Орта ғасырдағы қалалық мәдениет. Қазақстан жерінде ежелден отырықшылық тарихи-мәдени ірі аймақтар, ал ортағасырдың ортасында қалалық мәдениет дамыды. Олардың бірі Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу еді. Оңтүстік Қазақстанда Исфиджаб (Сайрам), Газгирд, Шараб, Будухкет, Отырар, Шавгар және Сауран тәрізді ірі қалалар бой көтерді. Исфиджаб сауда жолы өтетін орталық болды, мұнда көптеген тауарлар өндірілді, бұл жерден маталар, қару-жарақтар, мыс пен темір тасылды. "Исфиджаб, – деп жазды ортағасырлық авторлардың бірі, – Түркістан шекарасындағы Мауераннахрдың үлкен де, ірі қалаларының бірі. Ол Азия елдерінің өркендеген және керемет қалаларының бірі, жері құнарлы, ағаштары көп, суы мол және ғажайып бақтары бар".
Талас алқабында ірі қала Тараз пайда болды. Ол VI ғасырдың өзінде-ақ белгілі болды. Тап осында Түрік қағаны Иштеми 568 жылы Земарх бастаған Византия императоры Юстиниан II-нің дипломатиялық елшілігін қабылдады. Шежірешілер Таразды саудагерлер қаласы деп атаған. Ол түргештердің, сосын қарлұқтар мен қарахандардың астанасы болды. ХІ ғ. бірінші ширегінде ақша айналымының қалыптаса бастауына сай Қазақстандық екі теңге сарайы – Тараз және Испиджаб қалаларында болды. Қалалардағы ішкі сауда айналымында мыс (қола) теңгелер жүрсе, ал күміс теңге қалааралық ірі товар айналымын қамтамасыз етіп, қаржы жинаудың құралы қызметін атқарды. ХІ ғасырдың 70-жылдарынан кейін күміс құю тоқтатылып, айналымда оның орнына алтын қолданылды. Талас, Асса өзендерінің бойында Тараз маңында Төменгі Барысхан, Жамукат, Жекіл, Бектөбе, Дех-Нуджикес, Адахкет, Текабкет, Шельджи, Жувикат және т.б. қалалар мен мекендер созылып жатты. Талас алқабынан Шуға дейінгі жолда Ақыртас, Құл-Шуб, Жұл-Шуб, Құлан, Мерке, Аспара, Нүзкет тәрізді қалалар орын тепкен.Тек VI-XIII ғасырларда Шу алқабында соғдылар, сириялықтар, түріктер, парсылар мекендеген ірілі-ұсақты 25 қала болған. Бұл Харанжуан, Жұл, Навакет, Бунджикет, Құрмырау, Суяб, Баласағұн, Жоғарғы Барысхан қалашықтары. Іле алқабының ірі қалаларының қатары Тальхиз (Талғар), Қойлық, Дунгене, Алмалық (Алматы), Ілебалық, КөкТума сияқты қалаларды жатқызуға болады.
VII-XIII ғғ. қала мәдениеті тек оңтүстікте және оңтүстік-шығыста ғана емес, Қазақстанның басқа өңірлерінде де дамыды. Сырдарияның төменгі ағысында Асанас, Янгикент, Сығанақ, Жент, Барлышкент және т.б. қалалар орналасқан. Орталық және Шығыс Қазақстанда, оның ішінде Торғай, Жыланшық, Кеңгір, Нұра, Жезді, Сарысу өзендерінің бойында жетпіс сегіз қаланың орны табылды. Нұра алқабында Ақсикент деп аталатын мейлінше ірі қала болған, Сарысу жағалауында Жұбаныш пен Ұлыбағыр, Торғайдың төменгі сағасында – Қаңлыкент, Қарақорым, Борсық қалалары болғаны белгілі. Ертіс өзенінің алқабында он алты қимақ қаласы кездессе, оның ішінде Хакан мен Хакан-Қимақ қалалары қағанаттың астанасы болған. Сол кезде қалалардың дамығанын сәулетті құрылыстардың болуы дәлелдейді. Тараз маңындағы Бабаджа-хатун (X-XI ғғ.), Айша-бибі (XI-XII ғғ.) кесенелері, Тараздағы Қарахан кесенесі, Сырдарияның төменгі сағасындағы Сырлытам, Орталық Қазақстанның Домбауыл кесенесі ортағасырлық сәулеттік ескерткіштерге жатады. Қазақстан қалаларының сәулеті бұрыңғы өткен заманның сәулет өнерімен тығыз байланысты. Үйлерді салуға шикі кірпіш, құм, ағаш қолданылды. Ірі ғимараттар мен бекіністердің сыртқы қабырғасы көбінесе күйдірілген сары саздан жасалған плиткалармен қапталды. Сөйтіп, орта ғасырда Қазақстан аумағында тек көшпелі өркениет ғана дамып қойған жоқ, сонымен бірге отырықшылық, егін шаруашылығы, мал шаруашылығы мен қалалық мәдениет те дамыды, олар бір-бірін толықтырып, бір-бірін байытып, бір-біріне үлгі болған.
Достарыңызбен бөлісу: |