ІІ ТАРАУ. Қазақ киіз бұйымдарын жасаудың өткендігі және қазіргі уақыттағы техникасын көрсетудегі мәнері.
Қазақтардың дәстүрлі тұрмысында киіз бұйымдарын жасау саны жағынан жетекші орын алатын. Берекелі, салмағы жеңіл, фактурасы жұмсақ және жағымды, ауа өткізетін және жылу ұстайтын қасиеттері бар материал болып табылатын киізді түрлі бұйым жасауда басқа ештеңе алмастыра алмайтын. Киізбен киіз үй сүйегін сыртынан айналдыра жабады. Киіз үйдің даму тарихында киіз басуды ойлап табудың маңызы аса зор болды. Киіз басу сонау Геродот заманынан белгілі. Ноин-улин мен Пазырык қорғандарынан қазылып алынған заттардың ішінде киізден басылған бұйымдар табылған. Киіз басу өндірісі өзінің өсу шегіне орта ғасырдан бұрын жеткен. В.Рубрук қаңлы-қыпшақ жерінен өтіп бара жатып, олардың өздерінің үйлерін тек ақ киізбен жабатынын, сондай-ақ киіздің жарқырап ағарып тұруы үшін ақ топырақ пен әкті немесе сүйектің күйдірген ұнтағын сіңіретіндігін айтады. Осы Рубрук киіз бұйымдарының бетіне жекелеп салынған аңдар мен құстардың, ағаштар мен жүзім сабақтарының бейнесі жарасып, үйлесімді салынғандығы туралы баяндаған. Киізден осы әдіспен бұйым жасаудың техникасы қазақтарда, қырғыздар мен кейбір өзбек жерлерінде сақталған. Қазақтардың киізге деген мұқтаждығы әр уақытта орасан зор болған. Өйткені, ол тек үйді жабу үшін ғана пайдаланылып қоймай, киіз үйдің ішкі жасау-жиһаздарына да қолданылады. Көшпелі және жартылай көшпелі тұрмыс жағдайында негізінде мал шаруашылығы өнімдерін өңдеумен байланысты оның ішінде жүннен алуан түрлі бұйымдар жасау белгілі бір өнерді, шеберікті қажет етті. Қой жүнінен киіз үйге жабатын туырлық, үзіктер басылды; киізді оюлап жақсы текемет басатын болды; шидем, бас киім,аяқ киім, тоқым сияқты заттар дайындалды. Қазақтың халық шеберлері жасаған, үлкен талғаммен өрнектеліп істелген бұйымдарды зерттеудің, олардың нұсқаларын жариялап отырудың ғылыми маңызы зор; өйткені, бұл қазақ халқының этногенезінің аса маңызды тың мәселелерін шешуге, оның ұлттық дәстүрлері мен өзгешеліктерін, тайпалар арасындағы айырмашылықтар мен өзара ықпалдарын анықтауға , сол сияқты басқа халықтармен байланысын байқауға көмектесті. Мысалы, киізден неше түрлі оюлап сырмақ ою, текемет басу дәстүрі, оюлардың ұқсастығы республикамыздан тыс түркі тұқымдас, әсіресе, өзбек, қырғыз, қарақалпақ халықтарының ою-өрнектерімен үндесіп жатады. Бұл өзбек, қырғыз, қарақалпақ, қазақ халықтарының ерте дәуірден көшіп-қонып тіршілік еткен, ауылы аралас, қойы қоралас, төскейде малы, төсекте басы түйісіп өскен тағдыры бір ел екендігін көрсетеді. Демек, киіз басумен тек қазақ халқы ғана емес, түркі тұқымдас елдердің түгел айналысқандығы байқалады. Оның ішінде қазақ халқының өмірінде киіз басу кәсібінің маңызы зор болды. Әдетте, киіз басу кәсібі қазақтарда маусымды сипатта өтетін еді. Ол қойды қырыққанда басталады да қырқылған жүннің барлығын өңдеп болғанға дейін созылады. Басқа уақыттарда басылған дайын киізден әр түрлі заттар жасаумен шұғылданады. Қазақ өмірінде қой жүнін өңдеудің маңызы айрықша зор болды. Жабағы жүннен (көктемгі жүннен) олар сырт киім тікті, кілем тоқып, арқан есіп, т. б. жасады. Революцияға дейінгі еңбектерде жабағы жүні түгелдей дерлік базарға түсетіндігі, қырдағы жүн саудасы – жабағы саудалау екені айтылады. Қыстай қорада жататын қойлардың жүні былғаныш болатындықтан киіз басу үшін көктемде қырқылған өлі жүн жарамайды. Қазақтардың киіз басу өндірісі, шынын айтқанда, ең бір қажет және мейлінше дамыған кәсіптің түрі. Киізді үй жабуға, байпақ, бас киім, кестелі текемет, кілем, түрлі құнды заттарды қаптау үшін пайдаланған. Сонымен бірге киізді базарға сату үшін де шығарып отырған. Қаһарлы, аязды суық жылдары киізді көп басып, қамданған семья ғана қыстан қысылмай шыққан. Сондықтан да киіз басу жұмысына үлкен кіші, кәрі-жас демей, шамасы келген адамдар түгел қатысатын болған. Киіз басуға кіріспестен бұрын бірқатар дайындық жұмысы жүргізіледі. Мысалы, киіз басатын үйдің әйелі киіз басуға жарамды жүнді шөп-шалаңнан тазартып, дәл ортаға тулақ төсеп, келетін адамның санына қарай қабығы ашылған талдан, жыңғылдан сабау дайындайды. Жүнді әдетте тулаққа (кептірілген мал терісіне) салып, жан-жақтан сабаумен екі қолмен кезек сабалап отырады. Бұған әдетте жастар қатысады. Жүн сабаудың негізгі мақсаты – жүннің түйіршіктерін жазып жұмсарту, түту. Жүн түту кезінде жүнге жабысқан қиыршық құмдар мен топырақ тозаңдары жне ошаған сияқты тікенді түйіршіктер бөлініп шығады. Бірақ жүн сабау үйдің ішінде жүргізілгендіктен шаң-тозаңнан түгелдей тазармайды. Кейде жел жоқ, күн тымық кезінде жүнді ашық даладада сабай береді. Жүнді сабалып болған соң, ұзындығы мен ені сай келетін киіз жасау үшін, ақ шиге алдымен нашарлау одан кейін тәуірлеу жүнді бірдей етіп, тегістеп төсейді. Жұмыстың мұндай түрі сабалған жүнді шиге салу деп аталады. Басылатын киіздің көлеміне қарай ірілі-уақты ою-өрнек түрлері салынады. Әрине, түрді киіздің негізгі өңін ашатын басқа бір ашық түстен салады. Түрдің көрнектілігі халық шеберлерінің өнерлілігі мен ой өрісіне, талғампаздығына байланысты әр жерде әр түрлі болып келеді. Мысалы, Қостанай мен Торғай облыстарында жүнді екі шиге бірдей етіп, аздап ыстық суды себелеп, біріктіріп алады да, жартылай басылған әлі толық бірікпеген киізді біріне-бірін беттестіріп бір шиді түгелдей босатып алады. Осыдан кейін ыстық суды ағаш шөмішпен өте тәжірибелі бір немсе екі кісі жүн әбден кірігіп, піскенше себелеп тұрады. Сонымен бірге киізді ақ шиге орап қайта-қайта домалатады. Бұдан кейінгі жұмыстың түрі киіз тебу деп аталады. Ол үшін жаңағы арасына жүн салынып, оралған әрі байланған шиді екі ұшы тұйықталған арқанмен бір немесе екі кісі алға тартып, жылжыта береді де киіз әбден қатайғанша оны сол киіз басылып жатқан үйдің маңында домалатып, бір топ адам екі аяғымен кезек-кезек теуіп отырады. Сонымен бірге оның үстіне әлсін-әлсін ыстық су құйып тұрады. Тебілген киіз ыстық суды үзбей құйып тұрудың арқасында шаң-тозаңнан тазарып, әрі ширай түседі. Тебілген киізді шиден ажыратып алғаннан кейін, қаитадан шиыршықтап бүктеп, қолмен, білекпен басады. Мұндай жұмыстың түрі білектеу деп аталады. Қайта-қайта ыстық су құйылып шынықтырылған киізді одан әрі шиыршықтап, қатайтып, ширата береді. Мұны қарпу деп атайды. Бұған әйелдер де, еркектер де қатысуы мүмкін. Ерте кездегі қазақ арасында киіз қарпу жұмысына кілең ересек адамдар қатыстырылғанмен, кейде бұл тәртіп сақталмай, мұндай жұмысқа машықтанбаған жастар да тартылатын болған. Қарпу жұмысы аяқталғаннан кейін білекпен қайта білектеліп, киізді тығыздалған үстіне тығыздап, әрі жұмсарта түседі. Содан кейін сыртқа шығарылып, күнге жайылады. Киізді реттеп, күнге жайып кептірген соң жұмыс бітеді. Бұл жерде айта кететін бір жай, киіз басуға кіріскеннен бастап әрбір жұмыс түрлеріне (сабау,шиге салу, киіз тебу, немесе арқанға салу, қарпу) әр түрлі адамның қатысуы туралы. Кейде жүнді өңдеу жұмысы, қой қырқу басталған күні-ақ жүргізіле бастайды. Бір қатар адам жүн қырқып жатса, бірнеше адам қырқылған жүнді өңдеп, келесі күні барлығының басы қосылып, киіз басуға кіріседі. Киіз басатын күні басқа жұмыстың барлығы тоқталады. Жұрттың көңілі – мерекедегіше көтеріңкі, барлығы бір кісідей шат-шадыман, күлкімен жұмысқа жұмыла кіріседі. Сонымен бірге өз жағдайына қарай келген адамдарға үй иесі түскі тамақ әзірлейді. Әдетте, түстікке мал сояды. Егерде жұмыс созылып, аяқталмай кететін болса, кешкі қонақасын да береді. Міне, киіз басу жұмысы қысқаша айтқанда осындай тәртіппен жүргізіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |