Драмадағы дәСТҮр сәкен Жүнісов – драматург



бет2/6
Дата29.06.2017
өлшемі3,74 Mb.
#20565
1   2   3   4   5   6
Ш.Ә.) қарайтыны – барлығы өмiрдегi Дикәнiң шын табиғаты. Профессор Зоя Кедрина бастаған ғалымдар Мәскеуден шығатын “Литературная газетада” Дикә образына кезiнде оң пiкiр бiлдiргендi. Дикәйдiң жалғызсырап, туысты ендi қайдан табамын деген монологы да аянышты, шын жетiмнiң өзекжарды iшкi толғанысын драматургтiң тамыр ұстағандай тап басқанын көремiз. Мысалы:

“Д и к ә й. …Артымнан iздеп шығар кiмiм бар? Бұл өмiрден жоғалсам да орнымды жоқтар кiм бар? Мұңымды айтар, шағынар ешкiмiм жоқ, iшiмде жатқан ащы запыранды үнсiз жұтып, жүре берем. Анда-санда қайғыланып кеткенде iштегi шердi тарқатып кетер сырласым, мұңдасым осы жапандағы жетiм ағаш” [“Қос анар”].

Драматург С.Жүнiсов кейiпкерлерiнiң iшкi жан-дүниесiн ашуда монологты орнымен пайдалануы пьесаның көркемдiк қуатын арттырған.

Пьесадағы тосын көрiнiс, эпизод “Жәлелдiң үнi” арқылы автор шығармасына психологиялық күй бiтiрген, жапандағы жалғыз үйде қараңғы қапаста отырғандардың өмiрiне серпiлiс жасағысы келетiндей әсер бередi. Жәлел мен Халел ағайынды жетiмдер, тағдырдың тәлкегiмен Қарасай мен Жәмiштiң бауырына түскен. Жәләл Қарасайдың көп жылқысын Омбы қаласына базарға апарып, келе жатқан сапарында боранға ұрынып, суыққа ұшып өледi.

“Ж ә л е л. …бұл не тiршiлiк, айдалада апандағы қасқырлардай елден, жұрттан жырақ өмiр кешiп жатырмыз. Тым құрмаса қара жолдың үстiнде емеспiз. Қаладан қайтқанда үлкен жолдан бұрылысымен бұрынғы өз iзiмдi зорға табамын. Ай, сол жол бiрде болмаса, бiрде адастырарау. Жалғыздық болар менiң түбiме жететiн” [“Қос анар”],- деп көзiнiң тiрiсiнде толғанғаны келедi. Соңында “аһ ұрып” жас жұбайы Ақбөпе мен екi баласы жетiм қалады. Ал, iнiсi Халел ағасының “жолын” құшудан бас тартып, совхозға жұмысқа тұрады.

С. Жүнiсов айтпақ ойын, мақсат-мұратын, Жәлелдiң қайғылы трагедиясының қалай болғанын оқиғалап жатпай, өткен шақ түрiнде “Жәлелдiң үнi” яғни, “аруаққа тiл бiтiру” арқылы көркемдiк тәсiлдiң бiр түрiн шебер қолданған.

Драматург С. Жүнiсов ауыз әдебиетiнiң мол үлгiлерiнен, европаның классикалық дүниелерiнен еркiн сусындағанын шығармашылық мәдениетiнiң өресiнен көруге болады.

Аруаққа тiл бiтiру – классикалық драматургия мен қазақ драматургиясында бұрыннан қолданыс тауып келе жатқан көркемдiк шарттың бiр түрi. Әлем драматургиясында Шекспир, Г.Ибсен т.б. драмалық шығармаларында көрiнiс бергенi белгiлi. Ал, қазақтың ұлттық драматургиясында М.О.Әуезовтiң “Қаракөз”, Ж.Шаниннiң “Арқалық батыр” [пьеса-дилогия], Қошке Кемеңгеровтiң “Алтын сақина” [Аруақ-сорлы Халиманың анасы], Д.Исабековтiң “Әпке” драмасында және т.б. драмалық шығармаларда аруақ тiл қатады. Ғалым Р.Нұрғалиев: ”Көркемдеу шарттылықтарын аз-кем тани бiлетiн адам бұларды дiндi уағыздау деп айтпаса керек” [39, 86],-дейдi.

Н.Ғабдуллин: “Драмалық конфликтiнiң романдағы, яки повестегi конфликтiден айырмашылығы бар. Драматург пьесада, романдарда болатындай, көп салалы оқиғаны бiрден қамтып, қатар өргiзе алмайды, адам өмiрiндегi ең шиеленiскен оқиғаны алады да, қаһарманның күштi жан толқынын, оның қияға самғап ұмтылғанын, яки болмаса, құлдырап, күйреуге бет бұрғанын сол оқиға арқылы көрсетедi” [40, 148],- деп атап өткенi көңiлге қонымды.

Дерягин мен Тамара арасындағы тартыс та қызу. Сонау “қиыр” шеттен тыңды “ауыздықтасуға” қарындасым деп Тамараны алып келiп, жүре қызғаныш сезiмi оянып, қорғаштаудың шегiнен де асып кеткенiн бiлмей қалады. Тамара - жеке басы жұмыскер, адал, ақылды қыз бейнесiнде сомдалған.

Пьеса оқиғасына сирек араласып, әрi атқарар жүктерi басшылық қызмет болғандықтан Алакөзов, Моргун бейнелерi көп жерiнде ақыл айтып, жөн сiлтеушiлер қатарында қалып қояды, ширыққан тартыс тудыра алмайтын әрекеттерi бар. Драманың бойында өткiр диалогтар Қарасай мен Райхан, Қарасай мен Мұқат аралығында, терең монологтар Райхан, Ақбөпе, Дикәй, Қарасай бойларында жиi көрiнiс берсе, ал күлкi тудыратын элементтердi Мұқат пен Дикәй араларындағы қитұрқы қағытуларынан көз жеткiзуге болады. Мысалы:

“М ұ қ а т. Ана орыс шопырына Халелдiң қанын бергенi рас па?

Д и к ә й. Бiр группа екен екеуiнiң қаны.

М ұ қ а т. Ол қанды құдықтан құйып алған шығар,… атам қазақтың қаны емес пе?

Д и к ә й. Атамыздың қаны ежелден орыс қанымен бiр группада екен ғой.

М ұ қ а т. Ой, шiрiк, группашылын мұның, жаман неме!

Д и к ә й. Бұрын жаман едiм, қазiр бiр деген маман болдым, қайтесiз сондай сөздi” [“Қос анар”].

Пьеса оқиғасының соңына қарай Қарасай заман ағымын түсiнiп, баласы Халелге ақылын айтып, қазiргi атқарып жүрген қызметi дұрыс бағытта екенiне риза көңiлiн бiлдiредi. Осы арада түлкi айлалы құдасы Мұқаттың араласуы мен драмаға соңғы тартыстың лап етiп қайта өршуi – пьеса жұмбағының шешiмiне арқау, себепшi болады. Халел шат көңiлмен әкесi Қарасайға жаңа қонысқа барлығын көшiретiнiн айтып, егер жұмыс iстегiң келсе, жұмыс көп…дей берген сәтiнде…

“М ұ қ а т (кекесiнмен). Егiнге күзетшi болмаймысың, қарақшы құрлы жоқсың ба?!

Қ а р а с а й. Әй, Мұқат, тоқтай тұр. Атаның аруағын ауызға алып, құран ұстап, тiсiмiзден шығармауға ант етiп ек. Өзiң бастадың, өзiң бықсыттың ерте де қоламтасы сөнген өрттi. Бүгiнде атаның аруағында,құранның жүзiнде не қасиет қалды?! Онда көшер алдында…бұл дүниеден, бәрiн айтып ақтарылайын, сен де тыңда!…Райхан, мен ел жүзiне тура қарауға бетiм күйген жанмын…Ертеде қолхозыңның егiнiне өрт салған мен едiм…” [“Қос анар”] ,- деп, болған оқиғаны бүге-шүгесiне шейiн айтуға бел буады.

Драматург С. Жүнiсов осы арада көркем дүниедегi шындық пен тарихи шындықтың арасын орталық қаһарманы Қарасайдың аузына сөз салып, шеберлiкпен үндестiрiп тұр. Қ а р а с а й. …Әкем Талжан кәмпескеге iлiгiп, екi мыңдай жылқысын сыпырып-сиырып алған соң қайғы жұтып, бүк түсiп отырып қалды. Сол жолы құсадан өлдi…” [“Қос анар”]. Автор “ кәмпескенiң “ қазақ халқына нәубет әкелгенiн де “социализм” заманында да жасқанбай ашық мысалдар келтiруi – батыл шеберлiгi.

Жазушы-драматург Сәкен Жүнiсов бiр сұхбатында тарихи шындықты көркем шындыққа қалай айналдырғаны жөнiнде: “Жапандағы жалғыз үй” романындағы Малжан ағашы дегенiм – Телжан ағашы. Бұрмалау – көркем әдебиетте бола беретiн жай. Әйтсе де бұл жолғы бұрмалауда сақтық бар едi. Телжан – атақты болыс,…баласы Темiрболат – халық жауы. Осы күнге дейiн әкесiн ауызға алуға баласы Қанапия [белгiлi суретшi, профессор Телжанов Қанапия] қорқып келгенде, романның жарық көруiне бұл аттың мысқалдай болса залалы тие ме деп сақтанғанымызға таң қалмассыздар” [41],- дейдi. Осы атау роман негiзiнде туған пьесада - ''Талжан’’ болып суреттеледi. Оқиға соңында Қарасай заман ағымына бойын бұрып, өткен өмiрiне мүсiркеп, туған-туысқандарымен табысып, қоштасуға аттанса, Райхан демалысқа шығып, құрметке бөленедi.

Белинский В.Г: “Драманың геройы - адам, онда оқиға адамға қожа емес, адам оқиғаға қожа, адам оқиғаның түйiнiн өзiнше шешедi, оны өзiнше аяқтайды” [42, 10] ,- дегенi, ”Қос анар” драмасында авторлық концепция, авторлық шешiм драматург өресiнiң жеткен биiгiмен сомдалған.

“Қос анар“ драмасы – автордың драматургтiк талантын танытқан шығарма. Пьесадағы әрбiр көрiнiс, әрбiр деталъ драманың негiзгi идеясын тереңiрек ашуға мұрындық болады. Пьесаның көркемдiк ерекшелiгi оның тiлiнiң бейнелiлiгi, суреттiлiгi де анық көрiнедi. Кеңес заманында “Қос анар” пьесасы турасында бiрлi-жарым пiкiр болмаса, жалпы ауыз толтырып айтарлықтай дәрежеде емес едi. Себебi “тыңды” өтiрiк желеу етiп, басты мақсаттары - отарлау саясатының “сыпайы” жалғасы болатын. Драматург тың оқиғасының жақсы, жаман көрiнiстерiн кейiпкерлерi арқылы сөйлетiп, сомдап, көрсете бiлдi.

С.Ордалиев: “Қазақ драматургтерi көбiнесе өз шығармаларындағы партия қызметкерi ретiнде көрiнген кейiпкерлердi ұнамды образ ретiнде суреттеп, олардың iс-әрекетiн көрушiге үлгi етуге ат салысып келедi. Бұл заңды да. Өйткенi, бiздiң барлық жеңiсiмiз де, қажырлы еңбегiмiз де тек қана сүйiктi Коммунистiк партиямыздың басшылығы арқасында болып отырады” [43, 209], - дегенi - заман талабынан, сол кездегi саясаттың өтiнде айтылған пiкiр болатын. Ғалым С.Қирабаев “Жапандағы жалғыз үй” романы жайында: “Сәкен романын бүгiнгi заман түсiнiгi тұсынан қайта оқу қажет. Онда шаруаны жерден айырған, ескi дәстүрлердiң шектеле бастауының трагедиясы ашылған. Бұл идеяны жазушы характерлар тарихы арқылы әдемi байқатады” [44], - деп бүгiнгi заманның әдебиеттануы тұрғысынан қарастырып, әдiл бағалаудың жолын ұсынады.

Шындығында, кеңес саясаты кезiндегi шығармалардың барлығынан “кеңестiк идеология самалы” соғып тұратын. Бұл жерде бiз, сол кезең ағымын қаралаудан аулақпыз. Ал, жазушы-драматург С.Жүнiсов заман ағысына кереғар, астарлы дүниелерiн бере бiлдi.

Зерттеу жұмысымыздың барысымен жазушы-драматургпен сыр алысқанымызда, суреткер Сәкен Жүнiсов былай деген болатын: “Жапандағы жалғыз үй” романынына “ВЛКСМ сыйлығы” берiледi деп, алдын ала газетке шығару үшiн суретке де түсiрiп алды. Бiрақ, неге екенiн бiлмеймiн, артынан сыйлық та, түсiрiп әкеткен сурет те жоқ болып шықты. Кейiннен бiлдiм,- романдағы орталық қаһарманым - Қарасайдың “коммунистiк образын” жасай алмаған екенмiн… Бiрақ, осы романым - “Кеңес Одағы” бойынша тың тақырыбындағы тұңғыш көлемдi көркем шығарма екенiн соңынан бiлдiм” [45] ,- деп жауап берген болатын.

С. Жүнiсов роман негiзiнде “Қос анар” атты екi бөлiмдi драма тудырып, романдағы басты қаһармандарының бейнесi әлсiремей, сол мiнез, сол атқарған салмақтарында, қайта драма заңдылығына бағындыра отырып, қоғамға, “кеңес саясатының” керағар, ұшқары iстерiне астарлы-көркем шындықпен дүниесiн тағы бiр серпiнмен, яғни, елiмiздiң театрларынан қоғамды әшкерелейтiн көркем шығарманы киелi сахнадан салмақтауға кiрiстi.

Бұл жерде драматург С.Жүнiсов “Қос анар” драмасындағы партиялық бейнелерге [Моргун, Алакөзов т.б.] қарағанда Қарасайдың бейнесi - әлде-қайда жоғары, терең, салмақты шыққан. Пьеса оқиғасы - орталық қаһарманы Қарасайдың айналасына топтастырылған.

Сәкен Жүнiсов инсценировкалаған шығармалардан шығатын қорытынды: қазақтың белгiлi прозалық шығармаларына және төл шығармаларына драматургия жанрының заңдылығын, сахнаға лайық өзгерiстер енгiзген; қаһармандар қақтығысын күштi тартысқа құрған; басты бейнелерiнiң салмағын әлсiретпей, қайта әр қырынан күшейте түскен; жекелеген кейiпкерлерiне драмалық мiнез бiтiрген; актер ойынын да ойынан шығармай драма ырғағына құрған, интонация берiлген; драма монологын, диалогын қайта түзiп шыққанын байқадық. Негiзгi тақырып, өзектi желi, идея сақталғанымен, шығармалары сапалық өзгерiске ұшырайды. Тартыс дамытылып, тыңнан оқиғалық желiлер қосылады. Кейiпкерлерi прозалық шығармаларда байқалмаған жаңа қырымен көрiнедi.

С.Жүнiсовтiң “Қызым, саған айтам…” пьесасы республика театрларында қойылып, ғалым, сыншы, әдебиетшi, көрермен қауымның тарапынан бағасын алған болатын. Пьесаның көтерген басты тақырыбы – адамгершiлiк, әдеп мәселесi. Драманың құрылысы ерекше, оқиғаларын шегiнiспен бере отырып, бiрде “Сот залынан”, бiрде “Сахнадағы көрiнiс” деп алып, оқушысы мен көрерменiн жақын тартып, баурап отырады. Академик С.Қирабаев: ”Адам тағдырын оның өткендерiн әңгiмелеу емес, психологиялық ой елегiнен өткiзу арқылы танытуда Сәкеннiң “Қызым, саған айтам …” пьесасының да бiрсыпыра жаңалығы бар. Онда өмiрдi көркiмен бағындырмақ болған әйелдiң қасiретi көрiнедi” [46, 203], - деп, пьесаның басты қаһармандарының бiрi – Разияның табиғатын тап басады.

Пьесаның бiрiншi көрiнiстегi оқиғасына қатынасушылар үш адам ғана. Бiрақ диалогқа құрылған ширыққан тартыс-әңгiме Мұрат пен Сәуле аралығында сыртынан қарағанда бiр ырғақпен баяу, ал iшкi жан дүниелерi сезiмге толы қалыпта өрбидi. Мұрат қайнаған соғыс өртiн адамның көз алдында болып жатқандай жанды суреттермен елестетiп сөйлеп отыруы, соғыс даласындағы бейкүнә немiс қызын құтқаруы жөнiнде ерекше бiр әкелiк мейiрiммен айтып отырғанда Сәуленiң араласуы, барлығында да бiр жұмбақ, психологиялық сыр жатқандай сезiледi. Мысалы:

“С ә у л е. Сiз соғыс даласында немiс қызы үшiн басыңызды оққа байладыңыз. Ал бейбiт өмiрде өз сәбиiн шырылдатып тастап, мәңгi қайырылмай кетер адамдарды кiм дер едiңiз?!

М ұ р а т (шошынғандай, сәл тiксiнiп). Қалай дедiң айналайын?! Иә, ондай қара жүректер бар…

С ә у л е. Мен сiзге сондай адамдар туралы да айта келiп едiм.

М ұ р а т. Сондай адамдар?!

С ә у л е. …Жақында бiлдiм…Бiрақ бәрi де кеш…Мен тiрi жетiм екем де, әкем тiрi өлiк екен. Осы күнге дейiн анамның айтпай келген пенсиясы пенсия емес, бiздi тастап кеткен әкенiң алиментi екен!…Қарыздармын. Мен Разияның ғана емес, сiздiң де қызыңыз едiм. Бiрақ бүгiннен бастап менде өлi де, тiрi де әке жоқ. Мен анамның ғана қызымын. Он сегiз жыл бойы мойныма таққан жетiмдiк қарғысын тастадым өзiңiзге!” [“Қызым, саған айтам...”],- деп бiрақ тынуымен бiрiншi көрiнiс аяқталып, пьесаның экспозициясы толық ашылады.

Драматург С. Жүнiсов бiр отбасының сатылап күйреу эпизодын бүкiл отбасыларға сабақ боларлықтай тiршiлiктiң тауқыметiн әр қырынан көрсетуге тырысқан. Драманың өн бойына желi болып тартылып жатқан адамгершiлiк, қанағаттшылық идеясы. Пьесадағы басты оқиға барысы екi негiзгi кейiпкер Мұрат пен Разияның бiр кездегi отбасылық тұрмысынан өткен шым-шытырман оқиғаларды еске түсiре отырып, жандандырып, өрбiтiп отырса, екiншiден, барша отбасыларға салмақты ой тастап, қорытып отырады.

М.Әуезов: ”Драматургиядағы конфликт мәселесi - пьесаның жанрлық белгiсiн көрсететiн шешушi элементтердiң бiрi…драматургияның негiзгi компонентi. Драматургиялық шығарманы нықтап, проза, поэзиядан бөлектеп тұратын шартты белгi жалғыз осы конфликт” [47, 361] ,- деп атап өткен болатын.

Пьесаға өткiр тартыс, психологиялық сезiм, тұтастық дарытып тұрған Разия - Мұрат, Разия - Сәуле, Разия - Құмар, Разия - Шүйкетай араларындағы әрекет. Разия бейнесi – оқиғаның өн бойына күштi тартыс сыйлаған. С.Жүнiсов Разияның табиғатына терең бойлап, бiлгiрлiкпен тоқталып, ерекше бiр тың серпiнмен, әр кейiпкерлерiнiң аралығындағы диалогын тыңнан өрбiтедi, әр түрлi пиғылдағы кейiпкерлерiнiң аузына сөз салып, образдарын ашып отырады.

Пьесада Мұрат пен Разия арасындағы қарым-қатынас әуел баста дәм-тұздары жарасып қосылған, сәттi шаңырақ төңiрегiнде сөз қозғап келедi. Мұраттың жұмыскерлiгi мен iскерлiгi арқасында астанадағы қалалық асханалар мен ресторандар бастығы дәрежесiне көтерiледi. Баршылықты көтере алмаған Разияның қылығы, пиғылы бұзыла бастайды. Драматург С.Жүнiсов Разияның адамгершiлiктен асып бара жатқанында драмалық әрекеттi, сахналық қимылды жандандыратын деталь ретiнде туған күн сәтiне сыйланған сыйлықтардан, қолпаштаулардан көрсетедi. Мысалы:

“Қ а с қ а б а с. Жолдастар, Разиядай аруға, тоғыз нарға тиеп сый әкелсең де көпшiлiк етпейдi. Мен он екi жыл ресторанның директоры болғанда, он екi түйiр нәрсе көтермеген екенмiн. Бүгiн Разия үшiн бiр нар әрең көтеретiн он екi метр түктi кiлемдi өз иығыма салып, түйедей бақырып, аруағын шақырып, он екi терiн төгiп келген пақырыңыз осы бiз боламыз... ,- деп немесе Қ о ң қ а қ м ұ р ы н. …Разияға, айын, жылын, күнiн көрсетiп, басқан адымын, жүрген қадамын есептейтiн, қақпағына айдың жүзi түсетiн алтын сағат тарту етемiн, - деген кейiпкерлерiнiң сөздерiнен Мұратқа жағыну, жағымпазданудың көз алдыңда қамытын кигiзсе, ал Б у р ы л ш а ш қ а. …мен кiшкентай ғана ойыншық зат әкелдiм. Бұл мiне, кешегi соғыс жылдары құйтымдай ғана Разия жұмыс iстеген фабрика заводының макетi. “Аяз би әлiңдi, құмырсқа жолыңды бiл” дегендей, әр уақытта Разияның көзi түсер, ой салар белгi болсын! Кешегi отты күндердiң белгiсi болсын!” [“Қызым, саған айтам...”] ,- дегiзiп, “бiр кездерi сен де қарапайым болып, жұрт қатарлы ауыр қол еңбегiмен наныңды тауып жегенсiң, астамшылық етпе!”- дегендей ишара тастатқан.

С. Жүнiсов осы үш кейiпкерiнiң (Қасқа бас, Қоңқақ мұрын, Бурыл шаш) сыйларының астында үш түрлi адамзатқа салар жүгiн салмақтаған.

Р а з и я н ы ң. …Тартылған сый, көрсеткен құрмет күн өткен сайын үдей түстi. Тұрмыс құрудың тәттiлiгi осы шығар деп ойлаушы едiм. Бақытқа мас болып шыркөбелек билегенде еденде емес, жұрттың алақанында жүргендей болатынмын. Сол алақандарға биiк өкшемнiң қалай бататынын ойламайтынмын” [“Қызым, саған айтам...”] дегендерi дәлел.

С. Жүнiсов әр кейiпкерлерiнiң iшкi психологиясына барлап, адам баласы байлыққа мас болған сәтте астамшылықтың сан түрiне баратынын қарабайыр тiлмен жеткiзбей-ақ, “жұрттың алақанында жүргендей”, “сол алақандарға биiк өкшемнiң қалай бататынын ойламайтынмын”, - деп бейнелi тiлмен шебер суреттейдi.

“Баяндау тәсiлi - драманың соры” [48, 242] , - деген қағиданы басты нысанаға айналдырған драматург С. Жүнiсов шығармасын ширыққан тартысқа, терең де мағыналы драма диалогына айналдырған. Екi жастың арасына кiрбiң - Мұраттың өз өтiнiшi бойынша жұмыстан шығу сәтiнен бастау алады. Оқиға шиеленiсiп, драмалық тартыс күшейе түседi. Отбасының керi кетiп, күйреудiң алғашқы баспалдақтарына жеңiл көңiлдi Разияның керi тартуы, қырсығу да себепшi болады.

Мұрат – қиындық болса арқасын төсейтiн нар тұлғалы, адал жiгiттiң өзi. Сонымен қатар ғылымның адамы. Соғыстың алдында бастаған ғылыми жұмысын аяқтау үшiн аспирантурасына қайтып оралғысы келсе де, әйелi Разияның көңiлiн қимай, өз табиғатына еш қатысы жоқ директорлық, яғни қол қоюшылық “қызметiн” жалғастырып жүре бередi. Кешiкпей ғылымына қайта оралады, ал отбасындағы өмiрлерi күрт өзгерiп, құлдырап сала бередi.

Драмада образ жасау мәнерiн Сәкен Жүнiсов шебер меңгерген жазушы екеніне көз жеткiзуге болады. Образдарды даралаудағы көркемдiк тәсiлдердiң бiрi – психологизм. Кейiпкерлерiнiң жан дүниесiн ашуда С.Жүнiсов детальдi сәттi қолдана бiлген. “Қызым, саған айтам…” драмасындағы Мұрат пен Разия диалогтерiнде семьядағы кикiлжiң, келiсе алмаушылық, соңында екi жаққа айырылуларынан тұрмыстық детальдiң көрiнiсiне кездесемiз. Мысалы:

“М ұ р а т. …Ойлашы өзiң, бiз семьямыз ғой. Семьяның өз қызығы, өз машахаты бар емеспе ….

Р а з и я. Семьяның қызығы осы ма, сен күн ұзын кiтапханада, үйде қағазға тесiлесiң. Мен сегiз кластық бiлiмiммен не iстеуiм керек.

М ұ р а т. …Жұмысқа мойның жар бермесе, сен де оқы, кешкi мектеп, техникум бар.

Р а з и я. Ар жағында институт, сосын аспирантура. Бiлiмнiң соңында салпақтап жүрiп тiсiм түседi, кемпiр болам, сол кезде ғылым кандидаты деген атақ аламын. Ақшам көбейедi. Дүниенiң бар қызығын дер кезiнде көрмей тапқан ондай атақ, ондай ақша к черту” [“Қызым, саған айтам...”].

Осы диалогтардан көп мәселенiң шетiн аңғару қиын емес. Мұрат үшiн өмiрде ең басты нәрсе–өз адал еңбегi арқылы көздеген мақсатына жету болса, Разия үшiн жалған атақ, абырой, сыртқы сымбатымен арзан өмiр сүру.

Пьесадағы Шүйкетай – табиғаттың жаратылысының заңы-жақсылық жүрген жерде, жамандықтың қатар жүретiнi сияқты, жас отбасының азып-тозуына өзiнше “үлес” қосушы бейне. “Ш ү й к е т а й. Тоты құстайсың-ау, Рәзияш. Не кисең де саған жарасады. Шiркiн-ай табиғат бар сұлулықты өн бойыңа қалай құя салған. Егер жiгiт болсам алақаныма салып, күнi-түнi тоймай қарап отырар ем ! [“Қызым, саған айтам...”], - деп онсыз да желiгi ендi көтерiлiп келе жатқан жеңiлтек Разияның қолтығына су бүркидi. Көлденең көк аттыларға да таныстырушы осы Шүйкетай.

Ш ү й к е т а й (Ұяң жiгiтке). Тiршiлiкте ашық ауыз болсаң - арам өлесiң. Кешегi таршылық заманда военный складттың кiлтшiсiне тидiм. Соғыс бiткен соң пшту деп жонымды бiр-ақ көрсеттiм. Ендi бiр мықтыға тигiм келедi. Әттең бiреуiнiң әйелi осындайда өле қалмайды.

Ұ я ң ж i г i т. Ниетiңiз қалай жаман едi.

Ш ү й к е т а й. Е, бiреу өлмей, бiреу күн көрмейдi. Ал, мына Құмарға неге жабысып жүрмiн? Бiрақ, тiсiңнен шығарушы болма: Құмар күз бойы ет комбинатына мың-мыңдаған қой өткiзедi. Әр әкелген жолы он бес-жиырмасы өзiнiкi. Одан үкiмет кедейленiп жатқан жоқ.

Ұ я ң ж i г i т. Халықтың еңбегi ше?

Ш ү й к е т а й. Е, ей, ботақаным-ай, әлi мұғалiмдер айтатын кiтап сөзiнен шыға алмай жүрсiң-ау, сәбиiм-ай !” [“Қызым, саған айтам...”]

Пьеса авторы С.Жүнісов Шүйкетай характерына алдау, арбау, азғыру, өтiрiк айту, қылымсу т.с.с қоғамымызға жағымсыз жүктердi артқан, онысы айтарлықтай сәттi шыққан.

Құмар бейнесi–социализм заманында совхоз малын өз қажетiне суша сапырушы, шаруашылық басына келгенде шопандарды өз алдында құрдай жорғалатушы, өрекпе, өзi сияқты зоотехниктердi “малдың пайғамбарлары” есебiнде санайды. Драматург С. Жүнiсов Қ ұ м а р д ы ң аузына. Ана қыз да, қайтсын, жасы кеп қалған, iшi күйедi ғой. Вообще, жаман қыз емес. Бiрақ, Разия, өздерiңдей бiреу болмаса, ауыл қызын қайтем! Әшейiн, ел арасында бос жүрмей, қырындау ғой бiздiкi” [“Қызым, саған айтам...”],- деген жолдардан жеңiл жүрiстi, тұрақсыздығын көрсетсе, “…Не болды соншама, атам қазақ қозы жеп көрмегендей. Орнын өзiм жабамын… Әй, шал, тым көкiме! Биыл шөбiңдi үнемдемей, рәсуалағаңның өзi жетедi, бiр түртiп жiберсем, қылмысың тiрiлiп шыға келедi” [“Қызым, саған айтам...”],- деген сөздерiнен өресiнiң төмендiгi, бар болмыс табиғаты айқын көрiнедi. С. Жүнiсов сонымен қатар Құмардың характерiне “ақындық шабыты” бар, кейде қатты “толғанған” сәттерiнде қара сөздiң өзiн қарша боратып, ақ өлең үлгiсiне салып: ”Ақ боранда қой орнында, садақ мойын ақ Аққуым, салып жүрсе ән гәккуiн, түсер едiм, кетер едiм жалғыз соның соңында …”,-дегiзiп, “Қазақ зоотехникасы мен поэзиясын” сәттi сабақтастыратын тұстары да пъесадан орын алған. Мысалы:

Ақ балтыр, қара балтыр, сары балтыр,

Жас балтыр, мосқал балтыр, кәрi балтыр.

Тоқ балтыр, дөңгеленген уыз балтыр,

Әжiмдi, ыңғыл-жыңғыл қуыс балтыр.

Көгерiп түйме көздер батқан балтыр,

Тiк аяқ, маймаң аяқ, шодыр тiзе,

Шаршадым көп аяқты тiзе-тiзе.

Жар құшсаң басты ойлама, аяқты ойла,

Бозбала, ғибрат ет бұл сөзiмдi

[“Қызым, саған айтам...”] ,- деп күлкiңдi, ерiксiз езуiңдi тартқызбай қоймайды. Драматург Сәкен Жүнiсов Шүйкетай мен Құмар араларындағы диалогтерден арсыз жандар бойларындағы жеңiл ой-шешiмдер, түсiнiктерден тұрмыстық детальдарға тап боламыз. Құмарды пьеса соңында адалдықтың, адамдықтың “киесi атып” жындыханаға түсiп, ауруға ұшырайды.

Сәуле – психологиялық персонаж. Сәуле мен анасы Разия аралығындағы диалог–адамның жүрегiн шымырлатады. Анасы Разия өткен iске өкiнiштiң жоғын, құдай алдында Мұратты кiналамайтынын, бәрiне өзi себепшi болғанын қызы Сәуленiң құлағына қайта-қайта құюмен болады.

“Монолог” (iшкi ой-толғақ), сөйлету (гр.mono-бiр, logos-сөз)-драмалық шығармадағы кейiпкердiң iшкi көңiл күйiн бiлдiретiн толғау сөзi, кейiпкердi сөйлету тәсiлi. Монологтың мағыналылығы - сол адамның iшкi-сырын, көңiл күйiн, психологиясын терең ашып көрсетуге өте ыңғайлы. Монологта кейiпкердiң түйiндi ой-тұжырымдары айтылып, оның тағдырына байланысты маңызды кезеңдегi жай-күйi айқын аңғарылады” [49, 142]. Жәкуданың ішкі ой – толғағы бұған дәлел.

Ж ә к у д ә. Жер ортасы жасқа келгенде жұбайым қайтыс болды. Сый-сырына, мiнез-тұрғысына бұрыннан қанық осы Шарипаның анасымен қосылдық. Жар жаңартып, төсек жаңғыртып жасарайын деп қосылғам жоқ, тұзымыз жарасқан соң төрт кiшкентайымен бiрге алып, тату-тәттi өмiр сүрдiк. Ол да қайтыс болды. Ендi жар iздеп желiккеннен гөрi жетiмдердi жеткiзгендi абзал көрдiм. Өстiп жүрiп, өз жастығымның базары тарқағанын, Шарипаштың көктемiнiң келгенiн байқамай қаппын. Әттең не керек, Шарипа жұрт көзiне түспей дара өскен жабайы алма ағашы сияқты… Әлгi Құмарлар жемiсiн жегiсi келедi…” [“Қызым, саған айтам...”], - деген монологтан әкелi балалының қилы тағдырын ұғыну қиын емес. Драмалық әрекет пьесада Жәкудә мен Шарипа бейнелерiмен күшейе түседi.

С. Жүнiсов шағын эпизодтық кейiпкер қатарындағы Ұяң жiгiт бейнесi арқылы шығармадағы Құмардың мемлекет, халықтың ырысын шашқан арамза iсiн, Шүйкетайдың алаяқтығын беттерiне айта салып отыратын характерiмен көрiнiс берiп отырады. Бұл–драматургтiң тапқан амалы. Пьеса соңында сауыққой Құмар мен Разия екеуi тауда демалып, қалаға жете алмай тұрған сәттерiнде, солдаттың машинасын тоқтатып, отырып, жолшыбай апатқа ұшырайды. Разия ойнақтап жүрiп от басып, тағдырдың тәлкегiне ұшырап, бейнеттi көп тартады. Кезектi ауыр пышақты (операцияны) көтере алмай, өмiрмен қоштасады.

Драматург С.Жүнiсов ұрпақ мәселесiн, қазақтың санын көбейтудi Разия мен Шарипа аралығындағы диалогтардан көрсетедi:

“Ш а р и п а. Кiшкентайларыңыз бар шығар?

Р а з и я. Жо-ға, ол не керек?

Ш а р и п а. Не керегi қалай? Ұрпақ қалай өспек?

Р а з и я. Сол, керегi жоқ. Ендiгi бала кiмге ұшпақ әпередi. Масылдықтан басқа… Шынын айтқанда, мен өзiмше өмiр сүргiм келедi“ [“Қызым, саған айтам...”]

Аруаққа тiл қаттыру - классикалық драматургия мен қазақ драматургиясында бұрыннан қолданылып келе жатқан көркемдiктiң бiр түрi. Пьеса соңында Разияның үнi: ”Қызым, саған айтам, ендiгi арым да, барым да сенсiң!, - деп Сәулеге, барша құрбы-замандастарына ұран тастағандай күй кешiредi.

Пьесадағы Мұрат пен Құмар араларындағы әрекетте күнделiктегi өмiрдегi адамдар арасындағы күрмеуi қиын қарым-қатынас бейнеленедi. Драматург адалдықты бiрiншi орынға қояды. Сәкен Жүнiсов Мұратты ешкiмге арқа сүйетпей, жалтақтатпай өз еңбегiмен жемiсiн көрушi жан бейнесiнде сомдайды. Пьесадағы авторлық идеяның түйiнi де осы.

Пьесада өткiр диалогтар, терең мағыналы монологтармен қатар ақ өлең үлгiсi, тақпақтау, драма ырғағы, ұйқасы, мақал-мәтелдер, эпитет, ауыстыру, алмастыру, троптың түрлерi молынан кездесiп, сәттi қолданыс тапқан.

Ғ.Мүсiрепов: ”Мен драмалық шығарманың кең де, таяз да болғанынан гөрi, жинақы да, терең де болғанын қолдағым келедi. Қырық құрау етiп, жерiне жеткiзбей, жол бойы шашып-төгумен тауысқан көп ойлардан гөрi, түйдектетiп, түйiп айта алған, сана-сезiмге берiк құйып кеткен аз ойлар артық” [50, 249], – деген.

Профессор Р.Нұрғалиев С. Жүнiсовтiң “Қызым, саған айтам…” атты драмасы жайында: ”Бiрде Разияның ойы, бiрде Мұраттың ойы арқылы берiлетiн сценаларда драмалық кернеу, iшкi тартыс бар. Әйелi Разияның қылт-сылтына кешiрiммен қараған Мұраттың терiсiнiң кеңдiгi алғашқы сценаларда көңiлге қонғанмен, дәл әйелiнiң басқа еркекпен кетiп қалғанында, өз үйiнде бөгдемен көңiл табудың үстiнен түскенiнде селт етпеуiн, оқыс әрекетке бармауын қабылдай алмаймыз.

Қойшылардың көзiн бояп, алдаумен ақшаға кенелген Құмар, сұлу әйелдер мен мырза жiгiттердi жолығыстырып жүрiп, жеңгетайлықпен алтын сақина таққан Шүйкетай бейнелерi - қабiлеттi актерлердiң ойынына өрiс беретiн персонаждар” [51, 497], - дегенi шындық.

Сәкен Жүнiсовтiң драмалық шығармалары тақырып жағынан бiр-бiрiн қайталамайды. Әр шығармасы өмiрдiң әр қырынан сыр тартады. Мысалы: “Тұтқындар” атты екi бөлiмдi драмалық новелланың тақырыбы - халықаралық тақырып. Бiр кездегi дүние жүзiндегi жұмысшылардың, еңбеккерлердiң бас бостандығына арналған туынды.

С. Жүнiсовтiң “Тұтқындар” драмасы жайында республика театрларында сахналанған уақытында бірнеше пiкiрлердiң болғаны белгiлi. Драматургия сыншысы Қ.Уәлиев: “Халықаралық, саяси-әлеуметтiк тақырыпқа жазылған бұл пьесаның негiзiне грек патриоттары Монолис Глезос пен Микис Тодеракис қаһармандығы, күрескерлiгi алынған. Қара полковниктер билеген елде азаматтық үшiн арпалысып жүрген жау жүрек азаматтар күресi басты арқау етiлiп алынған” [52, 130] ,-десе, театр сыншы Ә.Сығаев: “Тұтқындар” арқылы автор өзiнiң парасат-бiлiгiн, өре-ауқымын байқатып бердi. Халықаралық тақырыпқа қалам сiлтеу мәселесiне екiнiң бiрi бара бермейдi. Пьесадағы композитор болып көрсетiлген кейiпкер мiнезiнен бiз грек халқының адал ұлы, прогрессивтiк бағытта халықтық өнер жасаушы Микис Теодоракистiң келбетiн танимыз. “Мыңмен жалғыз алысқан” талантты суреткердiң гуманистiк ой-арманына автор өз-тiлек талаптарын ұштастырып, қараулыққа қарсы көтерiлген iзгi ниеттi жандардың бейнесiн жасауға талаптанады” [53, 53], - дегендері салмақты пiкiрлер.

Пьеса кеңес заманында жазылғандықтан, орыс халқын басқа халықтардан жоғарылау қою, Москваны -бүкiл демократ жұмыскерлердiң отаны есебiнде айтып, суреттейдi. Бұған, әрине жазушы С.Жүнiсов кiнәлi емес, ол кезде заман ағымы солай болатын. Пьесаның оқиғасына қатысатын адамдар шектеулi. Пьеса, әсiресе, композитор мен белгiсiз тұтқын, композитор мен надзиратель аралығында тартысты дамиды. Диалогтары күштi, мағыналы. Оқиға бiрден түрме iшiнен басталып, түрме iшiнде шарықтап, сол қалыппен аяқталады. Тақтай нарда ұйықтап жатқан композитор түсiнде түрме капелланымен айтысып-тартысады. Негiзгi айтысуға арқау болып жатқан даулы мәселе – адамгершiлiк, тәубәшiлiк. Осы екi кейiпкерiнiң аузына сөз салып отырған драматург С.Жүнiсовтiң көрiпкел суреткерлiк ерекшелiгiн бiр аңғартады. Мысалы:

“К а п е л л а н . … Жер бетiнде күн мен түн қандай өзгермесе, өмiрде тапжылмайтын егiз дүниелер бар. Ол - махаббат пен зұлымдық, қайырымдылық пен қиянат, тоқтық пен аштық, еркiндiк пен тәуелсiздiк. Дүниеде болып жатқан соғыс, айқас, дүрбелең - бәрi тiршiлiк заңы. Оған араша тұру – замана доңғалағының шабағына түсу.

К о м п о з и т о р: Жоқ, оларды iстеп отырған – адам, оларды ауыздықтайтын да – адам.

К а п е л л а н. Сендердi желiктiретiн құдайсыздар елi бар. О, жасаған, кешiре гөр! Онда кiсi күлерлiк нәрселер ойлайды: олардың құдайы –адам! (ақырын күледi). Бәрi соның қолында. Сонда қалай болғаны? О, есуас жаратылыс, сен де құдай, мен де құдай. Ал, адам қайда?

К о м п о з и т о р. Иә, дұрыс айтасың. Адам қайда?. Нағыз адам қайда? Оны сен де көре алмайсың, көр соқыр. Сенiң түрме бастығың - абжылан, сен–iбiлiс, ал қазiргi үкiмет басшылары–пайғамбарлар, ең басшысы-құдай. Ал, солардың бәрiн билейтiн, жанын жаһанамға жiберетiн тағы бiреу бар. Ол –адам! Ол–мен! Ол–мына көршi камерада, одан әрi, алыста – жер бетiнде көп! Ха-ха-ха! Ха-ха-ха! [“Тұтқындар”]

Бiрiншi көрiнiсте пьесаның бар болмыс табиғатынан сыр аңғарылады. Экспозиция толық ашылады. Сәкен Жүнiсов суреткерлiк шеберлiгiнiң бiр қыры, құпиялылығы кез-келген туындысында да осы жайт. Мысалы, “Ақан серi” роман-дилогиясының кiрiспе-бөлiмiнен романның бар көтерер жүгiн, шешiмiн, жұмбағын, түйiнiн аңғартады, болжатады… Сол сияқты драмалық шығармаларында да осы үрдiстi қолданады. Әрине, прозалық туындыларға қарағанда драмалық шығарманың жанры қатал, ықшам, тартысты, көлемi де шектеулi. Композитор мен Капеллан диалогы тартысты, терең мағыналық мазмұнға ие. Драматург С.Жүнiсов Капеллан атынан. Сендердi желiктiретiн құдайсыздар елi бар. Онда кiсi күлерлiк нәрселер ойлайды: олардың құдайы – адам! - дегiзiп өткен күнiмiздегi “күйреген КСРО-ны” меңзеп тұр, яғни “құдайсыздар елi”,- дегенi сол. Рас, “Совет Одағы” кезiнде - құдайсыз ел болғанымыз, бәрiнiң жасанды құдайы – адам, адам қолымен жаратылыс-табиғатқа, адамға қиянат та жасалынғаны шындық, ащы шындық. С.Жүнiсов сол заманда шет елдегi тұрмысты суреттей отыра, өз елiндегi келеңсiздiктердiң шетiнен шетпұшпақтатады.

Пьесадағы композитордың прототипi–грек халқының адал ұлы Микис Теодоракистiң бейнесiн танимыз. Композитор үкiметке қарсы адам. Яғни, үкiмет қысымымен, ерiксiз өз мақсаттарындағы гимiннiң жолдарына ән шығармағаны үшiн қамауға алып, түрмеге қамаған.

Түрме Капелланымен диалог-айтысында оған: ” О, тойымсыз пенде, тойымсыз нәпсi. Құдай тағала саған екi қол, он саусақ бердi. Әр саусағыңның басына сайраған бұлбұл қондырды. Өзiң емес пе сол құстардан айырылып қалған”,- деп композиторды табалайды.

К о м п о з и т о р. Саусақ түгiлi басыңды еркiңнен айырса, сайраған әр бұлбұлың қанатын еркiн жаза алмай, тынысы тарылып, бұлқынып, өз жүрегiңдi тырнайды” [“Тұтқындар”],–деп жауап қайыруынан жағдайын аңғартады.

Тар қапаста төрт жыл отырған композитор есiктi ашып, тостағанмен тамақ әкелiп әкететiн надзирательмен бiр де бiр сөйлеспеуi, оның мылқау адамдарша әрекет етуi драматург тарапынан сәттi үйлестiрген шешiм. С.Жүнiсов Композитор атынан барша еңбекшiлердiң бейнесiн көрсетiп отырады. Композитор қатарынан бес күн аштық жариялап, тамақ iшуден бас тартады. Бұл жағдайдан хабардар дүние жүзiнiң газеттерi күнбе-күн жариялап отырады. Үдеп бара жатқан соң түрме бастығы көмекшiсiн шақырып алып, бүгiннен қалдырмай ауруханаға жеткiзудi, сол жерден о дүниеге аттандыруды тапсырады.

“К ө м е к ш i . Диагнозы қандай?

Н а ч а л ь н и к . Жүректен болған талма!

К ө м е к ш i . Рецепт?

Н а ч а л ь н и к . Кенеттен келген ажал” [“Тұтқындар”]

-деп, бiрақ қайыруынан барлық әдiлетсiздiк атаулының иелерi өздерi екенiн сезiнгiсi де келмейдi. Композиторды машинаға жасырын салып, алып шығу надзирательге тапсырылады.

Пьесадағы надзиратель – терең психологиялық бейне. Ә, дегеннен әдейi, амалсыздан үндемеудiң, үндемей көп пәледен құтылудың жолына түскен адам. Негiзiнен, адам болғанда - нағыз кең жүректi адам. Себебi, өзiнiң де тұрмысы ауыр, оның үстiне қайғыға ұшыраған iнiсiнiң балаларын қоса асырау бiр өзiне оңайға түспейдi. Қолы қысқа, арнайы бiлiмi де жоқ, амалсыздан қолына iлiккен жұмысы- түрменiң тас қалаушысы, кейiннен надзирательi болып табандатқан жиырма жыл үнсiз, мылқау, меңiреу кейпiнде қызмет iстеп бағады. Надзирательдiң қиын тұрмыс жағдайынан сырды қызының мына монологынан ұғыну жетерлiк. Мысалы:

“М и с с и с (ашынып). Ғұмыр бойы тартқаның азап, көргенiң қорлық, сенiң әдiлдiгiң, адамгершiлiгiң кiмге дәрi, кiмге қажет. Жалаңаш жалпы қалай тусаң, солай өлесiң. Кiмнiң оған қабырғасы қайысады. Ал мен өйтпеймiн. Жетедi туа жоқшылықта өскенiм. Мен дүниенi өзгерте алмаймын, тек оның шетiнен жұлып, қысқа өмiрiмде өз үлесiмдi ешкiмге жiбермеймiн. Оны iстеймiн де. Ол үшiн жолыма кесе-көлденең тұрған пенде болса, алдаймын, арбаймын, жалынамын, қорқытамын, бiрiгемiн. Сен сияқты түрмеде отырарым жоқ. Маған ауа, күн керек. Сенi де соған алып шығамын. Түсiнсең еттi. Сен қараңғы болғаныңмен, менiң көзiмдi аштың ғой. Неге ендi менiң қолымнан ұстамайсың, жетегiме ермейсiң. Ертең өлсең де, неге таза киiмге оранбайсың. Үстiңде бiр киер ештемең жоқ. Жұрдайсың. Тым құрығанда, табытқа түскенде киер бiр таза костюмiң болсайшы. Не өмiр бұл! … Әке, кешiр, қаттырақ кеттiм бiлем. Бәрi де қайыршылықпен ашынып өскеннiң салдары.” [Тұтқындар”]

“Тұтқындар” пьесасында сонымен қатар өнерге деген ерекше iлтипатты да суреттейдi. Мысалы, надзирательдiң қызы әкесiнiң туған күнiне арнап тамақ дайындағанда, әкесiнiң тамақ iшуге де уақыты болмай жұмысқа асығып бара жатып: ”Анаң үшiн тост көтерудi ұмытпағайсыңдар. Ол байғұс менiң туған күнiмде жаңа бiр үйренген әнiн сыйлаушы едi. Қолы қысқа адам ғой, қайтсiн. Мен үшiн де ән айтуды ұмытпағайсыңдар”. [“Тұтқындар”],- дегенiнен аңғартады.

Пьеса соңында надзиратель мен композитор қолдарына ұстаған транзистордан Москвада болып жатқан халықаралық еңбекшілер жиылысының қол шапалағын естiп, шалқып, тасып тұрғанында, сол үндi бүкiл түрмедегi тұтқындар естiп, дауыстап, қолдап, жаңғырып кете барады. Түрме начальнигiнiң “тоқтатыңдар” дегенiне ешкiм де құлақ аспай, “Интернационал” гимнiн айтып, күңiренiп кете барады.

Сәкен Жүнiсов - балалар драматургиясына үлес қосушы қаламгерлер қатарында. Елiмiздiң болашағы – жас жеткiншек балалар десек, өнердiң бұл “кiшкентай болашақтарымыздың” таным-талғамын, дүниеге көзқарас эволюциясына әсерi мол.

С.Ордалиев: ”Балалар драматургиясы үшiн өмiрiмiздiң барлық жақтары да таңдаулы тақырып бола алады. …Тақырып жөнiнен балалар әдебиетiнiң ересек адамдарға арналған шығармалардан ешбiр айырмасы болмасқа тиiс. Айырмасы, балаларға түсiнiктi, ұғымды етiп, өзгеше түрде жаза бiлуде болуы керек.

Балалар драматургиясы дегенiмiз - пьеса кейiпкерлерiнiң барлығы түгелдей балалар болуы керек деген сөз емес. Балалардан басқа ересек адамдардың да iс-әрекеттерi сөз болып, олардың типтiк образы жасалынуы мүмкiн. Тартыссыз драматургия болуы мүмкiн емес. Тартыссыз балалар драматургиясы да болмауы керек” [54, 223], – дейдi.

Қазақ драматургтерi де балаларға арналған драмалық шығармаларды әр кездерде дүниеге әкеп отырды [55].

Балалар өмiрiне арналған пьесалар 1941-1945 жылғы соғыстан кейiн ерекше көңiл қойыла бастады. Оның да тарихи себебi жоқ емес. Ауыртпашылық кезеңде үлкендер атқаратын iстердiң барлығын жас жеткiншектердiң мойнына түсiп, қайраттылық таныта бiлдi.

Пьеса авторы С. Жүнiсов: “Алғаш қалам алғанда адам өмiрiнде екiншi рет қайтып оралмайтын–балалық шақ туралы жазуды мақсат еттiм.

Балалық шақ әдетте уайым-қайғысыз, ең бiр бақытты кез сияқты ғана көрiнедi. Бiрақ терең үңiлiп, жiтi қарасақ, қилы-қилы, аумалы-төкпелi заманға қарай балалық шақтың да өз үлесi бар. Мен 1941 жылы 1 класты бiтiрiп, жазғы каникулға шығысымен соғыс дауылы басталды. Сол күндерден бастап-ақ менiң құрбыларым пионер лагерiнде демалудың орнына колхозда соқа айдады, масақ тердi, шағын, жаңа киiм орнына әскерге кеткен ағаларының киiмiн тарылтып, аудартып кидi. Ала көбеден көзiмiздi ашқанда соғыс отын хабарлаған информбюроның суық хабарын естiп түрегелсек, сол хабармен көзiмiз iлiнетiн. Талай бала әкесiз жетiм қалды, талай бала ағасынан айырылды. Соның бәрi соғыс зардабы едi. Соғыс алапатының сәби өмiрiне де қандай кеселi барын келешек ұрпаққа жазып берудi өзiме мiндет еттiм” [40,171],- деп шығармашылық бастауынан сыр берген болатын қарымды суреткер.

1960-1990 жылдар аралығындағы балалар пьесаларының кейбiреулерiн: С. Жүнiсовтің “Жаралы гүлдерi”, С.Омаровтың “Ақымақ арыстан”, Ә.Табылдиевтiң “Кербақай мен Кердеңбай”, О.Әубәкiровтiң “Қожа мен спорт”, Қ.Баянбаев “Адасқанның айыбы жоқ”, Е.Домбаевтiң “Сертке серт”, Ж.Тұрлыбаевтың “Жиһанкез бала”, К.Әмiрбековтiң “Уәде бермеуге уәде бер” т.б. бiрқатар дүниелердi атауға болады. Бұл шағын драмалық дүниелердiң кейбiрелерi қара сөзбен, екiншiлерi ақ өлең үлгiсiмен жазылған.

Академик С.Қирабаев: ”Жаралы гүлдерде” автор соғыс кезi шындығын өмiрдiң салмағы мойныны түскен ауыл балаларының характерiн бейнелеу арқылы ашады” [57, 203] ,- десе, профессор Р.Нұрғалиев: “Жаралы гүлдер” драмасының жақсы табысы – кейiпкерлер тiлiнiң дараланып берiлуiнде. Соғыс уақытындағы ауыл балаларының мiнезi, iс-әрекетi көз алдыңа келедi. …жас өспiрiмдерге берер тағылымы мол шығарма” [58, 107] ,- деп, пiкiрлер түйедi.

’’Жаралы гүлдер’’ пьесасы - 1941-1945 ж.ж. соғыс кезiнде тылдағы халықтың, әсiресе, жасөспiрiмдердiң өмiрiн, тiршiлiк-тауқыметiн шындықпен суреттейдi. Жас бола тұра әке соғысқа кетiп, бар тұрмыс ауыртпалықты бұғаналары бекiмесе де, жасымайды, өздерiн iштей қайраумен, жеңiске қол ұштарын берiп жүргендерiн ерлiк санайды. Пьесада аты аталатын Бақыт, Қасым, Аплаш, Балташ, Балшекерлердiң өмiрлерi, тұрмыс-тiршiлiгi бiр болғанмен, әр кейiпкерлердiң тек қана өзiне тән мiнез даралықтарын дұрыс тауып, аша бiлген.

’’Жаралы гүлдер’’ драмасы турасында баспасөз беттерi мен арнайы қарастырылған сыншы, өнертанушы ғалымдардың еңбектерiнде сөз болып, кезiнде жақсы пiкiр алған болатын [59]. Ә.Әбiшев пен Т.Жұртбайдың: “Ажар мен ажалды”, “Жаралы гүлдердi” дәл қазiр де, ертең де сахнаға қойсаң, оның жазылған мерзiмiне қарамай тура бүгiнгi күннiң төл туындысы деп қабылдауың сөзсiз” [60],- дегендерi, орыстың жазушысы К.Паустовскийдiң: “Кез келген тақырыпты бүгiнгi күндiк етуге болады, тек жазушының өзi өз ғасырының биiгiнде болсын”,- деп бiр кездерi айтқан сөзiмен үндесiп тұр.

Белгiлi театр сыншысы Ә.Сығаев: “Соғыс күндерiндегi тыл өмiрiнен сыр шерткен автор өзiңдi тұңғиық ойға батырады. Ескi күйсандықтан сызылған әуен сонау бiр балғын шағыңа саяхат жасатады” [61, 52] ,- деп айтқан сөзi жүрек тебiрентерлiк. Бұл пiкiрлер драматург шығармаларының өмiршеңдiгiн көрсетедi.

Пьесаның бiрiншi бөлiмiнiң бiрiншi көрiнiсi бiр топ балалардың ескi күйсандықты қалай болса солай ұрғылап жатқан көрiнiсi үстiнен басталып кетедi. Орта жастағы ақын

Б а қ ы т т ы ң. Тоқтаңдар, аясаңдаршы, бұл күй сандық емес пе.

Б а л а. Бұл тозған пианино ғой, Бақыт ағай, ешкiмге керегi жоқ. Көп тiлдерi сөйлемейдi. Биыл мұны завхоз далаға шығартып тастаған [’’Жаралы гүлдер’’].

Балалардың жауабынан кейiн ойға берiлiп, орамалымен күйсандықты сүртiп, iштей ойға шомады. Бақыттың монологы арқылы пьесаның экспозициясын ашылып тұр.

Б а қ ы т. Иә, тозған пианино. Бiрақ балалар бiлесiңдер ме, қазiр бұл-үнсiз қалған көне ескерткiш. Сөйлете бiлсең, көне дүниенiң де өз тiлi бар. Ескiнi де қадiрлей бiл. Мен ауылыма келген сайын осы пианиноны бiр көрмей кете алмаймын. Әрдайым осы күйсандық өткен өмiрдi еске салады…’’ [’’Жаралы гүлдер’’], - деп ары қарай ақ өлең түрiне көшiп, барлық өткен, кеткен, болған iстердiң барлығын осы үлгiде сыр шерте жөнеледi.

Екiншi көрiнiстегi оқиғада ''Повойенной дороге’’ атты өлеңiн айтып бiр топ ауылдың балалары кiредi, оларды соғыс комиссары, капитан Жанғожин «честь« берiп қарсы алады. Екiншi көрiнiсте драма оқиғасы ширақ дамып, персонаждар өз орындарымен, суреттелiп, тартыс күшейе түседi. Яғни, ауыл балалары: Қасым, Аплаш, Бақыт сияқты жасөспiрiмдер өздерi майдан даласына әзiр екендiктерiн, тiптi кешiктiрмей соғысқа жiберулерiн де өтiне келедi. Бұл қылықтарына военком таң қалып :’’Мылтық ата бiлесiңдер ме?,- деген сауалына:

Б ә р i . Бiлгенде қандай. Бiлемiз –деп жауап қатады

В о е н к о м. Мылтықты ата бiлу бар да, Берлинге дейiн жеткiзу бар,-деп соғыс жағдайынан суыртпақтап сыр шертедi,

әрi соғыс жасына жетпегендерiн де ескертедi. Военком балалардың бiрiнен ''әкең қайда ? ’’-дегенде:

Б а қ ы т. Соғыста. Екiншi Украина майданында. Бес ай болды хат келмегелi.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет