2.1. Қазақтың өрнекті әшекеймен істелетін қолөнерінің түрлері және атаулары. Ою-өрнек.
Қазақтың өрнекті әшекеймен істелетін қолөнерінің түрлері де, атаулары да өте көп. Солардың ішінде халық арасында көбірек тарағаны – ою-өрнек. Ою-өрнек ісі тым ерте заманнан бастап-ақ қолөнерінің барлық түріне бірдей ортақ әсемдеп әшекейлеудің негізі болып келді. Ою деген сөзбен өрнек деген сөздің мағынасы бір. Бұл сөздің ұғымында бір нәрсені ойып, кесіп алып жасау немесе екі затты оя кесіп қиюластырып жасау, бір нәрсенің бетіне ойып бедер түсіру деген мағына жатады. Қазақ көбінесе бір өрнекке салып қиып алған үлгіні, үлгіге салып кескен сырмақтың қиығын, сондай-ақ барлық қошқар мүйіз өрнектерін де ою дейді. Ал өрнек дегеніміз әр түрлі ою, бедер, бейненің, күйдіріп, жалатып, бояп, батырып, қалыптап істеген көркемдік түрлердің, әшекейлердің ортақ атауы іспеттес. Сондықтан көбінесе ою-өрнек деп қосарланып айтыла береді. Ою-өрнектің біздің заманымыздан мыңдаған жылдар бұрынғы халықтарда да соншалық ескі дәуірден бері келе жатқан халықтық өнердің бір түріне саналады. Халықтың қолөнері мен ою-өрнек творчествосын ғылыми негізде арнайы жекелеп зерттеу ісі басталғалы 100 жылдан астам уақыт өтті. Бұл іс ең алдымен біздің Отанымыздың ғалымдары, олармен қатар Батыс Еуропа мен Америка ғалымдары да қызыға кірісті. XIX ғасырдың басынан бастап-ақ халықтың қолөнері туралы байыпты зерттеулер мен кітаптар шығарылды. Зерттеушілердің көпшілігі, әсіресе шығыс халықтарының ою-өрнектеріндегі айшықтардың, мүйізге, жапыраққа, геометриялық тұлғаларға ұқсас өрнектердің нені бейнелейтінін және олардың атауларының қандай ұғымдар негізінде қалыптасқанына ерекше қызыға қараған. Қазақтың ою-өрнектерінің түрлері де, атаулары да көп. Ұлттық ою-өрнектерінің түпкі негізін іздестіру ісінде Т.К. Бәсеновтің еңбегі зор. Қазақтың ұлттық ою-өрнектерінің түпкі негізін Т.К.Бәсеновтың «Орнамент Казахстана в архитектуре» деген кітабы көптеген құнды материалдарға толы. Кітапта халық ою-өрнек өнерінің шығуы, оның қандай ұғымда туып, қалай дамығандығы, ерте кездегі қауымдардың мекендестігі, кәсібі мен әдет-ғұрпы жайында өте толық айтылған. Автор ою-өрнек элементтерінің даму тарихын көрсете келіп, оларды түр-түрге ажыратады. Т. Бәсеновтің осы кітабында архитектуралық өрнектер де көрсетілген. Омардың, Айшабибінің мазарларындағы өрнектер – өз заманында жасалған сәулет өнеріндегі асқан шеберліктің тамаша үлгісі. Сонымен қатар ауыз әдебиетінде сақталып келген өлең-жырларда, археологиялық қазындыларда, ескі кітаптардың мұқабаларында, тарауларында және бөлім аралықтарында кездесетін өрнектер мен суреттер, жұлдызшалар мен айшықтар, батырлардың қару-жарақтарында кездесетін кейбір жеке белгілер, таңбалар, әшекей әріптер де халықтық тарихи этнографиялық мұралар. Мұндай халықтың ою-өрнектердің ішінде, олардың экспозиция құрамында әр түрлі ендер мен таңбалардың, ру таңбаларының элементтері жиі ұшырайды. Осыларды егжей-тегжейлі зерттей келіп қазақтың ұлттық ою-өрнегі үш түрлі ұғым негізінде туған деген қорытындының дұрыс екеніне көз жеткізуге әбден болады. Қазақтың осы күнгі ою-өрнектерін қарт шеберлер екіге бөліп қарайды. Біріншісі, қазақ халқының өзіне тән ертеден келе жатқан ұлттық оюлары. Екіншісі, басқа халықтардан ауысқан жаңа, интернационалдық ою-өрнектер. Жапырақты гүлдер мен геометриялық өрнектер, жазу-сызуды бейнелеген өрнектеу, крестеп тігу әдісі, өрнектеп шілтер тоқу, өрнектеп тескен үлгі бойынша торлай тігу Октябрь революциясынан кейінгі халықтар достығы нәтижесінде қазақтың ою-өрнек өнерін байыта түсті. Ертедегі қазақ оюларын мазмұны жағынан іріктесек, негізінен 3 түрлі ұғымды бейнелейді. Олар: біріншіден, мал өсіру мен аңшылықты, екіншіден, жер-су, көшіп-қону көріністерін, үшіншіден, күнделікті өмірде кездесетін әр түрлі заттардың сыртқы бейнесін береді. Қазақтың ұлттық ою-өрнегіндегі бір ерекшелік – осы түрлі ұғымның қайсысын бейнелегенде де, ұлттық ою-өрнектің негізі болған мүйіз оюы үнемі араласып отырады. Қазақ халқының этнографиялық әдет-ғұрыптарының кейбір элементтері де ою, сызу, бедерлеу, бейнелеу, өрнектерінің де белгілі орын алғаны байқалады.
Достарыңызбен бөлісу: |