ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
Қ. А. ЯСАУИ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЗАҚ – ТҮРІК УНИВЕРСИТЕТІ
Шымкент институты
Филология факультеті
Қазақ әдебиеті кафедрасы
ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫС
Тақырыбы: ТӨЛЕН ӘБДІКҰЛЫ ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ КОМПОЗИЦИЯЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Орындаған: Жақыпбекова Р.
Ғылыми жетекшісі: ф.ғ.д., проф. К. Сыздықов
Қорғауға жіберілді
Кафедра меңгерушісі: ф.ғ.к. доцент С. Бекмырза
«____»____________2006 жыл
Шымкент - 2006
Жоспар
I. Кіріспе
II. Негізгі бөлім
1 тарау. Т. Әбдікұлы әңгімелеріндегі авторлық тұжырымдама.
2 тарау. Жазушы повестерінің проблематикасы және образдар жүйесі
3 тарау. Т. Әбдікұлы шығармаларының көркемдік ерекшелігі (тіл өрнегі, стильдік оралымдары)
III. Қорытынды
Т
ақырыптың өзектілігі. Қазақ әдебиетінің 70 – 80 жылдардағы қазақ прозасына өзінің тосын тақырыптарымен келген талантты да талапты Т. Әбдікұлы қазақ әдебиетінің озық дәстүрлерін жаңашылдықпен жалғастырып, қазақ әдебиетін мазмұн, түр, тақырып жағынан ерекше байытты. Осы кезеңдегі өзінің замандастарының ортасында келе жатқан, ешкімге ұқсамас өзіндік мәнер машығымен дараланған Т. Әбдікұлының творчествасын айтуымызға болады. Төленнің даралық қасиетінің өзі сол аз жазғандығымен , аз жазса да жеріне жеткізіп саз жазатындығымен бағалы. Содан да болар көптеген сыншы әдебиетшілердің Т. Әбдікұлының кейбір жекелеген шығармаларына бірді – екілі пікірлері болмаса, арнайы зерттеу объектісіне айналмаған.
Еңбекте жазушының көркемдік ерекшеліктері, психикалық талдау тәсілдері шығармаларды талдау барысында көптеген сыншылардың, жазушылардың ойлы пікірлері айтылады.
Жұмыстың мақсаты мен міндеттері. Т. Әбдікұлының әңгімелер мен повестеріне арқау болған тақырыптар мен идеяларды, заман шындығы мен көркем шындықтың және автордың шығармашылық өмірге келген тың көркемдік ізденістерін ашып көрсетуге болады. Осы мақсатқа жету үшін алға міндеттер қойылды:
- Сол кезде 70 – 80 жылдары жарық көрген таңдаулы қазақ әңгімелері мен повестерінің жазушы ұстанған шығармашылық философиялық және психологиялық жағына талдау жүргізу.
- Қазіргі замандық таңдаулы қазақ әңгімелері мен повестерінің қазақ прозасынан алатын орнын белгілеу.
- Жазушылардың әрқайсысының өзіне тән көркемдік ерекшеліктерін айқындай отырып, Т. Әбдікұлына тән қасиеттерді саралау, желеу.
Жұмыстың әдістемелік негіздері. Т. Әбдікұлының әңгімелері мен повестерін және сол кезеңдегі өзінің замандастарының шығармаларын ала отырып психологиялық, философиялық тұрғыдан және тілі, стилі, шығармалардың құрылымы және көркемдік ерекшеліктерін басшылыққа ала отырып салыстыру.
Ж
ұмыстың құрылымы.
Кіріспеден, негізгі бөлімнен, 3 тарау,
1 тарау. Т. Әбдікұлы әңгімелеріндегі авторлық тұжырымдама.
2 тарау. Жазушы повестерінің проблематикасы және образдар жүйесі
3 тарау. Т. Әбдікұлы шығармаларының көркемдік ерекшелігі (тіл өрнегі, стильдік оралымдары) және қорытындыдан тұрады.
Кіріспе
Әдебиеттің зерттеу нысаны адам яғни адамтану екенін ескерсек, әрбір адам өзінше бір дүние, ашылмаған зерттелмеген қазына емес пе? Барлық нәрсенің өлшемі болып табылатын - Адам болмысының табиғи, биологиялық, физикалық , психологиялық ерекшеліктерін әр ғылым саласы өз тұрғысынан зерттеп зерделейді.
«Адам психикасы оның құпиясы мол табиғаты, есті және ессіздік т.б. секілді психологиялық үдерістер философия, психология және әдебиеттану ғылымдарына жан талдау тәсілін тудырып, адам
мәселесін терендей зерттеуге зейін қоя бастады» (1,3) деген пікірге ден қойсақ, көркем әдебиеттің ерекшелігінің өзі сонда, ол адам жанының құпия қалтарыстарын, күйініш – сүйініштерін бір сөзбен айтқанда, адамды психологиялық барша болмысымен толық ашып беретіндігімен тікелей байланысты.
Көркем шығарма табиғатын психологиялық тұрғыдан талдау ,
жалпы прозадағы психологизм, лиризм, сондай – ақ көркемдік тәсілдің түрлері ретінде «ішкі – монолог» «ой ағыны» т.б. мәселелер де көптеп сөз болып жүр. Психологиялық талдау дәстүрі кімнен басталып қазақ әдебиетіне қайдан келді. Алғашқы үлгілері қай жазушылардың творчествасында көрініс берді.
Психологиялық талдау дәст үрлі әлем әдебиетіндегі жаңалық
ретінде негізінен XIX ғасырдың екінші жартысында ғана
дүниеге келгені мәлім. Алғаш рет австралиялық дәрігер - психолог З. Фрейд(1856 – 1939) ашқан психологиялық талдау тәсілі бастапқыда жүйкесі сырқат жандарды емдейтін медициналық термин болып қалыптасқанымен бертін келе адам психикасын зерттеу аумағы кеңейіп, өзге де өнер салаларында, соның ішінде әдебиетте көркемдік тәсіл ретінде қолданыла бастайды.
Ал, орыс әдебиетінің сынында «психологиялық талдау» деген терминді алғаш Н. Г. Чернышевский, Л.Н. Толстой шығармаларын талдау барысында қолданған екен. Бұл термин басқа да әдебиетші, сыншылар тарапынан қызу қолдау тауып реалистік әдебиеттегі көркемдік әдістің басты элементі ретінде қолданылады.
Психологиялық талдаудың алғашқы үлгісі Л. Н. Толстой туындыларында көрініс берсе, Ф. Достаевский творчествосында ол шын мәніндегі дәстүрге айналып одан кейін А. П. Чехов,
И.А. Бунин, М. Горкий, А. И. Куприн шығармаларында тамырын
тереңге жайды. Орыс әдебиетінде Л. Толстой мен Ф. Достаевский
Қазан төңкерісінен кейін Кеңес әдебиетінде М. Шолохов,
Л.Леонов, К. Федин, А. Толстой, А. Фадеев, Л.Собольев сияқты белгілі жазушылардың шығармаларында жемісті жалғасын тапты.
Біріншіден, қазіргі қазақ әдебиетінің қай жанырына көз салмайық, оның профессионалдық деңгейінің өскендігіне, өмірлік шындықты өнерлік мұрат деңгейіне көтеруге де жазушыларымыздың ізденіс үстінде екеніне көз жеткіземіз. Мәселен, ХХ ғасырдың басында дүниеге келген бір ғана роман жанрының өзі бүгінде қандай биік деңгейге, кемелдікке жетті.
Мұндай кемелдіктің түп – төркіні М. Әуезов, Ж. Аймауытов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Б.Майлин сынды жазушыларымыздың әдебиет пен мәдениеттің озық үлгілерін творчестволықпен меңгерген көркемдік ізденістерде жатыр. ХІХ ғасырда пайда болған прозадағы психологизм ағымын қазақ әдебиетінде көркемдік дәстүрге айналдырып оның кең қанат жаюына олардың қосқан үлесі зор. Алайда, тақыр жерге еш нәрсенің шықпайтынын ескерсек, психологизм мәселесі қазақ әдебиетінде бүгін ғана пайда болған құбылыс емес. Оның тарихи тамыры сонау есте жоқ, ескі заманда пайда болып, қалыптасқан ауыз әдебиеті үлгілерін де жатыр. Мысалы, ауыз әдебиетінің құнарлы бір саласы ертегі, өлең – жырларда қаһарманның қайғы – зарын суреттейтін тұстарда психологизм элементтері бұрыннан - ақ бар.
Ал ХХ ғасырдың басындағы өзге жазушыларға тоқталып жатпай – ақ, бір ғана М. Әуезовтің «Қаралы сұлу», «Жетім», «Қорғансыздың күні» т .б. әңгімелеріндегі терең психологизмді айтпағанда, психологиялық очерк деп ат қойып, айдар тапқан «Қасеннің құбылыстары» атты шығармасының өзі психологиялық прозаның алғашқылары еді.
Екіншіден, қазақ әдебиетінің 70 - 80 жылдардағы көркемдік көкжиегіне көз салғанда, әсіресе, қазақ прозасына тосын тақырыптарымен келген талантты да, талапты бір топ жастарды байқайтынымыз анық. Қазақ әдебиетінің озық дәстүрлерін жаңашылдықпен жалғастырып, қазақ әдебиетін мазмұн , түр, тақырып жағынан ерекше байытты.
Осы кезеңнің әдебиетіміздегі ерекше көзге түсер өкілдеріне О. Бөкей, Д. Исабеков , Қ. Ысқақов, Ә. Тарази,
Ә. Сараев, М.Сүндетов, Т. Нұрмағанбетов т.б. жатқызуға болады. Әдебиетке алғаш 1969 жылы «Көкжиек» атты тұңғыш әңгімелер жинағымен келіп қосылған Т. Әбдікұлы, бүгінде біршама әңгімелер мен повестер жинақтарының авторы.
Жазушының: «Көкжиек», «Күзгі жапырақтар», «Ақиқат»,
«Айтылмаған ақиқат», «Өліара», «Таңдамалы», «Оң қол» атты жинақтарын қазақ әдебиеті қазынасына қосқан үлесі екенін білеміз.
Бұлардың ішінде «Өліара» романы өз алдына бір төбе
десек оған грек аңыздарының басын құрастырған аудармаларын «Біз үшеу едік» атты драмасын қосуымызға болады. Сан жағынан алғанда Төленнің шығармалары аздау.
Төленнің даралық қасиеті өзі сол аз жазатындығымен, аз жазса да саз жазатындығымен бағалы. Содан да болар, сыншы, әдебиетшілердің Т. Әбдікұлының кейбір жекелеген шығармаларына жол – жөнекей соға кеткен бірді – екілі пікірлері болмаса, арнайы зерттеу обьектісіне айналмаған. Шығармашылығын толық ауқымды қамты арнайы жүргізілген зерделі зертеуді кездестіре алмадық. Алайда, бұдан жазушы шығармаларының көркемдік деңгейі төмен екен деген ой тумаса керек. Керісінше аз жазса да , сапалы жазуға тырысуы, сондықтан да оның туындылары анда – санда бір туатын арыстанның күшігіндей, күн сайын мұхит түбіне үзбей сүңгіп айда - жылда бір жолықтыратын інжу – маржандай болса, онда ол тақиямызға тар келетін аса құнсыз дүние емес. Ендігі сөз Төленнің әңгімелері туралы.
Т.Әбдікұлы әңгімелеріндегі авторлық тұжырымдама.
Өзге жазушылар секілді Т. Әбдіков те әдебиетке алғаш әңгімелерімен келді. Алғашқы туындысы «Райхан» Қазақстан жазушыларының 1964 жылы жарық көрген «Таңғы шық» атты жинақта жарық көрді.
Т.Әбдікұлын өзге жазушылардан даралап тұрған қандай қасиет танымның ең жоғарғы сатысы болып табылатын интелекті қабілет – қарымы қандай деген сұрақ туады.
Бұл мәселелер төңірегінде Т. Әбдікұлының әңгімелерін талдау барысында ой қозғамақпыз. Ұлы Отан соғысының ар жақ, бер жағында дүниеге келген Төлен замандастарының бозбалалық, жас тық дәурендері Кеңес одағының материалдық жағынан да, моральдық тұрғыдан да біраз әл жинап, оңалған кезіне келеді. Сондықтан да бұл кеңес толқын жазушылардың өздерінен бұрынғы буындарына қарағанда үлкен өнерге институттар мен университеттердің қабырғаларында білім алып оқып жүріп араласты. Кеңес үкіметінің балалық шағында әдебиетке араласқан қызыл пролетар жазушылар секілді олар шығармашылық кәсіпті өнердің әліпбиінен бастаған жоқ, жазушылық қаламды әлемдік классиканы біршама меңгерген тұста қолдарына алды.
Ендеше Т.Әбдікұлы туындыларының ішінде ерекше тоқталуды қажет ететін бітім – болмысы бөлек дүниесі «Оң қол» әңгімесі . Біріншіден, «Оң қол» Төленді талантты жазушы ретінде танытып, атағын шығарса, екіншіден, «Оң қолды» мақтауға да, мақтануға да тұратын кесек дүние. Асыра мадақтап қызыл сөздің көрігін қыздырудан аулақпыз. Десек те мұндай шығармалар қазіргі қазақ прозасында саусақпен санарлық екені анық. Оның себебі біздің ойымызша Төлен түрен салған тақырып тосындығы болса, соған орай көремдік ізденістің авторлық тұжырымдамамен шебер қиюласуында жатса керек.
«Ал көркемдік тұжырымдама термині бүкіл творчествоға да белгілі бір жанрда жазылған шығармаға да, сондай-ақ шығарма шоқтығын асырып тұрған сапалық ерекшелік – сипаттарға да қатысты айтылып жүр» (4 ,73).
Қазақ прозасындағы психологизм мәселелерін терең зерттеп жүрген ғалым Г. Пірәлиева «Жетпісінші жылдардың басы мен орта тұсында қазақ прозасында бір құбылыс әдеби жанрда бұрындары байқала қоймаған тың көркемдік тәсілдер туа бастады.
Мәселен , роман – монолог «Аңыздың ақыры» - Ә. Кекілбаев, роман – диалог «Ақиқат пен аңыз» - Ә. Нұршайықов, әңгіме – түс көру «Оң қол»Т.Әбдіков, повесть - новелла «Ақ ару – ана» - С.Санбаев және басқалар.
Мұның бәрі қазақ сөз өнеріне өзіндік қол таңбасымен, стильдік
ерекшеліктерімен жаңаша леп әкелгендей еді» деген пікірді айтады.
Сондай – ақ «Алғаш американ теориктерінің сөз қолданысында пайда болып, әдеби тәсіл ретінде көркем өнерде өрнегін сала бастаған ой ағымының артын ала орыс әдебиетіне, әсіресе, Достаевский мен Л.Толстой шығармаларында ішкі монолог, іштей талдау, адам ішіндегі адам, жалпы психологизмнің көркемдік болып көрініс табуы қазақ прозасына да әсер етпей қойған жоқ» дей келіп, негізінен психологиялық тереңдік, ойшылдық сияқты қасиеттерді талап ететін бұл стильдік ағымға екінің бірі бара бермейтінін, Т.Әбдікұлының «Оң қол» әңгімесі нақ осы стильдік ағымдағы жаңалықтың бірі болды деп бағалайды (5,76).
Шағын ғана әңгімедегі шымырлық пен шеберлік сияқты жанр талабына тән қасиеттер бірден көзге шалынады. Автор бас кейіпкері - Алманың түсі арқылы адам санасындағы үздіксіз жүріп жатқан процесті, үрей мен қорқынышты өмір мен өлім арасындағы арпалысты, жан толғанысын көркемдікпен жетелей білген. Шығармадан үзінді келтіріп өтсек, парктегі гүлді жұлдырып, дәрігер жігіттің сезімін сынайтын сұлу да, тәкәппар, адал да, ерке Алманың сырқаты тұқым қуалайтын қауіпті сырқат.
«Оң қол Алмаға терең қалың ұйқы құшағында енгенде шабуыл жасайды. Яғни өзіне қанша түсініксіз болғанымен, өзін-өзі өлтіру ниеті қыздың миында бар деген сөз. Бірақ ол ниет кімнің ниеті, қайдан келген. Алманың бүкіл өткен өмірін мінез-құлқын , адамдармен қарым – қатынасын зерттей келіп, мұны өз басынан туған ниет деуге себеп таба алмадым. Бұл қалайда қан-мен, тұқым қуалап келген деген ниет деуге болмайды. Науқастың шешесі, иә әкесінің әкесі бір кезде өзін - өзі өлтірмек болған. Енді олар әлде бір құпия заңдылықпен Алманың санасында тұрып, өздерін - өздері өлтіргілері келеді. Бірақ олардың өздері жоқ. Сананың иесі қыз өлуге тиісті»(6,223 – 224) .
Бұл сырқат сирек те болса, өмірде кездеседі екен. Оны ме-
дицинада дененің екі жарылуы десе, әдебиеттануда адам ішіндегі
адам деген тәсілді жазушы өте шебер пайдалана білген. Шығарма сюжетін берудегі суреткер шеберлігі күшті.
«Қаламгер қай кейіпкерінің бейнесін жасамасын ол сөзге сараң, автордың ішкі сезімін сездіре бермейтін салкынқанды. Кейіпкерлері тек өз табиғатына, дәрежесіне тән сөздерді сөйлеп оларды толғайды. Шағын әңгімеде шашырап жатқан ой, оңды - солды пайдаланған сөз жоқ. Әдеби шығармада кейіпкер болмысын кесектеп, ішкі жан сырын ашуда айрықша рөл атқаратын түс ішкі монолог ретінде көрініс тапқан. Әңгімені әсерлі етіп, оқиғаны қоюлатып отырған түс - автордың үлкен табысы»(5,77).
Бұл пікірге орай ой өрбітсек түс көру тәсілі басқа да жазушыларымыздың шығармаларында көрініс беретінін байқау қиын емес. Ғалым Ж. Дәдебаев «Оң қолды» О. Бөкей шығармаларымен салыстырады.
Мәселен : Т. Әбдіковтің «Оң қол» әңгімесінде бір тұлғаның бойындағы біріне - бірі жат жау екі сана туралы сөз қозғалады. Автор «бір дене ішіндегі екі түрлі жан иесінің» кезектесіп не қатар өмір сүруін «мидың шешілмей жатқан жұмбақтары» ретінде түсіндіреді. О.Бөкеевтің «Жасын» әңгімесіндегі адамның түрі қолы қып – қызыл қан, ізі сап - сары болып күйіп қалған, ақ шапанының ар жағында белдігіне қырық пышақты қара шапанды ақ тер, қара тер боп қаншама шешсе де тауыса алмай дымы құриды» деп отырып мынандай қорытынды жасайды.
«Бірінші әңгіме санасы ауруға шалдыққан қыздың әректіне негізделген. Екінші әңгіме Қиялшыл Қиялханның түсінен. Екі шығармада да жұмбақтылық, бейнелілік басым. Ақиқат болмыс ретінде осы жұмбақтылық пен бейнелілікті, олардың логикалық шешімін қабылдау керек пе, жоқ па оны ашып көрсетуді авторлар қажет деп таппаған. Көркем шығарманың шын тіршіліктің дәл өзі ретінде қабылдау ешқашан міндетті делінген емес. Алайда, жазушы қандай шартты форманы пайдаланғанда да обьективті дүниенің суретін жасауды мақсат тұтады. Реалистік шығармада символ – белгі – нақты мазмұнның формалық көрнісі. Мазмұн – мағынадан тыс жұмбақтылық, шарттылық жоқ . Осы ретте жоғарыдағы шарттылықтардың да өз мәні болуы тиіс. Жоғарыда айтып өткеніміздей адам жан дүниесінің екіге жарылуы - қазақ әдебиетінде бұрыннан бар, адам психологиясын тереңнен түсіндірудегі ерекше құрал екенін көрдік. Бұл сөзімізге тағы дәлел келтірсек. Бұл адам бойындағы қос қасиеттің тартысқа түсіп, оның бірде – бірі, бірде - екіншісі жеңіліске ұшырап отыратын психологиялық құбылыс. Мәселен, Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы бас кейіпкер бойынан да, осы құбылысты көруге болады. Ақбілек қанша адал , пәк адам дегенмен де , ол кейде қара мұрт офицердің құшағынан тыныштық тапқандай да болады ғой. М. Әуезовтің де «Қаралы сұлу» туралы да осыны айтқан жөн.(2О,11)
Адам баласының қоғам өмірінде алар орны , жай адам емес , жаратылысы жұмбақ , құпия қатпары көп адам жанының кілті екінің біріне ашыла бермесі анық . Оның құпиясы көп бітім – болмысын тек талантты суреткер ғана көре білмек , біліп қана қоймай , терең зерттеген.
Қазақ драматургиясын зерттеген белгілі ғалым Р.Рүстембекова ат басын қазақ әңгімелеріне де бұрған екен. Ғалым «Оң қолды» тіпті фантастикалық шығармалар қатарында атап өтеді.
Зерттеуші: «Өмірде дәл сондай жағдай болды ма , жоқ па, мәселе онда емес, өмірде болғандай етіп сізді сендіруі – міне әңгіме түйіні осында жатыр... Жазушы жас қыздың оң қолының өзіне қастандық жасауын үлкен дерт ретінде бейнелеуінде символдық астар жатыр. Өмірдегі зұлымдық атаулыны адам өз қолымен көбіне саналы түрде істейтінін айтып , жазушы оны қоғамдық үлкен дертке ұш тастырады» дейді (8,86).
«Оң қол» әңгімесіндегі бақытсыз қыздың арғы аталарының бірі өзін - өзі өлтірмек болып , бірақ идея іске аспай қалған. Енді генетикалық ақпаратқа енген осы идея пәленбай ұрпақтан кейін қыздың жадында жаңғырып , ақыры жүзеге асып қыздың мерт болуымен аяқталады.
Барлық әрекет ең алдымен ойдан басталады десек. Жаман ой, жаман әрекетпен аяқталуға тиіс. Ендеше үлкен жауапкершілік осы ой арқылы басталуы керек. Егер әрқайсымыз өзімізден кейінгі ұрпақтың біз ойлаған қиянаттар мен біз жасаған қателіктердің отына күйюі мүмкін екенін сезіне алсақ онда, біздіңше тіршілік бұдан гөрі мәнділеу, маңыздылау болар ма еді. Әңгіменің негізгі идеясы осы. Жақсылық атаулымен қатар жүретін зұлымдық іс - әрекеттер мен жауыздықтың түп – төркіні «ой» мен соны іске асыратын «қолда» жатыр. Міне, бұл авторлық түйін , автордың концепциясы.
Т. Әбдікұлының аз жазатынын , аз жазса да , саз жазатынын жоғарыда айтып өттік. Бірақ, оның қайсыбір шығармасын алмайық екінің бірі бара бермейтін өмірдің ең өзекті, әлеуметтік мәселелерді қозғайтынын көреміз. Ол қандай мәселені қамтып, тек өзекті, адами проблемаларды көтерді. Төлен шығармаларының ауқымы бір жеке елдің, не бір ғана аймақтың мүддесін қозғамайды. Оның шығармалары бүкіл азаматтың, тіпті ғаламдық проблемаларды қамтиды (1О).
«Бассүйек» атты әңгімесін оқып отырып, бұл саяхаттың тым ертерек басталғанына көзіміз тағы жеткендей болды . шағын жанр шеберлікке басқыш десек, Т.Әбдікұлының шеберлік қырларының бір ұшығын осы әңгімесі де дәлелдей түседі. Әңгіме желісі Хамит деген жас мүсінші антропологтың бір мүсінді жасау жолындағы ізденістерін, қызықты да азап – мехнатты өнер жолындағы жан тебі-реністерін ашуға құрылған. Бас тұлға диплом жұмысы етіп алған тұңғыш еңбегін атақты Герасимовтың өзі мақтаған талантты жігіт.
Белгілі ғалым ф.ғ.д. К. Сыздықов «Кейіпкер де автордың өзі сияқты жоғары оқу орнын бітіріп , таңдаған мамандығынан біршама
мол мағлұматтар алып, енді сол іштей жинақталған дайындықтарымен өз бетінше творчестволық еңбекке алғаш бой бұрған тұсы болуы керек» дей келіп , өзгені танығың келсе, өз ішіңе үңіл, өзіңді білгің келсе,басқаларды бақыла» - деген екен Әлішер Науаи. Түптеп келгенде, бұл өзін - өзі тану - өзін -өзі жазу... яғни мұнда автор кейіпкерінің жан дүниесін, сезім құбылыстарын үнемі іштей кеулеп, қадағалап, соны ашып көрсетеді» деген пікір ұсынады (11,15О - 151)
Мүсіннің жасалу кезінде басы – қолында болып, араласып жүрген әріптес мамандар Хамиттің бұл еңбегін бір аңыздан «таптырмайтын бағалы дүние» деп тапса да, неге екені белгісіз, көрермен көпшілік ұната қойған жоқ. Бәрі бір ауыздан:
- Жоқ бұл Жаубөрі емес, Жаубөрі мұндай болуға тиісті емес, - деп шу ете қалды (1О, 214)
Неге?
Міне, автор да өз кейіпкерімен бірге осы сұраққа жауап іздейді. Бір айта кетер нәрсе сюжет құрудағы жазушы шеберлігі. Сюжеттің негізгі қозғаушы күші тартыс десек , сол тартыстың өзі табиғи заңдылықпен , қарапайым ғана түрде нанымды өрбіп отырады. Жазушының қай шығармасын алсақ та жадағай жасандылықтан, әлеміш әшекейден аулақ.
«Ондай енді, мұндай еді» деп, көп созып баяндап жатпайды, тек өзінің көріп, сезгендерін айтады. Оны да тәптіштеп жатпай, бір қарағанда байқап қалғандарын ғана айтады да қояды. Кейіпкерлердің де «сайдың суын сапырып жатқан ештеңесі жоқ.
«Пожалуйста, көріп шығыңыздар», болмаса «Бұл біздер үшін ғылыми предмет ғана» деп, «тірісінде пенде баласын асықша иіріп, қақпақылдап» тұрған Хамитке қараңызшы. Болмашы штрихтардан қаншама жайлар танылып тұр. Бұл – кейіпкердің әуел бастағы бейне - бітімі. Оның қолынан шыққан мүсіннің қандай болып шығары айтпаса да белгілі
Шығармада кейіпкердің жаны мен жүрегіндегі көзге ілінбес көп иірімдерді табу, тану және жазу (Гоголь) автор үшін қаншама қажыр- қайратты талап етеді. Жазушылық шеберлік те осы қиындықты игеруде көрінсе керек. Біз көп айта беретін суреткер стилі де кейіпкер дүниесін ашуда дараланады. Осы аталған әңгімеде басы артық кейіпкер, орынсыз оқиға жоқ. Әр кейіпкердің өзіне ғана лайық көтерген жүгі автордың идеялық мұратымен шебер қиюласады. Әсіресе, «мүкіс құлағын қалқалап» , «түсінсін – түсінбесін» қолын көлегейлеп қарап: «Қайдам шырағым» , - деп тұрған Мұқаш шалдың бейнесі көңілге қона кетеді.
«Кенет қулана жымиып:
- Мынау біздің милиция Оқап секілді екен», - деп, болмаса: « .. Ал былтыр өлген әкесіне бугхалтер Ермек әшекейлеп күмбез орнатты, көрдің бе?!» - деп, әлдекімдерді тағы да сыпырта боқтап отырған «сахарға салып алғандай аппақ» шалдың іші – тысы түгел танылғандай.
Бір – бір рет қана көрінетін: «Қанша діндар болса да ... батырдың
сүйегіне бір рет көз тоқтатып қарауға қарсы емес шоқша сақал қарт кісі де , «бір қолымен өзінің білегін ұстап, тамыр соғысын тексеріп келе жатқан «Жісіпбеков жолдас та , «Ойбай, қойдым» - деп, «алжыған шалдан зәре құты қалмай қорқатын» Мұқыштың баласы да өзіндік характер қалыптарымен көз алдыңызда қадау – қадау тұра
қалғандай (1О, 153)
Шынында да суреткер сомдаған кейіпкерлерден өзімізге таныс - бейтаныс алмай жандарды кездестіріп, оған бейтарап қала алмай қосыла тебірентіп, теңселе тербетіліп жатсақ, онда ол жазушының байқағыштығы мен сезімталдығының жемісі болса керек.
Т. Әбдікұлының келесі әңгімесі «Қонақтар». Бұл дүниеге бәріміздің де қонақ екендігімізді ескерсек, бұл шағын әңгіме тақырыбының өзінде үлкен символдық астар жатқан сияқты. Күнделікті өмірдің күйбеңі біткен бе? Алайда, біз сол күнделікті өмірдің күйбеңімен жүріп қаншама құндылықтардан ажырап бара жатқанымызға оншама мән беріп, ой жібере бермейді екенбіз. Урбанизацияның терең иіріміне көміліп бара жатқан қазақтың қаракөз қыздары мен көгенкөз ұлдарының тағдыры Т. Әбдікұлының ары мен иманынан да шет қала алмапты. Шынында да осы бір шағын әңгіменің көтерген жүгі бүгінгі таңдағы үлкен проблеманың біріне айналған уақыттың өзі көрсетіп отырған жоқ па? Біреудің қаңсығы енді біреуге таңсық болған мына заманда « баланы кім болмасын деп, қай елге қай харакетке қосқандайсың» (Абай). Ал осынау ащы шындықты ашу үшін де жазушы бүгінгі жариялықты, тәуелсіздікті сары алтындай сабырлықпен күтіп жатпай - ақ алдымызға жайып салыпты.
«Әй, кемпір, - деді ішінен бағанағы жерде айтатын сөзі ойына
жаңа түсіп, - мен саған дейін үш қатыннан айрылғанмын. Азды – көпті ғұмырымның ішінде талай бақтан айрылып, талай баққа қолым жетті. Дүние бірде алдын берсе, бірде артын берді. Бірақ әкем көрген, әкемнің әкесі көрген қара орнымнан айрылып көрген күнім жоқ. Не танытып отырсың!»(12, 197)
Алайда Ерғабыл қарияның қасиетін ұғынар ұл қайда, жетесіз
ұлдың жетесінде бірдеңе болса, қара ормандай шаңырағына ие болмас па. Сондай – ақ, бұл тек Ерғабыл қарияның ғана қасіреті болса, бір сәрі ғой. Қатары жылдан – жылға сиреп бара жатқан ондай қарияларды әр ауылдан, тіпті, әр үйден кездестіруге болатындай еді – ау, ол кездері. Болмаса өз қағынан жеріген құландай қалаға қашқан Сапабек сияқтылар бұл өмірде аз ба. Әрине, біз біреуге кінә артып, айыптаудан аулақпыз. Десек те сондағы бар кедергі ауылдық жерлердегі мектептердің орысша білім бермейтіндігінде тұрма еді. Ұлы орыс тілі, Ұлы орыс халқы деген ұранға Ақай қосқан, «адам болам десең, алдымен орыс тілін меңгер» деп сәуегейлік танытқан аңғалдығымызды немен түсіндіреміз. Алайда, жазушы көтерген проблеманың, оған автордың тұжырымдамалық көзқарасын анықтау мақсатында бірді – екілі көркемдік детальдың қисынына тоқтала кетудің артықтығы жоқ.
«Ертеңіне тұрысымен Сапабек қайтуға жиналды. Әке – шешесіне алған базарлықтарын, біраз жинаған ақшаларын қалдырды.
- Осының бәрі Томаның жинап жүргені. Сіздерге деп осы шыбын – шіркей болып жүреді. Мен болсам қалтама түскен затты сол күні құртам ғой – деп қойды. Осыдан барысымен посылка салатынын айтты. Одан соң:
- Ал енді мына балаларың , - деді Жеңісті көрсетіп, - бір түйір қазақша білмейді. Чемоданының аузын жаба алмаған болып біраз қиналды , - таттанып қалған ба немене? ... Ал енді оқу уже басталып қалды. Бұл арада орыс мектебі жоқ. Мұны қалай оқытамыз деп отырсыңдар. Биыл жетіге келді.
Ерекең төмен қарап үн – түнсіз ұзақ отырды.
- Алып кет өзіңмен бірге, - деді бір кезде даусы қарлығып,
- Оқыт, өзіңдей қаңғыбас етіп шығар. Сапабек тағы да қынжыла күлді.
- Ой, көке – ай, мені бір баласырап барады деп ойлайсың ба?
Орыс мектебі жоқ екенін айтып отырмын ғой. Әйтпесе...
- Бар, бар, алып кет , - деді Ерекең. – Жолдарың болсын!»(12,206)
Үзіндіден келтірілген диалог көп шындықтың бетін ашқандай. Шағын деталь, шымыр да ширақ штрихтармен шалқар шындықты таныту дегеніміздің өзі осындай болар. Жалпы көркемдік тәсілдің қайқасы да, кейіпкер табиғатының жұмбақ сырларын ашу, сол арқылы шығарманың идеялық – көркемдік салмағын таныту, арттыру
мақсатында қолданылатыны белгілі.
Ал, диалогтың көркемдігі шығарма кестесіне жігі білінбей жымдасқан әдемі жарасымында , табиғылығымен шындығында. Бұл әңгіменің өн бойынан жасандықтың, диалог арқылы танылған қасыбір кейіпкердің болмысын әсіре қызыл, кеуек сөздердікөпіртіп отырғанын көрмейміз. Бәрі де шамасына лайық өзіне ғана жүктелген міндетті орнымен атқарып тұр. Белгілі сыншы Б. Ыбырайым диалог құрудағы қазіргі қазақ прозасында жиі кездесетін екі олқылықты атап көрсетеді
«Бірі – кейіпкерді, әсіресе жас кейіпкерді романтикалық сипаттағы өршіл бейне етіп суреттеймін деп, оның аузына әсіре қызыл, кеуек сөздерді сала беру. Бұндайда кейіпкер сөзінің кеуектігі мен көптігі жазушының көркемдік нысанасын бейнелеуге септігі әлсіз, әрі шығарманың реалистік қуатын кемітеді.
Екінші олқылық – кейіпкерлері арқылы оқырманға ой саламын, толғандырамын деген игі ниеттегі автор жалпыға мәлім ақиқаттарды қайталап, «кітаби» сарынға жаңа дидактика мен схематизмге бой алдырады»(4,127).
Әке мен бала арасындағы түсінбестік, анығы түсінуге тырыспаушылық, қоамдық даму брысында пайда болған алшақтық, жатбауыр болып бара жатқан бала, тасбауыр тартқан немере, адамгершілік ар ождан, міне мұның бәрі сұңғыла суреткер Төлен жүрегін жаралаған жәйттер еді.
Осы әңгімеміздің желісін Ш. Айтматовтың шығармасымен салыстырып көрсек болады.Мәселен, «Боранды бекет» романындағы мына бір эпизодты алсақ болады. Қаз блған әкесі Қазанғапты жерлеуге келген Сәбитжанның:
«Ау, жер түбіндегі Ана – Бейітке сандалып не керек, табалдырықтан аттап шықсаң дүнеенің қиырына дейін Сарыөзектің қу даласы көсіліп жатқан жоқ па? Жер жетпей ме сонша? Осы ауылдан ұзамай – ақ, темір жолдың бойындағы бір төбешіктің басына қоя салуға болады ғой,(13,23) деген парықсыздығын айтуға болады. Ия, қайдағы ертегі бейітке апарып жерлеу, ол үшін ақылға сиымсыз. Оған Ана – Бейіттің, әке өсиетінің құны бір тиын. Ана – Бейіт дегеннен шығады, автор аңыздағы мәңгүрттіктің сырын Сәбитжан ашуда сәтті пайдаланған. Сондай – ақ, жазушы қарапайым теміржолшының, еңбек адамының өмір жолын парақтай отырып – ақ, бүкіл адамдық , бүкіл әлемдік мәселелерді көтермеуші ме еді.
Жалпы өткенін, ата – бабасының салт – дәстүрін ұмытқан адамды мәңгүрт десек, Төлен де осы Сәбитжан сияқты рухани мәңгүрттіктен сақтануды меңзегендей. Ана – Бейіт аңыздағы мәңгүрт азаптаудан, жанына түскен жарақаттан ақыл – есінен айрылса, Сапабек сияқтылар ата – бабаның салт – дәстүрін сыйламаған парықсыздықтан, жетесіздіктен, білімі болғанымен, білігі жоқтықтан мәңгүрттік халге жеткен.
Әрине, біздің кейіпкеріміз Сапабек әке қазасына келіп отырған жоқ. Алайда оның жаңағы Сәбитжаннан айырмасы шамалы. Оны жетпістің желкесіне шыққан ата – ананың тағдыры онша ойландырмайтын сияқты. Куроттатып, одан қалса шетелдетіп жүрген оған ата – бабасының кіндік қаны тамған қасиетті топырақтың құны көк тиын.Әке – шешесін қалаға көшіріп алсам деген ниеті де жоқ емес. Әрине, ол ниеттің шын ынта – ықылас пейілден, жан жүрегінен шығып тұрмағаны анық.
Бірақ: « - Уай , ақымақ кемпір. Өлер шақта тұрмыс қуып, тентіреп жүре алмаспын. Ағайын жұрт, өз еліңдей елді табамын деп отырсаң ба басқа жақтан. Айдаладағы бір қаладан... (12,199) деген шалдың жан толқынысын Сапабек қайдан ұқсын.
Сонымен, саналы да, сарабдал суреткер Т. Әбдікұлы өмірдің елесіз күйбең тіршілігін , қарапайым ғана тілмен баяндап отырып – ақ, адамзаттың үлкен мәселелерге ұштастырады.
Осы мазмұндағы шығармалар сол кезеңдегі жазушылардың көбіне тән екенін көреміз. Ауыл өмірі, ата – ана мен бала арасындағы қарым – қатынас Д. Исабековтың «Тіршілігі» мен «Дерменесі» , О. Бөкейдің «Қар қызы» мен «Қайдасың қасқа құлыным», Т. Нұрмағанбетовтың «Түкпірдегі ауыл», «Қош бол ата», Ж.Түменбаевтың «Ауыл шетіндегі үй» т. б. Сияқты шығармаларда әр қырынан, жан – жақты көрінді.
Бірақ олардың сол шындықты игерудегі әдіс – тәсілдері, сюжет құрап кейіпкер психологиясын ашудағы көркемдік стильдерінің өзі әр түрлі. Сол үшін де олар бір – біріне ұқсамайды, тіпті бір – бірін қайталамайды.
Дегенмен Т. Әбдікұлының өзіндік жазу мәнері, сөз қолданысы кейіпкерлерінің іс - әрекетін , мінез – құлқын сомдауы, оқшау образдар
жасауы, тосын тұлғалар табуы тайға таңба басқандай дәлелдеп – ақ тұр. Суреткердің кезкелген шығармасында сомдаған кейіпкерлері сөз саптасынан бастап,дүниетанымына дейін ерекшеленіп тұруымен дараланады.
Т. Әбдіковтың ендігі бір көтерген мәселесі жайлы айтылған әңгімесі «Қайырсыз жұма». Жазушының президент аппаратында, жалпы әкімшілік қызметтерде көптен бері істейтінін білеміз. Жазушының бұл қызметі де өз творчествосына әсер етпей қалмады. «Қайырсыз жұманың кейіндеу жазылуына қарап, бұл тақырыптың да толғағы жетіп, жазбуға мүмкіндігі қалмаған соң , хатқа түскені көрінеді.Бұл шығармада бір қарағанда бір адамның жұмыстан босатылуында тұрған ештеңе жоқ сияқты. Бұл жер кім келіп, кім кетпей жатқан орындық. Ал шын мәнісіне келсек солай ма? Т. Әбдікұлы оның тіпті арғы жағына үңіліп, адам психологиясының терең қатпарларына бойлайды. Шындығында мың бұралған бишінің жалаңаш беліндей көзді арбаған «билік», қылымсыған көңілдес келіншектің болған «кресло» кімге тұтқа боп, кімге опа берген. Таспақадай тырбыңдап жүріп жеткен сол тақ пен билік тұрлаусыз бірдеңе екен. Әттең оны пенделердің кеш түсінетіні қандай өкінішті, қандай қасірет. Жиырма жеті жасында комбинатқа директор, одан министрдің орынбасары, ақыры министр болған, енді міне алты жыл дегенде орнынан алынып, елсіз қу медиен далада қаңғып қалғандай болып отырған Әбен Ілиясовичті тыңдап көріңіз
«Билік дейді – ау, кімде бар ол билік? Министр түгілі әлгі хатшыңда да жоқ. Манағы қалт – құлт етіп келген Қойбағаровтан оның артық жері қайсы ? Қайта хатшыға қарағанда Қойбағаровтың ұйқысы да, жүйкесі де тынышырақ шығар. Тіпті сол билік біріншіңнің өзінде бар ма екен? Біреуге күжірейіп, біреуге кішірейген заманда билік туы тігілген жер біздің көзіміз жететін жерде емес. Осыны білсек, кінәләсудің орнына бір – бірімізді аяйық»(6,286 – 287).
Кейіпкер психологиясын, жан тебіреністерін суретеп отырып – ақ автор адами құндылықтар мен адамгершілік қағидаларға философиялық астар береді.
Міне, бұл ащы да болса шындық. Шындықтың жүзіне тура қарау әрқашанда ауыр. Оны мойындау да қиын.
«Әбен осы тұста әлде бір шындықты мойындауға тура келгендей, басын шайқап, ауыр күрсінді. Апыр – ай, өз баламды тәрбиелеуге уақытым болмаса, оны мен күнделікті өмірдің ауыр - жеңілін өліспегем, қуаныш – қайғысына ортақ болмасам, сырласпасам, мұңдаспасам, балам шын мәнінде тірі жетім болып өскені ғой. Тәрбиені көшеден алған бала көшенің баласы болмағанда, кім болады?»(6,285)
Өлінің ісі – тіріге сабақ болуы тиіс. Әбен Ілиясовичтің трагедиясы талай адамға ой салғандай – ау . Ия, адам қоғамның бір бөлшегі десек, сол адамнан тыс қоғам да жоқ. Сол қоғамды құрайтын да сол адамның өзі емес пе? Осы Төленнің шығармасында көтерілген мәселені және осыған ұқсас сюжетті басқа да жазушылардан көруге болады.
Мәселен, жазушы М. Байғұттың «Әкім кеткен күн»(14) атты шағын әңгімеде де өмірдің осы шындығы сөз болған. Мәселе кейіпкердің бірінде әкім, бірінде министр болуында да тұрған жоқ. Негізгі түйін , сол айта беретін өмірлік шындықты суреткердің қалай көрсете білуінде.
Тұжырымдама – автордың белгілі бір шығармада қолы жеткен табысы десек, «Қайырсыз жұма» әңгімесі де өзіндік табысымен келген, қазақ әдебиетінің төрінен орын алуға лайық шығарма деп білеміз.
Т. Әбдікұлының ендігі бір әңгімесі «Бір күндік ашу» , «Жат перзент» деген әңгімелерінің көлеміне қарап, оның көркемдік жетістіктерін кемсітуге болмайды. Бір қарағанда мәселен бір күндік ашуда тұрған не бар, кім ашуланбай жатыр деген ой келуі мүмкін. Оқиға желісіне адам психологиясының бір сәт, бір мезеттік қана қыры алынған. Бізге суреткер сол бір сәттің өзінен адамға тән барша болмыстың құпиясын ашқандай көрінеді. Онжылдықты былтыр бітіріп,
қазір кітапханада жұмыс істеп жүрген Айгүлдің ағасы Ордабекке әлі күнге кішкентай бала көрінетіні рас.
«Шынында да ол соқтауылдай қыз. Бірақ мұны айтқан адамды Ордабек барынша ұятсыз, ардан безген біреу деп білер еді» деген немесе « - Жұмысқа келген студенттердің біреуі Айгүлге сөз салып жүр екен, - деген хабарды естігенде табиғатында жоқ бір долылықтан түтігіп, тіпті жыларман халге келді.
«Бұл масқара ғой! Кішкентай баланы! деді әрі ойлауға батылы
жетпей» деп қарындасын қызғанатын Ордабектің жан дүниесі қандай табиғи , ұлттық нақыш – бояуымен ашылады.
Ал, Айгүл бейнесі тіпті бөлек. Жазушы оның да ет пен сүйектен жаратылғанын, тіпті, адам ретінде оның да біреуді жақсы көріп, ғашық болуға толық правосы бар екенінкейіпкер ішкі дүниесінің толқыныстары арқылы суреттейді. Шығарма сюжеті шағын. Адам өмірінің бел – белестеріндегі бір кезең алғашқы махаббат десек, шығарма соңы бас кейіпкеодің өткен өмір жолдарын ой көзімен шолып, қорыту арқылы түйінделген.
Жазушының «Жат перзент» әңгімесінің де мазмұны бір сәт, бір кезеңдік оқиғаның әсерінен дамиды. Кекшілдік жақсы қасиет емес. Осы кекшілдіктің ақыр соңы біреудің ақ төсегін арамдаған өшпенділікке ұласса оны қай моральға, қандай адамгершілікке жатқызамыз.
«Мен өмірімнің ұзын ырғасына көз жібердім. Бұл өмірде қатеміз қайсы – адам біліп болған ба?! Осыдан біраз жыл бұрын Зәурешпен арамыздағы жастықтың желігінен туған бұра жүрісті таразының бір басына, қалған ғұмырымды екінші басына шығарып, жалғастырғым келеді. Анықтауға зердем жетпеді. Бар білгенім – Зәурешті шын көңілімен ұнатыппын. Бірақ мен алғашында мұны мойындағым келмеді. Өйткені мұның бәрі өзімді қоршаған ортаның қағидасына мүлде қайшы еді. Сондықтан мен де көңілімдегі шынайы сезімді жалған деп тануға мәжбүр болдым. Сонда менің жіберген ең үлкен қатем қайсы? Зәуреш пе? Жоқ , бүкіл қалған ғұмырым ба?
Соңғы кезде балам ыңғай түсіме кіреді» (4,345) деген жан азабын немен түсіндіреміз. Айыпты қоғам ба , кейіпкер ма?
«Жаңалық ашу – демек бәріміз көріп жүргенді көре білу , бірақ осыған дейін ешкімнің ойына келмегенді ойлай білу» деген екен атақты венгр ғалымы.(А – Сент – Дьерди)
Бірер сөзбен түйіндер болсақ, көркемдік мәселесін социалистік реализм әдісінен іздеп, әдебиеттің таптығы тұрғысынан сараланған кешегі кеңестік кезеңнің өзінде бұл шарттылыққа бағынбаған Төлен әңгімелерінің өміршеңдігінің кілті де осында жатса керек.
Достарыңызбен бөлісу: |