Дәріс 15 (дәріс тақырыбы)
Оқушылардың оқырмандық функционалдық сауаттылығын қалыптастыру.
Негізгі мәселелер.
1.Функционалдық сауаттылық дегеніміз не?
2.Әдебиеттік оқу сабақтарындағы оқу жетістігі мен оқырмандық сауаттылығы.
Жалпы «функционалдық сауаттылық» ұғымының шығу тарихы екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңнен бастау алады. 1947 жылы ЮНЕСКО сауаттылық мәселесіне ерекше ден қойып, бастауыш білімді жетілдіру жолдарын қарастырады. 1958 жылы Халықаралық деңгейде негізгі біліммен қаруланған адам деп оқи алатын, жаза алатын тұлға деген анықтамаға тоқталды. Ал қырғи қабақ соғыс кезінде дүниежүзінің назары тек қана оқи алатын, жаза алатын адамды емес, әмбебап сауатты тұлғаны білімді деп тануға тиіс болды. Яғни сауаттылық ұғымының аясы кеңи түсті. Келе-келе жаза білу, оқи алу ЮНЕСКО бекіткен сауатты тұлға анықтамасының алғашқы баспалдағы ғана боп қалды. 1960-1970 жылдары санаулы жылдар ішінде сауатсыздықты жойып, сауатты ел қатарынан көріну үшін көптеген халықаралық ұйымдар өз капиталдарын ағарту саласына құя бастады. Оған 1960 жылы Канадада өткен Екінші дүниежүзілік білім конференциясы мұрындық бола түсті. Сол жиында елдің сауатты, білімді болуы әлеуметтік-экономикалық дамудың алғышарты екеніне баса назар аударылды. Нәтижесінде ең алғаш рет 1965 жылы Тегеранда өткен ағарту саласы министрліктерінің Дүниежүзілік конгресінде «функционалдық сауаттылық» деген ұғым пайда болды [9]. Ол бойынша «функционалды сауатты тұлға» үйренгенін, оқығанын, жаза алатындығын өмірдің әр түрлі жағдаяттарында (әлеуметтік, экономикалық, мәдени) қолдана алатын тұлға деген тұжырымға тоқталды.
Ал функционалдық сауатттылық дегеніміз – адамның сыртқы ортамен қарым-қатынасқа түсе алу қабілеті және сол ортаға барынша тез бейімделе алуы мен қарым-қатынас жасай алу деңгейінің көрсеткіші. Функционалдық сауаттылық – оқушының сөйлеу жағдаятына қарай қазақ тілінің құралдарын таңдап қолдана алуы, түрлі әлеуметтік өмір жағдаяттарында өз проблемасын шешуде қазақ тілінде тілдік нормаларды сақтай отырып, қатысымға түсе алу қабілеті. Демек, пәндік сауаттылық, функционалдық сауаттылық – оқытудың түпкі нәтижесі ретінде қарастырылуы тиіс.
Функционалдық сауаттылық дегеніміз – адамдардың әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсене араласуы, яғни бүгінгі жаһандану дәуіріндегі заман ағымына, жасына қарамай ілесіп отыруы, адамның мамандығына, жасына қарамай үнемі білімін жетілдіріп отыруы. Ондағы басты мақсат жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене және рухани тұрғысынан дамыған азаматын қалыптастыру, әлемдік аренадағы қазақ оқушыларының әлеуметтік бейімделуі болып табылады.
Елбасы өз сөзінде: «білім беру тек қана оқытумен ғана шектелмей, оны керiсiнше, әлеуметтiк адаптация процесіне бейiмдеу қажет» дейді. Оқушылардың меңгерген білімдерін өмірде қолдануы немесе игілігіне пайдалануы – функционалды сауаттылығының көрінісі. Бұл функционалдық дағдылар мектеп қабырғасында қалыптасады. Олай болса, функционалдық сауаттылық тұлғаның белігілі-бір мәдени ортада өмір сүру үшін қажетті деп саналатын және оның әлеуметтік қарым-қатынас жасауын қамтамасыз ететін білім, білік, дағдылардың жиынтығынан құралады.
|