Қорытынды Жеңіл де шапшаң жүріп тұруға, кең ауқымды байланыстар жасауға дағдыланған ХХ ғасырдың адамдары өткен дәуірлердегі қарым – қатынастарды толық түсіне бермейді, я болмаса болымсыз ғана нәрсе деп қабылдайды. Және де ғасырлар тізбегінің тереңіне қарай жылжыған сайын адамға тән байланыстар да қиындай түсетін сияқты көрінеді.
Дегенмен, бүгіндегі саяхат жасау, сауда қылу, дипломатиялық сапарлар, адамдардың алыс-қиырларға қоныс аударуы сонау көне дәуірлерде жиі болып тұрғаны барған сайын айқындай түсуде. Ертедегі дәуірде, әсіресе орта ғасырларда қоғам дамуына қозғалыс күшті болған, адамдар мәдени байланыстар мен алыс-беріс жасауға ұмтылған. Солардың бір айғағы - «Ұлы Жібек Жолы» болып табылады. Бұл дипломдық жұмыста оның Қазақ даласын, шөлді өлкелері мен тау асуларын басып өтетін бір саласы туралы сөз болды. Онда ең негізгі сауда желілерінің және де шалғайда жатқан аудандарды аса ірі мәдени және экономикалық орталықтармен жалғастырған орасан мол тармақтарының бағыттары жайында әңгімелейді.
Тірлік істеп бар жапанды шарлайды,
Ақыл есін бір құдайға арнайды.
Туардан-батар беттеп кезеді
Тауып сенің тілегіңді келеді.
Дүниенің таңсық қымбат нәрсесі
Көп оларда ей, Ер, биік еңсесі –
деп Жүсіп Баласағұн айтқандай, олардың бойымен іскер, көпестер жасақтаған керуендер ағылып жатты.
Сан тарау жолдар Сырдария мен Таластың, Арыс пен Ертістің жағасында, тау шатқалдарына кіре берісте, асулар мен өткелдер маңында, таулар мен далаларда қоныс тепкен үлкенді-кішілі қалаларға барып тіреліп жатты. Бұл қалалардың кейбіреулерінің аттары барлық өлкелерге әйгілі болды, олар туралы еңбектерде, сөз болады, аңыздар сыр ақтарады. Олар – Отырар мен Тараз, Түркістан мен Баласағұн, Испиджаб пен Суяб. Өзгелері түгелдей халықаралық сауда-саттық ісіне тәуелді аралық сауда бекеттері ретінде белгілі болды. Далалық өлкелермен шектес аймақта орналасып, шекаралық сауда-саттық байланыстары арқылы байып, гүлденген Сауран немесе Дех Нуджикес сияқты қалалар да болды. Дегенмен қалай болған күнде де қалалардың қай-қайсысы да сан қырлы, алуан үнді және олардың мұндай қасиеттерінде шек жоқ. Олар белгілі бір дәрежеде халықтың қозғаушысы, көптеген оқиғалардың кейіпкері әрі куәгері болып табылады. Кейбір қалалар тұтас дәуірлер мен мемлекеттерден де ұзақ өмір сүрді, жойылып кетіп, қайта жанданды, енді біреулерін соғыстар мен жойқын шабуылдар тып-типыл етіп, жер бетінен жойып жібереді, олардың ізін табу да қиын. «Ең қиын нәрсе - өзің тұратын қала болса да әйтеуір бір қала туралы әңгіме қозғау. Әрдайым өзің қалаған нәрселеріңнің жүзден бірін көре алмайтыныңды сезіп тұрасың. Қалалар – біздің планетамыздағы кішкентай әлемдер, қалалар - әрі сонау көне дәуірлер, әрі бүгінгі өмір, әрі ертеңгі болашақ». [26]
Сонымен қорыта келгенде Ұлы Жібек жолы – Еуразия құрлығындағы сауда, керуен жолдарының жалпы атауы, біздің заманымыздан бұрынғы ІІ ғасырдан ХҮІ ғасырға дейін Орта Азия арқылы Қытайды Алдыңғы Азиямен байланыстырды. Чжан Цяньның жасаған саяхаты нәтижесінде біздің заманымыздан бұрынғы ІІ ғасырда ашылды. «Ұлы Жібек жолы» Сианьнан Ланьчжоу арқылы Дунхуанға апарады, бұл жерден жол екі торапқа бөлінеді: солтүстік жол Тұрфан, Қашқар, Самарқан, Ферғана алабын, ал оңтүстік жол Хотан, Жаркент, Балх және Мервті басып өтіп, Памирдің тау жоталары арқылы Үндістанға, сондай-ақ, Таяу Шығысқа апарады. Мервте оңтүстік және солтүстік жолдар қосылып, одан әрі батыстағы «Ұлы Жібек жолы» Ниса, Гекатомпил, Экбатана, Бағдад арқылы Жерорта теңізінің шығыс жағасындағы порттарға, Тир мен Антиохияға дейін созылып жатыр. Қытай жібегі негізгі сауда тауары болды. «Ұлы Жібек жолы» І – ІІ ғасырлар аралығында жақсы дамыды. 97 жылы қытай саяхатшысы Гань Ин Парсы шығанағына дейін, ал македониялық Май Тициан 100 жылы Ланьчжоуға дейін жеткенімен, жол қатынасының қиындығы Қытай мен Рим арасында тікелей байланыс жасауға мүмкіндік бермеді. ҮІІ – Х ғасырларда «Ұлы Жібек жолының» халықаралық маңызы арта түсті. ХҮ ғасырдан Алдыңғы Азия мен Орталық Азия және Қытай халықтары арасында экономикалық және мәдени байланысты дамытуда «Ұлы Жібек жолының» рөлі зор болды. «Ұлы Жібек жолының» ұзындығы 7 мың шақырымнан асты». ХХ ғасырда «Ұлы Жібек жолы» Шығыс пен Батыс халықатарының арасындағы қалыптасқан бейбіт қарым-қатынасты әрі қарай дамытуда маңызды роль атқаруда.