ІІ тарау «Ұлпан» романындағы Ұлпан мен Есеней бейнесі және олардың тарихи тұлғалары
Ғабит Мүсірепов шығармашылығында аяулы, асыл, қасиетті аналар образын бейнелеуге ерекше назар аударған суреткер жазушы.
Романның өзіне келетін болсақ, бұл роман үш бөлімнен және жиырма төрт тараудан тұрады. Әрбір жеке тараулары рим цифрымен белгіленген. «Ұлпан» романында тоқсанға жуық образдар бар.
Шығарманың оқиғасы – ХІХ ғасырда қазақ даласында болған тарихи шындықтарға негізделген. Романның Ұлпан, Есеней, Мүсіреп тәрізді кейіпкерлері өмірде болған адамдар. Романның атына лайық оның ең басты кейіпкері, әрине, Ұлпан.
Ұлпан – романтикалық характер. Тарихи адам өмірінің реалды шындығын жазушы оны сәл көтере түсер, өз ортасынан оқшау шыққан адам екенін танытар қаһармандық қасиеттермен әрлейді. Қарапайым қазақ қызының іс-қимылы да, сөзі де бір көргеннен ірі танылады. [ 2, 125].
Батырдың ерке қызы шаңырақтың ошағы, үйдің ұстыны болып, яғни жоқтың өзі бар, аздың өзін көптей етіп отыратын, он саусағынан өнері тамған Несібелі ананың қызы Ұлпанға ұяда көрген тәрбиесінің арқасында Есеней ғана емес, бүкіл ел қызыққан, сүйсінген. Ұлпан ата-анасының тұңғышы мен жалғызы болғандықтан, өте еркін өсіп, еркекшора киінген.
«Қаршығалы» шұбарына көз тіге келген Есеней тобының алдынан жігітше киініп шыққан қыз өтінішінің өзінде ерекше бір асқақтық барын «түрікпен» Мүсіреп бірден байқайды. Онысын бетіне айтқанда, қыз айып тартқан болып, атын тастап, тағы да салмақ салып кетеді. Бұл салмақ өмірі кісі алдында айып тартып көрмеген Есенейді атына ат қосып қайтаруға мәжбүр етеді.
«Ерке болушы еді, ығыспай сөйлейтін қыз болыпты-ау? Зейінді, зерделі боларсың деп ойлап кетіп еді, ойлағаны келген де қойған. Ұтқызбай кетті ғой».
Төрт-бес жасында Артықбай батыр үйінде кездесіп, әке мен баладай достасып кеткен Ұлпанды Есеней осылай еске түсіреді. Сондай-ақ көркіне мінезі сай биязы да инабатты, сұлу да сымбатты. Ұлпанның инабатты екенін романның мына тұстарынан байқаймыз:
Бала жігіт бұл жолы да тез жауап қайтарды:
- Арызымызды айтып кел деген жұрт асқақтай сөйле деп тапсырған жоқ еді, ағалар. Солай болып шықса айып өзімде. Жүйелі сөз жүйесін табар, жүйесіз сөз иесін табар деген бар ғой. Міне, айыбым! – деп атынан түсе қалып ұзын шылбырын Кенжетайға қарай серпіп жібереді.
- Әйтеуір ат жетелеп жүр екенсің, мынаны жетелей жүр.
Міне, осы тұстарынан еркекшора киінген Ұлпанның Есеней мен оның жанындағы төрт адамдарға осылай жауап қайтарып кетті.
Сонымен қоса, Ұлпан сөзге шешен, ақылды да, батыл қыз болып өседі.
- Ойдағы он ауыл Сибанның барлық малын айдап әкелсе де бір қыс асырап шығуға «Қаршығалының» шұбары жетер еді. Жалғыз Есенейдің жылқысын асырап шығуға жеріміз жетпей жатса, айыпты болмақпыз ба?
Ұлпан кейде әкесіне ақыл-кеңесін беріп отыратындығын осыдан байқауымызға болады.
Тағдыр ісіне мойынсұнып, қарап отыру – Ұлпан характеріне жат. Феодалдық ортаның әйел қауымына құрып қойған тұзағынан біржола босап кетуді ойламаған ол өзіне бұйырылған ырзық көлемінде еркін, өз ықтиярымен тіршілік құруды қалайды. Оның Мырзаштан құтылуға талабы да осының бір көрінісі. Мырзаштан құтылады және одан өз күші емес, Есеней сияқты күштінің қолы құтқарады. Тағдыр құрығы ұзын емес пе? Бірақ мұның артында Есенейдің өз құрығы дайын тұрғанын Ұлпанның аңғарған да түрі бар. Есенейден құтылар күш жоғын Ұлпан біледі. Сондықтан да Есенейдің сөз салғанын естігенде, оның ойына келгені: «Ағашқа асылып өлмесең, құтыла алмайсың. Есенейден арашалап алып қалар адам жоқ. Айтты – болды. Басың болса – ие бер, тізең болса – бүге бер. Тек түрікпен Мүсірепке қайтарған жауабында: Бірақ ағаңның есінде болсын – Ұлпан арзанға түспейтін қыз», - дегенді қоса айтып шарасыз көнеді. Мұнысы: Есенеймен сөзді басынан ашып алу, үлкен ордаға тоқал емес, бәйбіше болып кіру болатын. Есеней өзінің бүкіл өмірін сарп етіп етіп жеткен есенейлігін оп-оңай Ұлпанға бере салды. «Қырыққа келгенде біздің елдің Есенейі сен боларсың. Оған дейін сен менің Есенейім бола тұр...» − дейді [7, 103]. Ұлпанның өзі білетін дүниенің бірінші адамы – Есеней де, егер бұл ойы іске аса қалса, екінші өзі болмақ. Ұлпанның өзінің осы ойын іске асырады.
Осыны істетіп отырған Есенейдің кеңдігі, жомарттығы басым ба, жоқ әлде, өз басынан дәурен өтіп бара жатқанын сезгендіктен, сол есенейлік біржола құрып кетпесін деп, көзі тірісінде бір сенімді қолға тапсырып қоюға бекінген өзімшілдіктің ішкі есебі басым ба? Қалай болған да Ұлпан есенейлікті өзінше қабылдап, өзінше пайдаланады.
«Тоқтай тұр әлі, біраз көрейін, көрмегеніме көзім үйренсін, білмегенімді біліп алайын. Тоқтай тұр әлі...». Осы «тоқтай тұр әлі ... « бұдан кейінгі бүкіл Ұлпан әрекетінің ішкі өзегі секілді естіледі.
Әрине, мұның барлығы феодалдық-патриархалдық тәртіптің көбесі сөгілмей, тұтасып тұрған кезінде бір әйелдің басына артығымен жетіп жатыр еді.
Ғ. Мүсірепов бір шығармасынан екінші шығармасына асқан сайын өзінің шебер суреткер екенін дәлелдей түседі. Ол бір сәт те өткенге тоқмейілсіп тоқтап қалған емес. Ылғи ізденісте болған. Жазушы осындай тынымсыз ізденістен туындаған көркемдіктің талай үлгілерін «Ұлпанда» ұсынады.
« – Ол үйде отырған бәйбішеңіз бар емес пе? – Жоқ. Мен Өреліде тұрамын, ол кісі Сөреліде тұрады. Арамыз құдайға илансаң, жеті жылдық жол.
Есенейдің жұмбақтап айтқанына Ұлпан ойланбай-ақ түсінді» [11, 373]. Өрелі ат деп бір алдыңғы аяғынан, бір артқы аяғынан шалыс шідерленген атты айтады. Бұл күнде естіп жүрген сөзі. Ондай ат бос та емес, түгел тұсаулы да емес. Есеней өзін солай өреленген атқа теңеді.
Сөре деп жаугершілік заманда өлген адамдарды мекеніне апарып жерлегенше қалдыра тұратын жарым, үй-жарым жапқаны айтады. Сол кездерден қалған «Сөрелі» деген жерлердің талайын Ұлпан өзі де біледі.
Арамыз жеті жылдық жол дегені – жеті жылдан бері осылай тұрамыз дегені де. Әйтеуір Есеней құрығынан құтылмасына бой ұсынып қойған Ұлпан ең болмағанда тоқал емес, үлкен орданың бәйбішесі боларына көзі жетті» [11, 373].
Қазақтың шешендік сөздерінде кездесетін үлгі. Егер де Есеней «өрелі», «сөрелі», «жеті жылдық жол» деген сөздерді қолданбай, барды барынша айтып, жұмбақтай сөйлемесе, осы бір жолдар қарабайыр болып шығар еді. Оның үстіне, автор, Ұлпанның таным-түсінігінің де мол екендігінен хабар беріп отыр.
Ұлпанның мінезі де ашық жарқын, ақ көңіл. Әрі өз ой-пікірін ашық, нақты жеткізетін болған.
Жазушы романдағы әрбір сюжетті көз алдымызға елестеп отырғандай көркемдегіш тәсілдермен суреттеген. Мәселен:
Ұлпанның тұла бойы тітіркеніп кетті... бала мінезді болушы еді, қатты қорыққан екен. Жас балаша жылады. Ерке болса да ер мінезді болушы еді, қорланып жылады. Үйге қадірлі қонақтар келген күні ұятқа ұшырап қалдым-ау деп, ұялғаннан жылады.
Романда Ұлпанның кішкентайынан бір маралды жанындай жақсы көретіні де суреттеледі. Яғни, жігіттер көлге түскен маралды қалай ұстаудың айласын таба алмай Артықбай шалдың үйіне келіп, садағын сұрағанда, Ұлпан әкесіне бергізбей қояды. Сонда:
- Тиюші болмаңдар! Бұл менің маралым! – деп үйден қуып жібереді. Ұлпанның жанашыр ретінде қол ұшын берген әрі сенімді досы болған- «түрікпен» Мүсіреп. Олар әрі бір-бірімен ағалы-қарындасы ретінде араласып, кейде қалжыңдаса беретін. Оны романның мына тұстарынан байқауға болады:
- Мүсіреп аға, қасқырға тым кеш шығыпсыз ғой? – деді.
- Қасқырға емес, саған амандаса кетейін деп келе жатырмын, қарағым. Ертең елге қайтатын едім.
- Елге? Бізді осылай тастап кете бересіз бе?
- Тастап дегенің не айналайын-ау... Сені кім қиып тастап кетер! Ұзамай қайтып келемін.
Ғабит Мүсірепов сонымен қатар, Ұлпанның мінезі мен оның сүйініш -күйінішін суреттеген. Мына төмендегіден оның сүйініш - күйінішін көреміз.
Ұлпан бір түсініксіз күлкімен күле бастады. Тоқтай алмай күлді. Қуаныш күлкісі, ойын-қалжың күлкісі бұлай болмайды. Бұлай күлгенінен жылағаны жақсы болар еді. Жынданып кеткендей атынан ауып, ар жағына қарай қүлап барады. Мүсіреп Ұлпанның тізгін ұстаған қолынан шап беріп өзіне қарай жұлқып қалды. Жындана бастаған адамды шошындыру керек.
Романның екінші бөлімінде Ұлпанның ақылы мен адалдық қасиеттері, ерік-жігері мен батылдығы, парасаттылығы мен кішіпейілділігі молынан суреттеледі. Ұлпанның акылдылығымен қатал, қатыгез болған Есеней бірте -бірте жұмсақ, көңілді бола бастайды. Ұлпан Есенейді әрі билей, әрі еркелете сөйлейді. "Бозбалам", "Жолбарысым" деп те атайды. Есенейдің ақылдасары да, әйелі де, қызы да, тіпті шешесі де сол Ұлпан ғана болады.
- Келін! - деді Ұлпан Айтолқынға, - шымылдығыңызды әрі әкетіңізші! Мен өз ауылыма өзім шымылдық бүркеніп барғым келмейді.
Өзін үлкен бәйбішелер қатарында ұстап келген Айтолқынға Ұлпанның "келін" дегені Еменалының қамшысынан да қатты тиді. Еменалы оны қамшылап - қамшылап алатын.
- Не дейді!? "Ойбай - ай, көргенсізін - ай!"
Ұлпан келінінің жасынан кіші болғанына қарамастан, өзін келіндердің үлкені ретінде биік ұстады. Ұлпан өз бойындағы өрлікке барып, атақты бай би адамның ауылындағы көріксіз халге қатты намыстанды. Өзі кедей ауылдан шыққандықтан, жарлы-жақыбайға жаны ашыды.
Ұлпан кең пейілді, адамгершілігі мол Сибан елінің кедей-кепшігіне қол ұшын беретін әйел.
" Бұл күндері Ұлпанның қолы да босай алмады. Қой қырқылып, жылқы күзеліп жатқан кез екен. Әуелі бір кемпір келді.
- Қарағым - ай, төрт жетімек немерем тырдай жалаңаш... тым болмаса бір - екеуіне күпті тігіп беретін жабағы берші.
- Ала ғой, шеше... төртеуіне де жететін етіп ал...
Одан соң екі кемпір келді. Одан соң екі кемпір, бір жастау әйел, одан соң екі кемпір, екі жастау әйел келе берді, көбейе берді, келе берді..."
Ұлпан алдына келген адамның қолын қусырып қайтарған жоқ. Сұраған адамдарға бере берді. Ол белгілі бір мырза келін атанғысы келген жоқ, әлденеге іштей наразы, әлденеге іштей намыстанып үлестірді.
Ұлпан мен Есеней бір-біріне қатты бауыр басқандықтан, олар әрқашан бір-біріне ерекелеп сөйлейді.
Ұлпан өз аулына жақындағанша Есенейге баладай еркелеп, қалжыңдасып келе жатты. Пәуескенің ішінде де шынтақтай отырып келеді.
- Есенейжан, сен көлге шомылғанда жүземісің?
- Оны неге сұрадың?
- Су сені көтере ала ма дегенім ғой.
- Жоқ, мен қолым жеткен жерге ғана жүземін...
- Жүзіп үйренгің келе ме?
- Оның маған керегі не? Жалғыз "Қайран көлден" басқа көлдердің бәрінен де аяқтап өте берем.
Кезінде ойын-калжыңға шорқақ Есеней, осы күні Ұлпанның ыңғайына қарай, Ұлпанды күлдіргісі келіп қалжыңдаса алатын болды. Бұрын бар ойы дау-жан-жалда болса, ал казір оның бар ойы Ұлпанда, Ұлпанның қас-қабағында.
Есеней Ұлпанмен отау болып, шаңырақ құрғанда, Ұлпан өзінің дариядай ақылымен, батылдылығымен Есенейді қатал, қатігез мінезін түбегейлі өзгертеді.
Ұлпан – сол кездегі саны өмірдің жаңалығын түсіне қабылдап, болашағын дұрыс аңғара білген қайраткер.
Ол алдымен әлеуметтік теңсіздікке қарсы. Ұлпан өз тегі кедей болғандықтан, жоқшылық зарын тартып өскендіктен, Есеней ауылына келгеннен кейін, талай жыл бойы төбе бидің төлеңгітіндей ақысыз-пұлсыз жалшылықта жанкешті болып тіршілік еткен жарлы ауылдардың талай жылғы ақысын қайтарып берді, иесіз жатқан шұрайлы жерлерді де соларға бөліп береді [7, 99]. Мәселен:
- Осы қырық үй малшы - жалшыларыңның қырық жылдан бергі жалақылары сенің мойныңда кете беріпті... обал ғой, - деді!
- Айналайын Ұлпанжан, соны маған ендігәрі айтпайтындай болып, өзің тындыршы, екеумізге екі айғырдың үйір жылқысын қалдырсаң болды. Менің ендігі байлығым жалғыз сен! Асырарсың бірдеме қылып...
Міне, осы тұстан Есеней әрі әйелі, әрі ақылшысы Ұлпанға сеніммен қарайтынына көз жеткізіп отырмыз.
Ұлпан бейнесі – жазушы жүрегінің терең тебіренісінен туған, үлкен жүректің мол сезімінен жаралған, оның барлық мерейі мен махаббаты, қадірі мен құрметін суреткерлік талаптың елегінен өткізіп, әбден екшеп барып, қапысыз мүсінделіп, кемеліне келтіре жасалған бейне. Характердің өсу, қалыптасу, ашылу сатылары, оның әрбір іс-қимылының жан-жасығы мен дәлел-дәйегі, өріс-кеңісі мен келіс-келеңі дегендер бәрі орын-орында.
Ұлпанның тұла бойы толып тұрған ерлік пен езгілік, ақыл мен парасат, әділдік пен адамгершілік. [7, 100].
Келе-келе Есеней Ұлпанға Есеней, Ақнар деп ат қояды. Есеней дегені − бұл символ. Бұрын бұл елдің көсемі мен едім, енді сен болдың дегенді аңғартады. Ақнар деп атау себебі қазақтың нардан қасиетті, нардан күшті, нардан сұлу, нардан қадірлі несі бар! Сондықтан Есеней Ұлпанды Ақнарым деп те атай береді. Ұлпан өзінің ақылымен, парасаттылығымен жасаған игі, ізгі, жақсы касиеттерінің арқасында тек қана Сибан еліне ғана емес, сонымен
бірге Сібір генерал-губернаторына да таныла бастайды. Ұлпан үйі жоқтарына үй беріп, аты жоққа ат беріп, Есенейдің жарты малын Сибанның жоқ- жітігіне үлестіріп жібереді. Бәрі байып алып, енді «орыс үй» салдырып береді. Сонымен қатар Шынар босанар алдында Стаптан дәрігерлер шақыртып алады. Шынар мен Мүсірептің қуанышына ортақтасады.
Ұлпан характерінің алғашқы бір шоқтығы көтерілген тұсы да, оның әлеумет тіршілігіне қарай батыл аяқ басуы да, ұлпандықтың есенейлікті мықтап тұрып жеңуі де – осы ара.
Есенейдің бар билігін қолына алғаннан кейін, сол елді орыс өмірінің өрісті жақтарына қарай бұруы, жұртты отырықшылыққа бастап, егіншілікті енгізе бастауы – Ұлпанның халықтың шын жанашыр жақын досы екенін танытатын қадамдары. Сонымен қоса Ұлпан медіресе салдырады, әйел теңдігі мәселесін көтереді. Есеней өлген соң Сибанның анасы атанады. Бұл – автордың еңбегі, жазушы тапқырлығының жемісі, шын суреткерліктің белгісі.
Мәселен, романның мына үзіндісін келтіруге болады. Үйіне келген қонақтарды Ұлпан кішіпейілділігімен, ақ көңіл мейірімімен қарсы алады. Сонда Савросов мырза былай дейді: «Бұл әйел жалғыз Есенейді ғана бағындырып алған жоқ, бес болыс Керей-Уақтың руларына түгел беделі бар адам. Әуелі Александар II патшамыздың реформасын жасады. Есенейдің барлық жерін еліне бөліп берді. Бөліп бергенде қандай ауыл-
ауылға қыстауды да, егіндік-шабындық жерді де тұтас берді. Бұл араның қазағына егін салдырды. Шөп шаптырды, қыстау салғызды. Сондықтан бұл елді жартылай отырықшы дей аламыз».
Ұлпанның адал еңбекқорлығының нәтижесінде, генерал губернатордың алтынмен жазылған, мөр басылған, екі басты самұрық құсы бар мақтау қағазбен марапатталады. Алайда, Ұлпанның көптеген қиын кезеңдерді басынан өткізеді. Соған қарамастан, ол барлық қиыншылықтарды өзінің сабырының арқасында жеңіп, төтеп бере алатын болады.
Романның үшінші бөлімінде Ұлпанның басынан кешірген қиын кезеңдері дәріптеледі. Ең әуелі тоғыз жыл бойы күзетіп жатқан Есенейден айрылады. Сонымен қоса, әкесі - Артықбай да дүние салып, мұң-зары ұлғая түседі. Дегенмен, бір көңілі тек жалғыз қызы − Біжікенде болады. Ұлпанды жұрт әрі құрметтейтін де, әрі жақсы көретін де. Ұлпанға ақылдаса келетін еді. Ел ішінде үлкендер үшін «Әулие Ұлпан», ал кішкентай балалар үшін «Ұлпан ана» болып мәңгілік халық жүрегінде сақталады.
Ұлпан өмірде болған, есімі жалпақ елге мәшһүр адам. Автор романда өткен ғасырда көшпелі қазақ ауылында жасаған кемел қайраткер әйелдің трагедиялық тағдырын тебірене толғайды. Бірақ адам қанша әділ, қаншама қайырымды болғанымен, екінің бірі, әсіресе сол кездегі қазақ әйелі нақ сол заманда жаңағы біз айтқан қайраткерлік дәрежеге оңайлықпен жете алмас еді. Қайраткер атану үшін ол қоғамдық өмірге өзінің іс-әрекетімен тың жаңалық әкелген болуы, заман өктемдігін көктей өткенде қажыр-қайратымен тыңнан жол тартып, өмір ағымын жаңа бір арнаға бұрғандай іс-тындыру шарт. Ұлпан – осы мағынада нағыз қайраткер, қаракетшіл істің адамы. Ұлпан өз ортасынан суырылып шығып, елге қамқор, ер ана дәрежесіне көтеріледі. Ол қазақ әйелдерінің бас бостандығын, еркіндігін арман етеді, азап шеккендерге, кедей-кепшіктерге қол ұшын беріп, аршынды іс-қимылдарға барады.
Ұлпан Есеней билігін қолына алғаннан кейін-ақ, ешбір тартыссыз сол есенейлікке қарсы күресті және соңы жеңді. Сындырып, қиратып жеңген жоқ. Иінін тауып, иіп әкеліп жеңді. «Мен қымбатқа түсемін» - дегендегі Ұлпан ескертуінің бір шешімі осы-ау дейміз.
«Қатал еді, озбыр еді, енді жан-жүрегі жібиін дегені де. Мың жаса, алтын Ұлпаным!». Бұл – қыз әкесі, кәрі батыр Артықбай сөзі. «Мырза келін-ай, сен келдің де көзім ашылды ғой». Бұл жарлы-жақыбай кедей ауыл адамдарының сөзі.
«Жатсырап кеткен екенмін. Ұлпан өз еліме өзімді қайта табыстырып жүр». - Бұл Ұлпан ықпалымен райдан қайтқан Есеней өз сөзі. «Елге ең керегі Есенейдің бұғау-тұсауынан босану екен. Ұлпан сол бұғауды бұзып, сол тұсауды сыпырып тастағандай болды.» [7, 108].
Романда тағы бір ең басты кейіпкерлердің бірі – Есеней. Есеней Шыңғыс сұлтанның беделді биі. Оның даңқы, атағы бес болыс Керей-Уақ елін Кенесарының шапқыншылығынан аман алып қалған тұста дүркіреп шыққан, жасы алпысқа келген. Есенейді суреттейтін болсақ, ол дәулетті, қатал билердің бірі болған. Ол − ауыр сүйекті, балуан денелі адам. Бар өмірі ат үстінде таза ауада өтіп келе жатқандықтан, үсті-басы қол батпайтын білеудей -білеудей бұлшық ет, бірақ қарны шыққан емес. Есенейдің төрт жолдастары болған: ең сенімді серігі − жамағайын «түрікпен» Мүсіреп, Алдай елінен − аңшы Мүсіреп, руы басқа болса да Есенейдің қоныстасы Бекентай батыр жэне Есенейдің қосалқы атын жетелеп жүретін жас жігіт, "түрікпен" Мүсірептің туған інісі − Кенжетай. Сонымен қатар, Есеней өмірінде айып тартып көрмеген адам, алайда айып-жазасы болған адамдарға қатал жаза кесуді жақтайтын би. Есеней намаз дұғаларын білмесе де намаз оқитын.
Кенжетай Есенейдің әрі атшысы, әрі имамы, анығырақ айтқанда, сабыршысы - суфлері. Намаз дұғаларын ол Есенейге естірте айтып тұрады. Араб тіліндегі дұғаларға тілі де келмейді, жаттап та ала алмайды. Араб тілінде төрт түрлі "з", үш түрлі "с", екі түрлі "х", екі
түрлі "г" бар. Есеней мұның бірін де дұрыс айта алмайды. Сондықтан Кенжетай намазды Есенеймен қатар тұрып, дұғаларды Есенейге қарай бұрылып, түгел естірте оқиды.
Есеней діндар адам болғанымен бір кезде аса адуын, озбыр би болатын. Орыс шекарасына қарасты Нұралы деп аталатын момын елдің барлық жерін тартып алып, елді далаңқы жайлауға айдап тастайды. Міне, осы елдің қарғысы − келесі жылы екі ұлы қара шешек деген аурудан бір күнде, бір сәттің ішінде өліп кетеді.
Есеней Ұлпанды Кенжетайдан да қызғанатын еді. Ол мына тұста байқалады:
Есенейдің іші Ұлпанды Кенжетайдан қызғанып бір қалды. Байдың мырзасындай жақсы киінген кескінді жас жігіт қызбен тіл табысып қала ма деп қызғанады.
Тіпті, Есеней Ұлпанды Түленнің есі ауысқан кіші баласынан аман алып қалады.
- Түлен деген кісінің үлкен баласымын... өз атым Мырзагелді.
- Е, Жесір сенікі екен ғой?
- Ие, тақсыр... інім бала жасынан сырқаттау болушы еді... Қысқа қарай тіпті жүдеп бара жатқан соң көңілін көтереміз бе деп, қалыңдығын әкеліп берсек деп келіп қалып едік.
Жігіттің түні бойы ойлап тапқан айласы осы-ақ. Інім ауру десем Есенейдің көңілі жібір, аяушылық етер деген.
- Ауру адамға қатын әпере ме екен?
- Көңілі көтеріле ме деген үміт қой... қалың малы түгел төленіп қойған соң жесір біздікі деп ойлағандық қой.
Есеней мен Ұлпан отау тіккен соң, бірін-бірін құрметтеп, қадірлейді.
- Есеней, - деді Ұлпан. Бұрын сіз деп сөйлеуші еді, мұнысы бір табан жақындағанын аңғартқандай шықты. - Есеней, екеуміздің арамызда ең кемі қырық жылдық айырма бар. Осыны ойладың ба?
- Ойладым, жаным. Қырық жыл болса, қайтейін? Қырыққа келгенде біздің елдің Есенейі сен боларсың. Оған дейін сен менің Есенейім бола тұр... мен саған сұлу деп, жас деп қызықтым ба, оны өзім де білмеймін. Әйтеуір осы түннен бастап менің Есенейім сенсің!
Бірте-бірте Есенейдің ақылшысы да, әйелі де, тіпті қуанышы да, қайғысы да − Ұлпан болады.
- Ұлпанжан, менің еншімді бөліп бергені несі деп ойлап қалма. Бұл еншің емес, сыйлығым. Басқа дүниені екі Есеней бірге билерміз. Мына қосты өзің оңаша биле, - деді. — Алдымен кемпір-шалымыз еш нәрседен тарықпасын, маған сол болады. Мен баласы жоқ, үрпақсыз қалған адаммын. Ұлым да, қызым да, жарым да жалғыз сенсің, күнім... Күнімдей
жарқырап, ел жұртыма кейде айбынды, кейде мейірімді қарап ордамызды жалғыз толтырып отырсаң, құдайдан сұрар басқа бір тілегім жоқ.
Есеней би алды тар, қатал адам, бет-аузы жолбарыс сияқты қара шұбар, күле білмейтін ызғарлы адам дегенді Шынар көз алдына елестете алмайтын. Ал қалжыңнан кейін, әсіресе, Есенейдің өзі айтқан қалжыңдарына Шынар таңырқап тамсана қарап отырды.
Ұлпан Есенейді "Есенейім", "Жолбарысым" деп те атай береді. Күле білмейтін адамды күлімсіретіп қарату − үлкен еңбектердің бірі болу керек. Сол бір еңбек Ұлпанның қолыннан келді. Есеней оған күлімдей қарады.
- Ұрсып келемісің, жаным?
- Шаршадың ғой, жолбарысым - ау... тоқтасаңшы.
- Бітті. Тараттым. Енді барлық тізгінді өз қолыңа ала бер.
Ұлпан не айтса болды, соны Есеней мақұл көріп, келісе беретін. Мәселен:
- Есенейжан, осындай бір қысқы үйді біз де салдырып алайықшы.
- Салдырсаң, салдыр, күнім. Мен оның есік-терезесін қай жерінен шығаратынын да білмеймін. Әйтеуір мен де сыятын етіп салдыр!
- Сен үшін салдырмаймын ба, қара бурам-ау!
- Онда маған қарама, бұрқырата бер!
Есенейдің қырық жылқысын базарға айдатып, қаладан жасау алғызғанда да Ұлпанның кім болары белгісіз болатын. Оның қасиеттері өмірді көре жүре ашылады. Ол алғаш рет қалаға аттанғанда қазақ даласына үш өрім таспадай тартылған арба жолын көрді. Бұл Ұлпанның да өмір жолы еді. Үлкен өмірдің күре жолынан айырық кетпей, бұдан әрі ылғи қапталдасып отырған ерлік жолы...
Ұлпан характерінің алғашқы арна тауып, өз заңдылығымен өріс алуы – оның қала өмірімен танысуы, орыс тіршілігінің келесі келешегін аңғарып, соның жан-жосығын таңырқамай да, жатырқамай да етене қабыл алды. Бұл Ұлпанның өзін өмірге орнықтыру талабымен қат-қабат келген процесс.
Осыдан кейін Ұлпанның ақыл–парасатымен Енесей Сибан елінің қамын ойлай бастайды.
- Айтсам қысы-жазы киіз үйде отыруды қояйық. Үйренгеннің ұяты жоқ, орыстарша қысқы үй салып алайық. Бала- шаға жылы үйде қыстап шықсын. Менің қорығымдағы жерді бәріңе бөліп берем. Әркім үй салып алсын. Мен өзім «Суат қол» жанына үй салдыратын болдым. Орыстар салады. «Қыс азығын жаз жимай, жарлы қайдан байысын!» дегені қайда? шөп шаптыратын, егін салатын болайық. - Есеней содан кейін қай жерді қай ауылға бөлетінін айтты.
Есеней өз еліне көптеген игі, ізгі әрекеттер жасағаннан кейін, біразы Есенейді мақтады. Тіптен жеті жылдан бері өз малымен болып кеткен адамның әділ би деген атағы көмескі тарта бастап еді. Ұлпанның атағымен бірге қайта көтерілді. Ұлпан олай ойламаса да, оны Есеней іштей сезіп жүрді.
- Ақнарым, сен мені адам қыла бастадың, - деді аттанарда.
- Жоқ, Есеней, сен көлеңкең күндік жерге түсетін бәйтерексің. Мен сенің саяңда шырылдаған бозторғаймын. Менің құдайдан бірінші тілегім сенің амандығың! - деді Ұлпан. - Сенсіз мен кім болар едім?...
Кейде Есеней жалғыз болғанда бала туралы көп ойланып қалатын.
- Біржола бала берместей қарғайтын, құдайға жазған жазығым жоқ-ты! - деп бастайды да: - бермесе тағы мейлі, менің жарым да, ұлым да, қызым да Ақнарым, Есенейім, сен аман бол! - деп тоқтайды.
Бір кездерде Есенейге суық өткендіктен бе, әлде басқа дертке шалдыққандықтан ба, әйтеуір тұла бойында дірілдеу пайда болады. Сырқаттанып жатқанда күндіз-түні жанында болған Ұлпан.
- Құдайдың деймін-ау, саған қосқан еркегіңнің түрін қарашы! Басы қара қазандай... бар денесі ілбісіндей қара- шұбар... саусақтары таяқтай... деп өзін- өзі сынай- міней отыратын.
- Құдайға менің өкпем жоқ, жолбарысым. Құдай маған еркекті екі есе етіп берген ғой,−деп Ұлпан да риясыз мақтайтын және риясыз мақтанатын.
Ауыр халде жатқан Есеней кейде Ұлпанның жайын ойлап, мұңға батып отырады.
Ұрпақсыз өтетін болса ол өз алдына бір қасірет, мен олай-бұлай болып кетсем, Ақнардың күні не болар деп қайғырады. Баласыз әйел − панасыз әйел. Қазақ дәстүрінше, шариғат бойынша баласыз әйел өз үйіне өзі ие деп саналмайды. Әәсіресе, жесір қалған әйел "аға өлсе − іні мұрасы, інісі өлсе − аға мұрасы". Мұны әлі орыс заңы да өзгерте алған жоқ. Оның есесіне Еменалы есіне түсіп кетсе, діріл де күшейе түседі.
Кейіннен Есеней Ұлпанның жерік екенін естігенде, Есеней Ұлпанды бір қолымен құшақтай көтеріп, өзінің кеудесіне жатқызады.
- Шын ба, Ақнарым? - даусы қалтырап, дірілдеп әрең естілді...
- Шын болғанда қандай! Аузымның сілекейім шұбырып барады!
- Енді Есеней өлсе де болады! Жалғыз арманы осы болатын. - Бұл жолы даусы қалтырамай өз қалпында шықты.
Романның соңғы бөлімінде оқиғаны баяу дамытып, уақыт пен кеңістікті молынан қамтыған реалистік стиль бұл тұста жеделдеп, уақытта, оқиға да секіріңкіреп кетеді. Қалың мал, әмеңгершілік, сол кездегі оқыту жүйесі жайлы әңгімелеуге көбірек орын беріледі. [2, 127].
Екінші рет жиналыс болғанда Есеней қатты сырқаттанып жатқандықтан мәжіліске қатыса алмайды. Сондықтан Ұлпан қатысып, сөзін былай бастайды:
- Мен мұндай жиында сөйлеп көрген емеспін... Не айтсам да, қалай айтсам да ұзын - ырғасы Есенейдің сөзі. Қазақ біреудің жүйрік атына қызықса да құда бола салады. Болыс - би сайлауларының тұсында оңдаған бай үйлер құда болысып қалады. Әлі тумаған балаларды атастырып аманат - құда болатындары да бар. Би - болыстардың қайта сайланар кезі жақындап қалған ба, немене, өткен түні біздің ауылда отырып екі би, үш болыс құдаласып қалыпты. Әйел тағдыры дегендеріңіз осыдан басталмай ма? Есенейдің бірінші тапсырғаны - балалар ер жетіп, бірін - бірін көріп, ұнатса ғана құдалық басталатын болсын. Қазақ қызы бетін жасырмайды. Көшпелі елдер жылда араласып отырады... көрісіп, білісу қиын емес. Қазақта «қыз көру" деген жөн - жосық бар еді ғой. Соны әдет - ғұрпымызға айналдырайық. Екінші, әмеңгерліктің қай түрі болса да жойылғаны дұрыс болар еді. Сіздер әмеңгерлікке ұшыраған әйелдің бақытты болған біреуін атай аласыздар ма? Жоқ, атай алмайсыз! Мен ондайдың отпен кіріп, күлмен шығатын күң болған жүзін атай аламын. Есенейдің өз елінде де толып жатыр.
Осындай аңғал күдіктің алдын ораған автор Есенейдің сөзі еді дегендей емеуірін аңғартады. Біздің кәміл сенуімізше, бұл авторлық тәсіл ғана. Есеней сөзі болса, Ұлпан соның жай ғана тілхатшысы. Есеней өзі дәуірлеп тұрған кезеңде, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрғанда қайда қалған? Демек, бұл – Ұлпанның сөзі. Ұлпанның есенейлікті өз табиғатының мүддесіне лайықты пайдалануының көрінісі. Яғни Ұлпан секілді көрнекті өкілдерінің аузымен айтылған бүкіл қазақ әйелдерінің көкейтесті арманы,
олардың қоғамдық сана-сезімінің сол кезде-ақ оянып қалғанын көркемдік заңдылықпен, суреткерлік тактымен көрсетіп отырған жазушы арманы [ 12 ].
Ұлпан қайраткерлігі осындай ауыл өміріндегі күнкөріс мәселелерімен де шектеліп қалмай, ірі-ірі әлеуметтік мәселелерге дейін көтеріледі. Ұлпан ұсынысымен қазақ әйелінің қоғамдық жағдайын жақсарту бағытында, жесір туралы, әйелдің мүліктік құқығы туралы заңдар қабылданады.
Мәжіліс аяқтап келгенде Тұрлыбек пен Леознердің сүйемелдеуі арқылы Ұлпанның екі ұсынысы амалсыз қабылданды.
Жесір қалған әйел кімге тиемін десе де өз еркінде болсын.
Жесір әйел ерінен қалған мал-мүліктің үштен екісіне өзі ие, үштен бірі ерінің ағайын-туғандарына берілсін.
Бұдан көп жыл кейін өткен болыс-билердің облыстық төтенше съезінде де бұл екі ұсыныс өзгертілмей алынды. [6, 190].
Осы бөлімінде Есеней тоғыз жыл төсек тартып жатып дүние салады. Жазушы оны былай суреттейді:
Барлық міндеті кісіде, күні- түні күзетте тоғыз жыл жатып, Есеней былтыр қайтыс болды. Қол-аяғынан жан кетіп, Есеней де Артықбай батырға ұқсап сал болып қалып еді. Қол-аяғы қалшылдап- селкілдеп бар денесін теңселтті де жатты. Қол ұстаудан, аяқ басудан біржола айрылды. Көп өмірі жорықта өткен, көп жараланған адам еді, әлдеқай жерінің жүйке тамыры үзіліп кеткенін кім білсін, өзі де тоғыз жыл азаптанды, Ұлпан да тоғыз жыл азаптанды.
Ұлпан бейнесіндегі бүкіл характер дамуының ең асылуы білігі, кейіпкердің барынша ашылып, жаңа арнада көрінетін жері – «Сибан жорығының» тұсы. Бұл арада Ұлпан − маңайдағы аз ағайын қамқорынан әрі асып, оның жай күн көріс жайынан әлдеқайда жоғары көтеріліп, ел амандығын, халық бірлігін ойлаудан барып туған ірі қимылдың иесі.
Сонымен, Ұлпан бейнесіне байланысты қайталап айтарлықтай пікіріміздің түйіні мынадай: осынша суреткерлік шеберлік пен тарихи
нақтылық талабынан аумайтын, соншалықты мінсіз зергерлікпен мүсінделген бұл кейіпкерлердің бір өзі бүкіл дәуірді бейнелеп тұр. Қазақ әйелінің өткен тағдырында осы күнге дейінгі назардан тыс қалып келген үлкен бір теңістікті толтырып, аса үлкен тарихи жүкті арқалап тұр.
Ұлпан бейнесінің ұлылығы, ол тындырған істердің мәнділігі – оның қай заманда өмір сүргенін, қай кезеңде қарекет еткенін тағы бір қырынан еске алсақ, тіпті зорайып, биіктей түседі. Бұл – дүниеге Шоқан келіп кеткен кезең. Ұлпан – ұлы Абайдың замандасы. Қазақ даласына Ыбырай Алтынсарин білім нұрын дәл сол кезеңде тарата бастаған. Арқаның биік аспанында Біржан мен Ақан әндері де сол кезде шырқалған.
Халықтың рухани өмірінде өшпес іс қалдырған сол ардагерлермен қапталдас өмір сүріп, қазақ даласының бір пұшпасында әлеуметтік өмір арнасына солғұрлым соны тыныс енгізген Ұлпан ана бейнесі, осы сабақтастықты ойлағанда , тіпті аруақтана түсетін сияқты.
"Есеней − туған әдебиетімізге үлкен бір төбе болып келген, кешегі Құнанбай, Игілік, Шәкенбай аумағындағы сом тұлға. Онымен Ұлпан арасындағы қарым-қатынасты суреттеуге жазушы ерекше бір санаға із салды. Өз табиғатында мейлінше кесек жаралып, тұтас біткен, бөліп – жарары жоқ, оралым-бұрылысқа оңтайлы келе бермейтін осынау бірбеткей, қайшылықты бейненің күрт өзгеріп жаңашылыққа ұшырауында. Ұлпан бейнесінің шарапатымен қайта туғандай көп-көп есенейліктен арылуында, баяғы ел қамқорындай қарт батыр қалпына оралуында көп мән жатыр. Ұлпанның еркіндігі мен Есенейдің пейілі орайласса да, Ұлпанның өз билігінің нелер күрделі істер тындырылып жатса да, ылғи ұлпандықтың жеңіл, белең алып жатқанынан оны өзіне біржола одақтас етіп алғанын аңғарамыз. [7, 107].
Романындағы Ұлпан − негізінен реалистік тұлға. Оның бүкіл бойынан сол дәуірдегі қазақ әйелінің ең жарқын, ең асыл қасиеттерін көру қиын емес. Романда суреттелетін Ұлпан – сырлы мінез-құлқымен, кесек бітімімен берілген тұлғалы образ. Оның сезім байлығы, адамгершілігі, адалдығы,
моральдық, тазалығы, ақылдылығы, зеректігі, зерделілігі, парасаттылығы, өткірлігі, өжеттігі келісті де көрікті бейнеленген. Мұндай жарқын баяулармен берілген әйелдің әдеби тұлғасы тек осы романда ғана емес, қазақ әдебиетіндегі өзге шығармаларда да кездеседі. Ал Ұлпанды олардан бөлектейтін, даралап, оқшаулайтын соның үш басты сыр сипаты бар.
Бірінші, Ұлпан тек қана жалғыз өз қара басының жайын ойлаған пенде емес, ол – айналасындағы ел-жұрттың, бұқараның, қалың қауымның қамын көздеген ел қамкоры, ел анасы. Өз бақытын, тағдырын, тұрмысын ойлап, сол өзгелер үшін жан сала қызмет ету, сол басқаларға қиыншылықта қол ұшын беруге ұмтылу – адамгершіліктің ең жоғарғы қасиетіне ие болған абзал ана. Тар заманда қолынан келген мүмкіндікті қапысу пайдалана отырып, қалың бұқараға болысқан оны сол аймақтың бүкіл еңбекші қауымы кезінде қатты қадірлеген, құрметтеген, әлпештеген, сол төтенше адамгершілік үлкен кісі үшін ол өмір бойы ел алғысына бөленіп өткен. Өлгеннен кейін де оны ұмытпай бүкіл аймақ әулие тұтып, аруағына сиынған.
Сол феодалдық заманда Ұлпан сияқты халық қамын ойлаған ірі қайраткерлердің ізгі ойы, арманы, мақсат-мұраты іске толық асуы мүмкін емес еді. Ұлпанға қарсы кедергі тас қамалдай, жауыздар тобының тегеуріні мықты болатын. Сондықтан да оның өмірі бастан-аяқ шиеленіскен күресте, арпалыста өтті де, трагедиямен бітті. Ақырында, Ұлпанға жабылған жалмауыздар тобы оны аянышты да, өкінішті апатқа ұшыратып тынды. Бұлай болу сол дәуірдің әлеуметтік шындығы болатын. Әлеуметтік өмірдің логикалық түйіні осыған келіп тірелері заңды еді. Жазушы айтқандай, «өз заманынан бұрын туып, арманда кеткен үлкен жанның» өмірі басқаша аяқталуы мүмкін емес болатын.
«Аты жоққа ат берген, асы жоққа ас берген, кедейге пана болған, өзі өмірден түк қызық көрмей өткен «Ұлпанның екінші басты қасиеті − өз заманындағы көне ескілікке, әсіресе әйелдерді қорлап, кемітетін феодалдық әдет-ғұрыпқа қарсы батыл күресуі, халық өміріне ауадай қажет
аңашылдыққа, прогреске ұмтылып, елге айтарлықтай үлгі өнеге көрсетуі, көршілес ұлы орыс халқының тұрмысындағы, тіршілігіндегі озық үлгілерді пайдалануға өзімен қатар үлгілерді де жетелей түсуі. Міне, бұл жағдайда романдағы Ұлпан образының әлеуметтік бітімін әрі көріктендіре, әрі биіктене түскен.
Үшінші, үлкен адамгершілік, зеректік, ақылдылықпен қатар, Ұлпанда қайраттылық, өткірлік, қаһармандық мінез бар. Ел, халық намысы үшін оның жалындап жарқ еткен тұсы да шығарма да қапысыз бейнеленген. Әсіресе Сибан жорығы тұсында ол ел анасы болумен бірге, халықты ерлікке, батылдыққа, елдікке жетелейтін қаһармандық, патриоттық, азаматтық дәреженің де биігінен табылады.
Романдағы Ұлпан – сол халық өмірінің шынайы сипатын танытатын, жинақтаушылық күші мол әдебиетіміздегі шын мәніндегі типтік образ. Ұлпан бойындағы барлық абзал қадір қасиеттер ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ әйелінің, қазақ халқының адамгершілік, ерлік, батырлық тұлға - бітімінің айқын да жарқын көрінісі екені кәміл. [3, 13-14].
Осындай асыл қасиеттерді бір бойына жинақтаған Ұлпанды ұлы образ, әрі ұлы тарихи тұлға, әрі ұлы ана деп есептейміз. Осы күнге дейінгі ұғымымызда қазақ әйелінің қоғамдағы орны мен қызметі жайлы теріс түсініктер де жоқ емес еді. Қазақ әйелі қоғамның ешқашан теңдікке ие болып көрмеген, қашан да езгіде жүрген адам есебінде түсіндіріп келді. Әр әйелге қалыңмал төленетінін сылтау етіп, малға сатып алғандықтан, әйел тек мал орнына жұмсалады деген ұғым да кең тарады. Әсіресе, басқа ұлт оқырмандарында қазақ әйелі туралы осындай түсініктер де қалыптасқан еді. Қазіргі кезде де бұл ұғымнан кем де емес сияқты. Түгелімен жоғалмаса да, осы тектес ұғымдар қалып қойған.
Ал қазақ әйелінің бұрынғы тұрмыс-тіршілігі қайшылықты жағдайда өткенін онда, теңсіздікпен қатар әйел ие болар құрмет те болғанын біз тәжірибеден де, тарихтан да анық білеміз. Қазақ қыздарының ерге тең ерлік
көрсете білген жайлары, аналардың жеке адамның емес, өзінің әрекет-қылығымен елге жағып, халық анасы боларлық күйге жеткені де жиі кездеседі. Мысалы, Шоқанның әжесі Айғаным да өз билігін жүргізген тұстарында, яғни оның айтқандары орындалып, орыстың жоғары өкілдері мен халықтың саяси жағынан араласып, қоғамдық жұмыстардан көрінеді. Сонымен қатар І.Есенберлиннің «Қаһар» романындағы Кенесерының қарындасы Бопай да ерлерге тән жұмыстарға, яғни батырлар секілді ат үстінде жүріп, өз жерін қорғауға үлесін қосып, Кенесары қолында жаулармен шайқасты. Ал С.Мұқановтың «Аққан жұлдыз» романындағы Нарғыз да батырларша ер үстінде жүрген, бірақ ол жағымды жұмыстарға емес, әкесі мен ағалары барымташы болып, барып кел, шауып келмен жүретін әйгілі ұрылар тобы болатын.Себебі, жұпыны кедей жанұя болатындықтан,үстем тап өкілдерінен қорлық-зомбылық көргеннен соң осындай жолға түскен. Соның қатарына Нарғыз да қосылып, бір бойынан батырларға тән қасиеттері табылатын.
Бұдан шығар қорытынды тек Ұлпан ғана емес, қазақ елі арасында қаһарман аналарымыздың бір қатары бар екеніне көзіміз жеткендей.
Міне, Ғабит Мүсіреповтің "Ұлпан" романы біздің осы сияқты түсінігімізді молайтып, қазақ әйелінің қоғамдағы орны мен қызметі туралы, халық анасы ретінде тың жаңалықтар ашады.
Атақты Сегіз сері мен Сәбит Мұқанов және Ғабит Мүсірепов шығармаларының кейіпкері болған Есеней Естемісұлы тарихымыздан орын алатын үлкен тұлғалардың бірі. Бірақ лайықты бағасын әлі ала алмай келеді. Оның қилы тағдыры туралы зерттеумен айналысып жүрген өлкетанушы Социал Жұмабаевтың ортаға салар ойлары көп.
- Сәке, қай әдеби шығарманы алыңыз, жерлесіміз Есенейдің тек жағымсыз жағынан суреттелетіні қалай? Сіздің сөзіңізге қарағанда, оның тарихтағы орнын анықтап, ақиқатты ажырататын кез келген сияқты. Оны қандай деректерге сүйеніп айта аласыз?
− Шынында да қазақ тарихында өз орны айқындала коймаған тұлғалардың бірі — Есеней Естемісұлы. Ресей патшалығына қызмет етті желеумен күстәналай беру дұрыс емес. Көбіне оны үстем таптың зорлықшыл өкілі, қолына ұры ұстайтын ашамайлы керейдің озбыр адамы, шіріген байы ретінде көрсететін таптаурын сарыннан арылған жоқпыз. Тарихшылар мен зерттеушілер жаңаша көзқарас жетіспей ме, әлде беделді адамдардың берген бағасынан аса алмай жүр ме, түсініксіз.
Тарихи шындыққа жүгінер болсақ, Ресей патшалығының Қазақстанның солтүстік өңірін озбырлықпен отарлауы кезінде атқа қонып, ел басқарған оның үлкен адамгершілік иесі, халқына қорған бола білгені шежірелерде, мұрағат деректерінде аз кездеспейді. Бұл ел ағасының кісілік келбетін ақындар өз өлеңдеріне қосқан. Сегіз сері "Ер Есеней" толғауын шығарған. Өкініштісі сол жағымды жайттардың бәрі кеңестік дәуірде бұрмаланып, анық ақиқат табан астыңда қалып қойды. Әйтпесе, халқы, елі үшін күресе білген оған жұрты "ер" деген қастерлі атты тектен-тек бермесе керек. 1815-1819 жылдары ол Марал ишан бастаған Ресей отарлауына қарсы бағытталған ғазауатқа белсене қатысқан. Жұзбасылық, мыңбасылыққа дейін көтерілген. 1818 жылы Есетезені бойындағы шайқаста ерекше көзге түскені үшін «ер Есеней» атанған. Осы бір теңеуден-ақ оның күрескерлік тұлғасы айқын аңғарылып тұрған жоқ па! 1819 жылы Қақ сорының жағасында оны Сібір казақтарының шорасы, ал 1824 жылы патша өкіметінін рұқсатынсыз-ақ ашамайлы керейдің игі жақсылары рубасы әрі қазы етіп сайлаған.
Әдебиеттерде мұның бірі де аталмайды. Қайта оны неғұрлым жеккөрінішті етіп көрсету үшін түр-тұлғасына дейін кемсітіп суреттеген ғой. Есенейді көзі көрген Сегіз сері оны былай сипаттайды:
Қарасұр, жарлау қабақ, қою қасты.
Тікірейген қара шаш, үлкен басты.
Ат жақты, кен маңдайлы, коңқақ мұрын,
Қанды көз бейне қыран айнымасты.
Ал С.Мұқнов болса, «Аққан жұлдыз» романында оны барынша ұсқынсыз етіп көрсетуге тырысқан. «1834 жылы Есеней шал болған. Көзі нашар көрген, Кұлағының мүкісі бар», — дейді романның тағы бір жерінде. Сұлтандар мен билердің тізімі сақталатын формулярлық тізімде оның 1798 жылы туғаны тайға таңба басқандай жазылған. 1834 жылы тепсе темір үзетін ол Аманқарағай дуанына заседатель болып сайланады. Аталмыш шығармада Шыңғыс аға сұлтан болып Кұсмұрынға кетіп бара жатқанында Есенейдің жас тоқалы Ұлпанмен көңілдес болған деп айтылады. Ол кезде Ұлпанның тұлымшағы желбіреген 8 жастағы қыз бала екені мүлдем ескерілмейді. Бұдан туатын қорытынды.
Есенеймен аталас Сәбит, Ғабит секілді алып жазушыларды да кеңестік зымиян саясаты айналып өтпегені. Олар жастайынан бұл бабаларының есіміне қанығып өсті. Ұнамды тұлға ретінде жақсы білді. Ғабен: «Ұлпан туралы шығарма жазуға 1928 жылдан жиналдым". — деп жазған екен қойын дәптеріне. Солай бола тұра, ол да Есенейдің халықтық тұлғасын көрсетудің орнына жағымсыз әдеби бейнесін сомдауға амалсыз барған. Әйтпесе, Кенесарыны ат тұяғы тимеген Пресногорьковка маңында Есенейдің қолымен соғыстырып қояр ма еді? 1982 жылы 7 наурыздағы "Қазақ әдебиеті" газетінде жарияланған «Ұлпан жайлы азғана анықтама" мақаласында Ұлпанның 1838 жылы туғанын. Есенейден бақандай 40 жас кіші екенін жазады. Бұл да шындық ауылынан алыс жатыр. Сегіз серінің шежіресі бойынша Ұлпан 1826 жылы туған. Жергілікті зерттеуші А.Аткелтіров те осы пікірді ұстанады. Алматы мұрағатының құжатында — 1827 жыл деп көрсетілген (1354-ші іс).
Бұл — мен келтірген кейбір мысалдар ғана. Айта берсе бұра тартушылықтар толып жатыр. «Айтқан сөз атылған оқ» деп бабаларымыз тегін айтпаса керек. Тасқа басылған жазулардан кейін жағымсыз әдеби кейіпкерге айналып, сол қалпында қабылданып келгені рас. Санамызда көп жылдар бойы қалыптасып қалған марғау ойлардан арылу да оңай емес, Десек тек аққа құдай жақ демекші, Есенейдің қилы тағдыры жайлы әңгіме
қозғағанда ең алдымен сүйенетініміз — мұрағат құжаттары болуы тиіс. Тынымсыз ізденістердің иәтижесінде ондай дерек көздерін Алматы, Петропавл, Омбы, Тобыл қалаларынан таптык. Ал ешнәрсеге негізделмеген ұшқары сөздердің ұшпаққа шығармайтынын тағы да қайталап айтқым келеді.
Қандай тарихи тұлғаны болмасын өзі өмір сүрген заманынан, сол кездегі қоғамдық құбылыстардан, тарихи жағдайлардан беле-жара қарастыруға болмайды. Есеней де заманына қарай амалын жасап баққан күрделі тұлғалардың бірі. 1830 жылы Аманқарағай дуаны құрылғанда заседательдікке сайланады, кейін Шыңғыс сұлтанның кеңесшісі болып бекітіледі. Сибан керей болысының старшыны, Батыс Сібір губерниясының кеңесшісі, аға сұлтан қызметтерін атқарады. Осынысы үшін сый-сияпатқа бөленгені жасырың емес. 1835 жылы Ресей патшасының бас министрі Петербургке шақыртып, ел тыныштығын сақтағаны үшін «құрметті қазақ» атағымен, Анна лентасына бекітілген алтын медальмен марапатталған. Батыс Сібір шекаралық комиссиясына мүше еткен. Майор атағын алған.
Бірақ қандай лауазымда жүрсе де ол елдің мұң-мұқтажын назардан тыс калдырмаған адам болған. Оған дәлел жеткілікті. Халықтың Есенейді қолдайтынынан патша жандайшаптары катты сескеніп, шен-шекпенін аямаған. Беделді сұлтандар мен билерді, төрелерді биік лауазымдарға тағайындап, алдап, арбап ұстауға, уысынан шығармауға тырысқаны белгілі. Ел қамын ойлаған Есеней сияқтылар бұл зымиян әрекеттерді түсініп, мұны олардың өздеріне қарсы қару ретінде қолданған. Мәселен, жаңадан кұрылған Аманқарағай округінің аға сұлтандығына халық Есенейді калағанымен, карадан шыққан адам ел басқара алмайды деген теріс түсінік басым болғандықтан, Ресей тарапынан бұл ұсыныс қабылданбайды. Есеней осыны алдын-ала сезіп, Абылай ханның көп әйелдерінің бірінен тараған. ел-басқаруға ебі шамалы жабыр Абдуллинді бекіттіреді. Сөйтіп, дуанның заседательдері болып сайланған Тәбей Барлыбаев екеуі аумалы-төкпелі кезеңде руластарына көп шарапаттарын тигізген. Зорлық-зомбылықтарға
тежеу салып, тәртіп орнатқан. Басалқы сөз айтып, татулыққа, ауызбірлікке үндеген.
Жетім-жесірлерге көмектесіп отырған. Олар қазақтың елін-жерін патша жендеттерінен қорғап жазған онға тарта шағым хаттарының көшірмелері бізде сақтаулы. Әрқайсысының мазмұнына үңілетін болсақ қазақ әскерлерінің жолсыздықтары, әлімжеттік салық жинаудағы асыра сілтеушілік секілді іс-әрекеттер баяндалады. Тиісті шара қолдану талап етіледі.
Есеней — ислам дінінің таралуына да үлкен үлес қосқан адам, 1826 жылы Ресейдің рұқсат етпегеніне қарамастан, терістік өңірдің қазысы болып тұрғанда жүз мүрид (шәкірт) ұстап, мұсылманшылықты насихаттаған. Телі-тентекті тезге салып, тыйып отырған. Қоластындағыларды мешіттер мен медреселер ашуға жұмылдырған. Генерал-губернатор И.Вельяминов Есенейді керей елінің және Кызылжар каласы мұсылмандарының ортақ қазысы екенін мойындаған.
Оның діни оқуы да, лайым-түсінігі де мол болған. Алдымен Шақшақ. сосын Үргеніш медресесін тауысқан. Орыс тілімен қатар араб, парсы, шағатай тілдерін үйренген. Осылайша, дін жолына түсіп, біраз жыл Марал ишанның тәрбиесін алған. Кейбіреулер оны сөзге шорқақ, қара күштің ғана иесі етіп көрсетуге бейіл. Бұл да түбірінен қате. Ол сөзді тауып сөйлейтін шешен болған. Тура да әділ жолдан жаңылмаған. Одан қалған ғибратты сөздер ел ішінде көп. Жинастырып жүрміз.
- Есеней Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне қатысты екі жақты саясат ұстанған деген сөздерді естіп қаламыз. Олар қаншалықты шындыққа жанасымды?
- Бұл тұрғыдан алғанда да алып-ұшпа пікірлер жоқ емес. Шын мәнінде Есеней Кенесары көтерілісін бастан-аяқ қолдаған. Оның ағалары Есенгелді, Саржан бастаған көтерілісшілерге азық-түлікпен, мініс аттармен көмектесіп отырған, Бұл ұлт-азаттық толқудың атақты Марал ишан қозғалысынан бастау алатыны мәлім. Есеней ишанның мүриді болып, тікелей дәріс алғанын
айттық қой. Кейін ол бастаған қозғалыска белсене қатысып, ер Есеней атанған дедік. Туыстық жағынан қарасақ, Кенесары — Марал ишанның туған бөлесі, Есенейдің құдасы. Есенейдің інісі Еменәлі Кенесарының қарындасы Бопанды (Бопайдың сінлісі) алған.
«Ұлпан» романында Ғабең Есеней Кенесарыны қолдамады деп жазатыны бар. Ол үшін жазғыруға болмас. Бұл жерде С.Мұкановтың да, Ғ.Мүсіреповтің де кезінде "кенесарышыл" деп айыпталғанын, оның салқыны кейін шығармаларына әсер еткенін есте ұстаған жөн.
Кей тарихшылар мәселенің байыбына бармастан Есеней Кенесарыға қарсы күресті деп жаздырады. Ол екеуінің арасындағы жақсы қарым-қатынастың уакытша үзілуіне мына жай себеп болған. Кенесары көтерілісшілерге қосылмаған, көмектеспеген байлардың ауылдарын шауып, малдарын айдап әкетіп отырған. Қазақ арасында кедей-кепшіктің де малы кеткен. Есеней осы жайтты батырға ескерткен, адам жіберген. Омбы мұрағатынан табылған деректер бойынша Бопай самай-керей болысына қарасты ауылдарды шауып, тігерге тұяқ қалдырмаған. Осыған байланысты болыс атынан Батыс Сібір губерниясына шағымдар түсіп, барымташылардан малды қайтарып беру талап етілген. Шара қолдану үшін хат Кұсмұрын дуанына жолданған (аға сұлтан — Шыңғыс, заседательдер — Есеней мен Тәби). Бұлар Бопайды ұстауға өздері де мүдделі еді. Өйткені, туған-туыстарының малдары қолда болған. Және Сырымбеттегі Шынғыстың әкесі Уәлидің ордасын шауып кеткенді. 1938 жылы Шыңғыс пен Есеней 35 қарулы жігітті бастап Бопайдан дуанның малдарын қайтарып алған. Осы оқиғадан кейін екеуінің арасы біразға дейін суып кетеді. Арада екі жыл еткен соң қатынас қайта жалғасады. Бұл хабар губерния басшыларына жетіп, көтеріліс жаншылғанға дейін Есенейге сенімсіздікпен қараған. Аға сұлтан кеңесшілігіне бекітпей қоюдың бір сыры осында жатса керек. Олардың кұдандалы ілікшатыстығын да білген.
«Ұлпан дауына» байланысты ауылы аралас, қойы қоралас керей мен уақ арасының ушығуына себепші ер Есеней емес пе?
Иә. Есеней үш әйел алған. 17 жастағы оған Ғайнижамалды әмеңгерлік жолмен қосқан. Ол кісі қайтыс болғаннан кейін атақты Жылғара бидің кіші қарындасы Қаныкейді алған. Алайда, Ұлпанға үйленген соң оған бөлек үй тіккізіп, мүлдем қатынаспай қояды. Жылғара бұған қатты намыстанады. Есенейді қаралап, Батыс Сібір шекаралық басқармасына арыз жазады. Есеней де қарап қалмайды. Губерния басшыларына керегі осы. Істің насырға шаба бастағанын алдымен Тәбей Барлыбаев аңдап, екеуін қазақшылық жолмен татуластырып, істі жаптырады. Алматы мұрағатында сақтаулы деректерге қарағанда, Есеней Қаныкейді кайтадан әйелдікке алып, мұсылмандық ғұрыппен ұстауға уәде берген.
Ал «Ұлпан дауына» тоқталсақ былай Ұлпан — бір куаңшылық жылдары керей ішіне мал кыстатуға келіп, тұрақтап қалған қанжығалы — күрлеуіт деген аз елдің адамы Артықбайдың қызы. Ғабеңнін романында Артықбай Кенесарымен болған соғыста Есенейді қорғаған батыр ретінде суреттеледі. Шын мәнінде олай емес, Ұлпан сұлу Есенейге еріксіз ұзатылған. Оның Дайрабай деген сөз байласқан жігіті болған. Құрай уақтан шыққан атақты Ерен молданың иемересі Сегіз серінің сүйікті шәкірттерінің біріне айналған. Бірнеше күй шығарып, өнерімен ерге ерлеген. Жігіт пен қыздың серті барын естіген Дайрабайдың әкесінің ағасы Елембай би Артықбайға келіп құдалықты жаз шыға өткізуге уәделеседі. Ұлпан арудың атағы екі баласы шешектен қайтыс болып, ұрпақсыз қалған Есенейге де жетеді. Не керек ақыры тоқалдыққа алып тынады. Уақ жағы қанша арызданғанымен іс нәтижесіз қалғанға ұқсайды.
Десек те, ықпалы қанша жүріп тұрса да, ата қонысынан еріксіз кешірілген жоқ па? Не үшін?
Айтайын, Патша өкіметі сол кездегі қазіргі Қостанай, Алматы, Солтүстік Қазақстан облыстарының жарты аймағына қарасты елді билеп тұрған қос тұлға — Есеней мен Жылғарадан қатты сескенетін. Өйткені, бұл екеуі де өз руларының көсемі. Кез келген уақытта халықты сондарына ерте алатын. Есенейдің Марал ишан әскерінің кұрамында патша отаршылдығына қарсы соғысқаны анық. Оның үстіне Кенесары көтерілісіне қосылып кетуден қатты қауіптенгеңдері де бар. Есенейді қатты бақылауға алғаны сондықтан.
Оның Қызылжар кенті теңірегіндегі шұрайлы қонысы Ресей отаршылдарының иелігіне айналдырылып, "Кожағұл бүркеуі" деген жерге еріксіз кешуіне тура келген. Сөйтіп, оны орталықтан алыс ұстағысы келген зымияндық саясат іске асқан. Бүл жөнінде мұрағат құжаттарында біраз мәлімет бар.
Ер Есенейді есте қалдыру шаралары қалай атқарылып жатыр? 1992 жылы бабамыздың бейітіне ескерткіш орнатылды. "Асыл мұра" қорының қолдауымен кітап шықты. Басқадай игі Істерді байқай қойған жоқпын. Меніңше әлі де насихат жағы тапшы секілді. Оған қатысты материалдар біршама жинақталып қалғанымен жас буын санасына жеткізу жайы қанағаттандырмайды. Биыл оның туғанына 210 жыл толып отыр. Мұндай айтулы дата оны ұлықтау шараларына уласып жатса, қандай ғанибет болар еді. [ 14 ].
Достарыңызбен бөлісу: |