1.7 Фразеологизмдік ұйытқы сөздер
Фразеологизмдердің қалыптасуында семантикалық жағынан негізгі ұғымды білдіріп, басқа сөздерді өз айналасына топтап, идиомаландырып тұратын сөздер болады. Бір кездерде фразеологизмдердің тууына түп қазық, тірек болған сөздерді фразеологиялық ұйытқы сөздер дейміз. Кез келген сөз фразеологизмге ұйытқы бола алмайды. Тілдің лексикалық құрамының негізін қалаған, халықтың өзімен бірге жасасып келе жатқан байырғы сөздері ғана фразеологизмге ұйытқы бола алады. Ондай сөздер қазақ тілінің негізгі сөздік қорына жататыны белгілі, бірақ негізгі сөздік қордағы сөздердің бәрі бірдей фразеологизмдік ұйытқы сөз бола алмайды.
Негізгі сөздік қорға кіретін байырғы сөздердің ішінде фразеологизмдерге ұйытқы ретінде жиі кездесетін сөздер адамның дене мүшелерінің (соматикалық) атаулары (бас, аяқ, қол, бет, мұрын, көз, тіл, тіс, ауыз, маңдай, мойын, жүрек, өкпе, арқа, табан т.б.), туыстық атаулар (ата, ана, бала, ұл, қыз, т.б.), төрт түлік мал атаулары (ат, атан, жылқы, түйе, қой, сиыр), жан-жануарлар атаулары (ит, қасқыр, түлкі, мысық, құлан т.б.), сапалық ұғымдардың атаулары (ақ, қара, қызыл, сары, көк, ауыр, жеңіл, жақсы, жаман т.б.), сандық ұғымдардың атаулары (бір, үш, жеті, тоғыз, қырық, жүз, мың т.б.). Жиі болмағанмен де жалпы есімдер (тау, дала, тас, шөп, адам, дүние, ел, жау, жер, заман, күн, түн, кісі, мінез, сөз т.б.), есімдіктер (мен, сен, өз т.б.), үстеу сөздер (ерте, жоғары, төмен), бар, жоқ сияқты сөздерге қатысты атаулар да кездеседі. Төменде фразеологизмдік ұйытқы сөздердің әр топта жиі кездесетін кейбіреулеріне мысал келтіріледі.
Көз сөзінің ұйытқы болуымен: көз айырмады, көз алартты, көзімен атты, көз бояды, көз байлады, көзге біткен сүйелдей, көзге сынық, көзге түсті, көзден ғайып болды, көзінің қарашығындай, көз жазбады, көзі батыр, көз қиығын салды, көзіне шөп салды, көз басты т.б.
Тіл сөзінің ұйытқы болуымен: тіл қатты, тіл әкелді, тілге келмеді, тіл тигізді, тілден қалды, тілі мірдің оғындай, тіл сындырды, тілге ерді, тіл аузым тасқа, тілінен тапты, тілде тиек жоқ, орақ ауыз, от тілді (мәтел), тіл табысты т.б.
Қой сөзінің ұйытқы болуымен: қойдай бөріктірді, қой аузынан шоп алмас, қой басты (киіз басқанда істелетін ырым), қой боғындай қорғасын (мылтықтың оғы), қойдай өрді, қой көз, қой мойынды т.б.
Жер сөзінің ұйытқы болуымен: жер аударды, жер аяғы кеңіді, жер бауырлап жатты, жер болды, жерге кіріп кете жаздады, жерге қарады, жерге тықты, жерден жеті қоян тапқандай, жер жастанды, жер-көкке сыймады, жер күңіренді, жер қайысты, жермен жексен етті, жер соқтырды, жер шұқыды, жер таянды т.б.
Көңіл сөзінің ұйытқы болуымен: көңіл ашты, көңіл айтты, көңіл аударды. көңілге қаяу түсті, көңіл жетер ағайын, көңіл жыртпады, көңіл қосты, көңілі алаң болды, көңілі босады, көңілі дауаламады, көңіл жабыңқы, көңілі жақын, көңілі қалды, көңілі хош болды, көңілі тоқ, көңілі толды т.б.
Қызыл сөзінің ұйытқы болуымен: қызыл ауыз, қызыл көз, қызыл табан, қызыл кеңірдек, қызыл көз бәле, қызыл көрген құзғындай (бүркіттей), қызыл көрмеді (етсіреді), қызыл қанға батты, қызыл қырғын, қызыл қырман.
Құлан сөзінің ұйытқы болуымен: құлан жортпас, құлан ұшпас, құлан бүлкіл, құланның қасынуына, мылтықтың басуы, құлан таза, ордалы құлан, құлан жал, құдыққа құлан құласа, құлағында құрбақа ойнар (мақал) т.б.
Жоғарыдағы мақалдарға қарағанда ұйытқы сөздер фразеологизмдер құрамында бірінші сөз болатынын көреміз. Дегенмен ұйытқы сөз тіркес ішінде келіп, бірінші сөз болмауы да мүмкін. Мысалы: ақыл көзімен қарады, алакөз болды, алакөзімен атты, ашкөз адам, сен тимесең, мен тиме бадырақ көз, бас-аяғына көз жүгіртті, басқа көзге төпеледі, шүңірек көз, тіл-көзден сақта т.б. тіркестерде көз ұйытқы сөз бірінші қатарда емес.
Фразеологизмдік ұйытқы сөздердің немесе фразеологизмдердің құрамындағы сөздердің кейбірі қазіргі кезде жеке қолданылмайды, олар кез келген сөзбен тіркеспейді. Мағынасы үйлес белгілі сөздермен ғана тіркесіп, солардың аяғында жұмсалады. Жеке алғанда олардың мағыналары да белгісіз немесе күңгірттенген. Мысалы: сам жамырады (ымырт үйірілгенде күнбатыс жақтан түсетін жарық сәуле, ср. сам жарығы), бықпырт тигендей (азан-қазан болды, ср. бүйі тигендей), түлен түртті (шайтан түртіп, бір бәлеге ұрындырды), аза бойы қаза болды (азар да безер болды), міз бақпады (бүлк етпеді), мірдің оғындай (өткір д.м.), суқаны сүймейді (жек көреді), суқаны қашты (зәре-құты қашты), ығай мен сығай (бетке ұстар мықтылар), үлде мен бүлдеге бөленді (не ішем, не кием демеді), дал болды (басы қатты), жанын жегідей жеді (әбден қажытты) т.б.
Осындай мағынасы белгісіз не күңгірттенген сөздер қос сөздер де аз емес: жігіт-желең, қойшы-қолаң, қойшы-қойманшы, қыз-қырын (көне түркі тілінде қырқын тұтқынға түскен қыздар не жас әйелдер мағынасында), құл құлтан, тоқты-торым, жүдеп-жадап, жылап-сықтап, апыл-тапыл, анда-санда, көл-көсір, жоқ-жітік, көйлек-көншек, үйлі-баранды, киім-кешек т.б.
Көптеген фразеологизмдердің қалыптасуына тірек болған ұйытқы сөздердің мән мағынасын ашып, кеңейтіп, фразеологизмдерді тиянақтап тұратын сөздер бар. Олар негізгі сөздік қордағы түбір етістіктер. Фразеологизмдердің жасалуында олар елеулі қызмет атқарады. Мысалы: бой сөзінің ұйытқы болуымен туған бойға бітті, бойға дарытпады, бойға қонды, бой жазды, бой жасады, бой жылытты, бой суытты, бой салдырмады, бой теңесті, бой түзеді, бой ұрды, бойы ауырлады, бойы балқыды, бойын биледі, т.б. фразеологизмдердің жасалуына, фразеологиялық мағыналарының тууына тікелей қатысып тұрған, бой сөзімен тіркескен етістіктер, оларсыз мұндай фразеологизмдер жасалмас еді. Фразеологизмдердің құрамында көбінесе мына сияқты етістіктер жиі кездеседі: айт, бат, бас, бақ, байла, бер, бол, біл, біт, бұз, де, ет, жаз, жаса, же, жай, жи, кел, кет, көр, көтер, қану, (шайға қанды дегенде), қыл, отыр, тұр, өт, ол, сал, соқ, тап, тарт, таста, ұр, ұш, шық, іш т.б.
Бұл сияқты етістік түбірлер ең азы 20 шақты, ал кейбіреулері 200-ден аса фразеологизмдердің құрамында кездеседі. Фразеологизмдік ұйытқы сөздер өздері ұйытқы болған фразеологизмдердің тобын жасап, солардың ғана құрамында кездессе, етістік түбірлер ұйытқы сөздер арқылы топталған фразеологизмдердің көлемімен шектелмейді, олардың әрқайсысы ондаған, жүздеген фразеологизмдерді жасауға қатысады [41].
Достарыңызбен бөлісу: |