Ә. Шілтерханов әңгімелерінің танымдық қасиеті мен көркемдік ерекшеліктері. Мазмұны Кіріспе


Ә. Шілтерханов әнгімелеріндегі өмір көрінісі



бет2/2
Дата25.12.2016
өлшемі0,56 Mb.
#4432
1   2

Ә. Шілтерханов әнгімелеріндегі өмір көрінісі.

Жазушы, әңгімелері арқылы ұлттық дәстүрімізді, ұлттық өнегемізді, келешек ұрпаққа үлгі етеді. Ата – баба өнегесін сіңіргенде ғана, болашағымыздың жарқын болатынына жол сілтейді.

Әнгімелерінде әдет-ғұрып дәстүріміздің озық үлгілерін насихаттау арқылы жастарға үлгі-өнеге көрсетеді. Халықтық әдет-ғұрып салт-сананың, сан ғасыр бойына сақталып бізге жеткен үлгісін ауыз әдебиеті үлгілерінен көре аламыз. Ауыз әдебиетіндегі әбсана, аңыз-ертегі, шешендік сөздер, батырлар жыры, барлығы дерлік, қазақ өмірінің өткенінен бүгінге мағлұмат береді.

«Елу жылда ел жаңа» дейді қазақ мақалы, рас сөз. Бірақ бұл жерде біз елудің де елуі бар екенін естен шығармауымыз керек.

Әдетте, адамзаттың әлеуметтік тұрмысы материалдық және рухани делініп, екі жүйеге бөлінеді. Көшпелі елдің рухани жан азығы саналатын ауыз әдебиетін өлең, ән, жыр, музыка байлықтарын жасауда көшпелілердің көрнекті табыстары болғанмен, бұл мәселеде де отырықшылардан оза алған жоқ. [17;45].

Алайда ауыз әдебиеті сол кезеңдегі халыққа тән барлық құндылықтарды жеткізе білді.

Тамырын сонау ықылым заманнан бастау алған дәстүріміздің көріністері, кейін жазба әдебиет өкілдерінің шығармаларында орын ала бастады. Атап айтар болсақ, әдебиеттің майталман тұлғалары Ғ. Мүсірепов, С. Мұқанов, М. Әуезов шығармаларын да көрініс береді.

Міне, осылардың ізін жалғастырып, Әдіһам Шілтерхановта, халықтың ұлттық құндылықтарын насихаттайтын әңгімелер жазды. Бұл тақырыпта әңгіме жазуға оп –оңай келе алған жоқ. Туа бітті әдебиетші Әдіһам ағаның бұл тақырыпқа қалам тартуының өзі де, кездейсоқ емес еді. Жастайынан зерек болып, халықтың өткенін баяндайтын хисса, жырға құмар болды. Және олардың шығу тегін әріден іздеп, оны қазақ топырағымен астастыра білді. Қазақстан аумағындағы өзі мекендеген жерден, әрбір топонимикалық атаудың шығу тегіне үңілді. Үңіле отыра одан қасиет іздеді. Халықтың даналығын көрсететін қасиетін танытатын аңыз – жырларға қанық болды. Отанына деген сүйіспеншілігі артты. Яғни оның бұл тақырыпқа қалам тартуының бір себебі осында еді.

Зерттеу жұмысының барысында қарастырғалы отырған әңгімелердің тақырыптық тізімі төмендегідей. Олар: «Қажымұқанның тойы», «Жұт туралы аңыз», «Құрбандық», «Кейуана мен келін», «Парыз», «Қансонарда», «Қайран Шәмші», «Жұбайлар».

Аталмыш әңгімелер тақырыптық жағынан бірін-бірі толықтыра түскен, идеялық мазмұны жағынан тәрбиелік мәнге ие туындылар. Олардың кез – келгенін алып қарасақ та, қоғамдағы ең негізгі, дертті, актуальды мәселелерді сөз етеді.

1991 жылы жарық көрген «Келін мен кейуана» деп аталатын әңгімесі, адам назар аударарлықтай, қызық, көңілге тұтып жүрердей, - құнды дүние. Тақырыбының өзінде терең мән жатқан секілді. Неге? «Келін мен кемпір» әйтпесе «Келін мен кемпір» демей «Келін мен кейуана» - дейді.

Міне, бұл тақырыпты құрап тұрған екі сөз де халықтың ұлттық болмысын, ұлтық танымын бейнелеп тұр. «Көп жасағаннан емес көпті көргеннен сұра» - дейді қазақ даналығы халық түсінігінде кейуана сөзі қасиетті ұғым болып табылады. Көпті көрген көреген, сарабдал, салиқалы, қысылтаяңда жол көрсететін данагөй (қарттарын), аналарын кейуана деп құрметтейді.

Тарихта белглі Домалақ ана, Ұлжан, Зере, айғаным әжелер сол кейуананың символдары. Жазушы осы мәселелерге ой-жүгірте отырып, сарапқа сала отырып тақырыпты таңдады. Ал, тақырып таңдалды. Әңгіменің оқиға желісі қалай болмақ, қалай өрбіді, бұл сауалдарға әңгіме желісі арқылы жауап табуға болады. Жазушы кейіпкерлерінің мінезін диалогтар арқылы ашады. Қоғамға ауыр жүк тастайды. Автор соңғы сөзін кейуананың аузына салады да сол арқылы келешек ұрпаққа үн тастайды.

Сырбаз да сыршыл суреткердің шығармаларын ұқыпты оқып шыққан оқырман бұл әңгіменің де табиғилығымен тартымдылығына таң қалады. Сылдыр сөзден аулақ, сырлы сөз бен сурет салған қаламгер, жас ұрпаққа берер үлгісі мол, кемел ой салатын бұл шығармада қыз, келін тәрбиесі, ұлтымыздың ұлылық өнегесі бар.

Шөлдеп, ынтығып жеткен жолаушыға келіншектің су жоқ деуі көргенсіздіктің белгісі екенін кейуана былайша сөзбен түйірлі түсіндіреді: «Ата көрмеген дейін десем - атаң, ана көрмеген дейін десем – анаң бар». Сонымен қоса, ойланбай сөйлегеннің орға түсетінін, ұятқа қалатынын жазушы мына өлең жолдары арқылы жеткізеді:

Жақсы байқап сөйлейді,

Жаман шайқап сөйлейді,

Жаманның берген асынан,

Жақсының айтқан сөзі артық. [19; 307].

Әңгіменің өн бойынан қазақ халқының қонақжайлылығын мешкейдің келініне; «Есіңде болсын. Адамның бәрін қадір тұтып сыйлағаның жөн. Соның ішінде жолаушының жөні де орны да бөлек, қоржынына ас, торсығына су алмай, айлық, апталық жерге аттана береді біздің қазақ. Себебі: олар барлық жерде туысқаным бар деп сенеді. «Еттің сүбелісін, асының тәттісін мейманға сақтап, жалғыз малы болса, - қонағасына сойып беретін салтты көрмей жүрсіз бе?

Аштан өлем деп қорықпайды, мейманнан ұялып қалмасам етті, - деп қорқады қазақ» - деген ескертуінен байқауға болады» [19; 308].

Адам жанын жасытатын, сүйектен өтетін сөздерді кемпір кемсіту мақсатында емес, «баламнан келінім зерек болсын» деген мағынада айтып отырғандай көрінеді. Себебі: «жоғыңды бар қылатын да – әйел, барыңа зар қылатын да - әйел». Автордың айтқысы келгені осы.

Мұндағы дәстүріміздің нағыз көрінісі – қонақжайлылық. Өмірін көшпелі тұрмыста өткізген қазақ халқының ең бір бағалы қасиеті. Ең асылын, ең қымбатын, ең тәттісін қонағым жесін деп сақтаған дархан халықтың жомарттығы, жайсаңдығы. «Қонақ келсе құдайындай сыйлайтын -біздің халық осындай» деген сөздің иесі. Сол сияқты, көрегенділік, кішіпейілділік, үлкенді сыйлау, халықтың қанындағы, осы іспеттес қасиеттердің жоғалып бара жатқандығы авторды қынжылтады.

Қазақ әдебиетінде келін мен кемпір образы М. Әуезовтың «Қорғансыздың күні» әңгімесінде кездеседі Әуезов суреттеген кемпір Шілтерханов жасаған образға мүлдем ұқсамайды. Әуезовтың әңгімесіндегі кемпір аянышты халді көрсетсе Шілтерхановта ол басқа қырынан танылады. Яғни ол батыл сөлейтін қаһарман образ.

Жазушы «Келін мен кейуана» әнгімесінде ұлттың ұлылығын үлгі етсе, «Жұт туралы аңыз», әнгімеснде тың ой айтады.

Аласапыран дүниенің әр –бір қозғалысына немқұрайлы қарамайтын ойшыл жазушы, аталар өсиетіне, өнегесіне ыждаһатпен көңіл қойған. Көнекөз қарттардың әңгімесін, құмарлана, көңіл қоя тыңдайтын жазушыны, өткеннің өнегелі өсиеті, қариялар ауызында бұлақ сыңғырындай, сылдырап, өзен толқынындай мөлдіреп тұрғандай көрінетін.

Сондай көне көз қарттардың бірі, бірегейі, ұлы отан соғысының ардагері, ауылдың құрметті азаматы Байсары Құлымбетов. Әңгіменің басты кейіпкері де сол кісі. Автор Байекеңді соғыс ардагерлерінің соңғы жұрнақтары деп таныстырады. Оны аса құрметтейді. Жеңіс күні қарсаңында соғыс ардагерлерімен, қарттармен әңгімелесуді әдетке айналдырған жазушы Байсары ақсақалға арнайы келеді.

Жазушы әңгіме басын мына суретпен ашады. «Әдетте майдангерлердің көбі бұл күні барын киіп, тойға баратындай дайындалады Байекең өйтпепті. Жадағайын жамылған күйі күндегісінше.Көңіл күйінің жабырқанқылығы содан –ақ аңғарылады». [15;295] Осы сөздердің мәніне тереңнен үңілген кез келген адам ойланбай тұрмасы хақ. Неге көңіл күйі жоқ. Неге ол жеңіс күнін қуана қарсы алмайды?

Осы іспеттес сан – алуан сұрақтар ойлы адамды ойландыруы заңды құбылыс. Қарапайым тілмен берілген бұл суреттер де көп нәрсені аңғартады. Одан ары қарай Байекең: Пушкиннің өлеңін тақпақтата жөнеледі.

- Жылуы қашып жүректің

Дәуренім өтті, мен қалдым.

Қиялды қолдан жүдеттім

Қайғы-қасірет ненді алдым. [19:290]

Байекең осы өлең жолдарынан өз бейнесін көреді. Өзінің жалғыздығымен, жабыраңқы көңілімен сабақтастырады. Қария жалындаған жастықтың қайта оралмасқа кетіп, кәріліктің сұрқия кейпі, бойын билеп алғандығына өкінеді. Күннен – күнге қатары сиреген, қарт өзінің жалғыздығын сезінеді. «Ал, қазір мен болсам сексеннің төртеуіндемін, Итемген, Манаптар, бар кезде білінбеуші еді. Көзімнің көрмей қалғаны жаныма онша бата бермейтін. Олардың біреуі көз, біреуі құлағымдай еді. Енді, міне күзгі жалғыз жапырақтай қалтыраған жайым бар.

Қашан үзіліп түсіремді бір құдай біледі. Бұл пәни жалғанда бірдемем қалды демеймін. Қатарымыздың көбі, кешегі жат жерді жастанды емес пе? Қайта біз біраз жүрдік. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырдық. Немерелеріміздің көбі де ер жетті. Құдайдың көрсеткеніне күнде де, түнде де шүкіршілік етіп отырамын. Жазаның үлкені – жалғыздық. Керуен дүниеде қатарыңның соңында қалу ауыр екен. Менің жаныма бататыны сол! – Байекең біраз мұң шаққандай кейіп танытты» [19; 269].

Жазушы адамның ішкі психологиялық иірімін нәзік жеткізе білген. Кейіпкерлерінің ішкі көңіл – күйін табиғатпен астастыра суреттеп, психологизмді орнатады. Кейіпкерлерінің ішкі жан – дүниесінің, жан айқайын түрлі теңеулер арқылы шебер суреттей білген. [16; 250].

Байекең әрі қарай сөзін жалғап, қызу әңгіменің арнасын – бүгінгі заманға бұрады. Байекең ренжіп: Біздегі басшылардың көбі «Анау жоқ, мынау қат оны табу үшін қаржы керек. Ал, қаржы біріне тартсан – біріне жетпейді» - деп, жыланады да жүреді. Ондай уәж менің көңіліме қона бермейді. Қашан да бітсін деген істің қасында бітіретін кісінің тұруы шарт. Адамын тауып қоймаған жұмыс бітпейді, бітсе де ойдағыдай болмайды. Қатенің үлкені ел бастайтын, тізгін ұстайтыннан. Әр елдің, әр шаруашылықтың басына естілерді тауып қойса, соның өзінен қоғамымыз қаншалықты ұтар еді? [19; 298] деген сөздері арқылы қоғамның бет пердесін аша түседі. Жібі түзу жігіттерден гөрі мансапқорлар әлдеқайда көп. Олардың басы – қасқыр, арты – түлкі. Сөзі мен ісі басқа. Сөйте тұра жолы болғыш. Ал, есті жігіттердің жолы бөгеулі соларға кең жол ашылғанда ғана қоғам биікке шығады. Мансапқордың елді жұтқаны жұтқан. Апыра-ау, сонда шешілмей жатқан сан алуан мәселеден ең қиыны мансапқорлық болғаны ма? деймін тандана дей келе автор сөзге араласады.

Осы жерден Байекен жеті жұрт туралы аңызын тақпақтай жөнеледі.

-Айтатын ата –бабам айналайын, жұт деген болады деп жеті ағайын.

Бұрын көз көрмеген – сөз сенбеуші едік,

Сендерді әңгіме айтып қандырайын.

Бетпақтың құла жапан даласында

сексеуіл, селеу, жыңғыл арасында

халқым-ау көрдім сұмдық бір

Бұл сөзге құлақ қойып нанасын ба

Түн болып, қас қарайып шапақ батқан,

Бір от тұр айдалада жанып жатқан.

Отырған от айнала жеті ағайын,

Гуілдеп сөз сөйлейді әрбір жақтан.

Отаршыл, Мансапшыл мен ашаршылық, оба, жұт, надандық пен ырың-жырың.

Бұлардың әңгімесі мынау екен,

Бастарын бүгінгі күн құрау екен,

Қазаққа қанша кесір келтіргенін

Тексеріп бір – бірінен сұрау екен. [19,299]

Содан бұлар жарыса қазаққа қаншалықты зиян келтіргенін әңгіме етеді. Ең қауіптісі, мансапқорлық болады. Оның мәнісі мансапқа қызығып, адамдар билікке таласады. Жеке басының мүддесін ойлайды.

Арты азапқа әкеледі.

Қазақ халқының ұлттық түсінігінде жұт сөзі өте ауыр ұғымды береді. «Мал бір жұттық» деген аталы сөзде, бұл індеттің тым ауыр соққы екенін көрсетеді.

Зерттеушілік қырынан танылған жазушы Шілтерханов көркем прозадағы шеберлігін, «Жұбайлар» (1982) әңгімесінде танытты.

Осы ғасырдың сексенінші жылдарының орта тұсында (1982) жарық көрген «Жұбайлар» әңгімесі қазақ әдебиетіндегі проза жанрын жаңа бір қырынан байытты.

Прозаның оқиғасы дәстүрлі қалыптан өзгеше. Бұл әңгіменің сюжеті жұбайлар арасындағы еркек пен әйелдің қарым – қатынасындағы бітпес даудың төңірегінде өрбиді. Қазақ жерінде қоныс тепкен Андрей деген жігіт әйелі Катямен керісіп қалады. Даудың басы Андрейдің ішкілікке салынып, Катяны қатты соққыға жығуынан басталады. Мұны көрген ерлі зайыпты Күлайша мен Тастан оқиғаға араласады. Өз пікірлерін ортаға салып сөз таластырады. Дау бүкіл адамзаттық тұрғыдан қаралады соңы еркектің жеңісімен бітеді.

Ал осында не тұр? Мұндай оқиға оқырманға таңсық емес. Жазба әдебиеттегі талай шырғармаларға мазмұн болған, кәдуілгі шығарма. Сонда мұның құндылығы неде? Тілі жағынан келер болсақ шебер ал, тақырыптың тұрғыдан келгенде, шығарманың қазіргі таңдағы ең өзекті, актуальды мәселені көтере алуында.

Қысқа – қысқа оқиғалардан тұратын шап – шағын әңгіме былай басталады. «Көктем шыққанымен, жердің тыңы тесілмеген шақ. Жауын тәуліктеп жауып жыра – жырадан құйылған судан Шаян дені арасынан асты. Көпір жоқ жұрт аржақ – бержаққа бөлініп қалды. Үшінші күні ғана тасқын сәл басылып, су төмен түсіп, бірлі - жарым жараулы аты барлар өте бастады. Әлі де қарқыны қатты ағыс аттарды еркіне жібермей, қалай болса солай ықтырып әкетеді. Жігіттер де әдіс жасап, ағысқа қиғаштау салып, төменгі жағындағы жантуаттау жерден шығып жатты. Жақындау барып қарасаңыз қара күреңденіп, даланы аққан судан денең кәдімгідей түршігеді.

Бұл – әсем пейзаж. Дала, көгілдір көктем, жуан тасқын. Оқырманның көз алдына табиғаттың әсем бейнесі жайыла қалады. Бұл жай сурет емес, жанды сурет қозғалады, қимылдайды. Тасқын тасып барады. Тулап, адамдарды әбігерге салуда.

Автор осы суретке оқушы назарын әбден аударып алады да, оған ізінше суға кетті, суға кетті- деп шуласқандардың көбі жиекпен төмен қарай жүгірді. Шешіне бастаған жігіттер де көзге ілінді деп хабарлайды.

Көрсетілген суреттер оқиғаның үрейлі құбылысын суреттейді. Яғни суға кетіп бара жатқан кім деп ойланасыз. Бұл сұраққа автор былай жауап береді. Осы кезде Андрей күрең айғырмен шаба жөнелді. Қол - аяғы ербеңдеген, томарша домалап, суға бір батып, бір шығып бара жатқан жігітті едәуір төменнен тосып, атқа өңгеріп шықты.

Осылай ерлік жасап, бір адамды өлімнен алып қалған орыс баласы Андрейге кәдімгідей ішіңіз жылап қалады. Осы жерде автор сөзге араласады. Осы оқиғадан кейін, бұрын тек аттарына қызықсам, енді Андрейдің өзіне де іштей бір жылылық тілектестік бауырмашылдық сезіммен қарайтын болдым.

Жазушының шеберлігі сондай, әңгіме басы осылай оқыс оқиғадан басталады.

Бұл сюжеттің басталуы (әкспозияция) автор қаһармандар қарым – қатынасқа көшпес бұрынғы хал – жағдайды, мезгіл – мекенді оқиға орнын, қақтығыстар алаңын осындай көріністер арқылы, суреттеп, оқырман назарын сюжеттік байланысқа - шығарманың ұлы арқауындағы негізгі тартыстың туу себебіне аударады. Негізгі оқиғаның басталуына көшпес бұрын автор әңгіменің басты кейіпкерлері Андрей портретін жасайды.

Әдетте қаламгер портрет жасауда түрлі тәсілдер қолданады. Бірде, жазушы қаһарманның портретін кең түрде бір жерде тоқтап суреттейді. Кейде, жазушы кейіпкер портретін қаһарманның амалын, басында болған күйініш - сүйінішін жазып отырып біртіндеп, портреттің әр бөлшегін әр жерде көрсету әдісімен жасайды.

Шебер, суреткер портрет жасаудың дәстүрлі түрін пайдаланып, әңгіменің басты кейіпкері Андрей бейнесін былай жасайды. «Андрей қазақ жерін мекендейтін орыс баласы. Өзі момын, өз еркімен ешкімге соқтықпайтын, бауырмал, қолынан іс келетін өнерлі адам. Пеш сағатын, пеш жөндейтін өнері бар. Ауыл қарттары оны осы өнері үшін тәуір көреді. Андрей өз жұмысына ақы сұрамайды. Кейде бір ауқатты отбасыға кезікпесе бергендерін ала бермейді. Осы үзінділерден Андрейдің қандай адам екені, оны автор қай жағынан алып көрсетпек екені мәлім. Яғни Андрей қарапайым еңбек адамның әдемі көрінісі.

«Өзі ішкілікке мейлінше осал. Азғана ішкеннің өзіне буындары босап, жаңа аяқтанған ботадай, тірсек-тірсегіне соғылып, үйіне тәлтіректеп басып бара жатады. Ондайда жұрт Е - Андрей тағы біреудің ошағын жөндеген ғой, - дейді. Осы үзінділер арқылы автор кейіпкерінің мінезінің нашар тұсын ашады. Оның өзін тартымды етіп суреттеу арқылы, оқырманын қызықтыра біледі.

Сол Андрейіміз бір күні қатты мас болып қалады. Үйге жүр деген әйелі Катяны соққыға жығады. Оны таспен ұрып, ел – жұрттың алдында масқаралайды. Бірақ, сонша қорлық көрсеткеніне қарамастан Катя, күйеуінің бауырына тығылып, оның үйге қайтуын өтінеді. Осылай үйіне алып қайтады. Бұл көрініс ауыл адамдарын таң қалдырады. Әсіресе ерлі – зайыпты Тастан мен Күлайша бұл оқиғаға ерекше назар аударады. Әңгімедегі Күлайша мен Тастан образы осы оқиға кезінде ашылады. Бұл ретте автор кейіпкерлерінің бейнесін, сипаттау арқылы суреттейді.

«Көбінесе газет қызметкері Тастан, оның мұғалім әйелі - тіл маманы Күлайша үшеуіміз бірге жүреміз. Екеуіде көп оқитын, кітап құмар жандар. Қашан да олардан тың жаңалық жақсы әңгіме естимін».

Жоғарыда келтірілген үзінділерден Күлайша мен Тастанның көп оқыған, көзі ашық көкірегі ояу саналы азаматтар екендігін байқауға болады. Автор осы кейіпкерлерін бүкіл еркекпен әйел қауымының атынан сөз таластырып дауға салады. Екі кейіпкерде өз ойларын қоғамның ең өзекті мәселелері төңірегінде өрбітеді. Алғаш болып, пікір айтқан Күлайша; «Түһ мынаның намысының жоғы – ай, әйел десе бәрімізге тиеді. Осынша көптің алдында өзін итше қорлаған айуанның қойнына тығылып бара жатқанын қарашы» – деп жиіркене тыжырайған әйеліне. Тастан: «неге олай дейсің мына көптің ішінде әйелі ерімен жағаласа кетсе, не болар еді. Тіпті ұрыспай - ақ қойсын бұрылмай кетіп қалса да араларындағы сыйластық жібі үзілер еді.»

Жазушы осылай кейіпкерлерін сайысқа түсіру арқылы қоғамдағы әйел мен еркектің орны, олардың қарым – қатынасы жөнінде өз ойын білдіреді. Автор өзінің ойын жәй қарапайым сөздерімен емес, фрозологизмдерді пайдалану арқылы шебер жеткізеді. Әңгімедегі оқиғаның шиеленісе де осы тұста көрінеді.

Осы үзініде жазушы жұбайларға кешірімшіл болуды үлгі етеді. Бұрын кешіргенге құдайдың нұры жауады, кекшіл болмаңдар кешірімдіге пейіштің есігі ашық тұрады деп тәрбиелік мәні бар нақыл сөз айтады.

Сендер ол әйелдің қылығын кешірімділік кешірмандық деп ойлайсыңдар. Алайда бұл олай емес, намыссыздық. Өз абыройыңды өзің қорғай алмаушылық . Күлайшаның ойынша өзін жәбірлегенді кешірмеу керек, тіпті күйеуі болса да. Егер олай жасасаң сені басынып қорлайды. Күлайшаның ойын өмірмен сабақтастырсақ , исламдық тәрбиемен ұштаспайды. Мұсылман отбасында ері әйелінен жоғары тұрады. Кішіпейілдікті бірінші әйел жасауы тиіс.

Автор Күлайшаның ойы , қазіргі қазақ әйелінің ойы. Бұл жай әйел емес. Көзі ашық көкірегі ояу әйел. Сондықтан оны таяқ пен бағындыруға болмайды. Оны ақылмен бағындыру керек деген тұжырым жасайды. Күлайша сөзінен жаңылмай пікірін нақтылай түседі.

«Менің білетінім өткенге сүйеніп өмір сүру – есуастық. Бір – біріне бұрын қандай қадірменді болғанмен сыйластықтары кеміп, махаббаттары тотығып, алдынан сәулелі ештеңе көре алмаса да, ондай жұбайластықта қандай мағына бар. Ол жұбаныш үнемі қуанышқа айнала бермейді. Әйелдер қауымы құлдық пен күңдіктен әлдеқашан құтылды десек те олардың ішкі сезімі жан дүниесі әлі матаулы. Біреулер күн көрісіне, біреулер бала- шағасына алданып араларында дәнекерлік қалмаса да бірге тұра береді. Өздерін өзі алдайды, мұның несі жақсы. Бұл әдеттің қалыптасып кеткені сонша, ажырасу қылмыстай көрінеді». [19,341]

Күлайшаның ойынша жұбайласу ол адамдардың бостандығы мен еркінен түгелдей айыратын зардапты құбылыс емес. Ең алдымен соны түсіну керек. Оның пайымдауынша Андрей мен әйелінің қайта табысуы нақ қазір араларында кіршіксіз махаббат сақталғандықтан емес біржола ажырасып кетуден қорыққандық. Бұлай ит пен мысықтай ырылдасып күн кешкен жұбайлықты ол құптамайды. Ол Андрейдің қылығын қателік емес қатыгездік деп ұғады. Қатыгездікті кешіруге болмайды дейді. Ал бұған қарсы шыққан Тастан оның бұл сөздерінің қате екендігін айтады. «Баламнан келінім зерек болсын дегенді атам қазақ бекер айтпағандығын ескертеді. Тек отбасының татулығын емес, жекжат ауыл аймақтың татулығы да әйелден екендігін түйреп айтады.

Үйіді жайнататын да -әйел,

Сорыңды қайнататын да -әйел.

Жоғыңды бар қылатын да - әйел,

Барыңа зар қылатын да - әйел. [19,343]

Жақсы әйелде - қыздың ибасы, еркектің қайраты бар, әйелі нашар отбасының берекесі де болмайтындығын жазушы осылай түйіндейді. Осылай айтысқа түскен ерлі -зайыпты бір мәмілеге келіп бір - бірін кішіпейілділікпен түсініп әзілдесіп үйіне тарқайды.

Шығарма диологқа құрылғандықтан, тартыс байқалмайды. Шығарма тақырыбының өзектілігі кейіпкерлер диалогы арқылы ашылады. Жазушы бұл әңгімесінде оқырманына ғибратқа толы өнеге көрсетеді. Өсиет айтады. Катяның кішіпейілдігін үлгі етеді. Егер қазақ қыздары осылай ерінің ісіне түсіністікпен қарап, кішіпейілділік танытса онда өмірімізде орын алған басты індет ажырасудан арылған болар едік дейді.

Жазушы бұл ойын кейіпкерлері Тастан, Күлайшалардың ауызына, жан сарайындағы ең мағыналы ең әдемі деген сөздерін салу арқылы ұтымды шебер жеткізеді.

Бұл әңгімеде де автордың қарапайым тілі көрініс береді. Әңгімені әсерлі жеткізу үшін автор фразеологизмдерді, бейнелі сөздерді тиімді пайдаланады. Сол сияқты автор теңеуді жиі қолданған. Мысалы, жараған бурадай ашу - ызадан жаралғалы тұр.

Сол сияқты антоним (жұбаныш – қуаныш) сөздердің өнін айналдырып қолданады. Салыстырулар арқылы айтамын деген ойын кеңінен сыйпаттап жеткізеді.

Былай қарағанда қарапайым болып көрінетін бұл әңгіменің жастарға берер тәрбиелік мәні ерекше.


Жазушының келесі әңгімесі 1995 жылы «Қайран Шәмші» деген атпен жарық көрді. «Вальстің каролі» атанған Шәмшіні білмейтін, әнін тыңдамайтын, жүрегі езіліп көзіне жас алмайтын пенде кемде - кем шығар. Адам жүрегін музыкамен тебіренткен Шәмшінің әні де өзі де халық жүрегінде мәңгі сақталмақ.
Иә... Осындай құрметке ие болған сағыншпен еске алатын Шәмші

ағамыз кезінде қалай өмір сүрді? Адами болмысы парасаттылығы қандай еді.

Өзіне лайық деңгейде құрметке ие бола алды ма. Ән әлеміндегі орны қандай еді? Міне осы сияқты алуан түрлі сұрақтар жүрегі ән деп Шәмшінің әні деп соғатын иісі қазақ баласын толғандырмай қоймас. Осы тұрғыдан келгенде бұл әңгіменің құндылығы келешек ұрпақ үшін оның мәдениеті, әдебиеті үшін маңызды құнды мәліметтерді тарих қойнауына енгізуінде еді. Әңгіме аса үлкен көлемді шығарма емес. Керісінше қысқа әсерлі, құнды деректерге толы туынды. Әңгіме сюжетіндегі оқиға былай өрбейді «Қазақтың ән әлеміне Шәмші өз жолы, өз бағыты, өз өрнегімен келді. Өзінен бұрын біз оның әндерімен таныстық. Заманымыздың заңғары Мұхтар Әуезовтың аузынан Шәмші туындыларының болашағы жайлы жылы лебіз естідім. Ол кезде той - томалақта жолаушы таситын көлік үсті, бәрін де әйтеуір бас қосылған жерде Шәмші әндері шырқалатын [ 19: 327]. Осы жолдардағы әрбір сөз Шәмші әндерінің құдіреттілігін мойындатқан секілді. Ары қарай өз желісін тапқан әңгімеден мынадай жолдарды қездестіруге болады.

«Ол әндерден Сырдың сылаңдап аққан сұлулығын, Атыраудың толқынын, Мойынқұмның аптап ыстығын, Арқаның шексіз жазығындағы Ақселеу ырғалысын, қазақтың қаракөз қыздарының жүрек лүпілін хас сұлудың ойнақы мінезі мен жан тазалығын, асыл анаға деген шексіз құрметті адалдық мейірбандықты сезінетінбіз. Қазақтың құлағына мың жылдап сінген дала табиғатының сырына, әсіресе өзі туып өскен Қаратау мен Сыр бойының сиқырлы әуездерінен зерделеп нәзік те әсем ырғақтар өрбітті.». [ 19: 328].

Бұл келтірілген үзінділерден Шәмші өлеңдері энциклапедиялық карта сияқты, қазақтың бүкіл жерін шарлағанына, бүкіл адамзат жүрегін жаулап сезімдеріне бойлағанына куә боласыз. Ішкі толғанысты осындай маналогпен жеткізген жазушы әңгіменің оқиға желісін әрі қарай былай өрбітеді.

Ойламаған жерден түс ауасы кезінде Шәмші екі досымен кіріп келді, шай үстінде ауыл адамдары мен жүздескісі келетінін айтты. Әншінің өз қалауымен жүздесудің табиғат аясында өткендігі, ауыл адамдарының кездесуге жапырылысып жиылуы келген қонақтардың үсемелетіп сұрақ қоюы, барлығы да кереметтей суреттелген. Әңгімеде бас аяғы үш төрт кейіпкер бар. Олар Шәмші оның достары Әби ақсақал, қалың көпшілік қауым. Әңгімеде кейіпкерлердің образдары олардың мінездері оқиғаның өрбуіне қарай ашылып отырады. Мысалы: Әңгіменің басты кейіпкері Шәмші халық композиторы, әншісі, тұнып тұрған талант шығармада кішіпейіл, қарапайым, парасатты адам болып суреттеледі. Әңгімеден Шәмші бойындағы ұлы қасиеттердің куәсі боласыз. Әңгімеден «Талант қарапайымдылыққа дариды екен» деген ойға қаласыз. Автордың айтқысы келгені де осы болса керек. Шәмші Әдіһам ағаның үйіне келіп халықпен кездестіруін өтінеді. Сонда Әдекең: «Сіз құрметті азаматсыз ғой кездесуді арнайы дайындықпен аудан орталығында өткізу керек шығар. Мүмкін мәдениет орталығында қалай қарайсыз» деп сұрақ қояды. Сонда Шәмші «Маған табиғат аясында халықпен, емін - еркін сөйлесіп жүздесуден артық құрмет жоқ» деп аса қарапайымдылық танытады. Бұдан соң Шәмші ағамыз суырылып ішіндегі шерін, мұңын халқымен бөліседі. Соңғы жылдарда басынан өткен қиындықтарын, жекелеген лауазымды адамдардан көрген зорлық - зомбылықтарын, тіпті әділеттіліктен түңілгендей кездерінде ішіп кеткендігін де айтып салады. Автор осы жерде пәктік пен шаттыққа тұнған жан дүнииесін, соншама неге жаралады деген актуальды сұрақ қояды. Сөйтіп оған жауап іздеуге барлық адамдарды шақырады әңгімеде кейіпкерді жан - жақты сомдау үшін оның мінезін ашу мақсатында аңыз оқиғаны мысал етеді. Ол әңгімесін былай бастайды: «Менің есіме: Моцарт пен Сальери жайындағы аңыз түсті. Италияның даңқты композиторы Антонио Сальери Венада болған кезінде Амедей Моцарттың саз саласындағы шыққан биігін, күн санап артып бара жатқан атақ абыройы мен даңқын күндеп, іштарлықпен у беріп өлтіреді. Моцарт бар болғаны 35 жасында дүниеден өтеді. Содан бері екі жүз жылдай уақыт өтті. Оның шыққан биігі жоғарыламаса төмендеген жоқ. Дүние жүзіндегі ең атақты композиторлардың санатында. Бұдан былайда солай болып қала бермек. Ал Моцартты өлтіргенімен Сальери ұлы композиторлар тобына қосыла алмады. Тарихта іші тар қас күнем ретінде танылды.».

Жазушы Шәмшінің дарынына көлденең шыққандар да, аяғынан

шалушылар да Сальеридің кебін киеді деген қорытындыға келеді.

Шынында да талантты қолмен жасауға болмайды. Ол алланың берген кұнды сыйы. Сондықтан оны күндеп жоюға болмайды. Қастандықпен адамның өзін өлтіре алғанмен оның өнерін өлтіре алмайсың. Күндердің - күнінде ол өзінің әділ бағасын алады. Шәмші тағдырыда осы сөздеріміздің иесіндей еді.

Әңгіменің оқиға желісіндегі соңғы құбылыс ауылдың құрметті ақсақалы Бексұлтанұлы Әбидің сұранысынан көрінеді. Ол күнде келе бермейтін Шәмшіге қолқа салып жүрек жарды ұсынысын айтады. «Сен осы қайда барсаңда ән шығарасың Қызылордаға барсаң да, Мойынқұм Тамдыға барсаң да ән шығарасың. Ал неге осы өзіңнің туған жеріңе ән жазбайсың» деп тығырыққа тірейді. Бірақ оған Шәмші де іркілмей жауап береді. «Мен қазақтың қай жеріне барсам да жаттық көрген жоқпын. Оның бәрі де өз отаным, өз елім, өз бауырларым. Оларға ықыласыммен ән арнайтыным сондықтан» деп жауап береді.

Бұл сөздерінен Шәмшінің барлық адамзатқа деген сүйіспеншілігін көруге болады. Шәмші ақсақалдың тілегіне Шәуілдірдің орны маған тым бөлек. Бұл жаққа да арнаған әнім бар, уақытысы келгенде тыңдарсыздар. Араға уақыт салып шалқыған Шәуілдір әні жарық көреді. Жазушы өзінің соңғы «Болашақта заманның төрінен орын алған адам кезінде сол заманның есігінде жүрген деген даналық сөзбен қорытады. Автор бұл шығармасында кейіпкерлерін монолог түрінде сөйлетеді. Сол арқылы әңгімеге жанды сурет береді.



1980 жылы жазылған парыз әңгімесі. Әңгіме аты тақырыпқа сай таңдалған. Әңгімеде қазақ халқының ұлттық болмысын аңғартатын көріністерін көруге болады. «Қазақ дәстүрінде қазақтың ұлттық ұғымында парыз сөзінің мәні терең. Синонимдес ұғымдармен салыстыра қарайтын болсақ, парыз сөзінің борыш, қарыз, міндет деген сияқты нұсқалары бар. Сайып келгенде бәрі жиылып парызды өтеу деген мағынаны береді. Қазақтың халықтық ұғымында борыш ата аулының түр - түрін кездеструге болады. Мәселен, Отан алдындағы борыш, ана алдындағы борыш. Жүрегі қазақ деп соғатын ұлттың әрбір азаматы отанды қорғау оны сүюді басты борышым деп білген. Оны қасық қаны қалғанша қорғап көзінің қарашығындай етіп сақтап, келешек ұрпаққа аманаттауды басты міндетім деп санаған. Сондықтан да болар ұлт басына қара бұлт төнген қысылтаяң шақта отаным деп отқа күйген халық азаматтары аз болған жоқ.

Қазір біз қарастырғалы отырған жазушының келесі әңгімесі тап осы тақырыпқа арналған. Оның басты кейіпкері Пазыл Әміров ұлы отан соғысында майданда дәрігер қызметін атқарған. Жасы отыздар шамасында, маңдайы жазықтау, жылы жүзді, мығым денелі жігіт ағасы. Сырт бейнесі осылай суреттелген жігіттің ішкі жан дүниесі де сондай көркем. Түсі игіден түңілме дегендей көзінде мейірім бар. Оның көзінен зұлымдықтың, айлакерліктің нышаны мүлде байқалмайды. Әңгіменің басты кейіпкерін жазушы осылай сыртқы болмысы мен ішкі жан дүниесін астастыра бейнелейді. Бірақ осы кейіпкерді әңгіменің басында қылмыскер ма деп ойлап қаласыз. Өйткені оның үстінен жоғары сотқа арыз түседі. Арыздың мазмұнына қарағанда Әміровтың шектен тыс жинаған ақшасы бар. Оның адал жолмен келгеніне күман келтірген біреулер сыртынан арыз жазыпты. Сол арыз бойынша оның сотталуы тиіс. Шығарманың тағы бір кейіпкері лейтенант палковниктің қолына арыз түседі. Палковник жасы алпыстар шамасындағы үлкен кісі. Көпті көрген, көпнәрсеге ұқыптылықпен қарайтын, өз жұмысына жауапкершілігі жоғары азамат. Бұл кісі арызды қолына алған соң ондағы мәліметтердің шын екеніне күмән келтіреді, сөйтіп арыз түскен адаммен өзі сөйлескісі келетіндігін айтады. Кабинетінде Әміровпен сұхбаттасып, түрлі сұрақтар қояды. Өмір баянын өз аузынан естігісі келетінін айтады. Ал көзінде от жайнаған Әміров болса оның сұрақтарына тайсалмай жауап беріп, өмір баянынан сыр шертеді. Қазақстандағы Семей қаласында туып өскендігін медициналық институтын бітіріп әскерге аттанғандығын баяндайды. Соғыста дәрігерлік қызмет атқарып, талай жігіттердің өлгенін өз көзімен көргендігін және де егер соғыс бітсе оқуын жалғастырып нағыз маман болғысы келетінін айтады.



Жазушы Әміров образы арқылы соғыс зардабын көрсетеді. Кешегі соғыс жылдарында советтік медицина оның ішінде хирургия зеңбірек оғынан да жылдам қарқынды дамыды. Адам өмірі үшін күресте болмайтынды болдырып жатты. Ағзалары құрыштай берік өмірге сүйіспеншілігі шексіз, үміт құшағындағы кілең жігіттерді емдегендіктен ажал айнасынан іс - әрекеттері басымырақ түсіп жатқандығын да айтты. Мыңдаған жауынгерлердің өміріне араша тұрғандығын, ал шамасы келмеген жағдайда солардың көбісінің нақақтан - нақақ өліп кеткендігі сөз етеді. Жағдайының ауырлығына қарамастан өмірден үміт күткен жауынгерлердің құлшынысын мына суреттер арқылы береді. «Солардың бәрі дәрігерге қаншалықты үмітпен сенді. Сол үмітті ақтай алмаған дәрігердің көңілінде тасқа басылғандай дақ, қалады екен. Мен соғыстан дүние емес жылы ұясына оралмаған көптеген азаматтың парызын арқалап қайттым. Маған тағдыр үш өмір берседе сол қарыздан құтыла алмас едім». [19:315]

Жазушы кейіпкерінің осы сөздері арқылы өмірде адам өмірінен асқан қымбат нәрсе жоқ. Әрбір адам табиғаттың қайталанбас сыйы. Бір кісінің өмірін ұзарту үшін он жыл қызмет істесе де аздық қылмайды.

Палковник Әміровтің сөздерін мұқят тыңдап одан банкет жасау үшін сонша қаржыны қайдан алдың деп сұрайды. Сонда Әміров оған мен мейман күткен ақшаны жалақымнан үнемдедім. Менде туған туыс, ата - ана деген мүлдем жоқ. Туысқанымда бауырымда Отаным халқым. Соның үлгілігі үшін барлық нәрсені де жасаймын. Мен білетін қазақ халқы бір шашу үшін дүние жинайды. Бір шабу үшін ат өсіреді. Мен де солай бар жиған тергенімді шашып қуанғым келді.

1990 жылы жазылған «Құрбандық» әңгімесі қызғылықты оқиғадан тұратын, қазақтың салт дәстүрін жаңа бір қырынан танытатын туынды болып табылады. Бұл шығармада қазақ халқының кеңестік дәуірдегі ел тұрмысы басқару жүйесінің әсерінен шаруашылықта болған кемшіліктер суреттеліп^адам психологиясы жан - жақты ашылады. Мұнда әңгіме айтушы балалық кезің Отырар даласында өткізген, сол жерде туған Иван араға біраз уақыт салып-туған жеріне қайта оралады. Жолда жол серігіне бала кезіндегі бір қызық оқиға жайлы әңгіме айтады. Ол өзінің әңгімесін кезінде мені мал орнына құрбандыққа шалмақ болған деп күліп бастайды. Сонда құрбандығы қалай деп таңырқаған жол серігіне ол кезде өзімде білмеппін деп жауап береді. Кеңестік кезеңде ауыл шаруашылығына аса көңіл бөлініп халық өзінің напақасын жерден алған. Жер егу үшін ең қажет нәрсе су еді. Сол суды жеткізу ең қиын мәселелердің бірі болатын. Осындай проблема Отырар қаласында да орын алған. Арыс суын егінге жіберу өте қиын. Сол суды жіберудің адамдар түрлі тәсілдерін ойлап табады. Ең алғаш топырақтың басын байлап араларын ағашпен бекіткен. Суға үйшік, шәйлә тұрғызып қойған. Сөйтіп ағын тоқтаған кезде қарабура сала бастайды. Бұл қарабураны жасаудың өзі бір қызық. Сырты жыңғыл іші тас ұзындығы жеті - сегіз метрдей қарабураны домалатқан күйі өзенге лақтырып жібереді. Екі жақтан түскен қарабура бірте - бірте арнаны тарылтып жібереді. Ең қиыны ортасын бекіту. Қайта - қайта су ағып кете берген соң, Арысты қарабурамен бекіту де суды тоқтату да дәрменсіз болып қалады. Жігіттердің еңсесі түсіп басқа амалын ойлап таппақшы болады. Иван құрбандыққа шалу идеясы сол кезде ойларына келеді. Бұл идеяның авторы Өрбек деген ауылдағы бұзық жігіт еді. Ол өзінің сөзінде былай дейді. «Бұл жұмыстың басы қасында жүргендердің бәрі құдайды білмейтін большевиктер. Ілгері де бабалырымыз титтей арықты бекіту үшін құрбандыққа мал шалған. Біз адам шалсақ болмайма, орыстан көрмегеніміз аз беді. Орыстың баласы Иван құрбандыққа шалайық дейді.

Жазушы астарлы сөздер арқылы қоғамның әлеуметтік шындығын аша түседі. Орысқа бодан болған қазақ халқының жүрегіндегі ызасын бір ғана сөзбен жеткізеді. Осылай құрбандыққа шалынғалы тұрған Андрейді Рахым деген иманды жігіт құтқарады. Осыдан Рахым әңгіменің жағымды кейіпкері болып көрінеді. «Рахым ауылдың жігіттерінен мүлде басқа ойы түзу ақылды жігіт. Ол мейірімді, өзінің мейірімділігімен Андрейді өлімнен арашалап қалады. Бірақ бір қызығы құрбандыққа өзі шалынады. Арыстың суын бекітемін деп қарабураны сала бергенде өзі де ағып суға кетеді. Өзеннің ағысы оны сол күйі өзімен бірге алып кетеді» [19; 349].

Аянышты өлімнен аяқталған бұл әңгімеде, жазушы «Жақсының өзі өлсе де, ісі өлмейді» деген қорытындыға келеді. Рахым Иван жүрегінде қаһарман адам болып қалады. Рахым образы оқырманды ерлікке, батырлыққа, қайсарлыққа шақырады Рахым образ арқылы келешек ұрпақты отанын сүюге, адамды қадірлеуге, құрметтеуге, ерлік жасауға үндейді.

1995 жылы «Қансонарда» әңгімесі жарық көрді. Жазушы бұл әңгімесінде қазақтың ұмытылып бара жатқан аң аулау дәстүрін дәріптейді. Мұндағы басты кейіпкер Бейжігіт: «Ержүрек батыр, ол ештеңеден тайсалмайтын, қайсар мінезді жігіт». Ол соғыста Бауыржан Момышұлымен бір сапта жүрген. Сондықтан оның жүрегін қорқыныш жеңе алмайды. Ол әрқашан өзіне Баукенннің «Жігіт қиын сәтте сыналады» деген сөзінен күш алады. Мұнда аң аулаудың өзі үлкен бір кәсіби біліктілікті қажет етеді. Аңшылардың бәрі қолданылатын екі түрлі тәсілі бар. Бірі ат жарамды болса, ә дегеннен бастырмалата қатты қуу. Жорытқанға бәрі оңайшылықпен шаршай қоймайды. Ал алқына қатты қашқанда тым ұзай алмайды. Екіншісі жаймен қуу. Ондай да аңшы бөрінің бір жағын ала қабаттасып отырады да аттыға
үнемі қарайлай қашқан бөрінің мойны қарысады. Сол кезде аңшы оның
екінші жағына шығып жеткен бойда тұмсықтан ұрады. Осы кәсіпті жақсы
меңгерген Бейжігіттің қолынан аң қашып құтыла алмайды. Міндетті түрде соның қолына түседі. Сондай бір аң аулау кезінде қызық оқиға болады.
Бейжігіт ат үстінде бәрімен айқасады. Бейжігіттің бір қолы жоқ. Соған
қарамастан ол сау қолымен бәрінің құлақ шекеден шеңгелдеп ұстап, басын
қарға сүңгітіп, салмағын сала тізесімен үзіп жібереді. Сүйектердің күтірлей
сынғаны естіледі. Солай бәрін Бейжігіт ашық айқаста жеңеді. Мұны алыстан бақылаған ауыл ақсақалы, жігіттің ерлігіне сүйсініп оған ризашылығын білдіреді. Оның қолының жоқтығын көріп, соғыс есіне түседі. Балам қолың соғыстан ба? деп оған жанашырлықпен қарайды. Көз алдына әскерден оралмаған баласы келеді. Ол кезінде баласының қол - аяғы жоқ болса да елге оралуын тілеген еді. Бейжігіттің әйтеуір аман есен үйіне келгеніне шынымен қуанды. Бір қолының жоқтығына қарамастан қасқырды ерлікпен жеңген жігітке сүйсініп батасын береді. Бөріні олжалаған Бейжігіт ата жолын сақтап қасқырды қартқа сыйлайды. Біз қартын сыйлап өскен халықпыз, қарсылық білдірмей алуыңызды өтінемін дейді. Қарт жігіттің жомарттығына сүйсініп ата жолын сақтаған азамат екенсің, баламды көргендей болдым деп шексіз алғысын білдіреді.

Жазушы Бейжігіт образ арқылы қазақ халқының ата сыйлаған ұлы халық екендігін көрсетеді. «Үлкенге-құрмет, кішіге-ізет» көрсеткен халықтың болашағы жарқын деген ой тастайды. Бұл әңгімесінде қазақтың ұмытылып бара жатқан аңшылық кәсібін дәріптейді.




Қажымұқанның тойы 1989 ж.

Оқырманның көз алдына күш атасы палуан - Қажымұқан Мұңайтпасов келеді. Оның адами болмысы, ішкі жан - дүниесінің сұлулығы, ақылы, парасаттылығы, таң қалдырады. Оның өзімен бірге кеткен асқақ арманы да елең еткізбей қоймайды. Бұл ретте әңгіменің халық игілігі үшін аса құнды мәліметтерге толы екендігін айтып өтпесе болмайды.

Әңгіме, Бастау. Ой түйіні. Келісім. Той. деп аталатын қысқа -қысқа бөлімдерден тұрады.

Әңгіме табиғат суретімен астастыра берілген таныстырудан басталады. «Шәуілдірден Шымкентке қарай асфальт жолдың оң жағындағы Бұзықтөбе мен Ақтөбенің арасы қалың тал. Сары далада жасыл нуға бөленген бұл ерекше жер «Темір» совхозының «Ақтөбе» бөлімшесі. Тұсынан өткенде ойына Қажымұқан түседі. Осындай суреттеулерден кейін әңгіме арнасын мүлде басқа жаққа бұрады да Қажымұқан аталарының осында тұрған деп оқушысына мәлімет береді. Сөйтеді де, онда неге Темірланға жерленген деген әлеуметтік сұрақты кейіпкері арқылы барша адамзатқа қояды да жауапты оқырманмен бірге іздейді.

«Қажекеңнің Темірланға көшуі оқта текте сөз болып қалатыны да оның себебін әркім әртүрлі жорамалдайтын біреулер Қажекеңнің шешесі Дулаттың қызы - нағашы жұртына барды десек енді біреулер Арыс бойы- қыпшақтардың ежелгі мекені бабалар жұртына оралды дейді. Ал енді көзі ашықтау азаматтар Темірландағы аудандық партия комитетінің орынбасары Шораев мырза шақыртып алды» дейді. [19,350]

Осы үзінділерден Қажымұқанның Темірланға жерленуінің сыры шешіле түседі. Автор оқырмаңдардын; ойға сала отырып, әңгімені одан ары қарай жалғастырады. Әңгіме кейіпкерлерімен таныстырады.

«Қажекеңнің бір балдызы бар еді аты Алтын - келбетті сөзі қалжыңы да мықты, мінезі ашық ақжарқын». Осы үзінділерден Алтынның ақын жанды қыз екендігі көрініп тұрады. Автор адам портретін жасауда асыра сілтеушілікке

салынбайды. Қайта қарапайым суреттеулер арқылы әдемі көркем образ жасап, окушысын үйіріп әкетеді. Автор басты кейіпкерінің бейнесін әртүрлі сетуацияға салу арқылы ашып отырады. Қажекеңнің әсершіл ақындық өнеріне құштар болмысы Алтынмен айтысында көрінеді. Ал оның қайсарлығына, батырлығына мына оқиғадан кейін куә боласыз.

«Базардан атасы келген баладай жапырылысып жатқан қонақтар ішінде прокурорда болды, ол менменсіп палуанға амандаспады. Бұған бей - жай қарай алмаған палуан машинаны артынан тартып жүргізбей қойды сасқалақтаған прокурор мырза палуанға қылпақтап қайтадан амандасады».

Осылай палуан түлкіні арыстандай айбатымен бағындырады. Осы оқиға тұсында автор жансыз басшының типтік образын жасайды.

«Менмен жігіт енді Қажекенді көрмегендей қырын қарап жүре берді. Іштей оның шыртыйған мінезіне көзін жартылай жұмып қойған айғыршақ кісілігіне ызаланды. Жалған басшының екіжүзді қылығы ызаландырмай қоймады». [19,353]

Қарапайым суреттеулер арқылы нақты адамның характерін жасайды. Жанды суретпен жирендіреді, сүйсіндіреді. Жазушының портрет жасаудағы шеберлігі де, осында.

Кейіпкерді түрлі жағдайға сала отырып, автор оның ішкі жан дүниесіне саяхат жасайды. «Мені жұрт балуан дейді дүниеде теңцесі жоқ күшті дейді, осы күштіліктің құны маған шамалы көрінеді. Өмір бақи ақындықты армандап, сөз құдіретіне табынып өстім. Кеше Абай тойында болдым Абай ақындығы барлығын таң қалдырады. Абайдың әрбір сөзі нақылы кәрінің де жастың да аузында. Ал күрескендер туралы: мынау Қажымұқанның тәсілі ғой дегенді естей алмадым. Мүмкін бүл шәкірттер алдындағы парызымның өтелмегені шығар. Менімше сөз құдіретіне табынған дұрыс секілді. Егер көз жұмсам Нұралының қасында жатқым бар» деп сөзін аяқтайды. Автор кейіпкерінің ішкі монологы арқылы қоғамға ауыр жүк тастайды. Күш атасы Қажымұқан атамыздың атынан мектеп ашуды келешек ұрпаққа аманат етеді. Әңгіменің соңы «Той» деп аталатын бөлімінде Қажекең той жасап тойда қазақтың ұлттық ойындары ойналады, көкпар, бәйге болады күрес жүргізіледі. Автор халқымыздың ұлттық ойындарын насихаттауды оны қайта жаңғыртуды ғасыр еншісіне табыстайды.

Қорытынды

Адамзаттың рухани байлығы көркем өнер сыйқырлы сырымен мүсінімен ғасырлар бойы шамшырақтай жарқырап адамгершіліктің рухын сеуіп адалдық үшін күресіп келеді. «Өнер мақсаты - өмірдің көлеңкесі емес, сиқыры мен сыры» - дейді француз халқының ұ л ы жазушысы Бальзак.

Шынайы өнер - шексіз рухани көркемдік әлем, ақыл ойдың от көрігі. Ұрпақтан - ұрпаққа мұра болып келе жатқан шын асылдан замананың бет шарпыған аптабы, болмыстың келбеті, асқар ойдың иірімі, өмір - ғұмырдың дүбірі көрінеді.

Қазақ даласы қашаннан талантқа бай. Сондай таланттарымыздың бірі Ә. Шілтерханов өзінің бай туындыларымен әдебиетті жаңа бір белеске көтерді. Жазушының әдеби мұрасы - зерттеу еңбектерінен, прозалық шығармаларынан, аталы сөздерден тұрады. Соның ішінде зерттеу жұмысының негізгі нысаны етіп алынған әңгімелер тізімі төмендегідей.

«Жұт туралы аңыз», «Қансонара», «Құрбандық», «Қажымұқанның тойы», «Парыз», «Жұбайлар», «Қайран Шәмші».

Аталмыш әңгімелер тақырыптық - идеялық жағынан бірін - бірі толықтыра түседі. Жазушы әңгімелеріндегі негізгі оқиғаны өмірдің өзінен алады да оны суреткерлік шеберлікпен жан бітіре суреттейді.

Әңгімелерінің тілі қарапайым халыққа түсінікті. Айтайын деген ойын нақты дәл жеткізе алған фразеологизмдерді нақыл сөздерді ұтымды пайдаланған. Әңгімедегі оқиға желісін әсерлі, бейнелі етіп жеткізуде көркемдегіш құралдарды, соның ішінде теңеу эпитетерді жиі әрі тиімді пайдаланған.

Шығармашылық жолын зерттеу еңбектерінен бастаған жазушының осы бір қыры әңгімелерінде де көрініп отырады. Яғни әңгімелерінің кейбір тұсын толықтыру мақсатында зерттеу еңбектерінің материалдарын пайдаланған.

Халықтың өткен өміріне оның ұлттық құндылықтарына әдеп -ғұрып салтына аса құрметпен ілтипатпен қарайтын данагөй жазушы әңгімелерінде қазақ халқының дәстүрінен мәліметтер бере білген.

Қорыта айтқанда жазушы қазақ әдебиетін, соның ішінде проза жанрын деректерімен байытты. Халық өмірінде орын алған дәстүріміздің маңызын жан - жақты ашып, талдап суреттей білді. Шығармашылығында салт - дәстүріміздің жағымды көріністерін көрсету арқылы оқырманын қызықтыра білді.

«Күш атасы - Қажымұқан», «Ән патшасы - Шәмші» ағаларымыздың тәрбиелік мәні терең өнегелі істерін дәріптеп ұлт жанашырларын ұлықтауды үлгі еті.

Әдебиеттің түрлі жанрларына қалам тартқан жазушы шығармалары қай дәуірде де сұранысын жоймайтынына кәміл сенеміз.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі


  1. Қазақ нақыл сөздері. Алматы. 1964 ж.

  2. С. Қирабаев Кеңес дәуір әдебиеті 1998 ж. 8-10 бет

  3. Халық ауыз әдебиеті. Алматы 1979 ж.

  4. Евразия газеті. Б. Нарымбетова. Құмға ғашық қария 2005 ж. 5-6 бет

  5. Оңтүстік Қазақстан газеті. 2006. 7-8 бет

  6. Егемен Қазақстан газеті. 2006. М. Байғұт. Артыңда малда қалсын, талда қалсын. 2-4 бет.

  7. Ордабасы оттары газеті. 2003 ж. Өмірзақ Ақжігіт. 5-6 бет

  8. Н. Муталиев. Парасат патшалығы Оңтүстік. Қазақстан газеті. 7-8 бет

9. С.Б. Сахабат. Қылаусыз сезім мейіріммен. Еуразиялық газеті. 10-12 бет.
10. Шілтерханов ІІ том шығармалары. Алматы 2006. 255-259 бет.

11. М. Әуезов Өскен-Өркен. Алматы 1967 ж.

12. Ә. Диваев. Тарту. Алматы 1992 ж. 250-255 бет.

13. С. Ақатаев. Күн мен көлеңке. Алматы. 1990. 120-140 бет.

14. Ә. Шілтерханов. IІІ - том шығармалары. Шымкент 2001. 67-69 бет.

15. З. Қабдолов. Сөз өнері. Алматы 1991. 45-50 бет.

16. С. Мүқанов. Халық мұрасы. Алматы 1974. 23-25 бет

17. Қазақ ұлттық энциклопедиялық сөздігі. 2000. 275-290 бет.

18. Ә. Шілтерханов шығармалары. I - том. Шымкент 2000. 150-155 бет. 340-360 бет.

19. А. Байтүрсынов Әдебиет танытқыш. Алматы 2003. 5-6 бет.

20. Ш. Уәлиханов Шығыстанушы Алматы 1985. 2931 бет

21. Ғ. Мүсірепов. Әңгіме, повестер. Алматы 1992. 65-67 бет.

22. С. Мақпырүлы Әдебиеттануға кіріспе. 3-5 бет.

23. Р. Сыздықова. Сөздер сөйлейді. 1996. 57-59 бет.

24. М. Әуезов. Абай жолы. 360-369 бет.

25.Қазақ романдарындағы әтнография көрінісі автореферат. 3-5 бет.

26.Қазақ әдебиетінің II - томдығы. Алматы 1966. 120-125 бет.

27. Қ. Ергөбек. Ағыстар мен ағыстар. Шымкент 2003. 250-255 бет.

28. Ж. Дәдебаев. Көркем прозаны талдау. Алматы 1965. 65-69 бет.

29. Ә. Оспанова. Қаратау түлектері.



30. Б. Майлин. Әңгімелері. Алматы






Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет