2-дәріс.
Сұлтанмахмұт шығармашылығының зерттелу мәселелері. 1-сағат
Тұңғыш зерттеушісі – Ж.Аймауытов. Б.Кенжебаевтың 1968 жылы ақынның шығармашылығын арнаулы семинар материалдары негізінде жоғары оқу орындарында оқытуға бағытталған «Сұлтанмахмұт Торайғыровты зерттеу, тану мәселесі» аталатын еңбегі жарық көрді. Сондай-ақ сұлтанмахмұттанудағы сүбелі үлестің бірі – ғалым Ө.Есназаровпен бірге жоғары оқу орындарына арнап «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» [27] деген оқулық жазуы. Бұл оқулық жазу ісі ғалымдар С.Қирабаев және Ә.Нарымбетовпен бірге жүргізіле бастаған. Бағдарламасын түзу, бақылау-жаттығу жинағын шығару сияқты ортақ істер атқарған.
Б.Кенжебаевтың өзі өмір кешкен ғасырдың 40-шы жылдары жасаған күрделі зерттеулерінің жиынтығы ретінде жазылған С.Торайғыровтың поэзиядағы бағыт-бағдарын, жалпы, ақындық келбетін айқындайтын еңбегі – 1949 жылы жарық көрген «Сұлтанмахмұттың ақындығы» атты монографиялық еңбегі. Бұл еңбек Б.Кенжебаевтың аса құнды зерттеулерінің қатарынан орын алады. Зерттеу жүргізіп, тақырып аясын кеңейтіп, «Сұлтанмахмұттың ақындығы» (1949) деген атпен кандидаттық диссертациясын жазған. Бес бөлімнен тұратын диссертацияда С.Торайғыровтың ақындық шеберлігін өз дәуірі, өз заманының ортасынан бөле жармай, бірлікте қарағандығын, ақын өлеңдерін талдағанда тар әдебиет теориясы тұрғысынан ғана емес, философиялық талдау жасауға тырысқанын алға тартады. Б.Кенжебаевтың бұл еңбегінің ғылыми құндылық мәні өз кезеңіндегі әдебиет ғылымы үшін зор болды. Бүгінгі күні ғалымның бұл саладағы еңбегі өзінің әділ бағасын алуға тиіс. Осы зерттеуді қазіргі ғылым нысанасына алудың қажеттілігі ғалым Б.Мамыраевтың «...профессор Б.Кенжебаевтың еңбектері қырқыншы жылдары жасалған ақынтанудағы ізденістердің ең күрделісі болды, әрі бұл ғалымның жұмыстарына ресми билік өкілдерінің көзқарастары тұрғысынан қарсылыққа ұшырауының өзі-ақ, әдебиетшінің концепциясын жақын тануға қызығушылық пен қажеттілік тудырады» деген ойынан да аңғарылады.
Б.Кенжебаев С.Торайғыров шығармалары туралы ұзақ жылдарға созылған ғылыми зерттеу жұмыстарын кандидаттық дәрежесін алғаннан кейін де күрделендіре, жаңғырта жазу үстінде болған. Б.Кенжебаевтың 1940 жылы жазған «Сұлтанмахмұт Торайғыров» деген мақаласы ғалымның үлкен ғылыми зерттеулерінің негізі болды. Бұл мақалада С.Торайғыровтың:
«...Елімнің мен шын ұлы екеніме,
Тағдырдың өзі берер куәлікті» -
деген өлең жолдары келтіріліп, оның өзін бір топтың: шаруалар тобының, ұсақ буржуазияның ақыны емес, халық ақыны деп бағалануы керектігі айтылады.
Б.Кенжебаев зерттеулерінде ерекше қолға алынып зерделенген мәселе, ол ақынның көркем бейнесінің көркем шығармадағы жасалу ісі еді. Ол С.Торайғыровтың көркем шығармадағы көркем бейнесінің суреттелуіне қатысты да пікірлер айтқан. Бұл да зерттеу негізінде туған ой, көзқарас. С.Торайғыровтың тарихи көркем бейнесін жазушы Д.Әбілев жасады. Тарихи қайраткерлердің өмірі мен өскен ортасы туралы биографиялық сипаты күшті шығармалар қазақ әдебиетінде бұған дейін де болған. Абай, Махамбет, Шоқан, Ықылас, Сәкен жайлы көркем туындылар мұның айғағы. Тарихта болған адамдар, олардың іс-әрекеті, өз өмірінде бастан кешкен оқиғалардың көркем шығармада бейнеленуі оқырман мен сыншының жіті қадағалауын да тудырары ақиқат. Сондай себеп зерттеуші Б.Кенжебаевты жазушы Д.Әбілевтың «Ақын арманы», «Арман жолында», «Сұлтанмахмұт» деп аталатын трилогиясындағы С.Торайғыровтың өмір жолының суреттелу шыншылдығын тексеруге итермелеген. Б.Кенжебаев трилогияның екі кітабын талдауға арнаған «Арманды ақын бейнесі» атты мақала жазған. Зерттеуші ретінде Б.Кенжебаев С.Торайғыров туралы жазылар шығарма тарихи фактілердің көркем шығармада көркемдік элементтермен жіті қабысып жату қажеттілігін ұстануы, ақын шығармаларының эстетикалық құндылығы мен өмір сүрген кезеңінің нақтылы шындығын ұштастыру деп ұғатындығы аңғарылады. Ғалымға тән қасиет пен ақын шығармашылығына іңкар көңілден туған сезім.
Әдебиеттанушы ретінде ғылыми объектісіне аса зер сала зерттеумен қатар, ғалым ақынның шығармаларындағы афоризмдерді теріп жинаумен айналысқан. Мұны өзінің ақын өміріне қатысты жазған деректі-көркем шығармасы «Асау жүректі» кеңейтіп, келешекте көркем шығарма етіп жазу барысында қолдануды да мұрат тұтуы бек мүмкін. Сондай-ақ, ол С.Торайғыров жайлы түсірілген деректі фильм сценарийінің де авторы екені белгілі.
Зерттеуші, ғалым, ұстаз атауларын бірлікте ұстанған Б.Кенжебаев бұрын-соңды басы құралмай, шашыраңқы жүрген, бір арнада тоғыспай жүрген зерттеу, ой-мақала, тұжырым-түйіндерді бір арнаға тоғыстырған. Ақынды танудың ғылыми ой-тұжырымдары мен әлі де басы ашық мәселелерін әдемі ұштастыра отырып, кейінгі жас оқырман – студенттерді осы іске жұмылдыруға, тартуға икемдейтін бағытта қызмет еткен. Б.Кенжебаев С.Торайғыров шығармашылығын тыңғылықты зерттеп, өмір бойы назарынан тыс қалдырмай келсе де, өзі ғылыми арна етіп қалыптастырған сұлтанмахмұттану ісін әрі қарай дамыту мақсатында шәкірттеріне зерттеткен. Ғылыми арнаның дамуына жаңаша пікір, жаңаша көзқарастың қажеттігін түсінген. Ол еңбегі жемісті болғаны да белгілі. Сұлтанмахмұттанудың қазіргі кездегі ең елеулі өкілдерінің бірегейі филология ғылымдарының докторы, профессор А.Еспенбетовтың бұл саладағы ғылыми маңызы зор еңбектері осының дәлелі. Екі ғалымның бірге жазылған зерттеулері өзара сабақтастық пен жалғастықтың көрінісіндей. Б.Кенжебаев ақынның ғылыми өмірбаянының басы-аяғының жиналуына атсалысса, А.Еспенбетов ұзақ сонар күрделі процесті бір арнаға тоғыстырып, етек-жеңінің бүтінделуіне еңбек сіңірді.
Сондай-ақ, Б.Кенжебаев 1950, 1957, 1962, 1987 жылдары ақынның шығармалар жинақтарын шығаруға, құрастыруға араласып, алғысөз, соңғы сөз, түсініктемелер жазған. Бұл ғалымның сұлтанмахмұттанушы ретіндегі қызметінің жемісі, сол кездері мойындалғанының белгісі болатын.
С.Торайғыровтың өмірге, еліне деген қуатты сүйіспеншілігін, болашаққа деген қасиетті сенімі бар ақын романтикалық асқақ қиял мен терең философиялық ойдың иесі екендігін дөп басып таныған. Ақын шығармаларындағы лирикалық қаhарман өршіл арманның, биік мақсаттың иесі, ары да, жаны да патриот, гуманист, оптимист, тәкаппар асқақ жан С.Торайғыровтың өз бейнесімен астасып жататындығын зерттеулерінде көп айтқан Б.Кенжебаев ақынның өршіл рухына тағзым еткендігі көрінеді. Түйіндей айтсақ, сұлтанмахмұттану саласының әдебиеттану ғылымында негізін қалаған қайсар ғалым Б.Кенжебаев екендігі зиялы қауымға анық.
Достарыңызбен бөлісу: |