Сурет: авторы белгісіз
Музыка: Мерей Зейнеш «Сүймеймін мен»
Сурет 4 – «Буве нүктесі» әңгімесі
Сурет: авторы белгісіз
Музыка: Қобыз–Қазақ рухы
Сурет 5 – «Нерд» әңгімесі
Автор мұнда мәтінаралық байланыстың аясын кеңейтеді. Мұндай синкретті жанрдың мысалын біз қазақ мәдениетінде бірнеше өнер түрін қатар алып жүретін «айтыстан» көреміз. Жалпы түп-тамырын қаза берсек, бұл құбылыстың бастауын өнердің туу сәтінен бастап-ақ көруге болады. Бұл туралы семиотик-ғалым Ю.Лотман «мәдениеттің полиглоттығы» туралы көзқарасын дәлелдегенде, әрбір мәдениеттің «полиглоттылығын» және мәтіндердің жоқ дегенде екі семиотикалық жүйе кеңістігінде пайда болатындағын айтады [77, с. 143]. Сондай-ақ ежелгі жоралғы мәтінде сөз бен әуеннің, сөз бен қимыл-ишараттың бір арада тоғысуын академик А.Веселовский «алғашқы-қауымдық синкретизмге» балайды [78, с. 47]. Аталмыш ғалымдарымыз өнердің ежелден синкреттілігін, қабаттаса жүретін тұтастығын дәлелдейді. Алайда әрбір өнер түрінің өсіп жетілуі, оның дербестігіне алып келді де, мәдениетте бір ғана жанрмен шектелетін «монотілді мәтіндер» қалыптасты. Жазушының шығармашылығында орын алған құбылысты өнердің сол синкреттілігіне қайта ұмтылуын «дүмпу» деп бағалаймыз. Біздің ойымызша байланысқан мәтіндер арасынан суырылып алға шыққан мономәтін өзге мәтіндерді ығыстырып тастағанымен оны жойып тастай алған жоқ. Адамның қиялы, сезімі барда ол мүмкін де емес. Мәтіндер синтезін құрап тұрған өзге мәтіндер «бас мәтінге дейінгі» үдеріс аясында қалып, латентті күйге көшкенімен тарихи уақыт пен кеңістік (постмодерн дәуірі) мәтіндер синтезінен тұратын мәтін (өнер) түрлерінің қайта жандануына ықпал етіп отыр. Мономәтінде көркем шығарма тудырарда шабыттанып ән
салсаңыз да, күй тартсаңыз да, суреттен әсерленсеңіз де көркем шығарманың сыртында қалатын. Ал М.Қосын әсерленген әуенін, әнін, шабыт берген картинасын көркем мәтінмен бірлікте береді. Қазақ прозасында бұрын-соңды болмаған бұл құбылыстың туындауына автор қиялынан бөлек, технологияның дамуы, ғаламтордың қолжетімділігі, сондай-ақ ғаламдану үдерісінің әсер етіп жатқандығына көз жеткізуге болады.
Автордың «Төстіктің қателігі» атты әңгімесі «Ер Төстік» ертегісіне жасалған пародиялық сипатымен ерекшеленеді. Әңгіменің тақырыбынан-ақ оқырманның ойында бар ертегі мазмұнына кереғарлық байқалады. Автор үнемі мұрат-мақсатына жетіп отыратын ертегі кейіпкерлерінің жасампаз рухына, адамзат баласының түрлі қиындыққа мойымайтын табандылығына күмәнмен қарайды. Төстік пен ағалары метафоралық орайда бүкіл қазақ халқының баламасы ретінде алынған.
Ол: Менің ағаларым қайда?
Анасының көзі: 32-жылдары олардың сүйектерін ит мүжіп жатқанын көргем.
Ол: Өтірік.
Анасының құлағы: 45-жылдары оларды құтырған бомбаның дауысы жұтып қойғанын естігем.
Ол: Өтірік.
Анасының мұрыны: 86-жылдары жерге сіңген олардың қаңсық қандарының иісін сезгем.
Халыққа жасалған осы жауыздықтан оның бел буып, бас көтере алатынына да күмәнмен қарайды автор. «Ол тағы ағалары туралы ойлады. Оның көз алдында шексіз дала жатты. Ол тауып алған бұлыңғыр іздер арқылы алға жүре бастады. Бұл іздер өзін қайда апаратынын білмейтін еді. Ол іздердің соңына түсті. Оның аяғының астындағы Тұран топырағы құрғап жатты» деген әңгіменің үшінші бөлігінен ұғатынымыз, автор ізгіліктің де туы биік көтерілетіне сенбейді. Егер дәстүрлі жолмен жазылса шұрайлы тілмен өрнектеп, көлемді етіп жазылған қасірет кітабы болар еді, алайда автор ол жолды таңдамады, десе де оқырманның алар сезімдік әсері ұқсас болар еді деп болжаймыз. Автор белгілі тарихи оқиғаларды интертекст ретінде таңдағанымен, тек сілтеме ретінде ғана алған, тереңірек үңілгісі келген оқырманның өзінің еңбектенуіне тура келеді.
Ертегідегі сағат санап өсіп, ағаларын іздеп жолға шығатын ержүрек, батыр Ер Төстік әңгімеге көшкенде Ер сипатынан айрылып қарапайым Төстік болып қалған. Автор оны «Ол ақылды емес, ол бақытты емес, ол атақты емес, ол бай емес, ол өжет емес, ол соқыр емес және болатын» деп сипаттайды. Ол жаңа заманның Төстігі Шалқұйрық аттың емес, компьютердің құлағында ойнаса, ал тоғыз қабат торғынды беліне байлап Ер Төстігін күтетін ақылы асқан
Кежекей әңгімеде «Оның есіне Кенжекейі түсіп кетті. Жүрек айнытардай суреттеу: (Сыңғырлаған дауысы, судай мөлдір ақ жүзі, ұзын, қолаң қара шашы мен қиылып тұратын қыпша белі ерекше бір нәзіктікпен жаратылған еді). Бірақ қолдан жасалғандай көрінетін сол нәзіктік оны осы сәтке дейін алдап келгенін түсінді. Ол сұлулықты жек көріп кетті. Өзіне ажал алып келген суық адалдық оның кеудесінде айналмай қалған қан жүйесін шайып өткендей болды» деп сипатталады. Күнікейдің нәзіктігі мен сұлулығы, оған қоса адалдығы сезімге толтыра алмаған Төстіктің жүрегін өзін өлтіруге келіп, шүріппені баса алмай қиналған Бекторының әрекеті жібітеді. М.Қосын: «Ол жыпылықтаған ойларының бәрінен айырылып, оның кеудесінде тек Бекторыға деген сезім ғана қалды. Суық адалдықтан басқасы бос қалды», – деп өзгеше түйін жасайды. Әңгіме бізге В.Набоковтың «Лолитасына» Р.Барттың «Гранитасы» арқылы жасалған пародияны еске салады. М.Қосын әңгімесіндегі Күнікейдің суық адалдығынан жеріп, Бекторыға көңілі ауған әңгіме желісі кейіпкерге деген көзқарасымызды өзгертуге итермелейді. Жоғарыда сөз етілген Т.Әсемқұловтың
«Бекторының қазынасы» әңгімесі де, М.Қосынның «Төстіктің қателігі» әңгімесі де интертексті пародиялық сипатта қолданған. Шындықтың халық санасында қалыптасқан және қалыптастырылған қырынан өзге де қырлары болатындығына ишара жасалған.
|