Дипломдық ЖҰмыс салаласқан тіркес: жасалуы мен оқытылуы 5В011700-Қазақ тілі және әдебиеті Павлодар 2021



бет7/18
Дата09.12.2022
өлшемі386 Kb.
#161956
түріДиплом
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   18
Байланысты:
Салаласқан тіркес жасалуы мен оқытылуы

1) Салаласқан тіркес пен сөз тіркесінің арақатынасы. Бұл екі бірлік өзара тым ұқсас. Ең алдымен, олар кемі екі толық мағыналы сыңарлардан тұрады. Бірақ салаласқан тіркес сыңарларының бір-бірімен байланысы тең дәрежелі де, сөз тіркесінің сыңарлары бағыныңқы-басыңқы сипатқа ие. Екіншіден, салаласқан тіркес сыңарлары өзара интонация мен жалғаулық шылаулар арқылы байланысқа түседі. Ал сөз тіркесі сыңарлары орын тәртібі амалы, атау мен ілік септіктен басқа септік жалғаулары және ілік септік пен тәуелдік жалғауының қызметінен болады. Мысалы: Бәрін қойып, шыжықтай шыжғырған ыстығын айтсайшы; жыл бойы етік, бөрік, шұлғау, тон дегендердің не екенін білмей өтесің. Мұндағы етік, бөрік, шұлғау, тон сөздері салаласқан тіркестің нысаны да, шыжықтай шыжғырған, шыжғырған ыстық, ыстығын айтсайшы байланысулары сөз тіркесінің нысаны. Алғашқыларының байланысу амалы – интонация; екіншісінің сыңарларын байланыстыруда орын тәртібі (алғашқы екеуінде) мен септік жалғауы (соңғысында). Бұл – бір. Екіншіден, алғашқысының орнын алмастырып қолдансаң да байланысу амалы да (интонация), мағыналық қатынас та өзгермейді. Ал сөз тіркесі сыңарларының орнын алмастыру болмайды. Ауыстыра қалған жағдайда мағыналық байланыс болмайды немесе синтаксистік қатынас түрі өзгереді. Мәселен, шыжықтай шыжғырғандағы синтаксистік қатынас – пысықтауыштық, орнын алмастырсаңыз предикаттық қатынасқа өзгереді. Шыжғырған ыстықты ыстық шыжғырған десең анықтауыштық қатынастың предикаттық қатынасқа ауысуын аңдаймыз. Сол сияқты келесі мысалдағы толықтауыштық қатынас орын ауыстырсаң да сақталады. Бірақ байланыс инверсиялық құбылыс нәтижесінен стилистикалық қолданысқа ауысады. Бұл жайтты ғалым К.Аханов та назадан тыс қалдырмаған болатын. Ғалым пікірін толық берсек, «Сөз тіркесінің құрамындағы сөздердің орны, әдетте, тұрақты болса, салалас қатардың құрамындағы сөз орындарын емін-еркін алмастыра алады. Сөз тіркесінің құрамындағы сыңарлардың оның мазмұны мен грамматикалық табиғатын өзгертіп жіберсе, салалас қатардың құрамындағы сыңарлардың орны ауысуы, мысалы, салмақты да сабырлы немесе әке мен бала дегендердің сабырлы мен да салмақты, бала мен әке түрінде орны жағынан алмаса қолданылуы салалас қатардың мазмұнына да, грамматикалық табиғатына да әсер етпейді. Аталған ерекшеліктер сөздердің салалас қатары мен сөз тіркесінің жігін ажыратуға көмектеседі және олардың әр басқа құбылыстар екендігін аңғартады» [6; 390].
2) Салаласқан тіркес пен түйдекті тіркестің арақатынасы. Бұл екі бірлікті жақындастыратын құрамдық ерекшелік. Екеуі де кемі екі сыңардан тұрады. Айырмашылығы сол, түйдекті тіркестің екінші сыңары көмекші сөздерге байлаулы. Ал ондай байлаулылық салаласқан тіркестерде жоқ. Қараңыз: Бір сәт ішінен қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған Цейлонда неге тумадым екен деп өкінеді. Осындағы тумадым екен деп тіркесімі түйдекті тіркестік құрылым. Оның алғашқы сыңарында (тумадым) лексикалық мағына бар да, қалған сыңарлары көмекшілік қызметте тұр. Ал салаласқан тіркес үшін көмекшілік қызмет мүлдем бағдарланбайды.
3) Салаласқан тіркес пен түйіспелі тіркестің арақатынасы. Құрамдық ерекшелік пен сыңарларының жеке тұрғандағы толық мағыналықтылық аталған екі тіркеске тән нәрсе. Бірақ салаласқан тіркес сыңарлары белгілі бір сөз табының байланысуынан болады. Ал түйіспелі тіркес сыңарлары әр түрлі сөз табының байланысынан таралады. Біз жоғарыдағы мысалдан (Бір сәт ішінен қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған Цейлонда неге тумадым екен деп өкінеді) түйіспелі тіркесті (Бір сәт) де тауып отырмыз. Бір қарағанда жеке сыңарлардың өзіндік мағынасы бар. Бірақ оны түйіспелікке алып келіп тұрған оның синтаксистік мағынасы, яғни ол өзара екі бірліктен тұрып, бір ғана синтаксистік қызмет атқарады.
4) Салаласқан тіркес пен атаулық тіркестің арақатынасы. Мұнда да құрамдық ерекшелік бар. Екеуінде де кемі екі сыңар бар. Сонымен бірге екеуі де бір сөз табының қызметінен бола алады. Айырмашылығы сол, салаласқан тіркес сыңарлары ешқашан бірігудің, кірігудің заңдылығына бағынбайды. Демек, тек синтаксистік сипатта қала береді. Ал атаулық тіркес сыңарларының байланысы бара-бара біріккен, кіріккен түбірлерге айналу қабілеті сақталады. Демек, синтаксистік сипаттан шығып, лексикалық бірлікке айналуға бейім келеді: Ауа райы бұзылғалы тұрған сыңай танытады. Мұндағы атаулық тіркес (ауа райы) қоғам өзгерісіне, сұранысына сай бара-бара ауарайы сынды бірігуге ұласады. Тек ол уақыттың аз-көптігіне байланысты ғана құбылыс. Тағы бір мысал: Тек су жаңа құрым етігі ғана сықыр-сықыр етеді мысалындағы құрым етігінің қазіргі уақытта құрыметік болып айтылып та, жазылып та жүргені анық.
5) Салаласқан тіркес пен фразеологиялық тіркестің арақатынасы. Фразеологиялық тіркесте лексикалық мағына бар да, салаласқан тіркесте синтаксистік мағына бар. Жоғарыдағы сөйлем ішінде (Бір сәт ішінен қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған Цейлонда неге тумадым екен деп өкінеді) тұрақты тіркестік те құрылым бар (қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған). Бұлардың бөліктерін бөле-жаруға тағы да болмайды. Ол солайымен жеке тілдік бірлік. Бірақ ондағы мағыналық тұтастық, орын алмастырмау сынды өлшемдер салаласқан тіркеске жат нәрсе.
Саралай келгенде, салаласқан тіркестердің танылу үлгісі жоғарыда талдаған теориялар арқылы көрініс тапты, көркем шығарма мысалдары арқылы тәжірибелік тұрғыдан шыңдала түсті. Нәтижесінде, тіл білімінің синтаксис саласы жаңа тілдік бірлікпен толықты деп білеміз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   18




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет