арналды. Бұл еңбектерде оқыту теориясының әдіснамалық негізі таным теориясы екендігін бірдей түсіну орын алған. Дидактика практикамен тығыз байланыста дами отырып, ірі жетістіктерге жетті.
Оқыту теориясының өзіндік заңдары мен заңдылықтарын, ұстанымдарын, қағидалары мен тұжырымдамаларын анықтауға және оларды әдіснамалық тұрғыдан зерттеуге С.И. Архангельский және т. б өз еңбектерін арнады. Жалпы білім беретін мектепте оқыту теориясы құрылымдық, қолдану және одан әрі дамуы жағынан оқытудың дидактикалық әдісінен шығады және осы әдісті теория мен оқыту үдерісі тұжырымдамасының барлық байланыстары мен қатынастарында пайдаланады. Мектептегі оқыту теориясының әдіснамалық бастауы таным үдерісін қозғалыста, қайшылықтар дамуында қарастыратын таным теориясы болып табылады. Дидактика танымды күрделі қайшылықты білмеуден білуге, толық емес білуден неғұрлым толық та терең білуге, объективті өмірдегі заттар мен құбылыстарды танудан олардың мәнін, заңдылықтарын, байланыстары мен қарым-қатынастарын тануға қарай жүретін үдеріс ретінде қарастырады.
Оқыту теориясының ұстанымдары, заңдары, ережелері мен тұжырымдамалары жоғары мектепте оқу үдерісі жүйесі құрауыштарының түсінік алаңын құрастыру, оны басқару, реттеу және бақылау үшін қарастырылады. Зерттеушілер дидактика заңдылықтарын неғұрлым ғылыми мәнділік тұрғыда дамытады, оқыту теориясы үшін жалпығылыми ұстанымдар мен әдістерді тарту мүмкіндіктерін іздейді. Бұл жерде С.И. Архангельскийдің жоғары мектепте оқыту теориясын жасаған ғылыми мектебінің маңызын атап өтуге болады. Ғылыми мектеп өте нақты, әдіснамалық тұрғыдан негізделген жоғарғы мектептің өзіндік оқыту теориясының заңдарында тұжырымдамаларын ашып анықтады. Осы сияқты, В.И. Загвязинский, Л.И. Гриценко оқыту мен тәрбиелеудің, педагогикалық мақсаттылықтың теориялық және практикалық мәселелерінің, мақсатқа жетуге ықпал ететін объективтік және субъективтік факторлардың есебі мен қолданылуының әдіснамалық мәселелерін зерттеп келеді. Олар оқыту мен тәрбиелеудің қозғаушы күшінің әдіснамалық тұжырымдамасын дамытып, қарама-қарсы жақтың табысқа жету шамасының бірлігінің, үйлесімділігін, тәсілдерінің ұстанымдарын нұсқау ретінде ұсынады.
Болгар ғалымы И. Марев өзінің «Дидактиканың әдіснамалық негіздері» монографиясында жалпы әдіснамалық мәселелермен (жалпы дидактиканың мәселелері, пәні, құрылымы, басқа ғылымдармен байланысы және т. б) қатар теориялық мәселелер де (оқу бағдарламаларын құрастыру, интеллектіні дамыту, оқулықтың функциялары мен оны құрастыру, оқытуда компьютерлендіру және т. б) қарастырады.
Дидактикалық зерттеудің типтері және олардың мақсаты мен мазмұнын 4-ші кестеден көруге болады. Дидактикалық зерттеудің пәні оқу үдерісінде, оның барысында, әдісінде, құралдары мен ұйымдастырылуында қойылған мақсатқа сай көрінетін барлық саналы дидактикалық қызмет болып табылады.
Барлық ғылыми зерттеулер оның әдіснамалық негізделуінен басталады. Ю.К. Бабанскийдің пікірі бойынша, әдіснамалық негіздеу зерттеулер тұжырымдамасынан (мәселенің тарихи-логикалық талдауы, зерттеу пәнін диалектикалық жүйелі – құрылымдық талдау, оның сипаттамасына біртұтас тұғыр тұрғысынан келу, педагогикалық құбылыстың даму үлгісі болып табылатын қарама-қайшылықтарды айқындау, қарастырылып отырған педагогикалық құбылыстың, үдерістің және басқалардың дамуының заңдылықтарын анықтау сипаттамалары және т. б.) негізі болып табылатын туыстас ғылымдар көздеріне талдаудан тұруы керек.
Ғалымның дидактикалық зерттеулердің әдіснамалық негізділігін талдауынан оның материалистік диалектиканың заңдары мен категорияларын дидактика мәселесін зерттеуді ғылыми қамтамасыз етуге пайдаланғанын байқаймыз.
Оқу үдерісінің әдіснамалық негіздерін қарастырған кезде оның әдістерін анықтау өте маңызды. Педагогикалық әдебиеттерде мұндай әдістерді көптеп кездестіруге болады. Мысалы, Л.В. Занков дидактикалық зерттеуде байқау, талдау және тәжірибені жалпылау, дидактикалық эксперимент әдістерін қолданған. Ол зерттеудің әдіснамалық аспектісіне көңіл аударуды ескерту және экспериментті педагогикалық зерттеудің жетекші әдісі ретінде қолданады.
Педагогикалық әдебиеттерде дидактикадағы лабораториялық эксперименттің мүмкіндіктері туралы арнайы қарастырылған. Дидактикалық зерттеулердегі лабораториялық эксперимент сенімді мәлімет алуды қамтамасыз етеді. Дидактикалық зерттеудің әдіснамасы мен әдістемесін белгілі ресейлік ғалым В.И. Загвязинский тұжырымдады. Дидактикалық зерттеудің әдіснамалық ұстанымдарына ол жалпы ғылымилық және объективтілік ұстанымдарын зерделеді.
Педагогикалық зерттеу үшін аса маңыздысы - әрбір зерттеуде нысанның тарихы (генетикалық қыры), сонымен қатар оның теориясын (құрылымы), қызметтерін, қазіргі жағдайдағы нысанның байланыстарын үйлестіру. Тарихи талдау тек белгілі бір педагогикалық тұжырымдама тұрғысынан ғана мүмкін болады, ал теориялық талдау нысанның генезисін (шығуы, пайда болуы) зерделемейінше мүмкін емес. Қарастырылған ұстанымнан сабақтастық, жинақталған тәжірибені және практиканың дәстүрлерін, педагогиканың бұрынғы жетістіктерін есепке алу талабы туындайды.