4-кесте
Халық тәлім-тәрбиесінің негіздері
«Құтты біліктегі» төрт діңгек
Дәулет
Әділет
Ақыл
Қанағат
Төрт діңгектің көріністері:
Ежелгі рухани танымында мақал-мәтелдерде әдет-ғұрыптарда
Аңыз-әңгімелерде өсиет, нақыл сөздерде салт-дәстүрлерде
Тәрбие бағыттары:
Ақыл-ой тәрбиесі
Адамгершілік тәрбиесі
Ізгілік тәрбиесі
Еңбек тәрбиесі
Отбасы тәрбиесі
Әдептілік тәрбиесі
Эстетикалық тәрбие
Отансүйгіштік тәрбиесі
4-кесте - Халық тәліміне негізделген «Құтты білік» дастанындағы төрт діңгектің жүйесі.
Суретте көрсетілгендей «Құтты біліктің» негізін қалайтын басты төрт кейіпкер, төрт символикалық ұғым-Әділ, Дәулет, Ақыл, Қанағат. Дастанда олар халық тәлім-тәрбиесінің көздерін ежелгі рухани танымға байланысты аңыз-әңгімелер, сөздің көркі-мақал-мәтелдер, халықтың өмірін құрайтын әдет-ғұрыптар, салт-дәстүрлер арқылы ашып көрсетеді. Бұлардың әрқайсысы халықтық педагогикада кеңінен тараған тәрбие бағыттарын құрайды.
«Құтты біліктегі» тәлім - тәрбие көздерін, ең алдымен, бас кейіпкерлердің аттарынан байқауға болады. Жүсіп Баласағұн бұл туралы:
Күнтуды деп бастадым сөздің басын,
Тізейін деп шындығын көздің асыл.
Айтолдыны еттім жыр-мархаббатты,
Нұрын төккен бақыттың, шапағаттың.
Бұл Күнтуды заңның шын қара басы,
Ал, Айтолды Бақытты баламасы.
(Бұл Күнтуды тұп-тура заңның өзі,
Ал, Айтолды-бақыт һәм құттың көзі.), -
деп сипаттай келе басты кейіпкерлердің көздеп отырған тәрбиелік мақсатын белгілей отырып, Күнтудыны шындықтың көзіне, заңның шын қара басына, тұп-тура заңға теңесе, Айтолдыны нұрын төккен бақыттың, шапағаттың, ақылдың, құттың күзіне балайды: Өгдүлмішті сонан соң сөзге қостым,Ақылы асқан одан өзге достым. (Ақыл жасар ғажайып, ғаламатты, Ақыл деп ат қойдым мағынамен(355-257-бәйіт)- деп ақыл мен қанағатқа сипаттама береді.
Жүсіп Баласағұн «Құтадғу біліктің» танымға қатысты бөлімінде адамға деген ізгілікті қатынасты барынша терең ашуға және адамның тұрмыс-тіршілігімен қатар оның жан дүниесін де табиғатпен тығыз байланыстыруға тырысады. Ал дастанның негізгі өзегіне айналған әділеттілік пен бостандыққа ұмтылу танымның қайнар көзі ретінде алынады. Әділет дами келе қоғамдық заңдылықты ұғынуға, бостандыққа ұмтылуға, өзін-өзі тануға, яғни парасатты сана-сезімге әкеледі. Заңдылық жолымен одан әрі даму соның ықпалымен кеңістік пен уақыт өлшемін ұғынуға ұласады.
«Құтты білікте» ерекше мән беріп жазылған аса маңызды мәселелердің бірі-адамдардың бірін-бірі құрметтеуі, ізет көрсетуі, сыйлауы.
Ғұлама «Құтты білік» еңбегінде ерекше мән беріп, зор шабытпен жазған аса маңызды мәселелердің бірі-адамдардың бірін-бірі құрметтеуі, ізет көрсетуі, сыйлауы. Атап айтқанда, мұнда «Жастардың қарттарға, қариялардың жастарға, әкімдердің өз қоластындағы қызметшілеріне, жалшылардың өз қожаларына, балалардың өз әке-шещесіне, ата-ананың өз перзенттеріне деген ізгі құрметі қандай болу керек?» деген сауалға жауап берілген. Бұл орайда Жүсіп Баласағүн «Жақсы мінез-құлық, әдептілік, кішіпейілділік ең алдымен тәлім-тәрбиеге байланысты» деп ой түйеді. Сондықтан жас нәресте өмірге келісімен-ақ оны тиісінше тәрбиелеу бастау әке-шешенің қасиетті борышы екенін айтады. Ақын әсіресі, жастарды өркөкірек, тәкаппар, қуыс кеуде болудан көбірек сақтандырады. Кішіпейілділік үлкенге де, кішіге де бірдей жарасатын қымбат қасиет екенін ескертеді.
Кісілік қымбат емес, кішілік қымбат.
Ұлық болсаң, кішік бол.
Жалпы, ойшыл ғалымның «Құтты білік» дастанында әлі де зерделеуді қажет ететін мәселелер толып жатыр. Өз дәуіріндегі, өз қоғамындағы түркі халықтарының мәдени құндылықтарын жалпы адамзаттық ұстанымдарға ұластыруы арқылы Жүсіп Баласағұн адамзаттың мәдени тарихына өлшеусіз үлес қосты.[29.38]
Жүсіп Баласағұн дастанына «адам» тұлғасын қалыптастыратын рухани дүниенің тазалығын өзек етіп, өз заманының қоғамдық-әлеуметтік жағдайына байланысты «адам» феноменін құрайтын негізгі жақсылы-жаманды қасиеттерді «билеушіге» (билеуші тап өкілдеріне) қатысты айтады. Мәселені әмірші патшаның өзінен бастаған ақын «ел-жұртты басқаратын адам-ақыл-парасаты ұшан-теңіз, ниеті түзу, сөзі шырын, білім мен өнерге жетік, қолы ашық, пейілі кең, жүзі жарқын, ешкімге кек сақтамайтын жан болуы шарт» екенін жазады. Осыған байланысты жазба жәдігерде адамның рухани байлығын құрайтын «сенім», «жомарттық», «адалдық», «мейірім», «білім» микроөрістері «бақытқа» қол жеткізудің негізгі бөліктері болып табылады. Дастандағы адамгершілік аясына шоғырланған микроөрістер көне түркілік, шығыстық сарындағы тілдік бірліктермен, афоризмдермен мақал-мәтелдермен, тұрақты-теңеулермен де беріледі. Ойшыл ғұлама билеушілердің қатігездік, сараңдық, надандық секілді жағымсыз қасиеттерін сынға ала отырып, мейірімділік пен ізгілікке үндейді. Мысалы, «Екі түрлі ат тілде жүреді, бірі-жақсы, бірі-жаман болып дүниеде қалады».
«Құтты білікте» рухани-адамгершілік тақырыптың бірі ретінде білім кеңінен насихатталады.Мысалы, «Білігні бәдүг біл укушны ұлұғ» деген сөз қазақтың «Білімді биік, ақылды ұлық деп есепте» мақалымен үндеседі.
Данышпан адамгершілікті отбасылық тәрбиемен де ұштастырады. Оның «Ақ сүтпен сіңген жақсылық айнымады алғанша ажал қапсырып» деген сөзі халқымыздың «Сүтпен сіңген сүйекпен кетеді», ал «Бала білім жолын қусын, бесігінде-ақ білім жолын көрсеңіз» дегені «Баланы-жастан» сөзімен үндес келетіні аңғарылады. [30.47]
Жалпы, Баласағұн идеяларының негізгі нысанасы-білім, ақыл, адамгершілік, сұлулық. «Құтты бiлiкте» құтты қоғам құру, елдi көркейту мақсаты үнемі алғашкы кезекке шығарылады. Жүсiп Баласaғұн «Кедейдi орташаға, орташаны байғa» жеткiзіп, бектi құтайтуды, халыктың әл-ауқатын жақсартып, ырысын арттыруды басты мiндет етіп ұсынады. Мәселен:
Жақсыларды көтер жебеп еңсесін.
Жамандардан бүтін сақта ел шетін.
Нәсіп көріп алма қарғыс,назаны,
Зұлым заңмен боларсың ел мазағы.
Ақылымды көкірекке түй, біліп,
Берік, ұзақ сонда бектік, билігің.
Қандай мәселе туралы толғанса да, дана oйшыл адамды бакытcыздыка ұшырататын зорлық-зомбылық атаулыға, қоpлаy мен арамдыққа, қулық-сұмдыққа қарсы шығып отыpады. Өзі дүниенің мәнді тұғыры деп бiлген acыл қасиеттердi насихаттап,
«...Бай бол, кeдей бол адамшылықтан айныма. Туған екенсiң, әйтеyiр өлетiнiң де айкын. Оған қapan түңілме, азғындама. Адам бол, адамшылық ғұмыр кеш»,-дейдi.
Ақынның «Құтты білік» еңбегіндегі адамдарды жаман қылықтардан жирендіріп, жақсылыққа үндейтін ақыл, білім, тіл, жақсы мінез, сұлулық жайлы ойлары Алла тағала есімімен және Қасиетті Құран ғибратымен үндесе берілген.
Мәселен ғұлама:
Тәңірі адамдарды жаратты, үздік етті,
Оған өнер, білім, ақыл берді.
Көңіл берді, әрі тілін сайратты,
Ұят берді, (сондықтан) мінезі мен қылығы сының,- деп жырлап, мінезі сынық адамның жан дүниесінің бай келетіндігін меңзейді. «Адамдардың артықшылығы өнері, ақылы, білімі болса, ол- адамның өз қажеттіліктері үшін таптырмайтын қасиет»-дей отырып, адамдарды осы асыл қасиеттерді бойына жинақтауға шақырады. Бұл ойлардағы басты мақсат-адамның өзін-өзі тәрбиелеуі.[31.49]
«Құтты білікте» қоғам жетекші өкілдерінің шынайы ғылым мен еркін ойлауға ұмтылысын көрсеткен. Осыған байланысты ол өзінің замандастарының назарын білімсіз танымға қол жеткізу мүмкін еместігін айтады: әлемді терең тану үшін білім мен ілімді жүйелі түрде толықтырып отыру қажеттігін айтады. Адам іс-әрекетінде білім ол-денсаулық, жан тазалығы, денсаулық пен бақыт.
Шығарманың негізгі баптары- Ақыл-ойдың күші, Білімнің пайдасы, адамзат қоғамының дамуындағы Ғылымның орны туралы. Бұл трактаттың көп бөлімдері өміріндегі, бақыт туралы ойлар, жаман мен жаман қылықтар, сөздің жағымды және жағымсыз жағы , әр түрлі деңгейдегі басшылар мен әміршілерге қажетті қасиеттер туралы, әр түрлі қоғам өкілдерімен тіл табу туралы ойларға арналған. Дастанда отбасының жеке некенің мәселелері, жасұрпақты тәрбиелеу ата-аналар мен балалардың қарым-қатынасы негізгі орынға ие.
Жүсіп Баласағұн-түркілік ислам әдебиетіндегі мадақ жанрының негізін қалаушы. Ол өз шығармасында Аллаға иман, пайғамбарға сенім,сахабаларға құрмет,елін ойлаған қағанға ізет көрсетіп, ортағасырлық түркі әдебиетінде мадақ жанрының төрт түрін қалыптастырды. Ойшыл ақын елдің бұл өмірде бақытының бастауы хан екендігін шығармасына таңдаған төрт кейіпкердің бейнелері арқылы ұқтырады. Онда қоғамға қажет әділдік (патша), бақ-дәулет (патша уәзірі),ақыл-парасат (патша уәзірінің баласы), қанағат-ынсап (патша уәзірінің туысы)- бәрінің бастау-қайнары- хан.
Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанындағы адамгершілік ой-пікірлер мынадай негізде қарастырылған:
Жақсылық пен жамандық- Жүсіп Баласағұнның ойынша, күн мен түн секілді адам өмірінде де жақсылық пен жамандық қатар жүреді. Бірақ бұл қасиеттер бала бойына не туа бітеді,не жүре қалыптасады. Сондықтан дүниедегі екі түрлі адамдар болады: біріншісі-жақсы адамдар. Олар тумысынан жақсы болып туғандар мен табиғи жамандығына қарамай өмірдің ықпалымен жақсы атанғандар. Екіншісі-жаман адамдар. Олар-не жман болып туғандар, не жүре келе жаман адамға айналатындар. Қазақ халқы осындай туа біткен игі жақсыларға «қас жақсының баласы тартпай қоймас негізге» деп сүйсінсе, қанына тартып «қарайып» туған жамандарға «жатырынан қағынған» деп күйінген. Дастанда бес нәрседен қашық болуын ескертетін:
Ұшқалақтық-бірі, екінші-сараңдық,
Үшінші-ашу, оған егіз-надандық.
Қырсығың-сор, бетті жер қып жүргізер,
Бесінші-өтірік, жерге тірі кіргізер! [28.56]
Отбасы тәрбиесі (қыз балаға арналған үлгі-өнеге)
«Құтты білік» дастаны түркітілдес халықтардың төл туындысы болғандықтан, онда айтылған тәрбиелік мәні зор ғибратты ой-толғамдарының қазақтың халықтық педагогикасымен сабақтасып жатқанына назар аудармау мүмкін емес. Жүсіп Баласағұн қыз-бозбалаларды мезгілімен отбасы болуға шақырады. Уақыт өтіп кеткен бозбала мен бойжеткеннің ел ішінде сөзге қалатындығын меңзеп, үйде бойжетіп отырған қызды тез бұзылып кетер жас етке теңейді:
Қыз да бір ет, сақта, бапта қалайда,
Сақтамасаң, ет бұзылар, не пайда?
Жалпы, автордың қыз бен жігітті отбасылық өмірге қалай даярлау керектігі туралы айтқан ой-толғамдары қазақтың «Қызға қырық үйден тыйым» деген ұлағатты сөзімен үндес. Баласағұнның балаға деген махаббаты «Ай маңдайлы ұл-қыз туса алдыңда, тәрбиеші ал ізгілікті, көшелі, ұл-қызыңа әдеп үйрет, білім бер» деп келетін ақылынан көрінеді. Ал әйелдің көркемдігін ақын «Қыз қылықпен қылымсыр, құлқы кербез, сүйіндіріп, ұмсынсаң-қолын бермесе»деген сөзімен өрнектейді.
Рухани құндылықтар
Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігінде» өмір мәні пайымдалып, жалпыадамзаттық рухани байлықтар-мұрат, діни, этика, өнер және даналықтың мәні сараланған. Ғұлама ақиқатқа жету жолын адам мен әлемнің, ұлы ғалам мен микроғаламның үйлесімді болуы туралы қағидаға негіздейді. Төрт құдірет-от, су,ауа, жер жайлы ежелгі дәуірдің философиялық түсінігіне сүйене отырып әлем осы төрттағанның үйлесімінен жаралған деп санайды. Бұл жалған дүниені ақыл тезіне салып түзетуге болатынына да сенген ғұлама әлемдік үйлесімдік негізінде әділетті адмзат қоғамын құруды армандады. Сондықтан ол ғылым мен білімге зор мән берген. «Құтты біліктің» негізгі айтар ойы-адамның адами жетілуі мен кісілік кемелденуі, сол арқылы мемлекет пен қоғамды қуатты, мықты, құтты ету. Кісілік кемелдену жолына түскен адам-өзінің қасиетіне, қалыбы мен негізіне мейлінше жақындаған асыл жан. Дастан оқырманына құт-береке мен бақытқа өз адамгершілігін асыл етумен ғана жетуге болатынын ұқтырды. Ондағы «өзіңді ұмытпау» қағидасы адамның адамшылығын танытар қасиет-адамгершілік пен кісілікті жетілдіруге бағыттылған. Ақын өтпелі өмір мен өлім жайында терең толғанады. Оның ойынша, өкініштің ең ауыры өлшеулі өмірде дүние қызығы мен тән тілегі жетегінде кетіп, діл тазалығын сақтай алмаудан туады, сондықтан адам өзінің кісілік қасиетімен бірге өмірдің өткіншілігін де ұмытпауы қажет. [32.23-28]
Жүсіп Баласағұнның ғаламдық ғылым мен мәдениетте, соның ішінде мұсылман философиясында алар орны ерекше. Ғұлама ислам әлеміне «мейірім», «ақиқат», «сұлулық», «ғылым» және «адам» ұғымдарын бірлікте қарамтыратын күрделі тұжырымдаманы енгізді. Данышпан ғалымның философиялық мұрасында оқымысты адам этикасы, оның қоғамдағы мінез-құлқы, маңайындағы адамдар тағдырына жауапкершілігі, алауыздықты, қантөгісті және басқа да әлеуметтік қарама-қарсы күштердің немесе мүдделердің қақтығысуын қақпайлау мәселксі негізгі тақырып болып алынады. Оның ойынша, егер кімде-кім өнегелі қасиет пен қайырымдылыққа, оған қоса игілікке қабілетті болмаса, ғылымда елеулі жетістікке жете алмайды.
Сондай-ақ әдемілік пен қайырымдылық тақырыбы, эстетикалық және этникалық ұғымдардың бірегейлігі де туындының негізгі нысаны болғанын айта кеткеніміз жөн. Ғұламаның түсіндіруінше, мінез-құлықтық, интеллектуалдық қайырымдылық-ерекше эстетикалық құндылық болып табылады. Мінез-құлықтың қайырымдылық әдемілікті тудырса, мінез-құлықтың қатыгездігі ұсқынсыздықтың өршуіне себепкер болмақ.
«Құтты білік» дастанында халық қамын ойлау, халыққа қамқорлық жасау билік иелерінің басты міндеті болып келеді. Күнтуды Елік өзін:
Дүниенің нұрлы жомарт алыбы-
Күнді қара, сөнбейтұғын жарығы.
Жарқыраған күнді көр де, көр мені,-деп сипаттайды. Күн жер бетіндегі барлық тірі жанға бірдей өзінің сәулесін шашады. Күн нұрына бүкіл адамзаттың бірдей тамсануға мүмкіндіктері бар;
Шыққан соң Күн, жаман-жақсы демейді,
Жарық төгіп бәрін бірдей жебейді,-деген бәйітпен Баласағұн аспандағы күнді адам бойындағы ізгі қасиетпен байланыстыра білген. Табиғаттың ізгі заңдылығын басшылыққа алған ғұлама дастандағы бас кейіпкер Елікті Күнтуды деп атайды. Бұдан ғұламаның терең философиялық ой-өрісін байқауға болады. [33.40]
«Құтты білік» дастаны оқырманына құт-береке мен бақытқа өз адамгершілігін асыл етумен ғана жетуге болатынын ұқтырады. Ондағы «өзіңді сақтау», «өзіңді ұмытпау» қағидасы адамның адамшылығын танытар қасиеті- адамгершілік пен кісілікті жетілдіруге бағытталған. Ақын өтпелі өмір мен өлім жайында терең толғанады. Оның ойынша, өкініштің ең ауыры өлшеулі өмірде дүние қызығы мен тән тілегі жетегінде кетіп, діл тазалығын сақтай алмаудан туады, сондықтан адам өзінің кісілік қасиетімен бірге өмірдің өткіншілігін де ұмытпауы қажет.
Адам баласының қадір-қасиеті біліммен, ақылмен екендігі айтылады
Адамды хақ жаратты да ескерді:
Оған ақыл, білім, өнер, ес берді.
Көңіл берді әрі тілін тербетті,
Ұят берді, берді құлық, келбетті.
(Ділін оңдап, ерік берді тіліне,
Ұят берді қылық-құлық, тініне!)
Білік берді-адам бүгін жетілді,
Ақыл берді-талай түйін шешілді.
Кімге хұда берсе білім, ақылды,
Қолы жетіп, алар ол мол асылды!
Ақылды-ұлы, біл, білімді-білікті,
Қонса екеуі, ұлы етер жігітті.
(Ақылды-ұлық, білікті-ұлы, қарасаң,
Екеуі ұлы етер құлдың сарасын.)
Бұл сөзіме куә мұндай сөз де бар,
Сөзді естіп, аларыңды көздеп ал:
«Ақыл қайда болса, ұлылық толады,
Білім кімде, сол білікті болады.
Ақылды ұғар, білімділер біледі,
Түгел болар білімді, есті тілегі!»
Білік мәнін біл, не дейді білген ер:
Білім білсең, бәле жүрмес іргеден.
Білімсіздер бар кеселді көреді,
Емдемесе, тектен-текке өледі.
(Надандарды дерт пен бәле үйірер,
Емдемесе, ерте сөніп, күйінер...)
Кел, ай, надан! Дертке дауа жасағын:
Надан білім алса, құты тасады.
Ақыл-бұйда, ере түссең-жетелер,
Сансыз арыз-тілегіне жетер ер!
Ақыл болса, пайдасын ер көп көрер,
Білім білсе, әзіз тірлік өткерер!
Ақыл күллі ісіңді алып шығатын,
Бұл біліммен көрер бектер мұратын!
(Күллі ісіңді ақылыңмен баптағын,
Уақытыңды біліміңмен сақтағын.)[34]
Сонымен дастанның алғашқы бәйіттері халық бағалаған адамгершілік, білім мен тіл өнері, адам баласының қадір-қасиеті біліммен екендігін айтудан бастауы тегін емес. Құт та, ырыс та-білімде. Бақытың-ақылыңда. Көне дәуір ғұламасының халық санасында жүрген прогрессшіл идеялары сонау XI ғасырда айтылған. Дәстүріне берік қалыптасып, бүгін халықтың тәлім-тәрбие негізіне айналған. Жүсіп Балсағұн сол 1069 жылы: Білім күтпе қызба адамнан , тасырдан; Ашулы адам адасады ақылдан; Қызбалық-сұм, ақыл-естен тандырар: Жайсаң ерді ашу қапы қалдырар!(334-336-бәйіт); Ұры-қары қол жеткізіп ала алмас! (313-бәйіт); Кісі мәңгі болмас, мәңгі-ат,ары; Мәңгі қалар оның жақсы атағы! (229-бәйіт), -деп жазса, бір таңданарлығы осынау өлең жолдарындағы ақылды ойлар халық даналығында күні бүгінге дейін сақталып келгені ғаламат. Ақын сол кездегі ұлан-байтақ өлкені жайлаған түркі халықтарының рухани өмірінің халықтың эстетикасының мәнін, дәнін қағазға көркем түсірген.
Адамшылдықты, жақсы атты бол! Жүрген тынып, тынған ақыр өледі. Уақыт та, өмір де бір орында тұрмайды. Келген кетеді. Туған өтеді. Бек бол, бай бол мейлі, кедей бол мейлі, бір қара жердің қойнында теңеледі. Ал, жақсының өзі өлсе де аты өлмейді. Жаман ат та сондай. Құттың құты, бақыттың бесігі билік те, байлық та емес адамшылық. Адамдық. Адам бол, арлы бол, ізгі бол. Міне, Жүсіп Баласағұн дастанының көкірекке құяр бір сыры:
Кісі міні ақылменен күзелер,
Халық міні білімменен түзелер.
Ақылды бек-басшысы елдің шырығы,
Қылыш жұмсау-білімсыздің қылығы (221-222-бәйіт).
Адам бол, ақылды болу деу бір басқа да, оның жөн-жобасын көрсету, бағыт беру бір басқа. Баласағұн адамшылық негізін қанатты, даналық сөздерімен сіңіреді. Жақсы-жаманның тіл-жағын айырып көрсетеді:
Пайдасы көп, аз ақылды аз деме,
Қадірі көп, аз білімді аз дем! (305-бәйіт)
Бұдан нақты түсіндіру мүмкін емес. Білімді, ақылды болумен іс бітпейді, аз да болса пайдасын, қадірін көрген жөн. Енді бірде: Төрт нәрсе бар, аз деп ұғып, кейіме, Дана айтқан сөзді түйген зейінге; Бұл төртеудің біреуі-жау, бірі-өрт, Үшіншісі-тіршіліктің торы-дерт, Бұлардан тыс біреуі бар, ол-білім, Осыл көрме, төртеуінің ешбірін (310-312-бәйіт)
Жау, өрт, дерт, білім. Бұларды аз деп ойлама. Көп бұлардың пайдасы да залалы, бірі беріп, екіншісі алады дейді. Білімді ақын химиәға (химия) теңейді. Ақыл-ойдың тоғысып, қорытылып шығатын ордасына балайды. Білім де жұпар сияқты тез тарайды дейді:
Жұпарды жасырсаң, иісі білдіреді,
Білімді жасырсаң, тілің айтып бүлдіреді.
Білімнің табиғаты, ерекшелігі трактаттарда айтылғандай-ақ талданып, түсіндірілген. Бұған көптеген ғалымдар да назар аударып, білім, ақыл кісіге бейне кісен сияқты деген ойды да өрбітеді. Білімді адам кісенді ашып қылмысқа бармас. Кісенделген керек жерінде даяр тұрар. Осы ойды өрбіте отырып, тағы бірде надандар босып, бүлдіріп жүр, жүргенсіз, надандарды кісендеп, шідерлеу жөн дейді. Ақыл, білімге қарама-қарсы ұғым-надандық. Білімді мадақтай отырып, ақын надандық, көрсоқырлықтың адамды аздыратын, азғындататын белгілерін мінейді, жирендіреді:
Ақылдыға лайық-құрмет жүгініс,
Ақымақ жан, топырақ қой бір уыс!
Бағып көрсең, мына бір сөз жаңылтпас:
Ойсыз надан өзін-өзі жарытпас!(297-298-бәйіт)
Надан адамға өзінің көргені мен білгені де жау дейді:
Біліктіге білім-күллі тон, асы,
Білімсізге, қылығы- сұм жолдасы! (320-бәйіт)
Логикалық-құрылымдық кестеде ақыл-ой, әділет, әдептілік, адамгершілік, имандылық, отбасы, еңбек тәрбиелерінің түрлері аталған. Дастанда бұлар төрт діңгектің тәрбие бағыттарына негізделіп, педагогикалық тәлім - тәрбие ерекшеліктерін анықтайды. Бұл мынадай мысалдардан көрінеді.
(Күнтуды Елік):
Әділдікке, турашылдыққа тәрбиелеу:
Әділдік-құт. Құт құрығы кішілік. Әділдіктің заты-тұнған кісілік
(865-бәйіт)
Әділ заң-басшылықтың тұғыры. Заң бар жерде, берік елдің жұлыны (819-бәйіт)
Турашыл ер тілі-шері, тыңдалық. Түгел сөздің түп атасы-туралық (921-бәйіт)
Ізгілік тәрбиесі.
Рахат, Даңқ, Қуаныш һәм салтанат-ізгі ниет еншілейтін мархабат.
Ізгі жүрек ізгілігін сақтайды. Жомарт жандар құнын тілеп жатпайды. (857-бәйіт)
Құт, дәулет Айтолды:
Сөйлеу, тыңдау қабілетін қалыптастыру:
Жүйелік сөйлеу-ұлылық, өсірер ол құлдың дағы құзырын (1001-бәйіт)
Сөз қуаты шығарар ел төріне. Жер түбінен самғатар ең көгіне
(1002-бәйіт)
Көп тыңдай біл, аз сөйлеп тез түсіндір. Ниет қойып, ой мен сезім күшін біл (1010-бәйіт)
Шыншылдыққа тәрбиелеу:
Тура сөзден- тартпа тілді, өңін қи. Өтірікте-өз тіліңді өзің тый
(1026-бәйіт)
Жүсіп Баласағұн халық тәліміндегі өсиет сөздерді басшылыққа алып, төрт діңгектің көзқарасымен тәрбие бағыттарын жүйелеуге тырысады. Яғни адамгершілік, әділет, бас кейіпкер Күнтуды образы арқылы сипатталса, ақыл-ой төңірегіндегі ойшылдың бағдарламалы идеялары ғылыми тұрғыда берілген. «Адам баласының қадір-қасиеті біліммен, ақылмен» деген тақырыпта адамға тән қасиеттің тоғыз түрі аталған:
Адамды хақ жаратты да ескерді:
Оған ақыл,білім, өнер, ес берді
Көңіл берді, әрі тілім тербетті,
Ұят берді, берді құлық келбетті (147-150-бәйіт)
Дастан тәлім тәрбиелік ой−толғамдарына өте бай және аса көркем стильде жазылған.
Баланың мінез−құлқы жақсы тәрбиеден туындайды. Егер бала ебедейсіз, шамшыл, өбектеліп өсетін болса, бұған бәрінен бұрын оның ата−анасы кінәлі. Отбасы үшін бала− зор қуаныш. Баласыз бақыт жоқ, бірақ баланың тууы ата−анаға зор міндет,жауапкершілік те жүктейді. Отбасы тәрбиесі – бала мінез−құлқы мен психологиялық бейнесін қалыптастыру негіздерінің негізі. Сондықтан оны балғын шағынан оқытып, жақсылап тәрбиелеу керек («Үй шаруасы мен баланы дұрыс күтіп−бағу үшін тазалық сақтайтын әйел таңда»). Баланы тәрбиелеу−әкенің парызы («Егер бала тәртіпсіз болса, оған әкесі де кінәлі»). Ақылды, білімді етіп тәрбиелеу үшін әке−шешесі баласын үнемі назарда ұстауға тиіс. Дастан авторы өз баласын орынсыз еркелетудің дұрыс еместігін айтады. Балаларды қолөнерге баулу, ғылым−білімге қызықтыру− ата−ананың қасиетті парызы («Балаңыз өмірде өксімес үшін оған білім мен кәсіп бер»). Үлгілі тәртіптің негізі−білім, әдет−дағдыларға машықтану. Сондықтан баланы кішкентайынан тіл алғызу, үлкендерді сыйлауға, ағайын−туысты, ата−ананы қастерлеуге үйрету керек. Жүсіп жас жеткіншектерді үнемі ақыл−ойын дамытып отыруға, табиғаттың құпия сырларын танып білуге шақырады. Егер жақсы адам болғың келсе, онда білімді мол игеретін бол. Білімсіз адам− бұл надан адам.
Шығармада сондай−ақ адамдардың бір−бірімен қарым−қатынас жасау, сөз өнері, адамның әр түрлі жақсы−жаман қасиеттері туралы кең көлемде әңгімеленеді.
Адалдыққа−адалдық, кісілікке−кісілік жасау туралы айтылады
Баянды, ұзақ бектік құрсам десеңіз,
Төрт шартты орында, түгенделер есеңіз.
Бірінші−тіл; ақ сөйле, айт ашығын,
Екінші− заң; ұстап адал, асылын!
Үшінші−елге қолың ашық, сақи бол,
Жаныңды қос, жұртпен мәңгі−бақи бол!
Төртіншісі− керек қуат, қайсарлық,
Жаудың мойнын иіп, тегіс жайпарлық!
Бек қолынан бұл төртеуі келмесе,
Жасып , жүдеп, бола қоймас елде еңсе!
Достарыңызбен бөлісу: |