Ә. Бөкейхан қазақтың тұңғыш басылымы «Дала уәлаяты» газеті жабылғаннан кейін, қазақ



Дата02.05.2020
өлшемі28,31 Kb.
#65563
Байланысты:
ӘЛИХАН БӨКЕЙХАНОВ
Архимед күші тақырыбына сабақ жоспары

Ә.Бөкейхан қазақтың тұңғыш басылымы «Дала уәлаяты» газеті жабылғаннан кейін, қазақ

тілінде газет шығаруға бар күш-жігерін салып, оның саяси басшысы, тікелей

ұйымдастырушысы және белсенді авторы да болып, жалпы басылымның ұлттық деңгейге

көтерілуіне зор үлес қосты. Содан қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени басылым – «Қазақ»

газетінің 1913 жылғы 2 ақпандағы №1 нөмірі Орынбор қаласында жарық көрді. Мұхтар

Әуезов сөзімен айтқанда, «ел дертінің себебін ұғып, емін біліп, енді қазақты оятып, күшін

бір жерге жиып, патша саясатына қарсылық ойлап, құрғақ уайымнан да, бос сөзден де іске

қарай аяқ басамыз деп, талап қыла бастаған уақытта» шыққан бұл газет, шын мәнінде,

Алаш қозғалысының ақпараттық айбынды мінбері бола алды. 1913-1918 жылдары осы

басылым бетінде Ә.Бөкейханның 250-ден астам мақалалары, ғылыми зерттеулері,

аудармалары жарық көрген екен.

Бірінші дүниежүзілік соғыс пен 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы және басқа да

жағдайлардан туындаған дағдарыс 1917 жылғы Ақпан буржуазиялық-демократиялық

революциясын жақындатқаны белгілі. Патшалық монархияның тақтан түсуі қазақ

халқының саяси санасының көтepіліп, ұлт-азаттық қозғалыстың жаңа өріс алуына

айрықша әсер етті. «Қазақ» газетінде басылған Алаш жетекшілері Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай және Міржақып Дулатов үшеуі қол қойған «Алаш ұлына» атты сүйінші хатта

«киіз туырлықты қазақтың оң жағынан ай, сол жағынан күн туды» деп қуана жазылды.

Алайда, көп ұзамай-ақ Уақытша үкімет күткен үмітті ақтамады. Оның кадет басшылары

жердің адамға меншік ретінде берілуін қалады, ұлт автономиясына, шіркеуді мемлекеттен

бөлуге қарсы болды. Осылар ашық баян етілген Бүкілқазақтардың екінші съезінен кейін

іле-шала, 1917 жылғы 23 желтоқсанда «Қазақ» газетінде басылған «Мен кадет

партиясынынан неге шықтым?» атты қысқа ғана мақалада Ә.Бөкейхан тағы бір аса

маңызды қадам жасалғаны туралы мәлімдейді. Ол өзінің «Алаш» партиясын құруға бел

буғаны еді. Бұлай либералдық партиядан қол үзіп, ұлттық-демократиялық ұстанымға бет

бұруы болашақ «Алаш» партиясы көсемінің үлкен саясаткер болғандығын айғақтайды.

Уақытша үкімет жағдайында түрлі партиялар саяси сахнаға шығып, олар өз мақсаттарын

айқындай бастаған еді. Алаш жетекшілері де қазақтарға таптық идеологияға негізделген

большевизм емес, ұлттық мүддеге негізделген, бір орталықтан басқаратын бүкіл қазаққа

ортақ партия керек деген ойға келеді. Мұның үстіне, соңғы оншақты жылда жалпы қазақ

жұртының қолдауына сүйенген, басы-қасында Ә.Бөкейхан бастаған зиялы топ жүрген ұлтазаттық қозғалыс саяси партияға айнала бастаған да болатын.

1917 жылдың 21-26 шілдесі күндері Орынбор қаласында өткен Бірінші бүкілқазақтық

съездің ең маңызды шешімдерінің бірі саяси партия құрғандығы болды. Оған Ә.Бөкейхан

бастаған топ жетекшілік етті. Партия қазан айында «Алаш» атын иеленді. Сондай-ақ,

партия бағдарламасының жобасы «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 21 қарашадағы санында

жарияланып, сол жылғы желтоқсанда өткен Бүкілқазақтық екінші съезде қабылданды

және Алашорда үкіметінің бағыт-бағдарына айналды. Егер Қазақ елінің өзін өзі

басқаратын мемлекеттік жүйесін құру, Ресейден қоныс аударушыларды тоқтату, жаңа

өмір сұранысына жауап беретіндей қоғамды демократиялық мұраттар бағытында өзгерту,

білім және ұлттық мәдениеттің дамуына кең жол ашу Алаш қозғалысының басты мақсаты

болса, «Алаш» партиясының бағдарламасының мазмұны да осы болатын.

Қазақтың арғы-бергі төл тарихында терең із қалдырған «Алаш» сияқты саяси партия

болған емес. Оның бағдарламасының авторлары сол кездегі дүниежүзінің алдыңғы

қатарлы елдерінің тәжірибелерін пайдалана отырып, қазақ халқын дербес даму мен

прогресс жолына бастайтын мемлекеттік-құқықтық идеяларды ұсынған еді. Кейінгі тарих

қазақ қоғамындағы әлеуметтік-саяси ойдың деңгейін танытатын «Алаш» партиясы

бағдарламасының большевиктер ұсынған жобалардан анағұрлым артық екенін дәлелдеді.

Батыс елдеріндегі саяси партиялар тәжірибесін саралай келе жазылған «Ыстамбұл Һәм

қылилар» деген мақаласында Әлихан Бөкейхан: «Англиядағы қашаннан бері екі-ақ

партия: бірі бостандық, жылдам ілгері басқан. …Екінші Англияның саяси партиясы

ақырын жүріп, ескіні бұзып-жармай, еппен іс қылған», деді. Саяси мәдениеті жоғары

елдердегі қоспартиялықты автор жайдан-жай үлгі етіп отырған жоқ. Бұл арада әңгіме ел

ішіндегі саяси, әлеуметтік және экономикалық мәселелерді талдау, осыған байланысты

өздерінің бағыт-бағдарларын айқындау негізінде ретіне қарай билікке келіп отыратын ең

жетекші консерваторлар мен лейбористер партиялары жөнінде болған шығар.

Қазақ халқын отарлық езгіден құтқару мен қазақ қоғамын өркениетті елдер қатарына

жеткізуді ту еткен Алаш партиясы, өкінішке қарай, 1918 жылдың жазында басталған

Азамат соғысынан қалыптасып үлгере алмады. Бірақ жалпыұлттық мәселелерді тұрақты

назарда ұстаған партия жетекшілері Алаш автономиясын құрып, оның Ұлттық кеңесін

қалыптастырды. Екі жарым жылдай өмір сүрген Алашорда үкіметі өз қызметіне осы партияның бағдарламасын негіз етті. Бұл қысқа ғана өмір сүрген саяси ұйым үшін аз емес еді.

Патшалық Ресей құлап, билік басына келген Уақытша үкіметтің саяси тұрақсыздығы

Ресейдің шет аймақтары түгіл империяның негізгі ұлты орыстың да өзекті мәселесін шеше

алуға қауқарсыз болды. Алып ел іші зорлық пен зомбылыққа ұласқан анархияға айналды.

«Қазақ» газетінің 249-нөмірінде жарияланған мынандай мәліметке назар аудара кетейік:

«…Пішпектегі қазақ, қырғыз, сарт халықтарының тынышы кетіп тұр. Солдаттар, солдат

қатындары, тағы да кім екені белгісіздер күндіз-түні демей ұрлап, талап, ұрып-соғып

қатты жәбір беріп тұр. Теңдік заман туды десек те, біздің Жетісу ескі зорлықтан құтыла

алмай тұр». Бұл, әсіресе, сол кездегі шеткері аймақтардағы күнделікті құбылыс болатын.

1917 жылдың қазанында Ресейдің билік басына большевиктердің келгені белгілі. Алаш

көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынов бұл өзгеріске өз бағасын 1919 жылғы «Революция

және қазақтар» атты мақаласында ашық білдірген болатын. Ол «Қазақтарға Февраль

революциясы қаншалықты түсінікті болса, Октябрь социалистік революциясы

соншалықты түсініксіз көрінді. Бірінші революцияны қандай қуанышпен қарсы алса,

екінші революцияны соншама үреймен қарсы алуға тура келді» деп жазып қана қоймай,

екінші революцияның түсініксіз болуын қазақтарда капитализмнің де, таптық жіктелудің

де, тіпті, жекеменшіктің өзін басқа халықтардағыдай айдар тағып ажыратудың да

қиындығымен ұғындырған еді.

Мұндай жағдайлар Алашорда үкіметінің өмірге келуіне жол ашып қана қойған жоқ, Алаш

жетекшілерін тікелей ұлттық мемлекет құру туралы ойға жетеледі. Онсыз ұлттың

мәселесін шешу мүмкін емес екенін терең ұғынған олар Бүкілқазақтардың екінші съезін

өткізуге дайындық жұмысына кірісіп кетеді. Ә.Бөкейхан басқарған бес адамнан тұратын

ұйымдастыру комитеті «Қазақ» газеті арқылы қарашаның 14-і мен 26-сында жарияланған

аса маңызды екі үндеудің соңғысында Қазақ автономиясын және оның басқару тобы

болып табылатын Ұлт кеңесін сайлау мәселесін көтерді. Автономияны әңгіме еткенде,

Ә.Бөкейханның сол кездегі Қазақстанның көпэтносты (бүгінгі тілмен айтқанда – автор)

екенін ескеруі шын мәнісіндегі көрегендігі болатын. Ол «Біздің қазақ ұлтының

автономиясы енді тұрмыс халда туысқан автономия болар емес, жерге байланысты

автономия болмақ. Ішіміздегі орыс мұны мақұлдайтын көрінеді», деп жазды.

Сонымен, 1917 жылғы желтоқсанның 5-13-і күндері Орынбор қаласында өткен Екінші

бүкілқазақтық съезд Алашорда аталған Алаш автономиясының Ұлт кеңесін 25 адам

құрамында сайлады, оның 10-ы орыс және басқа халықтар өкілдері болды. Ұлт кеңесінің

әрбір облыста бөлімі болуы жоспарланды. Съезд, сонымен қатар, жаңа құрылған өкіметтің

ұлтаралық қатынастардағы негізгі бағытын былайша айқындаған болатын: «V. Қазаққырғыз арасында тұрған аз халықтардың құқықтары теңгеріледі. Алаш автономиясына

кірген елдердің бәрі бүкіл мекемелерде санына қарай орын алады. Алаш автономиясының

қол астында жерсіз қалған халықтар болса, оларға ұлт һәм мәдени автономия беріледі».

Ал ұлттар өзін өзі билейді деп күндіз-түні ұрандатқан большевиктер басқарған 1917

жылғы 22 қарашада Ташкентте жұмысшы, солдат және жұмысшы депутаттарының III

съезінде Түркістан Халық Комиссарлары Кеңесінің құрамына жергілікті мұсылман

халықтарының бірде-бір өкілі сайланбаған еді.

Алаш жетекшілері ұсынған Ұлт кеңесінің құрамы әсте мемлекеттің ұлттық сипатына

кереғар емес-тұғын, қайта оның әлеуметтік келбетін көріктендіре түсетін фактор болатын.

Сөйтіп, біріншіден, автономияға кіретін әрбір облыстан өкілдер қамтамасыз етілді,

екіншіден, басқаруда ұжымдық қағида таңдалды.

Әлемнің екінші ұстазы атанған әл-Фараби өз кезінде қайырымды қала басшысында алты

түрлі қасиет болуы және оның қатарында даналық, асқан пайымдағыштық, қалтқысыз

сендіру және өте жақсы қиялдау қабілеті сияқтылар болуы керектігін айта отырып, егер

бұл қасиеттер жеткіліксіз жағдайда қаланы билеудің алқалы түрін де жоққа шығармаған

еді. Жеке билеудің зардаптарын әлем тарихынан, қазақ хандығы тәжірибесінен жақсы

білетін Алаш басшысы бұл идеядан хабардар болды ма, жоқ па, ол жағы бізге белгісіз.

Алайда, тумысынан демократ саясаткер ұжымдық басқаруды таңдаған болатын. Съезд

қабылдаған қарарда «демократиялық парламенттік республика құру» туралы қағиданың

көтерілуі де тегіннен-тегін емес-ті.

Съезд бірнеше маңызды шешімдер қабылдады, олардың ішінде Алашорданың бүкіл

билікті өз қолына тез алуы, автономия құру туралы мәселелер болды. Бірақ автономияның

құрылғаны жөнінде хабар жарияланған жоқ. Ол кезде Ресей құрылтайы болады деген

сенім мол еді. Автономия боламыз деген жұрттар еншіні содан алмақ-тұғын. Мұны қазақ

өлкесіндегі басқа жұрттармен келісіп, милицияны жасақтап, ұлт қазынасын жинап,

қамданған соң барып мәлімдеуге келісілген еді.

Алаш автономиялық ұлттық-территориялық мемлекеттің құрылуы туралы съездің

шешімінен соң екі айдай (1919 жылғы 11 ақпанда) уақыт өткенде Ә.Бөкейхан оған баға

бере келіп: «Съездің бұл шешімі қазақтар мекендеген территорияда анархияны

болдырмау, өлкеде большевизмнің дамуына жол бермеу мүдделерінен туындады.

…Кезекте бостандықтың жауы – большевизммен күрес тұрды», деген болатын. Алайда,

кеңестік шындықты мойындамаған қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі және

көсемі Кеңес өкіметіне қарсы контрреволюциялық күреске басшылық жасады, Қазақстан

мен Мәскеудегі террорлық орталықтардың басшыларымен байланысты деген жаламен

өзінің туған халқының бостандығы мен азаттығы жолында құрбан болған еді. Жарты

ғасырдан кейін ғана ақталды.

Қазақ тарихында бұрын болмаған саяси реформаторлығымен қатар, Әлихан Бөкейхан

біздің бүгініміз үшін де маңызын жоймаған, қайта күн ілгері басқан сайын маңызы арта

түскен мол мұра қалдырды. Ол феодалдық мешеулік жағдайында аяқасты болған ұлттық

мүддені қорғайтын, Қазақ елін Еуропаның өркениетті елдері қатарына алып шығатын

дұрыс та төте жол – ұлттық тәуелсіздікті таңдады, демократиялық жолды қалады, бұған

негіз болатын заңдылықты күшейтуге ерекше көңіл бөлді. Өз кезіндегі алдыңғы қатарлы

Германия, Англия сияқты елдердегі әділ билікті өнеге тұта отырып, ол би әділ болмай,

жұрт оңбақ емес деген қорытынды жасады. Ә.Бөкейхан аталған елдерде заңды мойындау

халықтың барлығына бірдей тәртіп болып табылатынын айтып, әділ би құдайдан басқадан

қорықпайтын болуы керек деп, биліктің әділеттілігін алға тартты. Ағылшынның билігін,

оның алдында халықтың барлығы тең екенін, онда би болмақ зор дәреже, жұрт көзінде зор

құрмет екенін атап көрсетті.

Қоғамның демократиялық барометрлерінің бірі сайлау жүйесі екені белгілі. Ә.Бөкейхан

өзінің сайлау тақырыбына жазған мақалаларында патшалық Ресейдің отаршылдық

жағдайындағы қазақ даласындағы сайлау жүйесін әңгіме етіп, бұл үдерістердегі

кемшіліктерді аяусыз сынап, бұл бағыттағы оң жолды айқындады. 1913 жылы алғаш

жазылған «Сайлау» атты мақаласында бұл саяси науқанның қазақ жұртындағы нағыз жұт

екенін, «Мал бағусыз, егін салусыз, пішен шабусыз» қалып, барын салып шала

бүлінгендегі қазақтың негізгі мақсаты болыс, би, елубасы, старшын болмақ, дұшманынан

кек алмақ, намысқа тырыспақ, момын бұқара халыққа алым-шығынды аудара тастап бай

болу екенін, бірақ бұдан қазаққа келешекте еш пайданың, болыстықта еш қасиеттің

жоқтығын айтады.

Мұнан әрі автор Еуропада сайлаудың халық үшін үлкен той екенін, халық партия құрып,

«адаспас ақ жол», «асқар бел, жұрт ілгері басатын іс қыламыз» деп таласатынын үлгі

етеді. Сайланған адамы халық қызметшісі һәм орынға сайланғанда мынау білгіш, мынау

шешен, мынау көсем, мынау әділ деп әрқайсысын өз орнына сайлайды дейді. Осымен

қатар, қырда да жүйрік, өрнекті шешендердің, таза, әділ жақсылардың бар екенін айта

отырып, саясаткер-демократ: «Жұрт пайдасына таза жолмен тура бастайтын ер табылса,

қазақ халқы соңынан ерер еді», деп келешекке үмітпен қарайды. Ал «Қазақ» газетінің

1913 жылғы №15 санында жарияланған «Сайлау» атты екінші мақаласында автор сайлау

үдерісінде парасаттылыққа жөн сілтейді. Адам баласы өзге хайуаннан айырылғанда

бұлардан ақылды, қолы шебер болып айырылғанын, байлық түбі ақыл һәм қол ұсталығы

екенін, осы екеуі қосылмай адам баласы қазынаға жарымайтынын айта келе: «Ақыл да,

ұсталық та оқумен, істеумен жүре ұлғаяды. Дүниядағы жер билігі күннен-күнге ақылды,

ұста жұрт қолына ауып барады», дейді. Қазақтың қазынаға қуат беретін адам ақылы, адам

қолы, адам жиһаты екенін өз аяғынан өсіп-өнген малды айдап жүрген елдің білмейтінін

ескерте отырып, «Жұртқа адал би пайдалы, көпке сүйенген, көп сөзін тыңдаған, билігін

орнына қорықпай салатын, арам жемейтін, іс білетін, халық үшін жаумен айтысатын

болыс пайдалы» деп ауылнайлыққа хат білетін, жол көрген жасты, жөн білетін жақсыны

сайлау керектігін ұсынады.

Халқының рухани жаңаруын көздеген Әлихан Бөкейханның мәдениет пен білім туралы

ойлары қазір де құнды. «Рухани мәдениет қарауылынан» деген мақаласында ол: «Рухани

мәдениеттің бір белгісі жұрт баласына жалпы оқу, газета, кітап оқып, ғылым жолын тану,

қол жеткені ғылым жолында ізденіп, адам баласына жақсылық жол ашу», дейді. Ал

«Серуен жасап зерттеу әдісі» атты мақаласында автор шын білімнің тәжірибеден

туатынын, білім жолының негізі тәжірибе болатындығын жаттап алғанның білім

болмайтынын атап көрсетеді. Адам баласының қоршаған ортаны, жерді, ауаны, суды,

жанды, жансызды тануы тәрбиемен болатынын, сөйтіп, тәжірибе көзбен көрген, қолмен

ұстағаннан жиналатынын, білімнің анасы – тәжірибе екенін айтып: «Ақыл зерек тексеріп

тергеп, терең бойлап тоқып, кестелеп көзбен көргеннен, қолмен ұстағаннан қорытынды

шығарады. Бұл неше сыннан өтіп, таспадай сыдырылып, таяқтай жанылып, білім негізі

болып шығады», деп жазды. 1923 жылы «Темірқазық» журналының №2-3 сандарында

жарияланған «Білім күші» атты мақаласында Ә.Бөкейхан адам өміріндегі білім құдіретіне

ерекше көңіл бөледі. «Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?» дейтін қазақ мақалын айта

отырып: «Білім – алмас қанжар. Кім қолға алса, соның қолы, салып қалса, жақсы-жаманды

айырмай басты алып түседі», деп білімнің бәрінен жүйріктігін, өткірлігін атап көрсетеді.

Ә.Бөкейхан бұқаралық ақпарат құралының қоғамдағы рөліне айрықша көңіл бөлгені

белгілі. Бұған Еуропада газетке ерекше мән беріліп, оның ғұмыр айнасы, ұлы

патшалықтың бірі деп саналатынын жақсы білетін саяси тұлғаның тамаша публицист

болғандығы да игі әсер еткен шығар. 1890-жылдардың аяғынан басталған 40 жылға

созылған өзінің саяси қызметінде оның 50-ден астам мерзімді басылымдарда мыңнан аса

сан алуан тақырыптағы еңбектері шыққан көрінеді. Ә.Бөкейханның өз қолымен толтырған

«Тұтқынның анкетасында» мамандығын «журналист», «аудармашы» деп көрсетуі

тегіннен-тегін болмаса керек.

Қазақ қоғамындағы газеттің орнын, оны шығарудың қиындықтары мен проблемаларын

Ә.Бөкейхан «Ашық хат» атты мақаласында арнайы сөз ете отырып, газет шығарудың

шарты – оқушының барлығын атап көрсетеді. Сонымен қатар, «маңызды, ғұмыр тілегіне

тұратын, кестелі сөзді» мақалалар газет деңгейін көтеріп қана қоймай, оның қазынасын да

молайтатындығы, газеттің оқушысы көп болса, оның қазынасы да бай болатындығы,

газеттің жаны мақала екендігі де айтылады. «Газетаны күйлеп, жаратып бәйгеге қосуға өз

алдына шебер, білгіш, жүйрік керек… Газетаға басшы болу кім болса, соның қолынан

келмейді. Газета ісі үйдің ағашы болса, басқарма мұның тезі болады… Тілші, хабаршы –

газета отыны», дейді автор. Сондай-ақ, газеттің қашса құтыла алмайтын бір ісі – саясат

жолы дей отырып, Әлихан Бөкейхан газеттің алдыңғы қатарлы оқушыларды саясат ісінен

хабардар етуі, олардың саяси санасын қалыптастыруы қажет деп санаған.

Ә.Бөкейхан ұлттық мешеуліктің түп-тамырын халықты билеушілердің надандығы мен ел

бірлігінің жоқтығынан іздеді. Мұның үстіне, Ресейдің отарлау ісі негізінен халықты «бөл

де, билей бер» саясатына құрылған-ды. Бұл саясат ел ішіндегі анархияны қолдауға,

мемлекеттің құлауына, қазақ қоғамының әлсіреуіне ықпал ететіндей қазақтардың жүзіне,

руына қарсы бағытталды. Бұған Алаш басшылары ұлттық тұтастық, бірлік саясатын,

большевиктердің таптық жіктеу саясатына ұлттық тұтастық, рухани бірлікті қарсы қойды.

1917 жылы «Қазақ» газетінде басылған «Жалпы Сібір сиезі» атты мақаласында Әлихан

Бөкейхан сол кездегі ел ішіндегі саяси және әлеуметтік жағдайды терең сезініп: «Біз қарап

отырсақ, қосақ арасында бос кетеміз. Қазақ жұрты болып бас қамын қылмасақ болатын

емес. Есік алдынан дауыл, үй артынан жау келді. Алаштың баласы, «ақтабан шұбырынды,

алқакөл сұламадан» соң, 200 жылда, басыңа бір қиын іс келді. Ақсақал аға, азамат іні,

отбасы араздықты, дауды қой, бірік, жұрт қызметіне кіріс! Алаштың басын қорғауға қам

қыл!» деп халықты бірлікке шақырды. Бостандыққа апаратын жалғыз жол ұлттық

ынтымақ қана деп түсіндірді. Осы ойын жалғастыра отырып, Ә.Бөкейхан жұртта береке,

бірлік үшін әділдіктің қажет екенін де атап көрсетті.

Өкінішке қарай, Ә.Бөкейхан бастаған Алаш жетекшілерінің тәуелсіздік үшін жан аямай

жүргізген қажырлы күресі логикалық мұратына жете алмады. Қазақ тағдырына патшалық

Ресейдің отарлау саясатының жалғасындай болған кеңестік дәуір жазылған екен. Кешегі

кеңестік кеңістікте талай ойран салынып, халық қаншама күйзеліп, қаншама асылдар

айдалып, түрмеге жабылып, атылды. Халықтың қаймағы сылынып алынды. Коммунизм

таудың арғы жағында емес деп көкіген Хрущевтің Қазақстанның солтүстік бес облысын

Ресейге қосу туралы жымысқы ойы, тұрлаусыз тірлігі империялық пиғылдың айқын

көрінісі еді. Бұлардың барлығы ондаған жылдар өтсе де ұлтымыздың жадынан өшкен жоқ,

өше де қоймас.

Тек Тәуелсіздік қана жоғалтқанымызды таптырып, өшкенімізді қайта жандырып жатыр.

«Тірі болсам, …қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп халқына уәде берген Алаш

көсемінің ұлы өзгерістерге бастаған идеясы жарты ғасырдан кейін шынайы шындыққа

айналды. Энциклопедиялық деңгейдегі ғұлама ғалым Әлихан Нұрмұхамедұлы

Бөкейханның сан-салалы идеялары мен тамаша ой-тұжырымдары жер бетінде қазақ барда



мәңгі жасай бермек.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет