Кіріспе
Дипломдық жұмыстың өзектілігі. Кейінгі уақытта қазақ тілі синтаксисінің салалық арнасы дамыды. Оның сөз тіркесі мен сөйлем синтаксисі бұрыннан ғылыми талдауға түссе, сөзтұлға мен мәтін саласы арнайы зерттеулерді қажет етті. Диплом жұмысының тақырыбы осы саланың, жалпы синтаксис саласының алғашқы түрі болып танылатын сөзтұлға синтаксисінің нысанын қарастырады. Мұны біз салаласқан тіркестер тақырыбымен тарқатуды қаладық.
Қазақ тілі синтаксисінде салаласқан тіркес атты атау салыстырмалы түрде кейінгі уақыттың жемісі десек болады. Алғашқы тілтанымпаздардың еңбектерінен аталған терминсөзді кездестіре алмаймыз. Ал бұл мәселенің синтаксис іліміне енуі 1960 жылдардың ортасы болса керек. Оның өзінде ол тақырып сөйлем мүшесіне қатысты өрбіді. Осы себептен де сөйлем синтаксисінің нысаны болып тарқатылды. Оның өзінде олардың толық жасалу жолы танылды, байланысу амалдары түгесілді деп айту ертерек еді.
Дипломдық жұмыс осы мәселелерді алдыңғы орынға шығарады. Біз тақырыпқа қатысты жол үсті тұжырымдарды кездестіргеніміз болмаса, нақты ғылыми тұжырымға бағынған жорамалдарды байқамадық. Тақырыптың пайда болау, жасалу, қолданылу аспектісі де жеке тақырып ретінде бағаланбапты. Сондықтан да болар, дипломдық жұмыстың басты мақсатына айналған тақырып аясында оның жасалуын жинақтау (морфологиялық белгілері), байланысу амалдарын түгендеу (фоно-синтакстік белгілері) және жеке салалық қызметін анықтау (синтаксистік белгілері) оның синтаксис саласындағы орнын айқындауға мүмкіндік береді деп білеміз.
Дипломдық жұмыстың мақсаты. Қазақ тіл білімінің сөзтұлға синтаксисін тарқатуды қалайды. Оның ішінде салаласқан тіркес мәселесінің тіл біліміндегі орнын анықтауды мақсат етеді. Аталған тілдік бірліктің тіл біліміндегі орнын анықтау, ғылыми зерделеудегі қайшы пікірлердің нәтижелерін байқату да басты мақсат етіп қойылды.
Дипломдық жұмыстың міндеттері. Дипломдық жұмыс мақсаты мына мәселелердің шешілуін міндеттейді:
▪ салаласқан тіркестің зерделену жайын анықтауды;
▪ салаласқан тіркестердің өзіндік белгілерін жинақтауды;
▪ салаласқан тіркестің басқа тілдік тіркестермен салыстыруды;
▪ салаласқан тіркестің құрамдық сипатын көрсетуді;
▪ салаласқан тіркестің жасалу жолын айқындауды;
▪ салаласқан тіркестің оқытылу үдерісі ерекшелігін жеткізуді.
Достарыңызбен бөлісу: |