Дінаралық келісім және төзімділік мәселелері ислам көзімен



Дата28.01.2018
өлшемі92,03 Kb.
#34696
Жұманов Досжан Дарханұлы,

ҚР МСМДін мәселелері жөніндегі

ғылыми-зерттеу және талдау

орталығының ғылыми қызметкері


ДІНАРАЛЫҚ КЕЛІСІМ ЖӘНЕ ТӨЗІМДІЛІК МӘСЕЛЕЛЕРІ ИСЛАМ КӨЗІМЕН
Қазақ этикасындағы басты құндылықтардың бірі төзімділік екені баршаға аян. Төзімділік тек саяси ұстаным ғана емес, оның діни, этикалық, мәдениеттанулық және тағы басқа қырлары бар. Қазіргі кезде кейбір жеке тұлғалар «Ислам – төзімділікке қарсы дін» деген негізсіз пікір таратуға тырысады. Бұл мәселе жөнінде көп талқылауға бармай-ақ, Құран Кәрімдегі: «Мен сіздердің табынатындарыңызға табынбаймын, сіздерде менің табынатыныма табынбайсыздар. Сіздердің діндеріңіз өздеріңізге, менің дінім өзіме де» [1, 109/2-6] деген аятты келтіруге болады. Бұл жолдарда исламдағы төзімділіктің негізгі қағидасы анық әрі дәл тұжырымдалған.

Қазақ ақын-жырауларының дүниетанымы ислам шеңберінде дамығаны белгілі. Ауыз әдебиетіміздің бай мазмұнынан да мұндай көзқарастарды табу қиынға соқпайды. Қазақ халқына тән төзімділіктің мәнін «Таспен ұрғанды аспен ұр» деген мақал танытады. Осыған ұқсас мағынаны «Сабыр түбі – сары алтын» деген мақал береді. Бұл жерде де қиын істің бәрін сабырлылықпен, төзімділік танытып, ашуға берілмей шешу қажеттілігі көрсетіледі. Яғни, қазақ халқының мақал-мәтелдері төзімділікке үндейді[2].

Исламда төзімділіктің мән-мағынасын аша түсетін бұл құндылықтардың әрбірінде астар бар. Мәселен, мұсылманшылықтағы сабырлылықтың сипатына тоқтала кетейік. Сабырлылық – адам бойындағы адамгершілік құндылықты құрайтын көркем сипаттардың бірі. Оның мынадай түрлері бар:

1. Ислам бұйырған әмірлерге сабырлы болу;

2. Ислам тыйым салған әмірлерге сабырлық таныту;

3. Алланың тағдырға жазған қайғы-қасіретіне сабырлы болу[3].

Ел тұтастығы мен рухани келісімнің қоғамның үйлесімді де берекелі өмір сүруінде алатын орны ерекше екені белгілі. Қашан да татулығы жарасқан, ауызбірлігі мен достастығы үйлесім тапқан ел бір арнаға түйісіп, халықтың тілегі мен ынта-ниеті, асыл армандары орындалып, бақытты әрі берекелі өмір кешеді. Сол себепті бабаларымыздың: «Бірлігі барды – жау алмайды» немесе «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген ұлағатты сөздің астарында ауызбірлік пен татулықтың ел тыныштығын негіздеп сол замандарда-ақ кемеңгерлігімен дөп басып айтқан. Ұлан-байтақ Қазақ жері көп ұлтты, көп конфессиялы, әлденеше мәдениеттер тоғысқан мемлекет екені баршаға мәлім. Қазақ халқының қанына біткен мәмілегер мінезі мен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бейбітшілік сүйгіш әрі салиқалы саясаты, парасатты басшылығы арқасында мемлекетімізде жүзден астам алуан тіл мен дінді, түрлі діл мен мәдениетті ұлттар мен ұлыстар өзара ауызбірлік пен ынтымақта тату-тәтті өмір сүріп келеді.

Ислам діні ең алдымен татулыққа, бейбітшілікке шақырады. Ал бүгінде дін атын жамылған ұйымдар экстремистік әрекетке бейім.Осының әсерінен базбіреулер ислам – бейбіт дін екенін әсте мойындағысы келмейді. Мұндай жайттар кей жағдайларда дін өкілдеріне қатысты негізсіз теріс пікір туындатуда[4].

Ислам өмірге келісімен өзі туындаған өлкенің географиялық орналасуына сәйкес иудейлермен және христиандармен қажетті байланыс орнатты. Бұлбайланыстар әлі күнге дейін жалғасып келеді. Яhудилер мен христиандар Құранда «Кітап иелері» деп аталып, олармен бейбіт қатар өмір сүрудің белгілі бір дәстүрлері қалыптасты.

Жалпы ислам мен христиандықтың арасындағы мүмкін болар сұхбаттың ірі үш деңгейін бөліп қарастыруға болады: канондық-догматтық деңгейдегі сұхбат; адамгершілік, танымдық және өмірмәндік деңгейлердегі сұхбат; тұрмыстық және қоғамдық болмыстағы сұхбат.

Христиандықта да, исламда да адамның Құдай жолына түсуі мен өмірдің рухани мәні мәселесінде қағидалар ортақ, түсініктерөзара түйіседі. Екі дінде де бұл  жолдың негізгі қағидалары берілген: христиандарда – Иисус Христостың Таулы қыраттағы Жаңа өсиеті (Мұса пайғамбардың заңдарына қосымша) және мұсылмандарда – қасиетті Құран мен Мұхаммед пайғамбардың өнегесі (Сунна). Иудаизм, христиан діні және ислам сияқты Ыбырайым пайғамбар дәстүріндегі діндерде ортақ тұстар көптеп кездеседі: дүниенің, адамның жаратылысындағы бірегейлік, ортақ пайғамбарлардың мойындалуы, кітаптардың, періштелердің, жындардың болатынына сену, ақырында жақсылық пен жамандықтың тағдырмен болып, есепке тартылудың, ақырзаманның, жұмақ пен тозақтың болатынына илану және т.б. Ислам мен христиан діні арасында таным мәселесіне де қатысты ортақ сипаттар мейлінше мол[5].

Ислам қоғамында христиандарға және олардың шіркеулеріне құрметпен қаралды. Шіркеудегі түрлі мүсінді тастарға, мозаикаларға, суреттерге, арнайы мерекелерде тағатын айқыштарына, қабірлері мен жаназаларына құрмет көрсетілді. Мәселен, Синай тауындағы Синай монастыры – ІІІ ғасырда салынған ғимарат. Ол христиан тарихында алғашқы шіркеулердің қатарында болғандықтан, мұсылмандардың қолына өткенде мешітке айналдырылмаған. Тек қана мұсылмандардың нышаны ретінде бір бөлмесі ғана намаз оқуға әзірленген.

Стамбулдағы Айя-София мешіті де осының айғағы іспетті, әлі күнге христиандардың шіркеуі ретінде тарихи естелік болады[6].Бұндай үлгілерді бүкіл ислам әлемінен байқауға болады. Айталық, Дамаск мешітін кеңейту үшін Яхонна шіркеуіне сызат түсірген халифа әл-Уәлид ибн Абдулмәликтің қателігін халифа Омар ибн Абдулазиз түзеуге тырысқан. Мұсылман билігіне қарасты төленетін салықтың өзі шамасы келетін еркектерден алынып, әйелдерден, балалардан, поптар мен мүмкіндігі жоқ науқас, соқыр, кедейлер мен құлдардан алынбағандығын христиан зерттеушілері зор құрметпен жазған.

Мұхаммед пайғамбар мұсылмандарға: «Сендерге кітап иелерін, яғни христианмен еврейлерді аманат етемін»,–деп өсиет қалдырған. Екінші бір хадисте «Кімде-кім кітап иелерін жәбірлесе, ақыреттемен оның дұшпанымын»,–депқатаң ескерткен.

Ендеше, өзге діндерді тілдеместен олармен ортақ тіл табысуға тырысу, ислам дінін оларға дұрыс жеткізу мұсылмандардың негізгі міндеттерінің бірі болмақ.

Тағы бір айта кететін жайт,христандар Испанияны мұсылмандардан кері қайтарып алғанда, сондағы еврей халқы баспананы мұсылман жерлерінен іздеді. Сонымен қатар, мұсылман жерлеріндегі крестшілердің мемлекеттері қираған кезде христиан халқы өз орнында қала берді. Бүгінгі Сирия, Ливан, Палестинадағы христиандардың көбі сол кресшілер заманында қалған христиандардан тарайды. Оларға дінін алмастыру тұрғысында ешқандай қысым жасалмады және олардың ұрпағы бүгінгі күнге дейін сол өлкені мекендеп отыр[7].

Құран Кәрім мына аяттарында адамдарды бір-бірімен аралас-құралас, таныс-біліс болуға шақырады:

«Әй, адамдар! Біз сендерді бір ер мен әйелден жараттық. Бір-бірімен таныссын деп сендерді өзара ұлттар мен ұлыстарға бөлдік. Күмәнсіз, Алланың қасында ең құрметтілерің Одан ең көп қорқатындарың»[1, 49/13].

Жаратушының бұл әмірі адамзат баласын бір-бірін тосырқап жатсынбай, кез-келген жеке тұлғаны жеріне, нәсіліне, ұлтына, дініне қарамастан бір-бірімен жақын танысуға шақырады. Жер бетіндегі өркениеттер мен мәдениет өкілдерінің бір-бірімен жақын араласуы, бір-бірінің дүниетанымымен санасуы, діни т.б. ерекшеліктерімен таныс болуы ол тек әлемде бейбітшіліктің орнауына алып келеді.

Тағы бір аятта діні бөтен болған жағдайда да тіл табысуға шақырып, ортақ сенімде мәмілеге келу керектігі былай баяндалған: «Былай де: Әй, кітап иелері! Келіңдер, бәрімізге ортақ мына сөзге тоқталайық: Алладан басқаға құлшылық жасамайық. Оған ешкімді серік қоспайық. Ешкім Алладан өзгеге тәңір деп табынбасын»[1, 3/64].

Құранда Алланың: «Кітап иелерімен ең көркем түрде, сыпайылықпен әдептілік сақтап пікірталасыңдар»[1, 29/46]деуі мұсылмандарды олармен үн қатысу кезінде сыпайыгершілікке, өзара түсіністікке, сыйластыққа шақырып тұрғанын айқын аңғартады. «Анкабут» сүресінде де былай делінген: «Іштеріңдегі зұлымдық жасағандарынан басқа кітап иелерімен көркем түрде пікір таласыңдар. Оларға: «Бізге түсірілгенге де, сендерге түсірілгенге де иман келтірдік. Және біздің Құдайымыз да сендердің Құдайларың да біреу-ақ. Біз Оған мойынсұнғандармыз» деңдер»[1, 29/49].

Міне, Құранның дәріптеп отырған әдісі осы. Пікір талас өрбіту кезінде сыпайыгершіліктен аспау Исламдағы ізгілік этикасы болып табылады.

Осындай идеялардың жалғасы іспетті бүгінгі таңдағы Қазақстанның әлем назарындағы игі бастамаларының бірі – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін өткізу болып отырғаны баршаға белгілі. Астана қаласында 2003 жылдан бастау алып, үш жыл сайын өткізілген төрт съездің жұмысына ислам, христиан, иудаизм, индуизм, буддизм және тағы басқа діндердің жетекшілері мен көрнекті өкілдері қатысты. Съездің сұхбат алаңында діни қауымдар арасындағы рухани жақындасу хақында келелі әңгімелер болды, сондай-ақ әлем азаматтарына, халықтарына және үкіметтеріне арналған үндеулер қабылданды. Сол өткен съездің, діндердің жетекшілері мен көрнекті өкілдерінің сөйлеген сөздеріне назар аударсақ, съездерді ерекше маңыздылығына көз жете түседі.

Мысалы, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы арнаулы өкілі Сергей Орджоникидзе: «Сіздер арта түскен төзімсіздік, экстремизм мен озбырлық орын алған кезеңде кездесіп отырсыздар. Таяу Шығыстағы жуырда болған оқиғалар осы тенденцияға тек ушықтырар май құйды. Әлемдік ірі діндердің жақтастары мен жолын қуушылардың арасындағы өзара қарым-қатынас осыдан ерекше зардап шекті. Егер бұл мәселелерді шешпесек, мұның өзі дүниенің көптеген бөліктеріндегі тұрақтылыққа қауіп төндіруі мүмкін.



Ұстаздар ретінде, біздің жолбасшыларымыз ретінде Сіздер үлкен өзгерістердің қуатты құралы бола аласыздар» [8, 46 б.], – деп атап көрсетті.

Египет Араб Республикасының уақып және ислам істері жөніндегі министрі Махмуд Хамди Закзук сөзі: «Адамның пайда болуының бірлігі, өзгені мойындау, адам құқығы мен дін тұту еркіндігі. Алғашқы ережеге – адамның пайда болуының бірлігіне келсек, ол өзгені мойындау үшін негіз болады, бұл жайында Құран мәтінінде қолмен қойғандай етіп анық айтылған: «Әй, адамдар, сендерді бір жаннан жаратқан Алладан қорқыңдар. Бәріңнің шыққан тектерің бір. Әр адам – осы біртұтас адам жанының ажырамас бөлігі». Міне осыдан келіп, діни сенімінің, тегінің, тілінің сан алуандығына қарамастан, барлық адамдар бауырлас. Ал адам бауырластығы тек бауырластығынан немесе дін бауырластығынан кең мағынада»[10, 136 б.] деп кеңінен толғаса, ЕҚЫҰ Дін және Діни наным жөнідегі сарапшылар кеңесінің мүшесі Хавьер Мартинез-Торрон: «Төзімділік пен құрметтеушілік ахуалы жұрттың бәріне ортақ болуы және дәстүрлісі бар, дәстүрліге жуықтауы бар – барлық діндерді бірдей қамтуы керек»[10, 117 б.], – деген пікір білдірген.

Сонымен, ислам танымы бойынша барша адамзат – бір ата-ананың перзенттері. Адамдардың түрлі ұлт-ұлысқа бөлінуі, бір-бірімен жер немесе мал-дүниеге таласып, ұрыс-жанжалмен өмір сүруі емес, қайта олар бір-бірімен танысып, қамқорлық жасап, елін өркендетуге шақыруы ләзім. Алла тағала құзырында абыройға мал-дүниемен емес, қайта Алла тағаладан қорқумен және де жіберген әміріне мойынсұнумен қол жеткізілмек. Ал жақсылық жасау, әділ болу жайлы да Құран Кәрімде: «Ал кәпірлер ішіндегі сендермен соғыспағандарға, сендерді мекендеріңнен қуып шықпағандарға келсек, оларға жақсылық жасаудан, олар туралы әділ болудан Алла сендердің жолдарыңды тоспайды. Алланың әділ жандарды жақсы көретіні даусыз» делінген [1, 60/8].

Ислам діні мұсылмандар мен олардың қоластындағы өзге дін өкілдеріне де тең құқық береді, мұсылмандарға тиесілі немесе міндетті нәрселер оларға да міндетті және оларға да дін еркіндігі толығымен берілген. Мұсылмандармен бірге бір мемлекетте тұратын «Кітап иелері» өкілдері жайлы ислам шариғаты бірқатар шешімдер шығарған:

1.Олардың белгілі бір сенімге мәжбүрленуіне жол берілмейді. Өйткені, Құранда: «Дінде зорлық жоқ» делінген [1,2/256].

2. «Кітап иелері» діни рәсімдерін өткізуге құқылы. Шіркеулері бұзылмайды, пұттары қиратылмайды. Мұхаммед Пайғамбар өзінің хадисінде: «Оларды діндерімен бірге тыныш қойыңдар» деген. Яғни, «оларды ғибадат жасап жатқан діндерінен қайтармаңдар» деген.

3. Ислам діні олардың діндерінде рұқсат етілген тағамдарын, шариғатымызға сай келмесе де, пайдалануына қарсылық білдірмейді.

4. Өз дініндегілеріне үйлену және ажырасу еркіндігі сақталады.

5. Ислам олардың абыройы мен құқығын қорғайды. Ұрыс-жанжал болған жағдайда да олармен әдеп сақтап, сыпайы сөйлесуге шақырады. Алла тағала Құран Кәрімде: «Бұрын кітап түсірілген адамдармен өте сыпайы сөйлесіңдер. Ал олардың арасындағы керібаққандардың жайы басқаша. «Біз өзімізге берілген кітапқа да, сендерге берілген кітаптарға да иландық. Сендердің тәңірлерің де, біздің Тәңіріміз де біреу-ақ. Біз бір Аллаға ғана бойсұнғандармыз» деңдер» деген[1, 29/46].Мұсылмандармен бірдей басқа түскен қайғы-қасіретке де тең құқықты.

6. Ислам діні мұсылмандарға оларды зиярат етуге, сырқаттанып қалса көңілін сұрауға және бір-бірімен сауда-саттық жасау секілді т.б. істерге рұқсат етеді[9].

Исламның ұлағатты да тәрбиелі қағидаларынан дінаралық татулық пен үйлесімнің адамзат атаулыға ортақ қастерлі құндылықтары танылады. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың сөзінде: «Әлемде бір ғана қауым бар, ол – адамзат қауымдастығы, бір ғана жаратушы бар, ол – Аллаһ Тағала. Бір ғана тіл бар, ол – жүрек тілі. Ендеше барша адамзаттың тілегі бір» деп үндеу тастағанын негізге ала отырып, дінаралық татулық пен өзара келісім негізінде тыныштық орнаған қоғамда ғана ізгі арман-тілектердің орындалатынына нық сенім білдіруге болады.

Қолданылған әдебиеттер тізімі
1. Халифа Алтай, Құран кәрім: мағына және қазақша түсінігі;

2. http://e-islam.kz/ershat-ongarov/item/3460-toleranttylyk-ymyn-din-men-kazak-dast-rini-sabaktasty-y-ayasynda-kalaj-t-sindiresiz;

3http://www.sunna.kz/kz/blog/view?id=126;

4. http://www.qazaquni.kz/?p=9617;

5. http://e-history.kz/kz/contents/view/1045;

6. Левент Өзтүрк, Ислам топлумунда христианлара гөстерилен хошгөру өрнеклери, с. 2-3. Сайгы ве хошгөру семпозиуму, 15-18 майыс 2000 Чанаккале;

7. http://www.azattyq.org/content/article/1155238.html;

8. Әлемдік және дәстүрлі діндер, 46 б;



9. http://www.qazaquni.kz/?p=9617.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет