Дипломдық жобаны (жұмысты) орындаудағы Тапсырма Студентке Сейтова Лена Мұратқызы


Киіздің пайда болуы, даму тарихы. Текемет. Сырмақ басу. Апплекация



бет7/17
Дата27.02.2022
өлшемі105,68 Kb.
#133596
түріДиплом
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   17
Байланысты:
Сейтова Лена Мұратқызы
Бижанова Алма, жүйке-сезім мүшелері
1.4. Киіздің пайда болуы, даму тарихы. Текемет. Сырмақ басу. Апплекация.
Киіз басу өнері ата-бабаларымыздың көшпенді өмірімен, мал шаруашылығының өркендеп өсуімен бірге дамып келе жатқан ең көне кәсіби өнер түрі. Киіз басу, оны ұқсатып ел игілігіне, тұрмысна қолдану қай дәуір, ғасырдан бастап келе жатқанын ешкім дәл айта алмайды. Тіпті киіздің өзі де дәлелдеп бере алмайды. Өйткені, қола дәуірінен қалған Пазырық қорғанынан табылған киіз қалдықтарынан басқа дәлел бола алатын киіздер жоқ. Олар ғасырлар бойы сақталмайды. Су, ылғал, жаңбырдың әсерінен шіріп, жоғалып отырады. Жылдар бойы сақталмайды. Сенім-сезім мен тұжырым бойынша, адам баласы аңды өлтіріп,етін жеп, терісінен киім кие білгенде, жүнін де пайдалана білді. Төрт түлік малдың жүні қазақ халқының өмір тіршілігінде үлкен роль атқарған және оны ұқсатуды ел бұдан мыңдаған жылдар бұрын білген. Жүннен бау-шу, арқан-жіп, киім-кешек, қазақ үйдің киізін, әр түрлі төсеніштер мен қап, шекпен сияқты ең қажетті мүліктер жасаған. Қазақ халқының шаруашылығында мал жүнінің ең асылы және бұйымдар жағынан ең көп қолданылатын түйе және қой жүндері, ешкі түбіті, оның қылы, содан кейінгісі жылқының жал-құйрығы,түйенің жүні, шудасы. Жүк артып, күш көлік ретінде пайдаланылған түйенің жүні ұйысып,киіздей болып қалады. Оны «жабағы» дейді. Ол жабағының астынан «боздақ» деп аталатын үлпілдек жүн өседі де, жабағы өзінен-өзі көтеріледі. Түйе жабағысынан әр түрлі жеңіл де жылы күпі тігіледі. Жабағы жүнді түтіп көрпеге де салады, әр түрлі жіптер иіреді. Түйе жүнінен неше түрлі өрмек жіптерін иіріп, шекпен, қап, белбеу, құр, кілем, қоржын сияқтыларды тоқиды. Түйе жүні көрпеге салуға, шапанға тартуға өте жақсы, жеңіл, әрі жылы болады, қылшық шықпайды. «Шуда» деп түйенің мойнындағы, тізесіндегі, екі өркештің үстіндегі салалы қылшық жүндерін айтады. Шудадан жамау-жасқаулдық жіп иіріледі. Бұрын қазақтың тон-шалбары, сабасы мен торсығы, көн ыдыстары осы шуда жіппен тігілген. Түйе шудасы кейбір арнаулы бау-шуларға да қосылып есіледі. Шуда жіп «шертер», «керуші» деп аталатын ән-күй аспаптарына шек есебінде де тағылған. Қойдың жүнін «жабағы», «күзем жүні», «қозы жүні», «өлі жүн» және «шет-пұшпақ» деп бес түрге бөліп атайды. Қойдың жабағы жүнінен шидем шапан, күпі күседі, ішпек, терлік жасайды, тыстап күпсек, көпшік, жеңіл байпақ тігеді. Қойдың жабағы жүнін түтіп, одан кейін матаның сыртына шықпас үшін қылшықтарын бүрілтіп қайнатады. Бұл жүнді шайырынан арылтып тазарту үшін де істеледі. Жабағы жүнді киімнің, көрпенің арасына салады, неше түрлі иіру ісіне, бізбен, сыммен тоқу жұмысына қолданылады. Түтілген жабағы жүннен шүйке жасалып, бау-шу есіледі, өрмек жіптері, неше түрлі жиектер ширатылады. Ал күзем жүннен, қозы жүнінен киіз басылады, текемет, қалпақ, кебенек, киіз етік, пима сияқты киім-кешектер жасалады. Күзем жүні мен қозы жүні иіруге келмейді, ол киімнің, көрпенің арасына тартуға да жарамсыз. Малдың терісінен жұлынып немесе жидітіп алынған жұлма жүнді, қойдың бауырында, пұшпақтарында байланып жүретін білтеленген жүндерді «өлі жүн» деп атайды. Қотанның ортасында түсіп қалған, бұтаның басынан жиналған, бау-шу ескеннен қалған үзік жүндерді «шет-пұшпақ жүн» деп атайды. Мұндай жүндер көбінесе арқан-жіп есуге жұмсалады. Ешкі жүнін түбіт, қылшық деп екіге бөледі. Түбіт иіруге, шарф, шұлық, қолғап, шәлі сияқты жеңіл әрі жылы киімдерді тоқуға тиімді. Оны ешкі түлеген кезде қылшық жүнмен бірге қырқып алып, түтіп қылшығынан бөледі. Ешкінің қалшығы арқан-жіп есуге жұмсалады. Қазақ талғамында ешкі түбіті түйе жүнінен де қымбат, жібекпен теңдес саналған. Жылқының жал-құйрығын «қыл» деп атайды. Жал-құйрық көбінесе арқан-жіп есуге, сүзгі тоқуға, тұзақ есуге жұмсалады. Жылқы қылын терімен қаптап көпшік, жастық, бөстек жасауға, қобызға тартуға пайдаланған. Қазақ шеберлері мал жүнінен басқа қоянның жүнін, құстың мамығын да іске жаратқан. Қоянның жүнінен жылы шарф, қолғап, шұлық, бөкебай тоқыған. Құстың мамығынан құс жастық, құс төсек жасаған, қауырсындарынан қарқара қадаған, жебелердің желбезегіне желімдеген, ондай оқты төменде тұрып жоғарыдағы нысананы дәлдеп атуға қолайлы және ұшқан жолында ауытқымай дәл барады деп есептеген. Тымақтың маңдайына, найзаның ұшына, салт атты адамның иығына тығып алған құс қауырсыны «өте асығыс» деген белгіні білдірген. Осыдан келіп хан мен хандар арасында тығыз хабар жөнелтілгенде хаттың сыртына бір тал қауырсын бекітілетін, оны «үкілі почта» деп аталған. Үкінің жүні қазақтың ескі салты бойынша әсемдіктің белгісі деп саналған. Сонымен бірге үкіні қасиетті деп те білген. Мысалы, ерте кезде бақсы, молдалар, хан тұқымдары, атақты батыр, ақын, салдар үкі тағып жүрген. Ұзатылған қызға, қайнына баратын күйеуге, алғаш отау болғанда шымылдыққа үкі қадау ғұрпының бір жоралғысы осыдан қалса керек. Осыдан келіп жүнделетін бір үкі бір аттың құнымен бағаланған. Үкіні ұлпа және қара қасқа үкі деп екі түрге ажыратады. Үкінің балақ жүнін – ұлпа, ал бауыр жүнін – қара қасқа үкі деген. Қара қасақа үкіні көбінесе ерлер қадаған. Сәукеле, тақия, бөрік сияқты қыз-келіншектер дүниесіне көбінесе ұлпа үкісі қадалған. Ақ үкінің жүнін түрлі түсті етіп бояп та пайдаланған. Мұндайда бояуға қазының майын қосқан. Үкіні аулап ұстап, балақ жүні мен бауыр төсінің жүнін алып, өзін жемге тойғызып қоя берген. Мұны «үкі жүндеу» деп атайды. Үкі жүндеген ауылдан олжа алу салты да болған. Текемет дегеніміз негізінен киізге ою-өрнек түсіріп басылған киіз. Киіздің оюланған жағы оң жағы болып есептелген. Кейде шеберлердің тұрлі түсті жүннің өзін талдырмасыз оюлап салып, бір-бірінен ажыратылмайтындай айшықты түрлермен әдемілеп те жібереді. Текемет басу да жоғарыда айтылған киіз басумен бірдей. Айырмашылық сол, текемет бетіне әр түсті өрнектер басылады. Осыған орай текемет басудың біраз өзіндік өзгешеліктері бар. Текемет киізді үйге жабылатын кесек киізден жұқа, сырмақтық киізден қалың. Ол киізге қарағанда таза, әрі жұмсақ. Сондықтан оған тек қана қозы жүнін немесе ең таңдаулы ұяң жүнді ғана пайдаланады. Текеметке түр салып басудың екі түрлі әдісі бар. Оның біріншісі, түрлі түсті жүннен бөлек басылған жұқа талдырма киізден қиылып алынады. Үлгі бойынша өрнектеліп, қайшымен қиылып алынған оюды шабақталған жүннің үстіне салып, ыстық су шашып киізше басады. Әдетте бұл әдіспен басылған текеметтің өрнегі теп-тегіс болып әдемі түседі. Түр салып басудың екінші түрі – түрге салынатын бояулы, немесе басқа түсті жүнді бөлектеп басып алмай-ақ, сол жүн күйінде бет тартқанда шүйкелеп отырып бірге тарту. Білектеу, тебу және қарпудан кейін текеметті тағы бір рет пысытады. Текемет сырылмайды, жиектелмейді. Бірақ әр облыста текемет басудың әр түрлі әдісі кездеседі. Мәселен, Қазақ ССР Ғылым академиясының этнографиялық экспедициясына қатысушылар 1958 жылы Оңтүстік Қазақстанда аралап қайтқанда сол елдегі текемет түрлері мен оны жасау тәсілдері туралы былай деп жазады: «Оңтүстік Қазақстан облысының текеметі басқа облыстардікіне қарағанда әрі мықты, әрі әдемі. Бұл жердің текемет басу әдісі төрт сатыдан тұрады. Ең алдымен боялмаған ақ жүнді жұқалап жайып талдырып алады да, оның үстіне тағы да осындай басқа түсті жүн тартып қайта талдырады. Бұл текеметтің негізі болып есептеледі. Одан кейін оның үстіне өң есебінде боялған жүн тартып, біраз бастырған соң керекті өрнектің нұсқасын жүнмен жүргізіп ақырғы рет әбден пысығанша басады. Кейде өрнек жүргізудің басқа әдістерін де қолданады. Ол үшін түсті жүннен алдын-ала дайындалған талмадан керекті өрнекті ойып алады. Оларды үш қабат етіп талдырылған текеметтің өң жағына қиюластырған соң, үстіне ыстық су құйып бастырады. Текемет басуға машықтанған әйелдердің айтуынша, соңғы тәсіл кейінгі кезде сирек қолданылатын көрінеді. Текеметтің жиегін шашақтау үшін ешкі терісінен жіңішкелеп тігілген ұзын шудалы таспаны әр түсті етіп бояп, талма қабаттарының арасына келтіре бірге басады». Демек, мұндай әдіс Қазақстанның басқа жерлерінде де болуы әбден ықтимал. Киіздің бетіне ою-өрнек жүргізу әдістерінің ең көп тарағаны – түсті өрнектерді текеметтің өңіне бірге бастыру және киізден жасалатын әр түрлі ыдыстардың (тұс дорба, аяққап, шәйнекқап, шабадан және басқалар) бетіне арналған өрнектерді түсті шүберектерден ойып тігу (аппликация) тәсілі. Кейде түрлі киіз дорбалардың бетіне өте пысық етіп иірген түсті жіптерден неше түрлі өрнектерді жапсыра тігеді. Өрнек тігудің мұндай әдісін Оңтүстік Қазақстанда «сырма» деп атайды. Аппликациялық өрнек, әдетте, ақ киізге қара немесе қызыл шүберектен тігілетін де, оюлардың айнала шеті түрлі түсті жіптермен бастырылатын, кейде тіпті кестемен де әшекейленетін. Ал дәл осы тәсіл Семей мен өскемен жағында да бар. Бірақ оңтүстіктегідей күшті дамымаған. Қазақтың бұрынғы салтында текемет көбінесе сырмақтың үстінен, төсеніш көрпенің астынан жайылатын немесе керуеттің көмкеру киіздерінің үстіне төселетін. Әдемі, жақсы текеметтерді сый қонақтар мен қарттар келгенде жұмсақ болу үшін сырмақтың үстінен көрпе ретінде төсейтін. Текемет сырмақтан үлкен және енді болады. Кейде текеметтің шымқай ақ не шымқай қара, өрнексіз келетін түрлері де ұшырайды. Қазақтың көне салтында текеметті тек қана жұмсақ қозы жүнінен басқан, өйткені қозы жүнінің қылшығы болмайды. Қазақ қолөнерінде сырмақ пен текеметтен басқа киізден жасалатын көптеген мүліктер, әшекейлі жиһаздар бар. Олар: уыққап, керегеқап, қолдорба, қалпақ, жабу және т.б. бұлардың да жасалу, өрнектелу, сырылу әдістері сырмақ пен текемет жасау әдістеріне ұқсас. Кейде қалпақ, байпақ, киіз жеңсе, қолдорба сияқты заттарды арнаулы қалыпқа салып, бітеу басып шығарады. Туырлық. Ол керегенің сыртынан ши тұтылған соң уықтың иініне дейін керегенің басынан асыра тұтылады. Бұл формасы трапеция тәрізді киіз үйдің айнала керегесін жабатын киіз. Екіншіден, екі, кейде үш трапециялауға келетін киіз бөлігі үзік, туырлықтың үстінен шаңырақтың тоғына жеткенше жабылады. Үшіншіден – төрт бұрышты шағын киіз – түндік киіз үйдің шаңырағын жауып тұратын басқа киіздерге қарағанда қалыңдау немесе қосқабат киізден төрт бұрышты шаршы етіп пішілген, төрт бұрышына да бау тағылады. Ауа райының қолайсыз, жауын-шашынды күндері түндікті жауып қойса, күн көзінің ашық күндері, оны қалаған жағынан ашып қояды. Бұдан басқа кейде киіз үйдің сыртынан, керегенің іргесін қымтап жабу үшін ірге киіз деп аталатын киіз дайындалады. Тұс киіз – арнайы басылған ең жақсы киізден жасалады. Оған әрі тығыз, әрі жұқа ақ жүннен басылған фетр сияқты киіз таңдалып алынады, (қалыңдығы 0,6-0,7 см) орта есеппен ені – 150 – 200 см, ұзындығы 300 – 450 см болу керек. Тұс киізді безендіріп әшекейлеу үшін түсті барқыттар, жібектер, шұға, т.б.маталардың әр түрлі формадағы үлгісі пайдаланылып, неше түрлі етіп қиылып алынған ою-өрнектер тігіледі. Қазақ қонақжай халық болғандықтан арнаулы бір бөлек қонақ үйі болады. Оның жасау жабдығы да күнделікті қолданылып жүргендей емес, өте сәндеп безендірілген бұйымдардан құралады. Тұсқа айшықты тұс киіз ілініп, төрге оюлы текемет төселеді. Қазақстанның солтүстігінде осы күнге дейін тұс киізді матадан оюлап тігу дәстүрі сақталып келеді. Ал Батыс Қазақстан шеберлерінің қолынан шыққан тұс киіздің орта шеніндегі жасыл мақпал үстіне қызыл шұғадан ойылып тұтас өрнек жапсырылғанын байқаймыз. Оюы қошқар мүйіз тәрізді иіріліп келгенмен кейде дөңгеленген теңгені елестетеді. Бұл Батыс Қазақстанда кездесер ою үлгілеріне ғана тән нәрсе. Оюдың шетін сары жіппен жиектеп, кестелеп тіккен. Бұл жасыл түске салынған қызыл мәнерді одан сайын аша түседі. Тұс киіздің екі жағы мен басына жалпақтау етіп көк мақпал ұстаған. Оған да қатарлап ортаңғы үлгіге қарағанда уақтау, сол тектес қызыл шұғадан ою түсірген. Осы екі түске түскен өрнекте ала-құлалық байқалмайды, қайта тұтастық сезіледі. Ол іскердің жасыл, сары, қызыл бояуларды үйлестіре білуінің, ақ пен қараны оюластырып сырмақ басу тәсілін қолдануының белгісі. Павлодар облысында дайындалған тұс киізге қарап отырсаңыз оны жасаған тігіншінің өте шебер екеніне шек келтірмейміз. Сонымен бірге ол тұс киіз тігудәң ескі дәстүрлерін бұзып, өзінше жаңа рең қосқан. Тұс киізі сырмақты елестетеді. Қара және қызыл шұғаны беттестіріп оюлап, караның оюын қызылға, қызылдың оюын қараға қойған. Оюдың ойылуы қатаң дәлдікпен жасалған. Тұс киіздің өн бойынан екі көлденең сызықты көруге болады. Одан екі жаққа тарамдалған оюлар бірдей түскен. Тұс киіздің орта тұсында тағы бір тігіс бар, ол қара мен қызыл шұғаның біріккен жері. Мұнан шебердің ою оярда қызыл шұғаны да, қара шұғаны да екі бүктеп 4 қабат матаны қатар қойып ойып түсіргенін білу қиын емес. Ал ол асқан тапқырлықты керек етеді. Бұрынғы тұс киізднрде кездесетін «П» тектес,үш жағынан ұсталған жиекті мұнан көрмейміз. Шетіне жалғанған сары шұға көркемдік үшін емес, көмкеру үшін ұсталғандығын байқауға болады. Тұс киіз - киіз үйдің жасауы ретінде сән берер жиһаз болғанмен, қыстыгүні оны керегеден суық кірмес үшін де пайдаланған. Сондықтан оны да қалың киізден жасап, үстінен әдемілеп, көркемдеп мәнерлі өрнек түсіреді. Осы сияқты сәндеп безендірудің көркемдік шегіне жеткізе жасалған Павлодар облысы шеберлері жасаған тұс киіздер айшықтау мәнерінің өзгешелігімен ерекше назар аударады. Көкшетау облысында тұс киіздің жасалуы ерекше. Оны шұғадан ойылған ою киізге әр түрлі жіппен кестеленіп жапсырылып, кейбір оюлар зерлеп тігіледі. Зерлеп тігу (алтын түсті жіп, зер) – қазақтардың, сондай-ақ Орта Азияның басқа да ұлттарының ең қымбат, бағалы әшекейі болып саналған. Оны кез келген бұйымға қолдана бермейді де. XIX ғасырдың екінші жартысынан бергі жасалған бұйымдардан жаңа бір сипат көріне бастады. Ол Қазақстанның Россияға қосылуына байланысты қазақ тіршілігіне фабрика кездемелерінің ене бастағаны еді. Күнделікті тұрмыс қажетін өтейтін анау-мынау заттар үшін киіз басып, одан жасау-жабдық даярлаудан гөрі дайын кездемені пайдаланудың жеңі екенін жұрт біраз түсініп қалған. Осы жағынан алып қарағанда орталық музейде шұғадан, мақпал мен бөзден жасалған тұс киіздер көп ұшырасады. Сондай-ақ жоғарыда аталған маталармен киізді айшықтап безендіру де кеңінен тараған. Аппликация (құрастыру) алдын ала дайындып алған ою-өрнекті салатын үлгі бойынша матадан кесіліп безендіру. Төрт бұрышты немесе үш бұрышты материалдан қиылып алынған негізгі өрнек те, фонға салған өрнек суреттер де өздері бөлек-бөлек ою-өрнек сияқты белгілі бір мөлшерде дайындалған киізге немесе басқа түсті бір материалға тігіледі. Ол үшін өрнектің шетінен екі қабатталып ширатылған жіппен екі қатар етіп киізге сырып тігіледі. Ал еденге салынатын, қабырғаға тұтылатын, кейде киіз үйдің есігіне ішінен салынатын ою-өрнектер бір-біріне үйлесіп жатады. Олар көбіне крест немесе ромб тәрізді болып келеді. Сырмақтар. Қазақ сырмақтары әр түрлі киізбен ойылып жасалатын төсеніш киіздің бір түрі болып есептеледі. Атадан балаға мұра болып келе жатқан сырмақ жасау өнері бірден-бірге тарап, өрбіп, әрбір ұрпақ өкілдерінің өз жаңалықтары, соны элементтерімен сырмақ сыру өнерін толықтырып, байытып отырған. Сырмақ жасауда текеметтей емес, ою-өрнектің үлгісі күні бұрын өлшеніп,белгіленіп дайындалады. Онда ою қатаң тәртіппен орналастырылады. Сырмаққа арналған киіздің ақ киізі бір бөлек, қара киізі бір бөлек жұқа, әрі қатты етіліп басылады. Содан кейін екеуі бірдей етіліп беттестіріліп, үстіне ою үлгілерін салып, екі киізді бірдей үлгімен ойып алатын болған. Осыдан кейін ойылған оюдың ағын қараға, қарасын аққа апарып қиюластырып тігеді. Қиюластырылған оюды сол қалпымен тұтас үлкен киізге жапсырады. Оюлардың құрастырылар жерінің үстін бастыра жиектейді. Жиектік жіптің иірілуі де, қабатталуы да басқаша және оның түсі, бояуы да оюды айшықтап тұратын ашық түсті болады. Текеметтей емес, сырмақ жарты ғасырға дейін төсеуге шыдайтын төзімді, мықты келеді. Өйткені, жоғарыдағыдай оюларды қиюластырып, жиектері бастырылғаннан кейін тұтастай сырылады. Ақ киіздің үстін ақ жіппен, қара киіздің үстін қара жіппен ұсақ етіп түгелдей тігіп шығады. Сырмақ сонда шымыр қатты болады. Сырмақтың басты және негізгі белгісі берік болу үшін оның түгелдей сырылуында. Бұл «сырмақ» атауының сол «сыру» деген сөзден шыққандығын байқатады. Бір сырмақты жасауға қанша уақыт кетеді, кесіп айту мүмкін емес. Былайша киізден өрнектеп ою кесіп алу үшін бір күн кетсе, кесіндіні тігіп, оны сыру жұмысы өнімсіз өте ұсақ жұмыс болғандықтан ұзаққа созылуы мүмкін. Бұрынғы кезде қазақ семьясында сырмақтың болмауы ол үйдің өте кедейлігін көрсеткен «сілкіп салар сырмағы жоқ» деген түсінік мақал болып кеткен. Қазақтар сырмақты қой жүнінің ақ, қара, қоңыр, боз, көгілдір түстілерінен екі түрін алып, оюлап жасайтын болған. Сырмақ оюы өте күрделі, оны құрасырушы адамның талғамы мен ой-өрісінің биік, ою өнерінің жетік маманы екенін көрсетеді. Сырмақ жасау. Әдетте сырмақ, текемет жасалатын киіз не шымқай ақ, не шымқай қара болуы шарт. Киізде түйіртпек, ошаған, тесік болмауы тиіс. Мұндай кемшіліктер, оюға, сыруға, біртегіс жиектеуге бөгет жасайды. Сондықтан сырмақ, текемет басатын киіздің жүні, оның өңі күні бұрын таңдалып, ол көбінесе қозы жүнінен алынады. Оны сабағанда да ерекше қадағалап, үлпілдетіп сабайды. Осындай іріктеліп алынған жарамды жүннен сырмаққа, текеметке арнап бет басады. Бет болатын ақ немесе қара киіздің екуі екі бөлек басылады. Оны ысырап етпес үшін көлеміне қарай әрі шағын, әрі жүнді үнемдеп жұқалау етіп басады. Сондықтан алдын-ала оның көлемін, оған салынатын ою-өрнектің қандай болатынын қарастырады. Сырмақтың беті кейіннен не киізбен , не кенеппен астарланып сырылады. Көлемі жағынан қазақ сырмақтары негізінен 4 түрге бөлінеді. Мұның ең үлкені-көш сырмақ. Бұл сырмақты көшкенде жүк артылған түйенің үстіне жабуға арнайы, жалпы көлемі 3 - 5 метрдей болады. Екіншісі – төсеніш сырмақ, жалпы көлемі 3 – 3,5 метрдей. Мұндай сырмақтар кейде киіз үйдің төрі бейнелес ірге жағы етектене дөңгеленіп, ал от жағы бүрілген сияқты тарыла дөңгеленіп, от басымен төрге дәлденіп жасалады. Ол тамның, шошаланың, киіз үйдің төрінің от жағына жалғастырыла төселеді. Үшіншісі – төр сырмақ , көлемі 2 – 5 метр. Бұл жиекті, оюлы сырмақ. Мұны сыйлы қонақтар келгенде төрдегі жалпы төсеніш киіздің үстінен, қонақ көрпенің астынан салады. Төртіншісі – төсек сырмақ немесе төсек алды сырмағы деп те атайды. Көлемі 2 – 2,5 метр, жер төсектің орнына немесе төсектің алдына төсейді. Сырмақтардың кейде 1 -1,5 метрлік шағын түрлері де кездеседі. Олар бір кісілік сырмақ деп аталады. Сырмақтың көбінесе ені тар, 1,5 – 1,7 см шамасынан аспайды, ал ұзыны 3 метр, кейде одан да артық бола береді. Түр жағынан алғанда да қазақ сырмақтарының 4 түрлі атауы бар. Оларды «ақ сырмақ», «қарала сырмақ», «жиекті сырмақ», «дебіске сырмақ» деп атайды. Ақ сырмақты бояулы жиекпен ғана тоқылған жиекпен немесе таңдайлап иірген қарала жиекпен жиектейді. Қарала сырмақты қара және ақ киізден ойыстырып, астарлап, сырып жасайды. Оюларды құраған тігістің үстіне бояулы жиек бастырылады. Бұл бұрын сән-салтанатта сыйлы қонақтарға төселетін, көш жүгіне жабылатын еді. Жиекті сырмақты тұтас бірыңғай ақ немесе қара түсті киіздің бетіне бірнеше түсті бояумен өрнектеп жиек бастыру арқылы жасайды. Мұны мүлікті тең етіп бууға, жолға алып шығуға және басқа да күнделікті тұрмыста көп пайдаланған. Дебіске сырмақты жасағанда тұтас киіздің бетіне әр түсті матаны оюлап бастырып, сол оюлардың шет-шетіне жіңішке жиек басады. Кейде кестелеген тұтас матамен тыстап та дебіске жасайды. Қазақ халқының ескі ғұрпында мал еті мүшелері әрбір кісіге сыбаға ретінде белгіленгені тәрізді, үй-іші төсеніштерінің, үй мүліктерінің де жас мөлшеріне қарай арнаулы адамдары болған. Мысалы, ақ сырмақты қазақтың ескі ғұрпында көбінесе күйеуі бұрын келмеген оң жақтағы қыздың астына немесе қара жамылып, жоқтау айтып отырған жесірдің астына төсейтін. Ал дебіске сырмақты төсек үстіне, төсек алдына , жас келіншектер мен күйеу жігіттерге төсеген. Дебіске сырмақты түс киіз орнына да пайдаланған. Сырмақты оюлар. Сырмақ жасаушы шеберлнр өзі білетін немесе қолында бар ою үлгілерінің қайсысын алып, оны қалай орналастыруды қарастырады. Сонымен қатар киіздің көлеміне қарай оны көп кесіп, қырдасынды көп түсірмеу жағын да ойластырады. Содан кейін сырмаққа арналған киіздің оң бетін еденге жаяды. Таңдап алынған ою-өрнектердің қағаз бен тықыр теріге немесе кленкаға түсірілген үлгісін киіздің үстіне салып, сол үлгінің ізімен өткір пышақпен немесе қайшымен мінсіз етіп қиып алады да сырмақ бетіне салады. Оң беті қара киізден ойылған болса, оның ортасы ақ киіздің ортасына түседі. Сырт оюлары ақ киіздің шетіне келіп, ақ киіздің ортасы осы қара шеттің ішінен орналастырылған, екі түсті, оны жөрмеп тігеді. Осы тәртіппен сырмақтың оюлы беті құрастырылып болған соң ою жоспарларының үстінен боялған жиек бастырылады. Мұны жиектеу дейді. Оюларын жиектеп басып болған сырмақты астар төсеп, бетпен қоса сыриды. Сырудың тігісі де екі түрлі: біріншісі – жеке жіптің өзімен әрлі-берлі тік шаншып сыру арқылы тігу де, екіншісі – қос жіппен сырып тігу. Бұл әдіс инедегі жіптің астынан тағы бір жіпті бос төсей отырып сыру арқылы іске асырылады. Мұндай тігіс тігін машинасының тігісіне ұқсайды. Сырмақты сыру үнемі ою-өрнектердің бағытымен оюлана сырылады. Сырылып болған соң сырмақтың шеттерін тегістеп қиып, шетіне жиек бастырады. Жиек жіптер негізінен ашық түсті, ұяң ақ жүннен иіріледі. Ақ жүнге бояу жақсы қонады. Жиек жібін иіру алдында одан істегелі отырған бұйымының көлеміне қарап қанша метр немесе қанша құлаш керектігін алдын-ала есептеп шамалайды. Шамалап мөлшерлеудің бұл түрін жіп иірушілер «алқым», «домалақ» деп атайды. «екі ұршық жіп», «бір алқым жіп», «бір домалақ жіп» деген сөздер де осы шамалап мөлшерленуден шыққан. Жиекке арналған жіпті жалаң қабат түрінде біреуін оңақай, біреуін солақай етіп иіреді. Содан кейін оларды өзді-өзіне қосады да, оны екі қабаттап екі бөлек етіп тағы иіреді. Бұл екі қабатталып иірілген екі бөлек жіпті екі «тін» деп атайды. Бұдан кейін екі «тінді» екі бөлек домалақтап мөлшерін біліп алған соң, оны бояуға салу үшін қайтадан төгеді де, жарты метр шамасындай етіп босатып шумақтайды. Мұны жіпті келептеу дейді. Келептенген жиек жіпті қазанға салып бояумен бірге аударыстыра отырып қайнатады. Қайнату үстінде жиек жіпті қылшықтары бүріліп, сыптығырланады да бояу жақсы сіңеді. Қазақтың халықтық әдісінде бояуға ашудас, мүсәтір, тұз қосып, аздап май салады. Бояу сіңіп, қайнап болған жіпті сол келептеулі қалпында сөреге іліп, кептіреді. Бояудың бір қалыпты сіңуі үшін сөредегі жіпті де сағат сайын аударыстырып отырады. Әбден кеуіп болған соң оңқай домалақ пен солақай домалақты қатар жарыстыра отырып бір ұшынан бастап ысқылайды. Ысқылау үстінде жиек жіп тағы да тазарып әрленеді. Ысқылаудан өткен жиектің екі тінін қосып (оны ширатпайды) бір домалаққа жинайды. Мұны «бас» деп атайды. Басқа төгілген оңқай иірім мен солақай иірім қарсыласа келіп біркелкі және әдемі таңдай өрнегін жасайды. Қазақ қолөнерінде арнайы басылған немесе дайын тұрған ақ киіздерден жасалатын заттар көп. Сымақ, текемет, төр киіз, тұс киіз сияқты көлемді мүліктерден басқа да көлемі шағын заттар бар. Олар: аяққап, қол дорба, сандыққап, төсек көмкеруі, керегеқап, асмалдық, тоқым, кебенек, қалпақ, телпек және т.б. Мұндай заттарды жасауға қажетті киізді көбінесе оюлап кеспей тұтас күйінде пішіп алып, өрнекті соның бетіне жапсыра тігеді. Ондай өрнектерді салу үшін кейде әр түсті түрлі маталарды оюластырып, кейде бір түсті матаның бетін әр түрлі жіппен өрнектеп кестелейді. Көбінесе мұнда мүліктердің шет-шеті көмкеріліп, жібек жіптермен шашақталып, әр жерінде келетін баулары да тоқыма әшекейлі келеді. Кейбір қалпақ, телпек, киіз қорамсақ тәрізді мүліктер алтын, күміс, жібек жіптермен кестеленіп, сондай асыл дүниелерден әр түрлі әшекейлі салпыншақтар, жылтырауықтар қадап сәндендіріле түседі. Бітпес те сырмақтың бір түрі. Оның да негізі киіз. Ақ киіздің бетіне қызыл, сары түсті көз тартатын маталарды оюлап бастырып, сол ою өрнектің шеті жағалай жиекпен көмкеріледі. Ең бастысы халық шеберлері киіз басып, одан түрлі төсеніш жасауды еріккеннің ермегі деп білмей, нағыз өнер, шеберлік мектебі деп ұғынған. Қойдың, ешкінің, түйенің жүні қазақ халқының қолөнерін көркейтуде үлкен роль атқарған. Күнбе-күн тіршілігінде мал шаруашылығымен күн көрген халық оның жүнінен жібектей құлпыртып, неше түрлі төсеніштер мен заттарды әдемілеп жасай білген. Әрбір шебердің қолынан шыққан түксіз кілмдер мен түкті кілемдер, текемет, алаша, тұс киіз, сырмақтар байырғы шеберлердің бізге жеткен асыл мұраларындай болып көз тартады. Кейбір үйдің қабырғасын көркейтіп тұрған сырмақтың ұзындығы 3,5, ені 2,5 метр шамасында. Оның дені шымқай ақ киізден жасалған да бетіндегі екі үшкілден тұратын ою өрнегі жұқа көмірдей қара киізден оюластырып сырып жасаған. Сонымен бірге оларды құрайтын тігістің үстіне қызғылт жіппен жиек бастырылған. Көлемі жағынан және тұрмыста тұтыну ыңғайына қарай, қазақ сырмақтарды төрт түрге бөлген. Олар: кеш сырмақ, төсеніш сырмақ, төр сырмақ және тілек алды сырмақ боп аталған.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   17




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет