Шуваш тілімен салыстырғанда қазақ тілінің географиялық жағдайы ерекше, олардың жер аумағы қиыс жатыр, екіншіден шуваштар алғашқы дәуірінде шаман дінінде болып, артынан христиан дініне ауысқан екен. Ендеше, ерте кездегі әсер көнеріп, кейінгі әсер бел алғанда бірте-бірте ұмытылуы да мүмкін.
1 «Вопросы чувашского языкознания и литературоведения. Ученые записки. Выпуск ХХҮІ Чебоксары 1963, см. статью М.Р.Федотова «Об арабских и персидских заимствованиях в чувашском языке».
Осы пікірімізді дәлелдеу үшін ираннан қазақ тіліне кірген біраз сөздердің тізімін берелік. Ең әуелі қазақі тіліндегі сөздерді келтіріп, сонсоң иран сөздерін жақша ішінде көрсетелік, бәрін де осы күнгі жастарға таныс орыс тілінің әріптерімен жазғанымыз мақұл болар. Мысалы:
АБРОЙ, абырой, әбүйір /фарсыда – абруй/ честь, репутация; қазақта – абройы ашылды, – обесчестился. Оның үстіне қазақ тіліне аударылған калька да бар: «бетінің суын бес төкті» деген сөйлем – фарсы тілінен тура аударылып тұр, өйткені фарс. «аб» – су, «руй» – или «рой» – бет, жүз деген мағынада.
АС /фарс. аш – пища, кушание; асхана /фарс. ашхана/ столовая; аспазшы
/фарс. ашпаз/ повар. Бұл сөзде екі жұрнақ тұр, паз /фарс./; шы – /қазақша/, екеуі де бір мағынаны – мамандықты білдіретін жұрнақ. Ашпазды – бүтін алып, өзінің төл жұрнағы «шы»ны қосып – «аспазшы» еткен қазақ тілі.
ӘБДЕСТЕ – әбдесте – қазақта сұлық орамал.
«Қарындасың Қарлығаш, Әбдестесі қарында,
Бес кесәсі қолында Белдемшесі белінде, Қызылбастың елінде, Шай қайнатып жүр екен»
/«Қобыланды батыр жыры»/.
Өзбек-тәжік тілдерінде әбдаста – құман деген сөз. Түркі-татар тілдерінің салыстырмалы сөздігінде – абдаст –дәрет алу, дәрет алатын құман /Будагов. Ср.сл.тур. – тат.нар./; В.В.Радлов та осы мағынада көрсетеді /Радлов. Опыт сл. І-ІҮ/. Әбдесте фарсының «аб» /су/ және «даст» /қол/ деген сөздерінен
қосылған. Бұл сөз қазақ тілінде – дәс орамал/, /бет орамал/ болып та айтылады. Негізінде – қол орамал, сұлық орамал мәнінде. «Қазаққа қара сөзге дес бермедім» /Абай/ дейтін өлең жолындағы «дес» те «қол бермедім», қол қусырмадым, теңдік бермедім» – деген ұғымда 1.
ӘБІЛҺАЯТ – әбілһаят суы, әбілһаят бұлағы.
«Бәйшешек, балауса, гүл балдырғандай Қаратып шырайына талдырғандай.
Суындай әбілһаят шөлдеп ішкен, Лебізі сусынынды қандырғандай».
/І.Жансүгіров/
Осы екі сөздің аб-су /фарсы тілінде/; һаят – /арабша-фарсыша/ – өмір, тіршілік. Ендеше, бұл екі сөз фарсы мен арабтан келуі айқын 2.
ДҮРБІ. Қазақ тіліне фарсы тілінен енген. Фарсы тілінде дүр-алыс-жырақ, аулақ 3; Мысалы, «аз дүр дидам әрең-әрең» дейтін сөйлем бар, мұның мәнісі:
«алыстан әрең-әрең көретінмін» өткен шақ/ сондағы «аз» немесе «зи» болып та айтылады – шығыс жалғаудың белгісі. «Тауана буад, һәр ки дана буад, «зи даниши діл пир бәрна буад» / «зи даниши» – данышпандықтан – «аз диниши» десе де бәрібір шығыс жалғауды көрсетеді/. Ендеше, дүр – алыс, ал «бин» – дидан /көру, қарау/ деген етістіктің осы шақтағы формасы. Сондықтан, фарсы тілінде дүрбин – алыстан көретін – бинокль болады.
1 «Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі». Алматы, 1966, 16-17 бет.
2 Тағы сол кітапта. 47-47 бет. акад. Ісмет Кеңесбаев мақаласы.
3 «Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі». Алматы, 1966, 69-70 бетінде. Әбдуәли Хайдаровтың айтуынша.
ЖЕКСЕН. жермен жексен қылды. Мәні – «ойран салды, шаңырағын ортасына түсірді, күлін көкке ұшырды». Жексен – фарсы сөзі: йексан
«бірдей», «бір тегіс» деген мағынада жұмсалады. Мұндағы «йек» «йак» – бір, бірдей; сан-ұқсас деген сөз» – деген І.Кеңесбаев пікіріне қосыламыз 1.
ДЕГДАР /фарс. – тигдар – тиг–тегі, түбі, дар–бар; тегі бар/ – благородный, знатный, дегдар адам – благородный человек; дагдар тұқым – знатное племя.
ДІЛГЕР /фарс–діл–гир/ – обиженный, печальный/ жаждущий чего-либо; тұзға ділгерміз – нуждаемся в соли, скучаем /тужим/ по соли. Бұл сөздегі діл
жүрек /фарсы тілінде/; ал гир – алу /взять/ деген мағынада. Сонда жүректі қолға алуды, жүректің алқынуын айтып тұрғандай. Қазақша ділгер – асыға кету, аңсау мағынасында екені даусыз.
ДІЛМӘР – /фарсы. мәрді діл, тәжікше – ділі – мәрд, фарсыша – мәрд – адам, діл – жүрек, адам – жүректі, ал тәжікше жүректі адам; орысшаға аударсақ – храбрый, мужественный; человек с сердцем/ қазақша – шешен – красноречивый.
Бұл жерде діл – қазақтың «тіл» деген сөзінен шықты, ал мәр қазақтың жұрнағы – мыр, мір, сөйтіп тілмір, ділмір деп түю қате болар еді. Өйткені онда еш қашан «ділмәр» болмайды ғой.
Ал енді «діл» қазақша «тіл», оған барып фарсының «мор» 2 /жылан/ деген
сөзі қосылды да алғашқы кезде «ділі-мор» болып айтылды, содан бері келе үндестік заңы /сингармонизм заңы/ бойынша «ділі-мәр» болып кетті деп түйсек, сыртынан қарағанда үйлесіп-ақ тұр, бірақ ділмәрмен /шешендікпен/ тілсіз жыланның қандай байланысы болмақ.
1 «Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі». Алматы, 1966, І.Кеңесбаевтың мақаласын қараңыз. 86-87 беттерінде.
2 Қазақша «Шахмаран» атты қыса бар, мұның «жылан патшасы» екенінде дау жоқ
/фар. шах-патша, мор-жылан/.
Ендеше «тілі мірдің оғындай» дегенде «тілі әмірдің оғындай» – патшаның оғындай болуы дұрыс. Өткір тілді, улы тілді адамға айтылатын сияқты. Сөйтіп, қазақ тілінде қатар келетін екі дауысты дыбыс біріне-бірі әсерін тигізеді де, әдетте алдыңғысы түсіп қалады. Мысалы, қара-ала, сары- ала сөздері «қарала», «сарала» болып кетеді, ал мұнда әлгі заңнан азырақ ауа жайылу бар, сондықтан «тілі әмірдің оғындай болмай», «тілі мірдің оғындай» болып шыққан, алдыңғы сөздің аяғындағы дауысты дыбысы «і» сақталып, кейінгі сөздің басындағы дауысты «ә» жоғалып кеткен ғой /«тіл әмірдің оғындай» болмай, «тілі мірдің оғындай» болып кете барған/.
Тағы бір жағдайды ескерте кетелік, қазақ халқында ертегі бар. «Баяғыда Сауран қаласында /осы күнгі Түркістан қаласының жанында екен/ бір бай болыпты. Соның сұлу қызына «мір» деген малайы ғашық болыпты. Мірді қыз да сүйіпті, алайда осы уақиғаны бай сезіп қалып, малайды «Мірді» қаладан қуып жіберіпті. Ашынған Мір өзі тәрізді қашқан-пысқандардың басын қосып топты әскермен Сауранға шабуыл жасапты. Сауран қаласының қасындағы биік төбеге бекініп алып, қалаға оқ жаудырыпты. Мір өте мерген екен. Қаланың тұрғындарын қырып-жойыпты, қалғандары қашып шығыпты. Мір байдың қызына осылай үйленіпті» – дейді. Олай болса, «тілі осы Мірдің оғындай» болуы да ғажап емес. Тіпті Мірдің өзі әмір болмасына кім кепіл, әйтеуір жыланмен /мормен/ қатынасы жоқ.
ДӘДЕГЕ – /фарс. – ду–екі, қос; тәгі – етегі – дутаг – қос етек – двухподольность/; кигіз үйдің сыртқы үзігінің етегіне туырлықпен астасатын жеріне оюлап төрт бұрышты кигіз тігеді, бұлар «дәдеге» атанады, осы дәдегелер үйге көрік береді, сыр
тынан қарағанда көздің жауын алады, ал «дәдеге» жапсырған үзіктің етегі – қос етек болып тұрады. «Бурханы хатиг» атты фарсы сөздігінде де тәг–етек
/низ/ екен.
«Айбарлы ақ ордада Әшекейлі дәдеге...»
деген жолдар Дулат ақында да кездеседі.
ДУШАР – душарласу, кездесу; /фарс. – ду – чар – ду – екі, чорчоһор – төрт /екі аяқты екі кісі кездесіп төрт аяқ болып тұрған тәрізді. – С.Т./.
ЗАУ-ЗАТ – «Атаңа нәлет қарақшы,
Құдай сені қарғасын, Үрім-бұтақ, зау-затың Мендей болып зарласын»
/«Қыз-Жібек»/
Зау-зат фарсы тілінен кірген қос сөз. Бірінші компоненті – зау немесе заһу – екі қабат әйел, босанған әйел мағынасында айтылса, екінші компоненті – зад
бала, нәресте, балапан мәнісін білдіреді»1.
КЕПТЕР – /фарс. көптәр – кәбуптар/ голубь, голубка/ қазақ совет әдебиетінің атасы Сәкен Сейфуллин жазған «Көкшетау» поэмасындағы
«кептер кебі» – кептердің әңгімесі» повествование голубя»/ деген мағынаны береді. Гәп-кеп – әңгіме, сөз мәнінде айтылады. Осы арадағы гәп-кеп – фарсы тілінен, тәжік, өзбек тілдері арқылы бізге жеткен тәрізді.
ҚАС – қас батыр, қас сұлу, қаса сұлу. Осы жердегі – «қас, қаса» – сөздері
«өте, нағыз» мәнінде, «арнайы, ерекше» деген сыпатта да береді.
1 Әбдуали Хайдаров. Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі. Алматы, 1966, 99-
бет.
«Қар әппақ, бүркіт қара, түлкі қызыл, Ұқсайды «қаса сұлу» шомылғанға» 1 –
дейтін Абай жолдарындағы «қас», «өте», нағыз, ерекше мағынасын жеткізеді. Бұл фарсы-араб тілінен ауысқан. Фарсы-тәжік тілдерінде хасс – 1) ерекше, арнайы; 2) ерекше қасиетті; арабта – хас-ерекше, арнайы; өзбекте – хоса – асыл тұқымды; хоса тұлпар – асыл тұқымды арғымақ; тәжікте – хоса – ерекше, ерекше қасиетті 2.
ҚОР /фарс. – хар/ – презренный, низкий, ничтожный; тат. – хур иту – оскорблять, наносить оскорбление /обиду/; удм. – кур карыны – оскорбить, огорчить; шуваш. – хур – поручение; обида, отсюда – хурту-хур ету – наносить оскорбление, обиду; қазақта – «еркектің қоры күлегеш, әйелдің қары күлегеш» ничтожный мужчина – смехач, презренная женщина смехунья; қор ету, қор тұту, қор қылу, қорлау – оскорбить.
ҚҰШТАР – /фарс.-хостар/ – желающий, мұнда хост – воля, желание дегенге келеді, ал «ар» – жұрнақ /суффикс/; шувашта – хастар – усердный, способный, рвение; қазақта – құштар болу – сильно желать; усердно стремиться; разжигать страсть; қазақ тілі түбір сөз «хост» пен «ар» жұрнағын айырмай қолданып кеткен.
ЛЕПЕС – жақсы лепес – жарым ырыс /мақал/. Осы жерде араб-фарсы тілдеріндегі «ләфз» – /«сөз»/ сөзінен ауысуы кәдік. Бірақ, академик Ф.Е.Корн қазақ тіліндегі «лепес» сөзі «ләфз» /лебіз/ сөзінен шығуы мүмкін емес, өйткені «с» дыбысы мен «з» дыбыстарының алмасуы бұл тілде кездеспейді. Сондықтан
1 Абай «Өлеңдер». ҚМКӘБ, Алматы, 1957, 9-бет.
2 Ш.Сарыбаев. «Қазақ тілінің этимологиялық сөздігі». Алматы, 1966, 123-бет.
бұл «лепес» араб-фарсы тілдеріндегі «дем», «леп», «тыныс», «нәфес» сөзінің өзгерген түрі болу керек дейді. /ОРЯС, т.ІІ, к.І, 1906, 283/. Расында, шеттен келген сөздердегі «н» мен «л» дыбыстарының алмасуы жиі ұшырайды. Мысалы, «нәпсі-лепсі» бола береді /Б.С. – 140-бетінде/;
«Һәр дайым мирәуәд нәфәси, Чун нигах микүнәм нәмәнд бәси»
/Саади, «Гүлістан»/.
«Минут сайын өмірден бір тыныс кеміп отырады, Айналып қарасаң азайып та қалғанын көресің». /«Ұлдай кегі» – 141-бет/.
МЕҢДУАНА – ащы шөптің аты. Қазақтар тісі ауырғанда басады. Өзбекте
банги девона; ойғырда – бәңги диванә», кейде «дәңги диванә»; фарсыда – тәжікте «банг»: 1) үнді қарасорасы – коноплясі; 2) осы өсімдіктен алынатын наркотиктер түрі; екінші сөзі девона – фарс. ақылынан адасқан есуас адам. Қазақта «диуана» – есер соқ, есуас /ел ақтаған қайыршы/. Ендеше – банг –
«мең» болуы мүмкін сон соң меңіреу, мең-зең, мендеу – бәрі бір түбірлес 1
Наурыз айы – март айы. Фарсы тілінде «ноу» – новый – жаңа; «руз» – күн; екеуі қосылғанда «ноуруз» болып, день иранского нового года /21 март/; қырғызда, татарда – наурыз айы – март айы; шувашта нурас – месяц; қазақта
наурыздама – 22 мартта болатын жаңа жыл тойы, жаңа жыл құрметіне берілетін көже.
НҰҚСАН – нұқсан келтіру: Фарсыда – ногсан, нәгс – кемістік, кемшілік, зиян. Қазақта «зиянын тигізу, зиян келтіру» 2
1 Ә.Хайдаров. Аталған кітаптың 145 бетін қараңыз.
2 Болат Сүлейменова. «Қаз. қысқаша этимологиялық сөздігі», 152-бет.
/Б.С. – 152/. Қазақта – мәгәс – түк білмейтін топас мәнінде. Мұның –
«нәгс» пен байланысы бар сияқты.
НЫСАНА – көздеп ататын нүкте; мақсат, алға қойған міндет, айрықша белгі; таңба; фарс. «нешен, нешане» сөздерінен ауысқан; орыс тіліне
«нешен» – мишень» болып келген /сл. русск. яз. т.2, М., 1958/. Ойғырда
«нышан» – белгі және іштен туған бір кемдік. Монғолда – нишан 1.
ПАЙҒАМБАР /фарс. – пайғамбар – екі сөз; біріншісі «пайғамбар», ал екіншісі фарсының «буридән» етістігінің түбірі «бәр» әкелуші, – осыдан барып «хабар әкелуші» – «пайғамбар» – пророк» болған. Қазақта, татарда – пророк, пайғамбар; шувашта – пихампар ангел, хранитель.
ПАРА – /фарс. – пара/ – кусок, часть, разорванный, порванный; взятка. Пара – пара болды – был разорван в клочки: «Бұл елдің сөзтанымас бір парасы» /Абай/ – часть этого населения не понимает речь /слово/.
ПАРАҚОР – /фарс. пара-хор/ часть, кусок кушающий/ – взяточник /
«қор» жұрнағы туралы кейінірек тағы әңгіме етпекпіз С.Т./.
СЫРНАЙ – /фарс. – сурнай, – где «сур» – свадьба, най – тростник
/свадебный тростник/; флейта; тат. башк. – сорнай – зурна; шувашта – сарнай, – дудка, флейта. «Сырнап жылау» да осыған жақын тұрса керек-ті. Қазақта «Сұрапыл сұрын ұрады» – нажағай ойнап, күн күркіргенде айтады. Ісрапыл періште ақырып тұр» деген мағынаны береді.
ТАУАН – тау /фарс.–тауана/ – сила; тауаны қайту, немесе тауы қайту – шағылу мәнісінде, әлсіздігін, күшсіздігін білдіреді, фарсы – тәжік тілінде:
«тауана буад, һар ки
1 Болат Сүлейменова. аталған кітаптың 152 б. Ол академик Б.Я.Владимирцовты куәға тартады. Акад. Б.Я.Владимирцов. «Турецкие элементы в монг. языке» – З.вор.арх. об-ва ХХ, вып. 2-3 /Спб–1911, стр. 161.
дана буәд, аз/зи/ даниші діл – пир бәрна буад» деген мәтелдің қазақшасы:
«кім дана болса, сол күшті /қуатты/, дана болғандықтан шалдың жүрегі бала
/қозы/ болады». Осындағы – «тауана» біздің «тауан», «тау» деген сөзімізге сай келеді.
ҰСТАЗ, ҰСТАТ – /фарс. – устад/ учитель; наставник, профессор, түрікте
ұста; татарда – оста; удмуртта – усто; шувашта – аста, мастер/. «Ұстаттық қылған жалықпас үйретуден балаға» /Абай/. «Учителю не надоест упорно учить детей».
ШАБАТА – /фарс. – чеботан – толстые сапоги; тат. – чабата; башқ. – сабата; қара-қалпақта – шабата – лапать; шувашта – джапата – лапать. Орыста, украинада – «чебот, чеботы» дейтін сөздер көне түркі тілдеріне барып тіреледі.
ШЕБЕР – /фарс. – зибар – украшение, убранство, убор, наряд/ монг. – цебер; тат. чибер–красивый; өзбек. – чевар – ловкий, искусный; марийде – чевер – красивый, красный, румяный; удм. – чевер–красивый; шуваш. – чипер – красивый, нарядный, искусный; қаз. шебер – искусный мастер.
ШЕРМЕНДЕ БОЛУ – /фарс. – шерм. – ұят /Будагов. ср.сл.тур. – татнар.
ІІ, 666/ – уайым жеу, қайғылы болу. Бұл сөз араб-фарсы тілдерінен келген 1.
ШИРЕК – /фарс. – чаһарйәк – немесе чар – иек – онда четвертая четверть; удм. – черык, – четверть; шуваш – черек – четверть, қаз. – ширек – четверть/ бір ширек шай – чай одна четвертая часть фунта/.
ШАПЫРАШ – /фарс. чап – левая сторона, левый; косой и рост – прямой; правый, правильный, верный: тат. – чапрыш – кривой; түрікше – джапраз – знак отличия, перевязь, надеваемая наискосок через плечо; шуваш. – чапрос.
1 Ж.Болатов. Аталған кітаптың 221-беті.
шапыраш – косоглазый /Ендеше фарсының екі сөзінен: «чап-рост» – шапыраш болып құралуы кәдік.
ШІЛТЕР – /фарс. чеһелтар – чеһел – сорок, тар. – бахрома, узор, решетка, сетка; тат. челтер – сетка, кружева, тюль; шуваш. – чентер – кружева, узор; қазақ. – шілтер – тюль/. Орталық Қазақстанға татардан ауысуы керек/.
Бұл сияқты тұтас келген түбір сөздердің тізімін кейін қосымшада көрсетерміз.
Бұл арада қазақ халқы мен иран елінің ерте кезде араласып, көршілес отырып, бірінен бірі жеке-жеке сөздерді, ұғымдарды алысып-берісіп, сыбайласқанын көрсетуге тырыстық, ал енді түркі-қазақ тілдерінен иранға, соғдианға, фарсыға ауысқан сөздердің тізімін бере бастасақ олар да аз болмас еді. Тіпті түркі тілдерінің өзара ауысулары да бір қыдыру әңгіме. Бірақ, біз оларды өз алдына жеке зерттеуді мақұл көрдік. Әрине, фарсы тілінен қазақ тіліне ауысқан алыс-берісті білу үшін бұл тізім де біраз мағлұмат береді. Бірақ қазақ тіліне осы ауысудың тереңірек кіргенін мәлімдеуге толымсыз тәрізді, өйткені жеке-жеке сөздердің ауысуы, сонымен бірге ойдың, ұғымның жаңғыруы үздіксіз үнемі бола бермек.
б) Соғдиян /иран/ тілінен келген жұрнақ, жалғаулар жайында
Тілдің негізіне кіріп, бұрынғы қалыптасқан қазақ тілінің үңдестік заңына көне заманда өзгеріс жасаған /суфикстерге/ сөз алды қосымша /префикстер/ мен жұрнақтарға келсек, ежелгі дәуірде болған қарым-қатысты осылар дәлелдейді, ендеше әлгі сөз алды қосымшалар мен жұрнақтардың бір талайы қазақ тіліне ираннан-соғдианнан келіпті. Ең әуелі сөз алдынан қосылатын
префикстерді /бей, би, бе, нә/ алсақ, бұрынғы кезде бұлар өз тіліндегі түбірлермен бірге ауысады да, бері келе қазақтың төл сөздеріне араласады. Сөйтіп, үңдестік заңының қағидаларын ертерек күйреткендер осы префикстер мен суфикстер /жұрнақтар/ болса керек деп шамалаймыз.
Мысалы, иран /фарсы/ тілінің өз түбірімен бірге ауысқандары, – бейшара, би-шара – беспомощный, бедняга, қазақша «шарасыз» ғой беймаза
безвкусный, беспокойный, надоедливый, қазақша – мазасыз болар еді
/фарс. – маза–покой, спокойствие/. Бейтап – бұл да мазасыз мәнінде, орысша беспокойный; жүрегім бейтап – сердце мое беспокоится.
БЕКЕР – өтірікші ол бекер жүр – он ходит без дела; /фарс. – бей–кор–без дела/ – бездельник, напрасно; неправда, ложь.
Осы сөз алды қосымшалар /префикстер/ ең әуелде иранның түбір сөздерімен бірге келіп кейініректе қазақтың төл сөзіне сіңісуін келтірелік: Бейбастақ /бейбастық/ басшысыз, бастықсыз мәнінде, орысша – запущенный, недисциплинорованный.
БЕЙБІТ – бейбет, бетсіз, бағытсыз мағынасында, орысша – безликий, без направления, беспечный, безнадзорный, мирный. Бейбіт жылқы – безнадзорный /без табунщиков/ табун лошадей. Бейбіт ел – беспечное
/безнадзорное/ население, население без обороны/ без караула/; мирное население. Бейбауырмал – без родственников /бауырмал-любящий родственников/; ең алғаш 20 жылдарда қазақ тіліне «интернациоанал» – бейбауырмал болып та аударылыпты, кейінгі кезде шынайы тіршілігіміздің өзі сол сөзді жоққа шығарды. Кейде үйлесе алмаса халық тілінің қабылдай қоймайтыны да кездесе береді, мысалы, «галоши» деген сөзді орыс тіліне
«мокроступ» деп аударған болатын, бірақ оны орыс тілі қабылдама-
ды ғой. Сондықтан «галоши» орын теуіп кете барды.
Фарсы тілінде – нә – хақ /«нә» отрицание, хақ – честный, /правый/; қазақта нахақ – без вины виноватый. Қазақта – нә тұғыры, нә –тура–дұрыс емес мәнісінде, осыдан барып – нақұрыс–ахмақ мағынасына айналған сияқты. /нә–дұрыс–нақұрыс/. Нейбет /бетсіз–без направления – құр, босқа; нейбет қайттым – я вернулся без ничего, без пользы. Жалғанылып өзгерілетін
/агглютинативтік/ қазақ тіліне бұл сөз алды қосымшалар /префикстер/ жат еді.
Енді жұрнақтарға көшелік.
Жұрнақ – паз фарсыда мамандықты көрсетеді /һонөрпаз/ /өнерпаз/ – талантливый, даровитый, искусный мастер; құмарпаз /фарсы-арабта/ азартный.
Қазақ сөздеріне қосылғанда жуан, жіңішкесіне қарамай киіп-жара жөнеледі, мысалы, сұрам-паз /сұрағыш, сұрамақшақ/, алымпаз – алғыш; жемпаз /жегіш, бірақ жалмауыз емес/, жүрімпаз – екі мағынада; жүрімпаз ат ходовая лошадь – мұнда тура мәнісі, әл «жүрімпаз жігіт» дегенде көлденең бояу жығылады, кінаяға айналады, «гуляка» деген және мәнге ие болады. Берімпаз – мырза есебінде, келімпаз – «всегдатай – часто посещающий тағысын тағылар.
Жұрнақ – қор; /фарс.–хор/. Парақор /фарс. – парахор/, шайқор, /фарс.– чайхор/; дүниеқор /араб пен фарсы тіліне ортақ сөз – дүние/; шаруақор /фарс.
чаруахор/. Жемқор 1, қымызқор, тілеуқор.
Ираннан келді деп отырған осы «Хор-қор» жұрнағы ең әуелде «дүние- хор, пара-хор» болып тұтас келуі де кәдік, оның үстіне қазақ тілінің өзінде де
«қор-қар, қар-кер, қыр-кір» жұрнақтары бар екені белгілі. Ғайниден Мұсабаевтың айтуынша жұрнақ-жалғау
1 Қазақ тілінде жемқор-жемпаз мағынасында, ал екінші жағдайда тамақ мағынасы жойылып «парақорға» айналып кетеді.
ауыспайды, тек жұрнақты сөздер ауысады дейді. Біз де осы пікірге қарсы емеспіз, бірақ ең әуелде ауыз-екі тілдің әсерімен бүтін сөздер ішінде
/аяғында/ кіріп, әлгі жұрнақтардың артынан тамырын жайғанын көрсетпекпіз. Фарсының «паз» жұрнағы орнына өзіміздің байырғы жұрнақтарымызды: «ғыш-гіш, шақ-шек» жұрнақтарын жарыстыра айтуымыз да осы ойдан туған, әйтсе де «жемпаз, келімпаз, сөйлемпаздарға» араласуын жоққа шығару қиын.
Ал, қазақтың өз тілінде «қор» жұрнағы «қымыз-қор»–да, тағы басқа сөздерде айтылады.
«Қар-ғар /кәр-гер, -қор-гәр – С.Т./ көне заманнан келе жатқан түркі тілі жұрнағы. Бұған басқа тілден келген, – деп иран тілін араластыру керек емес. Өйткені жеке-жұрнақ ретінде емес, жұрнақты сөз бір бүтін ретінде ауысып енген 1 деп түйеді қазақтың тілтану ғылымы Ғ.Мұсабаев.
Ол – қар жұрнағының қолданылуын төрт салаға бөледі, соның бірі: 1)
«қош-қар» сөзіндегі «қарды» – «ар-лан» сөзіндегі «ар»мен байланыстырып
«қар-ардан» жасалды деген профессор Құдайберген Жұбановтың пікіріне қосылады.
«Жон ғар», «жон-қар» – екеуі екі сөз, «жон» сонсоң «қар» /снег/, кейінгісі жұрнақ болып кеткен.
Сот-қар, мұның «сотын», сод, сой-қан, содыр дегендермен байланыстырады. Соңғысы «қар» – бұзық деген ұғымда. Ұры-қары /ғары/ немесе «еркектің қоры, әйелдің қары күлегеш» деген мақалдағы қар осы. Мұның көне мағынасы ұры-қар-ақ /татар, башқұр тілдерінде/; қар-ақшы /қаз. қырғыз, қарақалпақ тілдерінде./.
1 Ғ.Мұсабаев. Қазақ тілі грамматикасы тарихынан. Алматы, 1966, 130-134 беттер.
Кереқар /керегар – С.Т./ – түбірі мен жұрнағы көрініп тұр. Кер–кере – етісітік түбірінен жасалған көсемше /қар – қолдың қары, көне замандағы өлшеу единицасы»...1 – дейді Ғ.Мұсабаев.
Жұрнақ кер, гер /фарс. –гәр/. Зергер /фарс. –зәргәр/– ювелир.
Дәргер /фарс. – даругер/ – врач, лекарь. Қазақ сөздеріне араласқанда: Іскер – /іс – дело/ – деловой, деловитый.
Жұмыскер /жұмыс-работа/ – рабочий; Табыскер /табыс-заработок/, находчивый, зарабатывающий.
Желіскер /желіс – рысь лошади – см. желісқор/ рысак.
Мініскер – мініс, міну – ездить верхом /выносливый; мастер қолы мініскер адам – человек мастер, умелец. Мініскер ат – конь, терпеливый в езде.
Әрине, қазақтың байырғы тілінде де «қар-кер», «ғар-гер» қыр-кір, ғыр- гір» жұрнақтары бар екені даусыз. Бұлардың жуаны жуан вариантында, жіңішкесі – жіңішке вариантында ауыспай қолданылады, ал үңдестік заңын бұзып, жуан сөзге жіңішке жұрнақ жалғанып, тағы керісінше жіңішке сөзге жуан жұрнақ жалғануына қарағанда /жұмыс-кер, мініс-кер/ бұларды шетел тілінің әсері ме деп шамалаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |