Ноғай Ордасы. Алтын Орданың ыдырауы кезінде пайда болған мемлекеттік бірлестіктің бірі – Ноғай Ордасы. Ол ХІҮ-ХҮ ғасырларда Батыс Қазақстанның бір бөлігін алып жатты. Бұл мемлекеттің атауы Алтын Орданың беклербегі, әскерінің қолбасшысы, Жошы ханның немересі (1260-1306) Ноғай есімімен байланысты. Берке хан өлгеннен кейін Доннан Дунайға дейінгі жер Ноғайдың бақылауында болды. Оның құрамындағы рулар Каспий маңына қоныс аударып, Ноғай елі атанды.
Ноғай Ордасының негізін салушы – әмір Едіге (1395-1419). Ол 15 жылдай Алтын Орданы билеп (1396-1411), «ұлы әмір» атанған. Шыңғыс әулетінен хан сайлау Едігенің қолында болған. Ноғай Ордасы Алтын Ордадан Едігенің кезінде бөлектене бастады. Бұл процесс Едігенің ұлы Нұраддин (1426-1440) тұсында аяқталып, Ноғай Ордасы Алтын Ордадан ХҮ ғ. ортасында бөлініп, дербес мемлекет болды. Территориясы: Еділ-Жайық арасы. Астанасы – Жайық өзені сағасындағы Сарайшық қаласы болды. Халқы – маңғыт, қыпшақ, қоңырат, арғын, қарлұқ, алшын, тама және т.б. сияқты түрік тайпалары. Ноғай Ордасы этносаяси бірлестік ретінде пайда болды, оған енген тайпалар ХҮ ғ. аяғында қалыптасқан ноғай халқының негізін құрады.
Ноғай Ордасында ұлыстық басқару жүйесі қалыптасып, бір орталыққа бағынған өкімет болды. Орда билеушісі – хан. Ұлыс басында мырзалар тұрған, олар өз иеліктерінде шексіз билік жүргізіп, ұлыстың ең шұрайлы жайылымдары мен өрістерін иемденген. Ұлыстың қатардағы көшпелі малшылары мырзалармен бірге көшіп-қонып, алым-салық төлеп отыруға, соғыс жорықтарына қатысуға міндетті болған. Орданы Едіге ұрпақтары басқарды. Мұрагерлік жолмен берілетін әкімшілік, әскери, елшілік билік князьдің қолында болды. Ордада жорыққа 300 мың жауынгер шығарылды.
Ноғай Ордасының тарихы Еділ бойы мен Сібірдегі, Орта Азия мен Қазақстандағы көрші мемлекеттер тарихымен тығыз байланысты. Ноғайлар тарихы әсіресе көшпелі өзбектер мен қазақтар тарихына айрықша жақын. Ембі мен Сырдария арасында көшіп жүретін ноғайлар қазақтармен ұдайы араласып-құраласып байланысып жатқан. Басқа да көшпелі мемлекеттер сияқты Ноғай Ордасының шекарасы да сыртқы саяси жағдайға байланысты өзгеріп отырады. Ноғайлардың солтүстік-шығыстағы өріс-қоныстары Сібірге дейін созылып жатады, ал оңтүстік-шығыста олар кейде Сырдария бойында, Арал теңізі жағасында көшіп жүрген. Олардың билеушілері Уақас би маңғыт, Мұса мырза, Жаңбыршы және басқалары Әбілқайырға Сырдария бойындағы қалаларды жаулап алуға жәрдемдеседі. Кейін ноғайлар қазақ хандарымен соғысса, енді бірде татуласып, одақ құрып отырған. Ш. Уәлиханов ноғайлар мен қазақтарды «екі туысқан Орда» деп атаған. Ал Хақназар хан «қазақтар мен ноғайлар ханы» атанған.
ХҮІ ғасырда Ноғай Ордасының Орыс мемлекетімен сауда-экономикалық, саяси байланысы дамыды. ХҮІ ғ. 2-ші жартысында Ноғай Ордасы ыдырап, екіге: Үлкен Ноғайлы (Еділдің шығысы) және Кіші Ноғайлыға (Еділдің батысы) бөлінді. Осы тұста ноғайлардың көпшілігі Қазақ хандығына, соның ішінде Кіші жүз құрамына енді. Осылайша Ноғай Ордасын мекендеген тайпалар қазақ халқының қалыптасуында үлкен рөл атқарды.
Достарыңызбен бөлісу: |