Тілдік тұлға бүгінде тіл білімінде әртүрлі терминдермен айтылып жүр. Дәлірек айтсақ, субьект (әлемді танушы және әлемді өз сөзінде бейнелеуші), индивид, мәтін авторы, тілді ұстанушы информант, активті, пассивті информант, айтушы/тыңдаушы, сөздік портрет, идиолект, автор бейнесі, интеллектуал, автор образы, ақынның өз образы т.т. Бұл атаулар әртүрлі ғылымдардың адамның саналы деңгейін зерттеуден туған деп ойлаймыз. Сондай-ақ әртүрлі ғылым салаларының тоғысып, даму үстінде болғандықтан әр зерттеуші тілдік тұлғаны өзіндік тұрғыдан анықтауға тырысады.
Тілдік тұлға мәселесіне арналған ғылыми әдебиеттерде «тілдік тұлға» ұғымынан басқа «ұлттық тілдік тұлға», «көркем тілдік тұлға», «күшті тілдік тұлға», «бірегей тілдік тұлға», «қазақи тілдік тұлға» т.б. терминдері де қолданыста кездеседі. Бұл терминдердің «қарапайым», «дағдылы» тілдік тұлғалар мен өзіндік қолтаңбасы бар жоғарыдағы атаулармен аталған тілдік тұлғаларды ажыратып көрсету үшін қатар қолданылғандығын байқаймыз. Осындай тілдік тұлғаның бірі Ә.Кекілбаевтың тілдік тұлғасын тануға арналған дипломдық жұмысымызда тілдік тұлғаға тән қасиеттерді оның ұлттық болмысын танытатын авторға тән тілдік қолданыстарды анықтау тұрғысынан зерделеуге ұмтыламыз. Өйткені жазушы шығармалары ұлттық дәуір келбетін, тарихи ұлы тұлғалар болмысын терең де шебер бейнеленуімен, даралық стилімен, ұлттық рухымен ерекшеленеді.
Академик В.В.Виноградов тілдік тұлғаны екіге бөліп зерттеген: автор тұлғасы және кейіпкер тұлғасы. Ал «Тілдік тұлға» ұғымына айтарлықтай толық әрі жүйелі түсініктеме берген Ю.Н.Караулов көркем мәтінді тірек ретінде алып, тілдік тұлғаның үш деңгейлік үлгісін көрсетеді: вербалдысемантикалық, лингвокогнитивтік, прагматикалық (мотивациялық) [12. 118б]. Бұл үш деңгей мынадай негізде жасалған: тілдік бірліктер – сөздер, жалпылама ұғымдар – концептілер және қолданыс қажеттіліктері. Бұл үш деңгейлік үлгі: вербалды-семантикалық (немесе өзіндік тілдік); когнитивтік (немесе танымдық); прагматикалық – тілдік тұлғаны кеңірек сипаттауға, жанжақты тануға мүмкіндік береді. Вербалды-семантикалық сипаттама жеке адамның сөздік қорынан құралады. Яғни, табиғи вербалды қарым-қатынаста қолданатын барлық сөз қоры мен сөз тіркестері қолданыс жүйесіне түседі. Сонымен қатар лексикалық бірліктер саны ғана емес, әрі оларды функционалды стилистикалық қызметіне сәйкес дұрыс, әсерлі қолдана білу қабілеті арқылы көрінеді. Бұл сипаттаманың ерекшелігі тек осы қабілетті меңгеру деңгейімен ғана емес, сондай-ақ сөзжасам, грамматика және айтылу нормаларын бұзбаумен де анықталады. Вербалды-семантикалық деңгей әрбір тілдік тұлғаның жекелік көрсеткіші ретінде қабылдана отырып, оның өзіндік дүниетанымдық деңгейінің алғы шарттарын да көрсетеді. Бұл келесі танымдық деңгейде көрініс табады. Демек, тілдік тұлғаның интеллектуалдық (зиялылық, парасаттылық және рухани) өрісі, ойлау жүйесін айғақтайтын адамның танымдық әрекеті болып табылады. Әрбір жеке адам бойында өзінің даму барысында болмысын, «ғалам бейнесін» білдіретін ерекше идеялар туындайды.
Тілдік тұлға, ең алдымен, өз ана тілін дамытушы адам ретінде танылады, сондықтан оның тілінің мазмұны, сол тілдегі тыныс-тіршіліктен хабар береді. Бұл тұрғыдан да Ю.Н.Карауловтың пікіріне жүгінсек: «Біріншіден, тілдік тұлға әлеуметтік заңның қорытындысы әрі түйіні болады; екіншіден, тілдік тұлға этностың тарихи өсуінің жемісі, үшіншіден, тілдік тұлға меншіктілікке, оның биологиялық, әлеуметтік, физикалық заңдарына байланысты болады; төртіншіден, тілдік тұлға өзінің қолданыс аясында жүйелі құрамды белгілерді жасаушы, пайдаланушы болып табылады да, нәтижесінде «стиль – адам» деген қорытынды жасауға болады [12. 22б].
«Ұлттық мәдениет контексіндегі дүниенің тілдік суреті» атты еңбегінде ғалым Ислам Айбарша тілдік тұлға құрылымын сатылы жүйе бойынша былай көрсетеді: «Тілдік тұлға құрылымын сатылы: философиялық, яғни тіл, интеллект және қоршаған орта, психологиялық, семантикалық, танымдық және прагматикалық деңгейлерден тұратын құрылымдық жүйе ретінде сипаттауға болады. Осылардың ішінде танымдық деңгейде белгілі бір этномәдени ұжымның, яғни ұлттың дүниетанымдық білімі мен ұғымы көрініс құрайды» [28. 11б]. Бұл жерде ғалымның пікірлерінен Ю.Н.Карауловтың тілдік тұлғаның деңгейлік үлгісі жөнінде айтқан тұжырымдарын негізге алғандығы аңғарылады. Тілдік тұлға табиғаты – кешенді зерттеуді қажет ететін күрделі құбылыс. Сол себепті зерттеуші Ф.Б.Қожахметова «Т.Ізтілеуовтың тілдік тұлғасының дискурстық сипаты» зерттеуінде былай дейді: «Тұлға – тарих, әлеуметтану, әдебиеттану ғылымдарымен қатар әлеуметтік-лингвистикалық және психолингвистикалық категория. Әлеуметтік қажеттілік мұраты – жетілу. Бұл мақсатқа жету үшін зерттеу нысанамызға алып отырған Тұрмағамбет Ізтілеуовтың тілдік тұлғасын әлеуметтану, психология мен тіл білімі ғылымдарының қиылысқан жерінен іздемек керек» [24. 20б].
Осымен байланысты ғалым Ф.Б.Қожахметова «тілдік тұлға» мәселесіне келудің үш жолын атап көрсетеді:
Достарыңызбен бөлісу: |