5 ДӘРІС
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұны түрлі іс-әрекеттерді ұйымдастыру арқылы оларды кіріктіру жолдарымен іске асырылатын білім беру салалары.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы (бұдан әрі - Бағдарлама) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5 және 14-баптарына, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 604 бұйрығымен бекітілген Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17669 болып тіркелді) талаптарына сәйкес әзірленді.
Бағдарламаның мақсаты: мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу мен оқыту үшін қолайлы және қауіпсіз білім беру жағдайларын жасау, балалардың жас және жеке мүмкіндіктеріне сәйкес білім, білік және дағдыларды, рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру, "Рухани жаңғыру" бағдарламасын іске асыру аясында ұлттық салт-дәстүрлерге және жалпы адамзаттық құндылықтарға негізделген патриотизм мен толеранттылыққа тәрбиелеу, сондай-ақ балалардың мектепте оқуға әлеуметтік-психологиялық, тұлғалық, ерік, физикалық және зияткерлік дайындығын қалыптастыру.
Бағдарламаның міндеттері: баланың өмірін қорғауды және денсаулығын нығайтуды және олардың әлеуметтенуін қамтамасыз ететін заттық-кеңістіктік дамытушы орта құру, мектепке дейінгі білім берудің сабақтастығы мен үздіксіздігі ұстанымдарын қамтамасыз ету, балалардың зияткерлік, әлеуметтік және тұлғалық дамуына бағытталған білім беру салаларын кіріктіру, инновациялық әдістер мен технологияларды қолдану, тәрбиелеу, дамыту және оқыту мндеттерінің бірлігін қамтамасыз ету, мектепке дейінгі ұйым, мектеп пен отбасының бірлескен ынтымақтастығы, мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеуде ата-аналар қауымдастығының қажеттілігін қанағаттандыру.
Бағдарлама мазмұны:
1) күтілетін оқыту нәтижелері түрінде ұсынылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуге;
2) мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту және бастауыш білім беру арасындағы оқыту, дамыту және тәрбиелеу міндеттерін ескере отырып, сабақтастық пен үздіксіздік қағидаларын қамтамасыз етуге;
3) бастауыш білім беру ұйымдарында мектеп жасына дейінгі тәрбиеленушілерді оқыту үшін тең бастапқы мүмкіндіктерді жасауға;
4) қимылды, коммуникативтік, танымдық, шығармашылық, әлеуметтік білім, білік және дағдыларын, өз бетінше үйрену дағдыларын соның ішінде ерте жастағы балаларда қалыптастыруға;
5) тәрбие мен оқытудың психологиялық-педагогикалық жағдай жасауға;
6) тәрбиеленушілердің жеке және жас ерекшеліктерін ескере отырып, оқу қызметіне дайындыққа;
7) "Рухани жаңғыру" бағдарламасын іске асыру шеңберінде ұлттық салт-дәстүрлер мен жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген рухани-адамгершілік дағдыларды қалыптастыруға;
8) креативтілікті, коммуникабельдікті, сыни ойлауды және командада жұмыс істей білуді дамытуға бағытталған әлеуметтік-тұлғалық қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған.
Бағдарламаның мазмұны балалардың физикалық және психикалық дамуының жас кезеңдерін ескере отырып, келесі жас топтарында іске асырылады:
1) бөбек жасы – 0-3 жас:
нәрестелік жас – туғаннан бастап;
ерте жас – 1 жастан бастап (ерте жас тобы);
кіші жас – 2 жастан бастап (кіші топ);
2) мектепке дейінгі жас – 3-6 жас:
орта жас – 3 жастан бастап (ортаңғы топ);
ересек жас – 4 жастан бастап (ересек топ);
мектепалды жас – 5 жастан бастап (мектепалды тобы, мектепалды сыныбы).
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасын тәрбиеленушілердің игеру мерзімі - 5 жыл.
Бағдарлама меншік нысанына қарамастан, мектепке дейінгі ұйымдардың барлық түрлеріне және мектепалды даярлық сыныптарына ұсынылады.
Ерте жас тобы (1 жастан бастап)
"Денсаулық" білім беру саласы
"Денсаулық" білім беру саласының базалық мазмұны дене шынықтыру ұйымдастырылған оқу қызметінде іске асырылады.
Мақсаты денсаулықты сақтау технологиясын қолдана отырып, балалардың толыққанды денесін және психикасын дамытатын, ағзаны шынықтыратын, негізгі қимылдарды дамытатын жағдайлармен қамтамасыз ету болып табылады.
Міндеттері:
– балалардың өмірін қорғауға және денсаулықты нығайтуға жағдай жасау;
– жүру, жүгіру, өрмелеу, лақтыру, секіру, тепе-теңдікті жетілдіруге мүмкіндік беретін негізгі қимыл түрлерін дамыту және үйлестіру;
– денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мәдени-гигиеналық дағдыларын қалыптастыру;
– дербестікке, дене жаттығуларын орындауға ынтасын тәрбиелеу.
– құрдастарымен бірге қатар ойнау білігін қалыптастыру, өз қалауын тежеу.
Дене шынықтыру (1 жастан 1 жас 6 айға дейін).
Негізгі қимыл түрлерін дамыту және үйлестіру біліктер мен дағдыларды қалыптастыратын ойын барысында қамтамасыз етіледі:
1) жүру. тура жолдың бойымен (ені 25-30 см, ұзындығы 2–3 м) жүру, ересектің көмегімен және көмегінсіз гимнастикалық тақтай бойымен (ені 25-30 см) жүру, ересектің көмегімен жәшікке (биіктігі 10–15 см) шығу және одан түсу, еденде жатқан лентадан (арқаннан, таяқтан) аттап өту.
2) еңбектеу. Орындықтың, үстелдің, арқанның (биіктігі 50 см), доғаның астынан төрттағандап еңбектеп өту, бөренелер арқылы өту, параллель жатқан арқандардың арасынан (жол бойымен) еңбектеу. 2 м қашықтыққа дейін еңбектеу, құрсаудан еңбектеп өту. Шағын саты бойымен жоғары, төмен (биіктігі 1 м) өрмелеу;
3) лақтыру, домалату. Допты бір қолмен және қос қолмен ұстау; түрлі көлемдегі доптар мен шарларды жинау, оларды өздігінен себетке (жәшікке) салу, шарларды домалату, допты екі қолмен алға лақтыру, допты алға домалату (отырып, тұрып), допты төменге, алысқа лақтыру.
Мәдени-гигиеналық дағдылар:
1) баланы жуынудың қарапайым дағдыларына, киінуге, шешінуге және түбекке сұрануға үйрету;
2) ұқыптылыққа, тазалыққа тәрбиелеу, бетінің, қолының, мұрнының ластығын байқауға, оларды жууға, сүртуге, дымқыл киімін шешуге үйрету.
Балаларды шынықтыру ауа, су шараларымен, серуен кезінде ультракүлгін сәулелердің әсерлерімен жүзеге асырылады. Ата-аналардың тілектерін ескере отырып, 2-3 минут бойы жылы құмның үстінде жалаң аяқ жүруге рұқсат ету.
Ауа ванналары күніне бірнеше рет киіну-шешіну кезінде қолданылады, ауа ванналарының ұзақтығы 2-3 минуттан, 6-10 минутқа дейін ұзартылады.
Қасында бірге ойнап жатқан балаға назар аудара білуді, оның жағдайын түсіну, жылаған балаға жан ашырлық танытуды қалыптастыру. Құрдастарына кедергі жасамауға, ойыншықтарды алып қоймай бірге ойнауға үйрету.
Күтілетін нәтижелер:
– негізгі қимыл түрлерінің алғашқы дағдыларына,өз-өзіне қызмет көрсету дағдыларына ие;
– дене жаттығуларын орындауға ықылас танытады, ересектердің көмегімен өзін ретке келтіреді;
– тазалық пен ұқыптылыққа қанағаттанған сезімін білдіреді;
– қатар ойнап жатқан досына назар аударады, оның жағдайын түсінеді, жылаған балаға жанашырлық танытады
Дене шынықтыру (1 жас 6 айдан 2 жасқа дейін):
1) жолмен жүру (ені 30 см, ұзындығы 3-5 м), орындықтардың, текшелердің, таяқтардың, кегльдердің арасымен, текшелерден, құрсаулардан, таяқшалардан аттап жүру, құрсаудан құрсауға өту, жоғары, төмен қойылған көлбеу тақтай үстімен, тәрбиешімен бірге гимнастикалық орындықтың үстімен жүру, доппен жүру (сырғанаудан кейін), жәшікке немесе гимнастикалық орындыққа көтерілу және одан түсу, жүру ("солдат", "тышқан", "ит", "құс", "аю" және басқалар);
2) еңбектеу. Гимнастикалық орындықтың үстінен, астынан өрмелеп еңбектеу, домалаған доптың артынан еңбектеу, жоғары қойылған көлбеу тақтайдың, гимнастикалық орындықтың бойымен еңбектеу;
3) бір аяқты екінші аяқтың жанына қойып, бөренеден асып өту;
4) домалату, лақтыру. Допты шағын төбешіктен домалату, допты тәрбиешіге домалату және лақтыру; допты алға, жоғары лақтыру, баланың кеудесінің деңгейінде тартылған лентадан допты асыра лақтыру.
Жалпы дамытушы жаттығулар: қолды жоғары көтеріп, төмен түсіру, қолды алға созу, қолды арқаға қою, бүгу және қайта жазу, қолдың білектерін сермеу, айналдыру, қолдың алақандарын жоғары, төмен бұру, қолдың саусақтарын бүгу, ашу, саусақтарды жұмып, ашу, ұсақ заттарды саусақтарымен іліп алу, заттарды бір-біріне беру арқылы отырып және тұрып оңға, солға қарай бұрылу, алға еңкейіп және түзулену, сүйемелдеу арқылы жүрелеп отыру, секіруге ұмтылу. Ұйымдастырудың түрлері – жұптасу, шағын топпен, топпен жұмыс.
Мәдени-гигиеналық дағдылар.
Гигиеналық талаптарды сақтау:
1) тамақтану кезінде: үстел басына қолды жуғаннан кейін отыру, орындыққа өзі отырып, одан өзі тұру; тамақты төгіп-шашпай ұқыпты ішу, майлықты қолдану, тамақтан соң алғыс айту;
2) жуыну кезінде: қолдарын (алақандарын бір-біріне үйкелеу) және бетінің төменгі жағын алақанымен жуу, ересектердің көмегімен беті-қолдарын сүрту;
3) киініп-шешіну кезінде: киімдерін белгілі тәртіппен шешу және кию, оларды дұрыс жинау, киіміне арналған шкафты білу;
4) баланың түбекке сұрана білу дағдыларын қалыптастыру, өзінің түбегінің орнын білу; тек өз түбегіне отыру;
5) бет орамалмен ескерткен кезде мұрнын сүрту, оны қалтасынан өзі алу және салу;
6) өзінің заттарын, сүлгісін сақтайтын орынды білу, үстел басындағы өзінің орнын, киімге арналған шкафты білу.
Дербес қимыл белсенділігі.
Балалардың дербес ойындарында қимыл белсенділігін реттеуге ықпал ететін жағдайлар жасау.
Сауықтыру-шынықтыру шаралары:
1) балаларды шынықтыруды күні бойы және ұйқыдан соң киіндіру кезінде де жүзеге асыру;
2) киіміндегі олқылықты байқай білуге тәрбиелеу, ересектердің көмегімен өзін ретке келтіруді, ұқыптылыққа және тазалыққа рахаттану сезімдерін дамыту;
3) медицина қызметкерінің жетекшілігімен ауада және суда шынықтыру шараларын жүргізу;
4) күнделікті шынықтырудың бір түрі - суды ағызып, қолын шынтаққа дейін жуу. Бөлме температурасы +22°С төмен емес жағдайда баланың денесі толық немесе денесінің бір бөлігі сумен шынықтырылады;
5) арнайы шынықтыру шаралары (ұсынылған тәсілдердің біреуі қолданылады): беліне дейін және бүкіл денесін дымқыл шүберекпен сүрту. Судың температурасын +36°С бастап +28°С жеткенге дейін біртіндеп төмендету (4–5 күн сайын 2 градусқа төмендету). Денесінің белгілі бір бөлігін сүртінуде су температурасын +35°С бастап +23°С дейін (4 күн сайын 2 градусқа төмендету) төмендету, қарама-қарсы температурадағы жылы, салқын су құю: басында су температурасы +36°С бастап +25°С дейін, соңында +38°С бастап+18°С дейін төмендетіледі.
Күтілетін нәтижелер:
– қимылды үйлестірудің бастапқы дағдыларына ие;
– жаттығуларды көзбен бағдарлау арқылы ойын түрінде (жануарлардың қимылдарына еліктеу) педагогпен бірге орындайды;
– күнделікті шынығу тәсілдерін біледі;
– ересектердің көмегімен өзіне-өзі қызмет етудің қарапайым дағдыларын сақтайды.
"Қатынас" білім беру саласы
"Қатынас" білім беру саласының базалық мазмұны – сөйлеуді дамыту, көркем әдебиет ұйымдастырылған оқу қызметінде іске асырылады.
"Қатынас" білім беру саласының мазмұны сөйлеу қарым-қатынас қажеттілігін қалыптастыратын жағдайлармен, коммуникативтік дағдыларын дамытуды, белсенді және пассивті сөздік қорын, тілдің грамматикалық құрылымын, дыбыстық мәдениетін, баланың байланыстырып сөйлеуін басқа білім салаларымен кіріктіру арқылы жетілдіруді қамтамасыз етеді.
Мақсаты әлеуметтік-коммуникативтік дағдыларды дамыту үшін жағдайлармен қамтамасыз ету болып табылады.
Міндеттері:
– баланың ауыртпалықсыз және уақытылы әлеуметтенуі;
– оны жалпы қабылданған қарым-қатынас нормаларына, құрдастары мен ересектер арасындағы өзара қарым-қатынасқа баулу;
– тыңдау мәдениетін қалыптастыру;
–сөздік қорды дамыту;
– тілдің грамматикалық құрылымына, сөзді дыбыстау мәдениетіне және байланыстырып сөйлеуге үйрету.
"Сөйлеуді дамыту" ұйымдастырылған оқу қызметінде бірінші жартыжылдықтың маңызды міндеті ересектердің сөйлеу тілін түсінуін дамыту болып табылады. Екінші жартыжылдықта белсенді сөйлеуін дамытуға баса назар аудару.
Сөйлеуді дамыту (1 жастан 1 жас 6 айға дейін). Бірінші жартыжылдықта балалардың сөздік қоры заттардың атын, тіршілік иелерінің қимыл-әрекетін (ұйықтайды, тамақ жейді, ән айтады, тыңдайды және тағы басқа), сонымен қатар, балаларға таныс заттардың белгілерін білдіретін (үлкен, кіші, қызыл және тағы басқа) сөздермен кеңейтіледі.
Балалар:
1) өзінің, жақын туыстарының есімін, киім, жиһаз, ыдыс-аяқтардың, кейбір көлік құралдарының, бірнеше таныс жануарлар мен өсімдіктерді атауды;
2) өзінің (қол, аяқ, бас, ауыз, көз, құлақ) және ойыншық-жануарлардың дене мүшелерін ажыратып, атай білуді;
3) құрылымы және мазмұны бойынша қарапайым сөз тіркестерін түсінуді, өтініштерді орындауды, ойыншықтармен күрделі емес шағын қойылымдар көрсетуді, тұрмыстық және қызықты жағдайларды суреттейтін 1-3 әрекетті;
4) тілді көрнекіліксіз түсіну, заттарды табу және оларды суреттен тану, елеулі белгілері бойынша заттарды іріктеуді, тапсырмаларды орындауды;
5) сәйкес суреттерді, ойыншықтарды, іс-әрекеттерді көрсету арқылы кейіннен көрнекіліксіз мазмұны бойынша шағын, қарапайым әңгімелерді, өлеңдерді, санамақтарды түсінуді;
6) шығармаларды тыңдау, оны қабылдау, мазмұнына эмоционалды жауап беруді үйренеді.
Белсенді сөйлеуді дамыту:
1) белсенді сөйлеу қажетті ақпаратты түрлі жолдармен жеткізу негізінде дамиды: ыммен, қимылмен, былдыр сөздермен, таңдануды, қуанышты, наразылықты, өкінуді және тағы басқа білдіретін кейбір эмоциялық екпіндерді қайталайды;
2) сөздік қор туыс адамдардың атауын (ата, әже, әке, ана), таныс заттар мен ойыншықтарды (шыныаяқ, кереует, үстел, қонжық, қуыршақ), кейбір тағам түрлерін (ботқа, сүт), белгілі қимылдарды (ал, тұр, жібер) білдіретін сөздермен толықтырылады. Ересектердің сөздерін тыңдай білуге, "Бұл не?", "Не істеді?" сұрақтарына жауап беруге, сұрақ қоя білуге, жеңіл тапсырмаларды орындай білуге, "болмайды", "болады" сөздерін түсініп, дұрыс әрекет жасауға үйрету.
Сөйлеуді дамыту (1 жас 6 айдан 2 жасқа дейін). Аталған жастағы балалардың сөйлеу тілін түсінуі: бөлмедегі және бөлмеден тыс заттар, кейбір жануарлар, олардың қимылдары, ойыншықтар (көжек, қонжық, балық, құс), заттардың белгілері, заттардың жай-күйлері, орны, мезгілдік және сандық қатынастар; қалауына байланысты (су ішкісі, тамақ жегісі, ұйқысы келеді) іс- әрекеттер; дене күйі, көмек, қуаныш, жанашырлық сезімі, жасы мен жынысына сәйкес айналасындағы адамдарға қатысты сөздер есебінен кеңейтіледі.
Келесі дағдыларды:
1) тұрғын үй бөлмелерінің атауын, бұл бөлмелерде еркін бағдарлай білуді және олардың неге арналғандығын;
2) таныс заттарды атауы, түстері, дыбысталуы бойынша топтастыра білуді;
3) ересектердің айтқанын мұқият тыңдау, оның нұсқауларын орындау, екі-үш әрекеттен тұратын жеңіл тапсырмаларды есте сақтап, орындау, жалғаулары бар сөйлемдерді түсінуді;
4) қоршаған ортамен қарым-қатынасты реттеуге және қалауларын білдіруге қажетті сөздерді (алғым келеді, берші, жібер, әрі жылжы) қолдана білуді қалыптастыру.
Баламен тілдесу барысында сергек, қуанышты көңіл-күйді, ересектермен әңгімелесу ниетін қолдау, олардың нұсқауларын орындау, олардың әрекеттері мен сөздеріне еліктеу үшін тақпақтарды, әзілді тапқыр сөздерді, ертегілердің күлкілі кіріспесі қолданылады.
Мәнерлі сөйлеуде: шығарманың мазмұнына қатысты айтылатын сұраулы, бұйрықты, лепті интонацияны түсінуді дамыту бойынша жұмысты жалғастыру.
Белсенді сөйлеу ересектердің сөйлеген сөздерін қайталау арқылы жеке сөздер мен тіркестерді жаңғырта білу, ән, өлең, тақпақтарды тыңдай отырып, жекелеген сөздерді дауыстап және әндетіп айту арқылы дамиды.
Белсенді сөздікті байыту, былдыр сөздер мен дыбыстарға еліктеуді біртіндеп жалпы қолданатын тілдік формамен ауыстыру, заттар мен іс-әрекеттерді білдіретін жаңа сөздерді енгізу, пассивтік сөздік қордағы сөздерді айтуға үйрету.
Табиғи жағдайда айналасындағы, суреттердегі заттарды атауды, ересектер мен құрбыларына жүгіне білуді (сұрашы, алғыс айт, қара, кім келді және тағы басқа), еліктеу бойынша жаңа сөздерді, екі-үш сөзден тұратын сөйлемдерді айту, түсінікті сұрақтарға жауап беруді жалғастыру.
Айналасындағы адамдардың сөзін мұқият тыңдау, олардың ауызша талаптарын орындау қабілеттерін дамыту.
Дұрыс үлгілік сөйлеу дағдыларын, ана тілінің грамматикалық ережелерін ескеріп, сөйлемдерді құруды қалыптастыру.
Күтілетін нәтижелер:
– өзінің, жақ ын адамдарының есімдерін біледі, киімді, жиһазды, ыдыстарды, кейбір қозғалыс құралдарын атай біледі;
– кейбір жануарлар мен олардың қимылдарын біледі, заттардың белгілерін, жай-күйлерін, орналасқан орындарын атайды;
– өзінің дене мүшелерін ажыратады және атайды, дыбыстық еліктеуіш сөздерді жалпы қолданылатын сөздермен ауыстырады;
– мазмұны қарапайым сөз тіркестерін, ойыншықтармен күрделі емес шағын қойылымдарды түсінеді;
– сөзбен немесе қысқа сөз тіркесімен өз өтінішін білдіреді;
– дауысты дыбыстарды және түсінікті артикуляциялық қатынастағы дауыссыз дыбыстарды анық айтады;
– тұрғын үй бөлмелерін атайды, бөлменің ішін бағдарлай алады;
– атауы, түсі, айтылуы бойынша таныс заттарды топтастырады;
– үлкендерді мұқият тыңдай алады, оның нұсқауын орындайды, екі-үш іс-әрекеттен тұратын күрделі емес тапсырмаларды есте сақтайды және орындайды, онда, оған көмекші сөз құрылымдарын түсінеді;
– қоршаған ортамен (керек болып тұр, бер, жібер, жылжы) өзара қарым-қатынасты реттеу мен қалауын білдіру үшін қажетті сөздерді қолданады.
Көркем әдебиет:
1) шығармаларды тыңдау, мазмұны бойынша түсінікті ертегілер, әңгімелер, өлеңдер, тақпақтарды түсіну үшін жағдайлар жасау;
2) шығарма кейіпкерлеріне деген жанашырлық дағдыларын, халықтық шығармалар, тақпақтар, өлеңдердің ырғағы мен әуенділігіне эмоционалды түрде жауап беруді қалыптастыру.
Көркем әдебиет (1 жастан 1 жас 6 айға дейін):
1) шағын қарапайым мазмұнды әңгімелерді, тақпақ, бесік жырларын сурет, ойыншық, түрлі әрекеттер және аудио-бейнематериалдар арқылы тыңдау мәдениетін және оларды түсіну дағдыларын қалыптастыру;
2) көркем мәтінді тыңдау және оның мазмұнын белсенді қабылдау дағдыларын дамыту.
Көркем әдебиет (1 жас 6 айдан 2 жасқа дейін):
1) мәнерлі сөйлеудегі: көркем шығарманың мазмұнына қатысты айтылатын сұраулы, бұйрықты, лепті интонацияларды түсінуін дамыту. Мәтінді қайталап оқу, көрсету арқылы сөздерді айта білуге үйрету;
2) балаларға ойын әрекеттерін, оқу, айтып беру, көрсету барысында мәтінге сәйкес таныс әуендерді орындай білуге, халық шығармаларының, тақпақтар мен әндердің ырғақтығы мен әуезділігін эмоциялы қабылдауға баулу;
3) адамдар мен жануарлардың әрекеттері бейнеленген шағын әңгімелерді, ертегілерді, өлеңдерді тыңдауға, сюжеттің дамуын қадағалай білуге және эмоционалды көңіл-күйлерін білдіруге, балалардың түсінуіне жеңіл табиғат құбылыстарын: қар, жаңбыр, жел, шалшық тағы басқа атауға үйрету;
4) оқу, айтып беру және көрсету барысында балаларды шығарма кейіпкерлеріне жанашырлық танытуға, мәтіннің сөздерін айтуға баулу;
5) балаларды ойын әрекеттеріне қатысуға, халық шығармаларының, тақпақтардың, әндердің музыкасы мен ырғағына көңіл күйін білдіруді үйрету;
6) мейірімділік көрсету қабілетін-адамгершілік сезімдерді тәрбиелеу.
Күтілетін нәтижелер:
– қысқа, қарапайым әңгімелер, өлеңдер, тақпақтарды тыңдайды және түсінеді;
– көркем туындылардың мазмұнындағы сұраулы, мақұлданған, лепті интонацияларды түсінеді;
– қайталап оқу кезінде мәтіндегі сөздерді айта алады;
– шағын өлеңдер, ертегілер, әңгімелерге эмоционалды көңіл-күй танытады;
– шығарма кейіпкерлеріне жанашырлық танытады.
Достарыңызбен бөлісу: |