Қазақ өнері – бай, классикалық негіздегі іргелі өнер.
Қазақ халқының мәдениеті мен өнері барлық салада тек Ұлы Октябрь социалистік революциясынан кейін ғана қанат жайып, өріс алғаны белгілі. Халық таланттары заман талабына сәйкес жаңа рухта тың туындылар жасауға ат салысты. Қазақ халқы – өнер тарихында өзіндік алар орны бар, ерте заманнан келе жатқан алуан түрлі бай өнердің лайықты мұрагері. Бұл мұралар олардың тұрмыс-тіршілігімен күні бүгінге дейін тығыз байланысты. Бұдан ғасырлар бойы қалыптасқан халық өнерінің ескірмегені, өрісін қысқартпағаны айғақ. Әрине, бұған қарап ұлттық қолөнер үнемі дамып, өрлеп отырды деуге де болмайды. Өйткені, арғы жағын айтпағанда ХХ ғасырдың басында-ақ бұл өнердің тоқырап қалғаны мәлім. Бірақ Совет өкіметі жылдарында қалыптасқан өнердің халықтық дәстүрі жаңаша дами бастады. Тарихи деректерге жүгінсек, Орта Азия мен Қазақстан халықтарының өздеріне тән ежелгі мәдениеті болғанын көреміз. Бірақ 1917 жылға дейін олар жөнді зерттелмеген. Сондықтан мағлұматтар да мардымсыз. Шу, Іле бойынан бастап, сонау көкпен тілдескен Тянь-Шань тауларына дейінгі алқапты зерттеп шыққан Қазақстан археологтарының еңбегі арқасында ғана қазақ халқының бұдан мыңдаған жылдар бұрын өмір сүрген ата-бабалар өнері жөнінде тарихи деректерге ие болып отырмыз. Академик Марғұланның зерттеу жұмыстарының нәтижесінде қазігі Қазақстан жерінен мұнан төрт мың жыл бұрынғы елді мекендердің, ірі металлургия, мәдениет орталықтарының болғандығы анықталды. Олар негізінен Орталық және Шығыс Қазақстан аймағына орналасқан. Тамаша моншақтар мен қола алқалардың, қапсырмалар мен екі басы өріліп, соғылған білезіктердің өрнек үлгілері де сол аймақтардан кездесіп отыр. Бұлардың бәрі – кезінде сәнқой қыз-келіншектердің әсемдік бұйымдары болғаны мәлім. Ескінің ескірмес көзі ретінде бізге жеткен әр түрлі құмыралар, күнделікті үй тұрмысында қолданылатын заттар бұл күнде Отанымыздың ең таңдаулы музейінің төрінен орын алуда. Олардың әсемдігі, соғылу шеберлігі, нақышының тартымдылығы нәзік өрнек үлгілері көрушісін таң қалдырмай қоймайды. Бұл ғажабы – ою-өрнектерінің молдығы иір сызықтан бастап, ыдыстың бетін түгел орап алатын құс таңдай, қошқар мүйіз өрнегіне дейін ұшырасады. Осы бір өміршең өнер ғасырлар бойы сыннан өтіп, бүгінгі өресі биік өнерімізге ұласып отыр. К. Ақышевтың зерттеулеріне қарағанда, қазақтардың арғы тегі – сақ, үйсін, қаңлы тайпаларының мәдениеті мен халықтарының, Шығыс Европа мен Шығыс скифтерінің өнерімен тығыз байланысты болғандығы анықталды. Бір кезде қазіргі Қазақстан жерінде «алтын күзеткен Самұрық» пен «жалғыз көзді дәу» болғандығын баяндайтын аңыздай әлемге әйгілі грек деректері, енді «алтын киімді адамды» тапқан археологиялық бай деректерге жол берді. Совет өкіметі жылдарында халық творчествосына даңғыл жол ашылды. Маманданған арнаулы білімді суретшілер мен мүсіншілер көбейді. Олар халқымыздың қолөнер дәстүрін ілгері қарай жаңғыртып, күнделікті өмірдің қажетіне айналдырды. Қазақ өнері – бай, классикалық негіздегі іргелі өнер. Оның бәрін қамту мүмкін емес.