вербалды-семантикалық – қалыптасқан табиғи тілді қарапайым сипатта қолданушы;
когнитивтік – тілдік иеархияны концептуалдық-дүниетанымдық сипатта жүйелі түрде іске асырушы;
прагматикалық – тілді белгілі бір себепке сәйкес арнайы мақсатпен қолданушы [12. 29б].
Ұлт жанының жанашыры, кемеңгер жазушы, көсем сөздің білгірі, ойшыл ғұлама Әбіш Кекілбаев тұлғасы – қазақ руханиятында өзінің шығармашылық қолтаңбасы айрықша, рухани-мәдени өресі биік тарлан тұлға ретінде танылады. Қайталанбас қасиетке ие қаламгер тұлғасын танудың бір қыры – автордың танымы мен прагматикалық уәж-мақсатынан туындаған, жазушы тілдік тұлғасын сипаттайтын авторлық сөз үлгілері. Ә.Кекілбаев тілдік тұлғасын танытатын вербалды-семантикалық, лингвомәдени, лингвотанымдық бірліктерді талдап таныту – жеке-жеке жұмыстардың зерттеу нысаны болып табылады. Жазушының шығармашылық дүниесін саралай отырып, оның тілдік тұлғасын сипаттайтын авторлық индивидуалды қолданыстардың, көріктеу құралдарының лингвомәдени, танымдық қырларын мүмкіндігінше сөз етеміз. Сол арқылы да жазушының тілдік тұлғасы айқындала түседі.
Себебі, тілдік тұлға мазмұнына В.А.Маслованың көрсетуінше мынадай компоненттер енеді: 1) құндылық, дүниетанымдық, тәрбие мазмұны компоненті, яғни құндылықтар жүйесі және өмірдің мәндері; 2) мәдениеттану компоненті, яғни тілге деген қызығушылықтың тиімді құралы ретінде мәдениетті игеру деңгейі; 3) жеке тұлғалық компонент, яғни, әр адамда бар жекелік қасиеттер, өзіндік қолданыстар [29. 119б].
Көркем ойлау қабілеті жоғары, тілдің даму сипатында өзіндік қолтаңбасы бар, әдеби тіл тарихында өзіндік орны айқындалған тіл иесіне тілдік тұлға мәртебесін беру лайықты деп есептейміз. «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған», сөз құдіретін түсінген тіл тұтынушысы ғана Тілдік тұлға феноменіне айнала алады.
Ұлттық мүддеге, өз халқының саяси-экономикалық және мәдени өрлеуіне қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан ұлттың зиялы қауым өкілі – Әбіш Кекілбаев.
«...біртуар жазушы-ғалымдар – жұртшылық идеал тұтатын, тілдік тұлғалар. Олар әдеби элитарлық топтың өкілдеріне жатады» [19. 26б].
Ә.Кекілбаев – «әдеби тілдің барлық мүмкіндіктерін еркін пайдалана алатын, сонымен қатар тілді қолдануға шығармашылық тұрғыдан келетін, тіл мәдениетінің барлық нормаларын игерген» [30] элитарлық тұлға.
Зерттеушілердің пайымдауынша, көркем мәтін – айрықша тілдік код, сондықтан оқырман санасында мәтіндегі тілдік кодты аша алатындай тілдік білімнің болуы шарт, өйткені автор айтпақ ой-сезімін тілдік бірліктер арқылы кодқа салады. Ал тілдік білім дегеніміз сөзді, оның мағыналарын, сөйлем, оның мағыналары мен құрылымдарын білу дегенге саяды. «Суреткер- тілдік тұлға» – нақты бір тілдің субъектісі. Тілдің дыбыстық, лексикасемантикалық, грамматикалық бірліктерінің мән-мағынасы мен қызметі, нормасы екеуіне де ортақ. Алайда автор лексика-грамматикалық, дыбыстық т.б. бірліктерді діттеген мақсатына қарай іріктеп, ақиқат дүниеде кездесетін зат, құбылыстарды мәтінде өзіндік «тілмен» өзгеше өрнектейді [19. 67б].
Автордың өзіндік «қиялынан» өзгеше өңдеуден өткен тілдік бірліктерінің негізгісі – индивидуалды-авторлық қолданыстар. Ақиқат дүниенің тілдік болмысын танытуда Ә.Кекілбаевтың шығармашылығы негізінде жазушының тілдік тұлғасын сипаттайтын авторлық қолданыстарға арнайы жеке тоқталамыз. Мұндай окказионалдық бірліктер жаңа концептуалды мазмұнда өзіндік түр-сипатымен, тың бояуымен өзгешеленеді, ұлт болмысының ерекшеліктерін ажарландыра түседі.
Көркем мәтінде көрініс тапқан ұлт болмысы, дүниетанымы, ойлау санасының өзіндік ерекшеліктерін «Ұлт тілі – ұлт дүниетанымы – көркемдік мән» арақатынасы, тілдік тұлғаның ой-танымы тұрғысынан зерделеу де қазақ тіл біліміндегі антропоөзектілік бағыттағы зерттеулерден де көрінеді. Мәселен, Ж.Абдрахманова көркем шығарма мәтінінің көркемдік мәнінің ұлттық құндылықтарға қатысын Ә. Кекілбаев шығармалары негізінде сараптай келе, шығарма тілінің көркемдігі ұлттық танымға сай қалыптасқан ұғым-түсініктерге тәуелді болатынына зер салады. Ол тілдік тұлға танымы мен ұлттық дүниетаным арасындағы жан-жақты тығыз байланысты танытатын тілдік фактілер қатарына Ә.Кекілбаев шығармаларында дәстүрлі символизмдердің молынан кездесуін, тілдік бірліктің тілдік жағдаятқа сәйкес мағына жағынан түрленуін, автордың архаизмдерді «тірілту» шеберлігін, яғни қазір мәні көмескіленген сөздерді өзінің уақыты мен кеңістігінде қолдануын жатқызады [31. 10б].
Көркем тілді жетік меңгерген жазушы Әбіш Кекілбаевтың туындыларындағы окказионал қолданыстардың негізгі ойды, субъективтік көзқарас пен ұлттық танымды білдірудегі, айқындаудағы рөлін, белгілі жағдайға байланысты көнеден келе жатқан тұрақты тіркестердің автордың шеберлігімен өңдеуге түскен сипатын анықтау аса өзекті деп түсінеміз. Мәселеге осы тұрғыдан келсек, Ә.Кекілбаевтың шығармашылығының когнитивтік лингвистикамен, философия және мәдениеттанумен тығыз байланыста дамып отыратындығын байқауға болады.
Бұл жұмыста Ә.Кекілбаев туындаларындағы жеке авторлық қолданыстардың, яғни окказионалдық бірліктердің көркемдік ерекшеліктері мен қызметін, оның тілдік бейнесін танымдық деңгейде сипаттау арқылы суреткер-жазушының қазақ әдеби тілін байытуда өзіндік үлес қосқан ірі тұлға екендігін терең тани аламыз. Автордың көркем мәтін жасаудағы өзіндік тіл ерекшеліктері, көркем-эстетикалық мақсат-міндеттерді шешудегі қолданған тілдік амал-тәсілдері арқылы тіліміздің көркемділігі мен бейнелілігін арттыруға қосқан үлесін анықтау да танымдық мәні бар өзекті мәселе екендігін көрсетеді.
Өмірге қанша жаңалық, қанша жаңа зат пен жаңа ұғым қосылса, тілге де сонша жаңа сөздер мен сөз тіркестері қосылып отырады. Жаңа сөздер мен сөз тіркестерді енгізуші – жеке тұлға болып табылады.
Тілдің ұлттық болмысты танытудағы рөлін жазушының өзі Ә.Кекілбаев былайша тұжырымдайды: «Тіл – ұлттық руханиятымыздың өзегі». Олай болса, тіл адамсыз, ал адам тілсіз өмір сүре алмайтындықтан, тілді тану, оның әлемдік дәрежесін адамнан бөлек алып сипаттауға да болмайды. Адам қоршаған ортаны танытады, оны атадан балаға жеткізеді, адамды қалыптастырады, оның мінезін айқындайды, өмірлік көзқарасын, өскен ортаның ұлттық негізін көрсетеді. Мұндай маңызды жағдайлар көркем шығармаларда өз көрінісін табады. Қай адамның болсын сана-сезімі ортаға байланысты жіктеледі. Осылайша ұлттық мәдениеті, өмірге деген өз көзқарасы, мінезі, тәрбиесі қалыптасады. Тіл халықтың бүкіл болмысын, мәдениетін көрсетеді және тілді жеткізуші тұлғаны қалыптастырады.
Ә.Кекілбаевтың шығармалары көркемдік негізге құрылған тілдік құралдарды қолдана отырып, ұлттық болмыстың ой-санасын айқындап көрсетеді. Әлемдік деңгейдегі ұлттық, тілдік құралдар жоғары көркемдігімен ерекшеленеді. Бұл тіл қисындылығына бірден-бір әкелетін жол.
Индивидуалды авторлық қолданыстарды қолдануда немесе тілдік кеңістікте бұрыннан бар тілдік бірліктерді өзгертіп не өңдеп қолдану бір жазушыда аз да, екінші бір авторларда көбірек болып келеді. Өйткені бұл – шеберлікпен, жазушының суреткерлік мәдениетімен байланысты құбылыс. Шынында да, сөз қолдану тәсілі, халық тілінің байлығын жете игеру барлық жазушыда бір сарынды болып келе бермейді. Бір сөздің өзін әр жазушы әр түрлі тіркеске түсіретіні мәлім. Кейде бір шығарманың өзінде бір сөз алуан түрлі қисында жұмсалуы мүмкін. Әр жазушының өзіндік стилі болады, сөз саптауы болады.
Шығармашылық жаңарулар әсерінен тілдің байырғы сөзжасам заңдарына сүйеніп, жаңадан бір алуан сөздер жарық көреді. Сондай суреткерлік шығармашылықтың бір көрінісі – көркем шығарма тілінде пайда болған авторлық окказионалдық қолданыстар. Окказионализмдер – сөзжасам жүйесіндегі заңдылықтардың даму бағытын айқындай отырып, автордың жеке тұлғалық тілдік әлеуетін танытатын көрсеткіш болып табылады.
Жалпы мұндай жеке авторлық қолданыстарды қарастыру арқылы халық тілінің байлығын, оның мүмкіншіліктерін ақын не жазушының қаншалықты деңгейде пайдаланғанын, әдеби тіліміздің дамуына қосқан үлесін, Тілдік тұлға ретінде қалыптасу мәнерін саралауға болады. Олардың жазу мәнері мен стилін танытуда да авторлық қолданыстар ерекше рөл атқарады.
Әрбір халықтың рухани мұрасының құндылығы сол ұлттың эстетикалық, көркемдік өре деңгейімен өлшенбек. Әбіш Кекілбаев тілдік тұлғасын, шығармашылығын арнайы сөз еткенде, осынау ірі тұлғаның сөз шеберлігін зерделеу арқылы бүкіл қазақ халқының танымын, ұлттық болмысын, мәдениетін, тілі мен әдебиетін терең түйсінуге, жан-жақты тануға мүмкіндік аламыз.
Бұрыннан қалыптасқан суретті сөз өнерін Ә. Кекілбаев адамның ішкі жан дүниесін, іс-әрекетін бейнелеу арқылы таныта білді. Оның өзіне ғана тән ізденістері суреткер тіліндегі окказионал қолданыстар әлемі арқылы көрінетін өзіндік дүниетанымын айшықтай түседі.
Қазақ тіл біліміндегі авторлық окказионал қолданыстарды зерттеудің жайына келетін болсақ, жеке автордың қолданысында пайда болған жаңа сөздерге байланысты зерттеулер көп емес. Жеке авторлық қолданыстарға байланысты еңбектердің қатарына Г.Мұратованың «Қазақ көркем әдебиетіндегі окказионал сөздер» мен Л.Еспекованың «Қ.Мырзалиев поэзиясындағы окказионализмдер» атты еңбектерін жатқызамыз. Сонымен қатар, Г.Тұрабаеваның «Окказиональные преобразования пословиц и поговорок в казахском языке» деген еңбегін атауға болады. Бірақ бұл еңбекте окказионализм мәселесі сөз болмайды, зерттеуші тек мақал-мәтелдердің окказионалды варианттылығына тоқталады.
Қазіргі ғылымда жеке автордың шығармашылығында пайда болған авторлық қолданыстарды, яғни жаңа сөздерді атауда бірізділік жоқ деуге болады. Бұл мәселенің қазақ тіл біліміндегі көрінісіне келер болсақ, Р.Сыздықова «тосын сөздер» немесе «бір қолданар сөздер» десе [32. 56б], ғалым Х.Нұрмұханов «Сөз және шеберлік» зерттеу еңбегінде потенциалды сөздер мен окказионалды сөздердің ара-жігін ажыратып, окказионализмдер контекст қалауына орай тек бір ғана қолданымдық болып қызмет атқаратын сөздер деп сипаттама береді [33. 76-96б]. А.Алдашева «авторлық жаңа сөздер немесе индивидуальды-авторлық сөздер» деген атауды пайдаланған [34. 26б]. Л.Еспекова «окказионализм» [35, 5-6б], Г.Мұратова «окказионал сөздер» [36. 10-11б], А.Бейсенбай «окказионал қолданыстар» [37.13б] деген атауларды ұсынады.
Окказионализмдер жаңа құбылыстар мен заттарға атау беру мақсатында пайда болатын тілдік бірліктер ретінде де қарастырылып жүр. Бұл яғни әлемнің тілдік бейнесін жасауда, қоршаған дүниеде болып жатқан құбылысқа, белгілі бір затқа, атқаратын қызметіне қарай, ұқсастық белгісіне қарай сөз мағынасы мен мазмұнын сипаттау барысындағы жаңадан туған сөздерді (окказионализмдерді) айтып отыр. Адам танымының сатылы дамуы ретінде пайда болған сөздер.
Көркем әдебиет тілінде шығармашылық қажеттіліктен пайда болған авторлық қолданыстар, біздің ойымызша, белгілі бір әдеби-эстетикалық, идеялық мақсатты көздеуден туған лингвостилистикалық құбылыс әрі жазушы танымына тәуелді, жеке тұлғалық қасиетін танытатын тіл бірліктері.
Жинақтай келгенде, жоғарыда аты аталған ғалымдардың зерттеулерін негізге ала отырып, жеке авторлық қолданыстардың мынадай ерекшеліктерін атап көрсетуге болады:
жеке автордың тұлғалық көрінісін айқындайды;
шығармашылық қажеттіліктен туындайды;
мәнмәтінге байланыстылығы;
мәнмәтінде белгілі бір қызмет атқаруы;
тіл заңдылықтарына үйлесіп те, үйлеспей де келеді (жасалуындағы
еріктілік);
тілге ену қабілеті шектеулі;
жаңашылдығы;
автордың дүниетанымына тәуелді.
Жоғарыдағы теориялық пайымдауларды негізге ала отырып, жеке автордың қолданысында пайда болатын құбылысты «индивидуалды авторлық қолданыстар немесе окказионал бірліктер» деп атап, оған мынадай анықтама беруге болады: индивидуалды авторлық қолданыстар дегеніміз – стильдік мақсатпен шығармашылық қажеттіліктен туындайтын, әдеби тілімізге ену қабілеті шектеулі, мағынасы жағынан мәнмәтінге байлаулы, үнемі жаңашылдығымен ерекшеленетін, автордың дүниетанымына тәуелді тіл бірліктері, тілдік тұлғаны сипаттайтын басты көрсеткіш.
Достарыңызбен бөлісу: |