Зерттеу проблемасы: бастауыш мектеп кезеңінде ақыл-ой және практика- лық операциялар, дағды, іскерліктер негізінің болмауы бағдарламаны игеруде белгілі бір қиындықтар туғызады, сабаққа қызығушылығын жояды, нәтижесінде мұндай балалар оқудан кешеуілдеп қалады.
Зерттеу мақсаты: бастауыш сынып оқушыларының танымдық қызығушылықтары мен шығармашылық қабілеттерін дамыту жолдарын айқындау, бастауыш мектептегі сабақтарды тиімді ұйымдастыру. Оқушылар арасында кездесетін үлгермеушіліктің алдын алу мен дарынды оқушылардың қабілетін шығармашылыққа ұластыру мақсатында тиімді оқыту технологиясын таңдау; оқушылардың ойлау қабілеттерін арттырып, теориялық білімдерін тереңдете түсу; пәнге деген қызығушылығын қалыптастыру; оқушылардың логикалық ой-өрісін кеңейтіп, ізденушілік, байқампаздық қасиеттерін тәрбиелеу.
Зерттеу объектісі: бастауыш сыныпты оқыту және тәлім – тәрбие беру сапасын жетілдіру.
Зерттеу пәні: бастауыш мектептегі оқытуды дамытушылық сипатта және шығармашылық іс-әрекет негізінде ұйымдастыру мәселесі.
Зерттеу базасы Шымкент қаласы, №38 Н.Д.Оңдасынов атындағы мектеп – гимназиясы.
Зерттеу міндеті:
Бастауыш мектеп пәндерін оқытудың теориясы мен әдістемесі бойынша зерттеліп жазылған педагогикалық - психологиялық еңбектерді зерттеу, салыстыру арқылы тиімділігін анықтау.
Бастауыш сынып мұғалімдерінің озат іс-тәжірибелері мен әдіс-тәсілдерін, олардың түрлерін жинақтап, қорыту.
Зерттеу әдісі — педагогикалық, психологиялық және әдістемелік әдебиеттерден тақырыпқа сай материалдар жинақтау, озат тәжірибелі мұғалімдер сабағына қатысу, бақылау, ізденушілік, зерттеушілік және талдау жұмыстары.
Зерттеу жұмысының практикалық маңыздылығы: зерттеу нәтижелері кіші оқушылар үшін дамытушы сабақтардың арнаулы курсын жасауға мүмкіндік береді.
Ғылыми болжам: Белгілі оқыту жағдайларында кіші мектеп оқушыларымен дұрыс ұйымдастырылған, әдістемелік тұрғыда мақсатты жоспарланған және өткізілген сабақтар оқушылардың танымдық қызығушылықтары мен шығармашылық қабілеттерін дамытуға және үлгеріміне жағымды ықпал етеді.
Жұмыстың құрылымы – кіріспеден, негізгі бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Бастауыш сынып оқушыларының танымдық қызығушылықтары мен шығармашылық қабілеттерін арттыруда дамыта оқытудың атқаратын ролі
1.1 Дамыта оқыту тәжірибесін қарастыру жайына шолу
Озық шығармашылық тәжірибелер және мұғалімдер шығармашылығы
Жалпы кез келген ғылым саласы сияқты бастауыш сыныптарда пәндерді оқыту әдістемесі ғылымда екі жағдайда дамиды.
Оның біріншісі, әдіскер, психолог, педагог сияқты ғалымдардың зерттеу жұмыстарының нәтижесінде жүзеге асса, екіншісі озық мұғалімдердің шығармашылық тәжірибелерін оқып-үйрену, оларды ғылыми түрде негіздеу, жалпылау арқылы жүзеге аспақ.
Көп уақыт бойы мұның тек алғашқысына ғана көңіл бөлініп келді. Мектеп ісінің тым орталықтандырылып, әсіресе әкімшілік жағдайында (мұғалімге нені, қалай, немене оқыту керек екенін, тіпті емтихан билеттері, олар болатын, күн, сағатқа дейін жоғарғы жақ шешті) болуы және мұғалімді тек қана партияның талабын орындаушы ғана деп түсіну мәселенің екінші жағының көп ескерілмеуіне әкеп соқты.
Алайда, "Алмас қылыш қап түбінде жатпайды" демекші, 1970 жылдардан бастап шығармашылық пен жұмыс жасайтын мұғалімдердің дауысы әр жерде естіле бастады. Енді оны ескермеу, елемеу мүмкін болмай қалды.
Осындай, жағдайда бұрынғы Кеңестер Одағында Ш. Амонашвили сияқты әрі ғалым, әрі мұғалім, С. Лысенкова, И. Волков, В. Шаталов, Е. Ильин сияқты мұғалімдердің іс-тәжірибелері жайлы баспасөз беттерінде әр түрлі пікірлер айтыла бастады.
Оқыту барысында елеулі нәтижелерге жеткен мұғалімдердің (ғалымдар да мұғалім есебінде қарастырылып отыр) іс-тәжірибелерін кейбір ғалымдар, тіпті педагогика саласында жұмыс жасамайтын адамдар (ата-аналар) бір жақты қарастырса, соның салдарынан жекелеген мұғалімдерді не тым әсіре мадақтау, не мүлдем жоққа шығару жағдайлары да кездеспей қалған жоқ. Тіпті, озық шығармашылық жайлы әлі күнге дейін артық пікір (оның ұғым ретіндегі анықтамасы, өлшемі (периметрі) т.б.) толық деп айта алмаймыз. Дегенмен, бір нәрсе айқын. Ол - озық шығармашылық тәжірибенің қазіргі өмірде бар екенін және оның педагогика, әдістеме ғылымдарын дамытуға ықпал ететінін мойындау.
Біз озық шығармашылық тәжірибе деп оқыту-тәрбиелеу барысында елеулі жетістіктерге жеткен педагогтардың пайдаланатын әдіс-тәсілдерінің жиынтығын айтамыз.
Осы тұрғыдан қарастырсақ, Ш.А. Амонашвилидің оқыту барысында ерекше ден қоятын баланың ішкі даму (танымдық мүмкіндіктері) жағдайлары, олардың оқумен сәйкес келуі. Тіпті, педагог баланың тек қана жастық (6 жас, 7жас т.б. ) ерекшеліктеріне ғана емес, олардың айлық ерекшеліктері (мысалы: 6 жас 3 ай, 6 жас 4 ай, 6 жас 5 ай деген сияқты), бар және бір-бірінен айырмашы -лығы үлкен деп есептейді, әрі ескеруге ерекше мән береді.
Ш.А. Амонашвили баланың табиғи (туа біткен) мүмкіндіктерін ескере отырып жүргізілген тәрбие (кең мағынасында) ғана баланың туа біткен потенциалды мүмкіндіктері қандай, балаға тән іскерлік механизмдердің (тік жүру, сөйлеу, білу, ойлау, есте сақтау, түрлендіру т.б. дамуы, қашан, қандай жаста, қандай айда) жүзеге асады және жүзеге асуы үшін қандай орта қажет деген мәселелерді терең зерттеген.
Ш.А. Амонашвили өз тәжірибелерін ғылыми түрде негіздеу үшін Л.С. Выгодскийдің, Д.Н. Унадзенің еңбектеріне сүйенген.
Ш.А. Амонашвили оқыту барысын көбінесе психологиялық тұрғыдан негіздеуге тырысса, С.Н. Лысенкова бұл мәселені нақты іс әрекет барысындағы жетістік тұрғысынан қарастырады.
С. Н. Лысенкова әдістемесінің негізі сабақта тірек сигналдарын пайдалану (В.Ф. Шаталовтың - әдістемесіне ұқсас)
В.Ф. Шаталов тірек сигналдарды жоғарғы сыныптарда пайдаланса, С.Н. Лысенкова оны бастауыш сыныптарда пайдалану жағдайын қарастырды.
Тірек сигналдардың көмегімен С.Н. Лысенкова алдымен қарастырылатын материал жайлы тұтас түсінік қалыптастырады, содан соң оны "оза оқытып, перспективалы жұмыс жасау" қажеттілігін ұсынады.
С.Н. Лысенкова оқушыларға "Ережелерді жаттап кел" деген сияқты тапсырма бермейді. Мұндай тапсырмалар ол кісінің ойынша оқушыларды (қарастырған ұғым немесе оның қандай да жайлы мәселені) үстірт түсінуге әкеп соғады.
Л.С. Лысенкова оқушылардың өз бетімен жұмыс жасауына, олардың сабақ барысында көп сөйлеуіне, өздерін өздері оқытуына көп көңіл бөледі. Мұны ол кісі кері байланыс деп атайды.
Жалпы, Л.Н. Лысенкова оқушыларға ауызша тапсырмаларды аз орындаттырады. Оның есесіне бүкіл сынып қатысатын жазбаша тапсырмаларға ерекше ден қойылады.
Л.Н. Лысенкова оқушылар класс ілгерілеген сайын көп пікірталас өткізуді дұрыс деп санайды[17].
И.П. Волков көбінесе бастауыш сыныптардағы еңбек және бейнелеу өнері сабақтары жайлы әңгіме қозғайды. Мұндағы пән аралық байланысқа, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.
Өз республикамызда көптеген шығармашылықпен жұмыс жасайтын мұғалімдер бар. Олар еліміз тәуелсіздік алғанға дейін, көбінесе сол кездегі саясатқа орай (қазақ бастауыш мектептеріне көп көңіл бөлінеді деп айта алмаймыз) көлеңкеде қалып келді.
Қазір бір ғана бастауыш мектептегі оқытудың әр түрлі келелі мәселелерімен айналысатын мұғалімдердің өздері ондап саналады. Олардың қатарына алматылық К. Ерешованы (атаулы мектептің жетекшісі ұлттық педагогика элементтерін сабақтарда пайдалану мәселесімен айналысады), қызылжарлық Ш. Мұқышеваны (тірек сигналдарын пайдалану), алматылық Қ. Абдрахманованы (бастауыш сыныптардағы оқылатын пәндерді интеграциялау арқылы бастауыш мектепте "Сан әліппесі" атты тек қана бір пән оқыту, талдықорғандық Н. Әбілғайсанованы (өзіндік жұмыс), жамбылдық А. Қуатбекова (халықтық педагогика) сияқты көптеген мұғалімдерді жатқызуға болады.
Сондай-ақ, бұл тізімде оқушылардың сабақ барысыңда оқу белсенділігін арттыру келелі мәселесімен (проблемасымен) айналысатын, оқушыларының білім дәрежелері өте жақсы, 24 оқушының 21 бес пен төртке ғана оқитындар, Алматылық Сәуле Омарова, Оралдық Дариға Аманғалиева, Роза Ниязова т.б. қуанышпен қосуға болады деп есептейміз[14].
Бұл кісілерден басқа республиканың әр түкпірінде жұмыс жасайтын талантты мұғалімдер көптеп саналатыны айқын,
Сонымен бірге, шығармашылықпен жұмыс жасайтын мұғалімдердің іс-тәжірибелерін насихаттау, оны тарату жағы өз шешімін толық шешті деп айта алмаймыз.
Қорыта келе айтарымыз: шығармашылықпен жұмыс жасайтын мұғалім -дердің (ғалымдарды да мұғалім есебінде қарастырсақ) бәріне ортақ қағидалары бар. Олар:
- өз кәсібін (мұғалімдікті) шексіз сүю. Оның қыр сырларын оқушыларға терең меңгерту. Өз кәсібін өмір сүрудің материалдық көзі демей, оны өмірінің мән-мағынасы деп есептеу;
- баланы сүю, балаға бала екен деп емес, тұлға деп қарау. Оның сезімін, бала психологиясын, физиологиясын түсіну, құрметтеу;
- ылғи іздену. Жеткен жетістікке қанағаттанбау. Өз тәжірибесін, өзгенің тәжірибесін жинақтау, оларды салыстыру, жалпылау, қорытындылау.
Болашақта білім қажеттілігі адамның белсенді өмірін қамтитындығы белгілі. Сондықтан жастардың білімі – болашақта өз білімін жетілдірудің негізін қалауы тиіс. Қазіргі қоғамға ақыл-ойы кемел, шығармашылық жағынан қабілетті, іскер және білімді адамдар керек. Оқушы білімі жоғары деңгейдегі халық игілігіне жарайтын ізгілікті, жасампаз істерге жұмсалуы шарт.
Жаңарған білім беруде бастауыш білім берудің негізгі міндеті – білім алушылардың оқу іс-әрекетін меңгеруін қамтамасыз етумен қатар олардың жеке дара ерекшеліктерінің ашылуына жағдай жасау болса, екінші деңгейде, яғни негізгі орта мектепте, білім алушылардың оқу іс-әрекетін ұйымдастыру арқылы оларға өзін-өзі тану тетіктерін, ғылыми таным әдістерін, зерттеу мәдениетінің негіздерін игерту, кәсіби мақсаттарын қалыптастыруды қамтамасыз ету, ал, үшінші деңгейде − оқушылардың оқу іс-әрекетін терең дербестікке бағыттай отырып, болашақ мамандыққа баулитын ғылыми білім негіздерін игерту болып табылады
Бұл тұрғыда оқу іс-әрекеті бала дамуының қайнар көзі, сол себепті де мұғалім оқу әрекетінің негізгі компоненттерінің рөлін оқушыларға дұрыс жеткізуде олардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері мен дамуы заңдылықтарын түсіндіруге бағытталған педагогикалық ізденістерге толы шығармашылық еңбектердің нәтижесін дұрыс пайдалана алулары керек.
Бүгінгі таңда да педагогика ғылымының талаптарына орай, оқу іс-әрекеті барысындағы өзіндік тексеру, бағалау, бақылау мәселелерін жан-жақты қарастыру өз маңызын жойған жоқ. Бұл бастауыш сынып оқушыларының оқу іс-әрекетіне рефлексивтік қатынастарын қалыптастырудың маңыздылығын арттыруына байланысты оны ғылыми-әдістемелік тұрғыдан негіздеуді қажет етеді. Бастауыш сынып - оқушы тұлғасының негізі қалыптасып, бағытты дамуы бастау алатын ерекше құнды, қайталанбайтын кезең. Олай болса, оқушыларда оқу іс-әрекетіне рефлексивтік қатынастарын бастауыш деңгейден бастап қалыптастыруды нәтижелі ету үшін мұғалімдер нақты пәнді игертудегі оқу іс-әрекетінің табиғатын терең меңгеруі тиіс.
Оқу іс-әрекетін қалыптастырудағы негізгі мақсат – жеке тұлғаны қоғамның ең маңызды құндылығы ретінде танып, оның рухани дүниесінің баюына, танымдық ізденімпаздығы мен белсенділігіне жол ашып, шығармашылық қабілеттерінің жоғары деңгейге жетуіне жағдай жасау.
Көптеген психолог, педагог, әдіскер ғалымдардың пікірінше бастауыш сынып оқушысының оқу іс-әрекетін жүзеге асырудың жалпы тәсілін түйсінуі оқу іс-әрекетінің тұтас құрылымын қалыптастырудың маңызды да алғашқы шарты болып табылады.
Оқу іс-әрекеті барысындағы рефлексивтік қатынас, яғни өзіндік бақылау, бағалау мәселелері Л.И. Божовичтің, И.С. Конның, З.В. Кузьминаның, А.Ғ. Қазмағамбетовтің, А.И. Липкинаның, А.М. Сембаеваның және басқалардың еңбектерінде қарастырылады.
Математиканы оқытуда оқу іс-әрекеті барысында өзін-өзі тексеру, бағалау, бақылау мәселелері А.Е. Әбілқасымова, И.Б.Бекбоев, Ә.К. Қағазбаева, Л.Т. Исқақова, А.М. Мұбараков, Д.Рахымбек, М. Есмұхан, Е.Ж. Смағұлов, М.Ө. Мұсабеков, Ғ.Ә. Баймадиева, Ж.Т. Билялова, С.Елубаев, М.Ж.Ахметов, А. Оразалиев және басқалардың еңбектерінде көрініс тапқан[11].
Қазақстандық ғалымдардың ғылыми ізденістеріндегі келелі ой-пікірлерінен оқу іс-әрекетінің бастауыш сынып оқушыларының жетекші іс-әрекеттерінің бірі екендігін байқауға болады. Атап айтсақ, С.Е.Қаңтарбаев бастауыш мектеп жасындағы оқушылардың оқу іс-әрекетін қалыптастыруды еңбекке тәрбиелеудің құралы ретінде қарастырған. А.Х. Аренова өз зерттеуінде бастауыш мектеп оқушыларының өз бетінше оқу іс-әрекетінің ғылыми-педагогикалық негізін анықтаған, ал А.Г. Қазмағамбетов оқушылардың алған білімі бойынша өзін-өзі бағалауы мен өзара бағалауын жүзеге асыруды оқу іс-әрекетін белсенді ету құралы ретінде қарастырған. А.М. Сембаева бастауыш сынып оқушыларының өзін-өзі бағалауын қалыптастырудың педагогикалық шарттарын анықтауда оқу іс-әрекетінің мол мүмкіндіктерін қолдану жүйелерін анықтаған. Г.О.Жетпісбаева бастауыш мектепте математика курсында практикалық мазмұнды есептер шығару жолдарын қарастырып, есептерді шығаруға үйрету әдістемесін жасаған. А.Б. Ақпаеваның ізденісі бастауыш сынып оқушыларында математикалық ұғымдарды қалыптастыру әдістемесіне арналған [12].
Білім беруде оқушылардың оқу іс-әрекетіне дұрыс көзқарасын қалыптастыру оны оқыту үрдісінің субъектісіне айналдырады, яғни оның сапалы өзгеруіне ықпал жасайды. Мұндай қызмет ортасы оқушының өзіне өзіндік талаптар қоя білуін қамтамасыз етеді, яғни оқу іс - әрекетті жоспарлауға, жауапты ісін таңдай білуге, жасаған жұмысын жұмыс барысында жандандыра алуға және оқу іс-әрекетінің де қорытындысын бағалай білуге үйретеді. Оқушылардың ойлау дәрежесі мен дербес іс-әрекеттегі белсенділігінің қалыптасуына жағдай жасап, мектепте берілетін ғылыми білім негізін жаңа заман талаптарына сай іріктеу міндеттері оқу іс-әрекетіне рефлексивтік қатынастарын қалыптастырумен байланысты. Сондықтан да оқу іс-әрекетіне рефлексивтік қатынас, өз бетімен білім алуды қамтамасыз етудің негізгі шарттарының бірі ретінде үздіксіз білім беру жүйесінің барлық сатысында да тұлғаның дара ерекшелігін ескеруді талап етеді. Ал бұл бастауыш сынып оқушыларында оқу іс-әрекетіне рефлексивтік қатынастарын қалыптастыру заңдылықтарын зерттеуді және әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз ету жолдарын ары қарай іздеуді көкейтесті етеді. Бұл өз кезегінде көптеген мәселені қайта қарауды және оқу іс-әрекеті барысында оқушыларды өзін-өзі тексеруге, бақылауға, бағалауға үйрету жолдарын жетілдіруді көздейді.
1.2 Дамыта оқыту дегеніміз не?
Оқу – адамның психикалық дамуының формасы, элементі. Кез келген оқыту белгілі бір мөлшерде адамды дамытады.«Даму» ұғымы сөздікте «… мөлшерлік өзгерістердің белгілі бір өлшем шегінен шығып, сапалық өзгерістерге айналуы» - деп түсіндіріледі. «Даму» ұғымының психологиялық анықтамасы - жаңарту процесі, жаңаның өмірге келіп, ескінің жоғалуы деген мағынаны береді. Барлық табиғат құбылыстары сияқты бала психикасы да үнемі диалектикалық жолмен дамып, өзгеріп, бір деңгейден екінші деңгейге өтіп отырады. Оқыту мен дамыту арасында тығыз байланыс бар екенін психология ғылыми жеткілікті дәрежеде дәләлдеп берді деп айтуға болады. Бұл мәселені түбегейлі зерттеп, бала дамуындағы оқытудың рөлін, алар орнын анықтаған көрнекті психолог Л.С. Выготский. Ол дамуды оқытумен тең, керісінше оқу мен даму екі бөлек процесс деген көзқарастарды қатты сынға алды.
Ең алғаш рет бала дамуының төмендегідей екі аймағы болатындығы жайлы теория ұсынды.
1. Бала дамуының жақын аймағы – баланың тек үлкендердің көмегі арқылы атқара алатын істері.
2. Бала дамуының қол жеткен аймағы – баланың үлкендердің көмегінсіз істей алатын істері.
Баланың дамуы бірінші аймақты меңгеру арқылы жүзеге асады. Дамудың қол жеткен аймағы жақын аймақпен өзара қызметтесе отырып, оны игерген кезде дамуға өріс ашылады.
И.Я. Лернер «даму» деген ұғымды педагогикалық заңдылықтарға негіздей отырып, адамның әртүрлі қиындықтардағы мәселелерді шеше білуге дайындығы деп түсіндіреді. Мұндай анықтама интеллектуалдық іс-әрекетті жоғары орынға шығарады. Мәселе қаншалықты күрделі болса, оны шешуге жұмсалатын ақыл-ой қызметі де соншалықты кең, аумақты, демек даму деңгейі де жоғары болады.
Л.В. Заньков ақыл-ой қызметінің төмендегідей көрсеткіштері дамуды іске асырады деп есептейді. Олар байқампаздық, өз ойын еркін жеткізе білу, практикалық іс-әрекеттер атқара білу. В.В. Давыдов ақыл-ойдың дамуының көрсеткіші ретінде жинақтай, қорытындылай алу дағдысын есептейді.
Тұтас алғанда барлық авторлардың даму туралы ойлары оқыту барысында баланың психикасының жаңа сапалық деңгейге көтерілуі дегенге келіп саяды және оның басты шарты ретінде әрекет алынады.
Мектеп оқушыларының танымдық қызығушылығын дамытудың негізгі факторы олардың білімі мен дағдыларының дәрежесі ғана емес, сонымен бірге, баланың маңызды психикалық қызметтерін, ақыл-ой жұмысының тәсілдерін қалыптастыруға мүмкіндік беретін оқу процесін жолға қою керектігі саналады. Оқушының шығармашылық қабілеті де оның ойлау мен практикалық әрекеттері арқылы ғана дамиды. Ойлауға үйрететін сабақтарды дамыта оқыту сабақтары деп білеміз.
Дамыта оқытуды ұйымдастыру, балаға ақыл-ой әрекетін меңгеруге жағдай жасау деп қарастыру керек. Дамыта оқыту сабақтағы ерекше ахуал, мұғалім мен оқушы арасындағы ерекше қарым-қатынас. Мұғалім бұл жағдайда дайын білімді түсіндіріп қоюшы, бағалаушы емес, танымдық іс-әрекетті ұйымдастыратын ұжымдық істердің ұйытқысы. Тек осындай оқыту ғана баланың интеллектісінің көзін ашып, шығармашылығын дамытады.
«Дамыта оқыту» деген термин психология ғылымының қойнауында туып, баланың дамуын қарастырған (Ж. Пиаже), ойлаудың әртүрлі деңгейін, типтерін ( Л.В. Выготский, А.Н. Леонтьев, С.Л. Рубинштейн) және басқа да психиканың функциясын зерттеген (Б.Г.Ананьев, Г.С.Костюк, А.А.Люблинская, Н.А.Менчинская) және т.б., іс-әрекет теориясының психологиясын жасаған (А.Н.Леонтьев, П.Я.Гальперин) еңбектерінде жан-жақты талданды. Нәтижеде дамыта оқыту проблемасына арналған екі іргелі эксперимент жасалып, оның бірін Д.Б.Эльконин, В.В.Давыдов, ал екіншісін Л.В.Занков басқарады [14].
Кейінгі жылдары дамыта оқыту психология мен педагогика ғылымдарының келелі мәселесіне айналды. Жүйенің авторлары « дамыта оқыту деп – оқыту мақсаты, міндеттері, әдіс-тәсілдері баланың даму заңдылықтарына сәйкестендірілген оқытуды» атайды. Оқыту арқылы баланың психикасында жаңа құрылымдар пайда болуы, яғни жаңа сапалық өзгерістер болуы тиіс деп есептейді. Жүйенің басты мақсаттарының бірі – баланы оқыта отырып жалпы дамыту, оның еркіндігін қалыптастыру, өз бетінше ізденуге, шешім қабылдауға дағдыландыру, жекелік қасиеттерін ескеру, басшылыққа алу, әрі қарай ұшқырлау, тұлғалыққа бағыттау.
Дамыта оқыту – дәстүрлі оқытуға соңғы уақыттарға дейін балама жүйе деп қарастырылды. Оның нәтижесінде әр оқушы өзін-өзі өзгертуші субъект дәрежесіне көтерілуі көзделіп, соған оқыту барысында лайықты жағдайлар жасау үлкен нәтиже берді.
Дәстүрлі және дамыта оқыту жүйелерінің негізгі белгілерінің салыстырмалы сипаттамасы:
Педагогикалық процесінің компоненттері мазмұнындағы басымдылық
Дәстүрлі иллюстрациялық түсіндірме әдісі - Дамыта оқыту
Мақсат: оқушыларда білім, білік, дағды қалыптастыру, байқампаздығын, ойлауын, практикалық әрекетін дамыту
Бастапқы мазмұн: факторлар, мысалдар, тақырыптар, дәлелдер, заңдылықтарды, теорияларды, ұғымдарды, ережелерді қорыту
Оқытудың формалары: жеке, топтық, фронтальды, бірлескен ұжымдық іс-әрекет
Оқыту әдістері: ауызша түсіндіру, көрнекілік, практикалық, проблемалық баяндау, ізденушілік, зерттеушілік, ойлау.
Бақылау, бағалау. Оқытудың нәтижесін мұғалімнің бақылауы, бағалауы. Өзін-өзі бақылау, өзін-өзі бағалау, рефлекция
Дәстүрлі оқыту әдістемесі негізінде метафизикалық (сандық, мазмұндық) әдіснама, ал дамыта оқыту технологиясының негізінде диалектикалық (интенсивті, сапалық, мәнділік) әдіснамасы жатыр деп айтуға болады. Дәстүрлі оқыту балада білім, білік, дағды алуға қажетті ақыл, сана бар деп есептеп, сол ақылға дайын білімді құю керек деген көзқарасқа, ал дамыта оқыту бала бойындағы табиғи қабілеттерді, ойлауды, жаңа белестерге көтеруді мақсат тұтатын принциптерге негізделген. Дәстүрлі оқыту жаттауға, есте сақтауға, ал дамыта оқыту дербес жұмыс істеуге, алған білімді пайдалана білуге үйретеді.
Дамыта оқытуда баланың ізденушілік – ойлау әрекетін ұйымдастыру басты назарда ұсталады. Ол үшін бала өзінің бұған дейінгі білетін амалдарының, тәсілдерінің жаңа мәселені шешуге жеткіліксіз екенін сезетіндей жағдайға түсуі керек. Содан барып оның білім алуға деген ынта-ықыласы артады, білім алуға әрекеттенеді. Сабақ мұндай жағдайда төмендегідей 3 құрамдас бөліктерден тұратын болады.
1. Оқу мақсаттарының қойылуы.
2. Оны шешудің жолын бірлесе қарастыру.
3. Шешімнің дұрыстығын дәлелдеу.
Бұл – үшеуі дамыта оқытудың Д.Б.Элконин – В.В.Давыдов жасаған жүйесінің негізгі компоненттері.
Оқушы алдына оқу мақсаттарын қоюда ешқандай дайын үлгі берілмейді. Мақсатты шешу іштей талқылау, сосын жинақтау арқылы жүзеге асады. Мұғалім сабақ процесін ұйымдастырушы, бағыттаушы адам ролінде шешім табылған кезде әркім оның дұрыстығын өзінше дәлелдей білуге үйретіледі. Әр оқушыға өз ойын, пікірін айтуға мүмкіндік беріледі, жауаптар тыңдалады. Әрине, жауаптар барлық жағдайда дұрыс бола бермес. Дегенмен әр бала жасаған еңбегінің нәтижесімен бөлісіп, дәлелдеуге талпыныс жасайды, жеке тәжірибесін қорытындылауға үйренеді.
Дамыта оқыту жүйесінде оқушылардың ойларын жетілдірудің маңызы зор.
Біріншіден – дамыта оқытуда білім даяр күйінде берілмейді, оған оқушы өз оқу әрекеті арқылы қол жеткізеді. Сабақтың алғашқы ізденіс кезеңінде жаңа ақпарат жайлы не білетіндіктерін ортаға салып, мәселені өз беттерінше шешуге талпынады. Сөйтіп олар осы мәселе туралы өз білімдерінің жеткіліксіз, таяз екенін сезіну арқылы сабаққа деген қызығушылықтары оянады, ішкі түрткілері пайда болады.
Екіншіден – дамыта оқытуда оқушы жоғары қиындықтағы мәселелерді шеше отырып өзінің санасының саңылауларын ашады. Әр оқушы өзінің деңгейіне дейін дамуға қол жеткізе алады. «Жақсы оқушы”, «Жаман оқушы” ұғымының болмауы, балаларды танымдық әрекеттерге ұмтылдырады, құштарлығын арттырады.
Үшіншіден – оқушының жеке басын дамытатын басты құрал – ол өзінің әрекеті. Сол себепті дамыта оқытудағы оқыту әдістері оқушыны белсенді жұмыс жағдайына қоя отырып, мәселелерді, қайшылықтарды шешу мақсатын қояды.
Төртіншіден – дамыта оқыту жүйесінің нәтижелі болуы оқушы мен мұғалімнің арасындағы жаңаша қарым-қатынасы арқасында ғана өз жемісін береді. Сол себепті дәстүрлі жүйедегі әміршілдік стиль бұл жерде тиімсіз, оқушы – «орындаушы”, «мұғалімнің тасасындағы” объект емес. Ол өз пікірін ашық айта, ойын дәлелдей, дәйектей алатын, сонымен қатар басқаның да ойын тыңдап, көзқарасын құрметтей білуге үйренген жаңа сападағы оқушы.
1.3 Дамыта оқыту технологиялары
Бастауыш білім беру деңгейінде қолданылатын оқыту технологиялары төмендегі негізгі талаптарға сәйкес болуы керек:
Оқу үрдісінде білім алушылардың өздерін еркін сезінуіне жағдай туғызу.
Оқушылардың оқуға деген қызығушылығын дамыту, күтілетін нәтижелерге жетуге талаптандыру.
Жеке бас дамытуға бағытталған әдіс-тәсілдерді қолдану.
Өз бетімен жұмыс істеп, шешім қабылдауға мүмкіндіктер туғызу.
Аталған талаптардың бәріне жауап бере алатын технология ретінде дамыта оқыту технологиясын таңдадым. Жалпы «дамыту», «даму» терминдеріне баланың белгілі мөлшерден шығып, саналы іс – әрекет сатыға ауысуы деп анықтама беріледі. Дамыта оқыту технологиясын көрнекті ғалымдар Л.С Выготский, М.Я. Лернер, Л.В. Занков, В.В. Давыдов, Д.Б Эльконин толық зерттеп, дәлелдеген [11].
В.В. Давыдов «Дамыта оқыту дегеніміз – ақыл-ойдың дамуының көрсеткіші ретінде жинақтай, қорытындылай алу дағдысы» – дейді. Дамыта оқытуда баланың ізденушілік - зерттеушілік әрекетін ұйымдастыру басты назарда ұсталады. Ол үшін бала өзінің осы кезге дейінгі білетін тәсілдерінің жаңа мәселені шешуге жеткіліксіз екенін сезініп, содан барып оның білім алуға деген ынтасы артып, білім алуа әрекет жасайды.
Достарыңызбен бөлісу: |