Дәріс №15 Тақырыбы: Ойынның психологиялық негіздері
Балабақша балалары болашақ иесі болғандықтан дүниежүзілік мәдениетті танитын, өзінің төл мәдениетін білетін, сыйлайтын, рухани дүниесі бай, саналы ойлайтын деңгейі жоғары білікті болуы міндетті. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесін, мәдениетін жасөспірімдер бойында саналы сіңіріп, қоршаған ортадағы қарым-қатынасын, мінез-құлқын, өмірге деген көзқарасын, бағытын дұрыс қалыптастыру тәрбиеге байланысты.
Мектепке дейінгі мекемелерде адамгершілік тәрбиесі тәрбиелеу және білім беру үрдісінде әр түрлі іс-әрекеттер арқылы жүзеге асырылады. Олармен ойынның әр түрін ұйымдастыра отырып, бір-біріне деген қайырымдылық, мейірімділік, жанашырлық, достық, жолдастық сезімдерді тәрбиелеуге болады. Ал балаларды қоршаған ортамен таныстыру, тіл дамыту, табиғатпен таныстыру, бейнелеу өнері сабақтарында өлі-тірі табиғатқа деген сүйіспеншілік, үлкендердің еңбегіне қызығу мен сыйластық сияқты адамгершілік сапалары қалыптастырылады.
Ойын – балалар өмірінің нәрі, яғни оның рухани жетілуі мен табиғи өсуінің қажетті алғы шарты және халықтың салтын үйренуде, табиғат құбылысын тануда олардың көру, есту, сезу қабілеттерін, зейінділік пен тапқырлықтарын дамытады. «Адам өркениетке бейім болуы үшін балалық шақты бастан кешуі міндетті, егер ойын мен қызыққа толы балалық шақ болмаса, ол мәңгілік жабайы болып қалған болар еді» деп К.Чуковский бала денесінің дамуы мен ой-дүниесінің өркен жаюы ойынға тікелей тәуелді екендігін атап көрсеткен.
Баршамызға белгілі, ойын арқылы баланың дене құрылысы жетіліп, өзі жасаған қимылына сенімі артады. Баланың бойында ойлау, тапқырлық, ұйымдастырушылық, шыдамдылық, белсенділік қасиеттер қалыптасады. Ойын дегеніміз – жаттығу, ол арқылы бала өмірге әзірленеді.
Ойын – мектеп жасына дейінгі балалардың негізгі іс-әрекеті. Сұлтанмахмұт Торайғыров «Балалықтың қанына ойын азық» деп бекер айтпаған. Өйткені, ойын үстінде баланың бір затқа бейімділігі, мүмкіндігі және қызығуы анық байқалады. Ойын мазмұны мен түріне қарай: мазмұнды-бейнелі, қимыл-қозғалыс, дидактикалық, құрылыс, кейіптендіру ойындары болып бөлінеді. Мазмұнды-бейнелі ойында балалар ойын мазмұнын түсінікті етіп жеткізуге тырысады, оған қажетті құрал-жабдықтарды табуға талпынады, оларды дайындау үшін еңбектенеді, ал еңбек ұжымдық іс-әрекетке біріктіреді және шығармашылық іс-әрекетке бағдарлайды, балалардың өзара қарым-қатынасын реттеп, олардың бойында адамгершілік сапаларды қалыптастырады. Бала алған рөлдеріне сай кейіпкердің киімін киіп, қимылын, дауыс ырғағын мәнерлі жеткізуге тырысады, көркемдік сабақтардан (ән-саз, бейнелеу өнері сабақтары) алған білімдерін пайдаланады, қуыршақты ұйықтату үшін бесік жырын айтып әлдилейді, бейнелеу өнері сабақтарында жасаған ыдыс, үй жиһаздарын, қағаздан құрастырған заттарды ойын құралы ретінде пайдаланады. Мазмұнды-бейнелі ойынның ерекшелігі: оны балалардың өздері жасауында, ал ойын қызметі айқын өнерпаздық және шығармашылық сипатта болады. Бұл ойындар қысқа да, ұзақ та болуы мүмкін.
Баланың қуанышы мен реніші ойыңда айқын көрінеді. Ойын кезіндегі баланың психологиялық ерекшелігі мынада: олар ойланады, эмоциялық әсері ұшқындайды, белсенділігі артады, ерлік қасиеті, қиял елестері дамиды, мұның бәрі баланың шығарымпаздық қабілеті мен дарынын ұштайды.
Ойын үстінде бала бейне өмірдің өзіндегідей қуаныш, реніш сезіміне бөленеді. Бірақ бала одан ойын екенін білмейді деген түсінік тумайды. Сондықтан шындықтағыдай «сөйтейік, бүйтіп көрейік» деуі, олардың «ойынды ойын» деп түсінуінде жатыр
А.С.Макаренко дәл атап көрсеткеніндей, үлкендер үшін жұмыс, қызмет қандай роль атқарса, бала үшін ойын да дәл сондай роль атқарады. Бала ойында қандай болса, өскенде жұмыста да сондай болмақ. Сондықтан баланың қайраткерді тәрбиелеу ең алдымен ойын кезінде өтеді. Бала неғұрлым жас болса, олардың іс-әрекетінде ойын да соғұрлым үлкен орын алады.
Төменгі сынып оқушыларымен жұмыста ойынның маңызын жеке бағаламаған мұғалім, өз жұмысында үлкен табыстарға жете алмақ емес.
А.С.Макаренко ойынға айтулы мән бере отырып, өзі басқарған мекемелерде ойынды тәрбиеленушілер өміріне міндетті түрде енгізіп отырды. Ойын баланың өмірін қызыққа, қуанышқа бөлейді деп есептеген. Ол балалардың ойынға деген сүйіспеншілік пен қызығушылығын тәрбиелейді. Оның практикасында тиісті педагогикалық мақсаттарға қызмет ететін ойындар немесе баланың бойын сергітіп тынығуға көмектесетін жай, көңілді ойындар қолданылатын. Макаренко әртүрлі ойындар комплексін жасауға тырысты. Оларды ұдайы жетілдіріп отыруды талап етті. Коллектив өміріне, оның даму болашағына сәйкес келмейтін ойындарды өзгертіп отыруды үндеді. Ол ойынның тәрбиелік ықпалын жасаудағы маңызды шарт баланың ойынға қатысуы ғана емес, оны жасауға да белсене араласуы деп есептеді.
А.С.Макаренканың практикасында көптеген ойындар еңбек әрекетіне ұласып, ол еңбек әрекетіне ойын элементтері енгізілді. Тәрбие жұмысы практикасында стол үстінде ойналатын ойындар, қимыл ойындары, техникалық, әдеби-театрлық ойындар, аттракциондар қолданылды.
Балалардың өмірінде рөльмен ойналатын ойындардың зор маңызы бар. Рольмен ойын ойнағанда балалар өз шамасына қарай үлкендер арасында қалыптасатын қатынастарды көрсетеді. Өзіне белгілі бір роль алғаннан кейін бала соған орай қажетті ережелерді бойына сіңіріп, мінез-құлықтық дағдылары мен шеберліктерін игереді.
Бала оқуға барғаннан бастап ойын екінші кезекке ығысады. Бұл жағдайда ойынның сипаты, мазмұны өзгереді, бірақ оның бала тәрбиесіндегі рөлі бұрынғысынша маңызды болып қала береді. Төменгі сынып оқушылары үшін рольдік ойындарды өздері бейнелейтін адамдардың қасиеттері бірінші орынға шығарылады. Дүниетанымы өскен сайын, бастауыш сыныпты аяқтай келе, бала қиындықтарды жеңуге тырыса бастайды. Олардың ойын әрекеті еңбекпен, қоғамдық жұмыспен қабыса түседі. Ойын элементі балаларды әртүрлі іс-әрекетке тартудың маңызды жолына айналады.
Ойын элементтерін енгізу балаларда белгіленген жұмысты қайтккенде орындап, кез-келген іске жауапкершілікпен қарау сезімін туғызады.
Ойын әрекетін ұйымдастырғанда бірқатар педагогикалық шарттарды есте ұстаған жөн.
Ең алдымен баланы зорлап ойнатудың, олардың шығармашылығы мен дербестігін матап тастаудың ешбір қажеті жоқ. Ойынның тәрбиелік нәтиже беру жағын қамдастырған жөн.
Сонымен қатар қозғалмалы ойындар баланың көңілді, өмірге шаттық қуанышпен қарауын және ақыл-ойының дамуына (тапқырлық, тез, дұрыс шешім қабылдау т.б.) әсер ететін дұрыс фактордың бірі ретінде қарастырылады. Негізінен балалардың өсуіне жақсы әсерін тигізетін қозғалмалы ойындар бұл ауада немесе далада ойналатын ойындар. Осы ойындардың арқасында балалардың көңіл-күйі, эмоциясы жоғарылап, оның нерв жүйесін бекітеді.
Ойын әрекетінде балалардың психологиялық қасиеттері мен жеке басының ерекшеліктері неғұрлым тез қалыптасады. Ойын кезінде іс-әрекеттен кейін дербес мәнге ие болатын өзге түрінің де негізі қаланады.