І ТАРАУ. Қазақ мәдениетіндегі сәндік қолданбалы өнердің алатын орны.
Қазақ халқының көне дәуірден өшпес мұрасы болып, ұрпақтан-ұрпаққа, әкеден балаға сабақтасып, өзіндік тарихымен, әдет-ғұрпымен, сәндік, көркемдік жолымен, көшпенді елімізді бүкіл әлемге өзінің ерекшелігімен таныта білген – қолөнері. Қолөнердің халықтың әлеуметтік салт-тұрмысында алатын орнының қаншалықты биік, жоғары екеніне сене алсаң – оның ішінде қолөнерді нақышына келтіріп әдемілік, әсемдік дүниесінің ауқымын кеңейткен ою-өрнек. Ою-өрнектің шығып тарауы қолөнер, тұрмыс заттарының өркендеуімен тығыз байланысты және солардың ішінен орын ала білді. Олардың даму процестеріне халықтың әлеуметтік сана-сезімінің, болмыс тіршілігінің жанданып, мәдениетінің өсіп, тұрмыс жағдайларының жақсаруының да әсері болды. Сонымен қатар ою-өрнектің өркендеуіне ата-бабаларымыздың сезімдік-талғампаздық дүниесі, қоршаған табиғат аясы, өскен ұясы, туған жердің қасиетті топырағы мен тоғай-тауларының құлпырған реңк-түрлері, шикізат байлықтары да көп ықпал етті. Әр халыққа, ұлтқа тән өзіндік ою-өрнек негіздері қалыптасып дәстүр алды. Кілемге, киімге, сырмаққа, ыдысқа, қару-жараққа, үй жиһаздарына арналған ою түрлері қалыптасты. Гүлдің, жапырақтың, жан-жануардың бейнелері нақты сол шын қалпында берілмей, образдар арқылы ою-өрнекке айналып, қолдану аясына ерекше мәнермен, үндестікпен, әуенмен жеткен. Бұл – халықтың білімінің, шеберлігінің өсіп, ою-өрнек өнеріне қосқан үлесі, тапқырлығы, данышпандығы. Тек ғалымдар ғана емес, қолөнерді 1970 жылдардың аяғынан, Кеңес өкіметінің ықпалына қарамай, өнерді сүйген жүрегінің күшімен, қолының іскерлігімен дәріптеп келе жатқан қолөнердің шебері – бүгінгі жастардың ұстазы Дәркенбай Шоқпарұлы. Ол қазақ мұражайын жөндеуден бастаған еңбегін өнердің өшіп-сөніп, жоғалып бара жатқан түрлеріне арнап, соларға зерттеуші-суреттеуші ретінде баға беріп талдап, қалпына келтіріп жандандырды. Жаңа мемлекетте, жас елде көне өнер түріне сүйіспеншілік, оны үйрету процестері көптеген елді мекендерде, ауыл-қалаларда тез дами бастады. Мектептерде үйірмелер, арнаулы сабақтар жүргізіліп, көрмелер ашылды. Көптеген шағын кәсіпорындар, кооперативтер киімі, кілем, ағаш бұйымдарын, теріден, киізден жаңа тұрғыдағы, соңғы үлгідегі бұйымдар шыға бастады.
Достарыңызбен бөлісу: |