Байланысты: Байбархан Гүлімай Құралбайқызы Дене тәрбиесіндегі қимыл қозғалыс әрекеттеріне үйрету әдістері 3
Иілгіштік қабілетті анықтау. Иілгіштік қабілет- бұлшық еттердің созылмалылық қабілетіне, жүйке жүйесінің бұлшық еттердің басқару күшіне, бұлшық еттің үлкен-кішілігіне және сүйек буынның ерекшелігіне байланысты болып келеді. Адамның кейбір буындарының қозғалу мүмкіндігі шектеулі болып келеді. Оған мысал, шынтақ буынының және тізе буынының сыртқа қарай жазылуы шектеулі болуы. Ал басқа буындардың бастапқы шектеулі қозғалысын арнайы жаттығулар көмегімен кеңейтуге болады.
Бұлшық еттердің жиырылу-созылу қабілетін жаттығу арқылы өз мүмкіндігінен 30-40.,кейде 50. асыра арттыруға болады. Бұлшық еттің осындай қабілеті буынныңөз қозғалыс аясын үлкейтуге жағдай туғызады.
Буындар қозғалмалылық қабілеті сол буынға бекітілген бұлшық еттің түріне, көлеміне және бұлшық еттің бір немесе бірнеше буындарға бекітіліп қызмет атқаруына байланысты. Бірнеше буынға бекітілген бұлшық еттер, бір буынға бекітілген бұлшық еттерге қарағанда буын жұмысының кейбір бағыттарына кедергі келтіреді. Мысалы, жамбас буыны арқылы аяқты жоғары тізені бүгіп көтеру, тізені бүкпей көтеруден жоғары болады. Оған себеп, жамбас арқылы аяқтың артқы бетіне бекітілген, артқа тарту қызметін атқаратын бұлшық еттері тізе бүгілген кезде аяқты жоғары көтеру қызметіне кедергісі аз болып келеді. Аяқты тізені бүкпей көтеру кезінде артқы бұлшық еттер қатты созылу жағдайында болып, аяқты жоғары көтеруге көп кедергі келтіреді. Жаттығу көмегімен қозғалыс бағытына кедергі келтіретін қандай да болмасын бұлшық ет түрлерінің созылмалылық қабілетін және оның күшін арттыруға болады. Бұлшық етті шамадан тыс үлкейіп жуандату буын қозғалыстарының кейбір бағыттарының тежелуіне әкеліп соғады.
Буын қозғалысы аясының үлкен немесе кіші болуы сол буынға бекітілген сіңірлерге, тарамыстарға, буын дорбасына да байланысты. Сіңірлер мен тарамыстарды созу арқылы ұзарту аз нәтиже береді. Себебі, оларды құрайтын талшықтардың созылу қасиеті өте аз болып келеді. Буын сыртындағы дорба сүйектің шығуына, не сынуына байланысты кеңейіп кетуі ықтимал. Сіңір сыртын өте төзімді, созылуы аз, байланыстырушы қабыршақ қабаты қоршап тұрады. Осы қабат арасында жүйке талшықтары орналасқан. Ол осы буындағы байланыс мүшелерінің жағдайы туралы хабарды орталық жүйке жүйесіне жеткізеді.
Буын қозғалысына арналған жаттығудың жылдамдығын азайту, оны жұмсақ орнату, буын қызметін атқарушы бұлшық еттердің жұмысын жақсы қалыптастырады. Ал жаттығуды өте жылдам орындау бұлшық еттердің бірден созылуы, жүйке жүйесінің тез қорғану жағдайына көшуіне әкеледі. Қандай да болмасын бұлшық ет сіңірінің созылуы мүмкіндігінен асқан кезде жүйке жүйесі арқылы созылуды ары болдырмау үшін кедергі жасау белгісі іске қосылады.
Әр бұлшық еттің миогендік созылғыш кедергісінің және байланыстырушы қосушы ұлпалардың иілгіштік қабілеттегі атқаратын ролі өте жоғары. Бұлшық еттің созылмалы қабілетінің миогендік кедергісінің туа біткен ерекшелігі болады. Бұлшық еттің қатты немесе жұмсақ болуы, оның әртүрлі сыртқы күштердің өзгеруіне сезімтал болуы адамның туа біткен ерекшелігіне байланысты.
Бұлшық етке алдын ала массаж жасау, қозғалыс арқылы қыздырыну т.б.амалдар қолдану бұлшық еттің созылмалылық қабілетін арттырып, буынның қозғалмалылық аясын кеңейтеді. Иілгіштік қабілетке жұмыс жасау кезінде бұлшық еттің созылмалылық қабілетіне бағытталған жаттығулар жасатқан тиімді. Ал буындағы байланыс сіңірлері мен буын дорбасына көп күш түсіруарқылы созу аз нәтиже береді және жарақат алу қауіпін туғызады. Осыған байланысты спортшыға жаттығуды таңдап алу, оны орындату әдістемесін дұрыс қолдана білу, иілгіштік қабілетті арттыруға көмектеседі.
Адам буындарының қызмет атқару ерекшелігіне байланысты буын алаңы әр түрлі болып келеді. Оны геометриялық фигуралар аттарымен атайды. Мысалы, шар тәріздес, эллепис, цилиндрлі т.с.с. Қозғалыс түрлері бірнеше осьтік түрде болғандықтан буын қозғалысының көпосьтік, екі остік, бір остік түрлері кездеседі.