«Қазақстан Республикасының Конституциясы (30.08.1995 ж.) Мемлекет саяси институт ретінде, адамның құқықтары мен бостандықтары туралы.
Қазақстан Республикасының Конституциясы – Қазақстан Республикасының ата заңы. Ағымдағы Конституция 1995 жылы 30 тамыз күні жалпыхалықтық Референдум негізінде қабылданды және 5 қыркүйек күні өз күшіне енді. Конституция 9 тараудан, 98 баптан тұрады. Конституция мемлекеттік құрылыстың құқықтық негізін қалыптастырушы құжат болып табылады. Бұл тәуелсіз Қазақстанның қабылдаған екінші конституциясы. Алдыңғы конституция 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған болатын. Бұл Конституцияның 1993 жылғы Конституциядан айырмашылығы оның мазмұнының сапасында еді. Жаңа Конституцияға алғаш рет азаматтың құқығына қатысты ғана емес, адам дүниеге келген сәттен одан ажырамас құқықтарына да қатысты нормалар енді. Ол бойынша Қазақстан Республикасының Президенті саяси жүйенің басты тұлғасы болып табылады, билік тармақтарынан жоғары тұрады. Бұл президенттік басқару жүйесіндегі мемлекетке сай келеді. Парламент туралы конституциялық бөлім өзгерістерге ұшырады. 1995 ж. желтоқсанда екі палаталы (жоғарғы палаталы – Сенат, төменгі палаталы – Мәжіліс) Парламентке сайлау өткізілді.
Қазақстан Республикасының Конституциясы ең жоғары құндылық ретінде адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп бекітті. Жалпы, адам құқығын қорғап, бостандығын ардақтау азаматтардың лайықты өмір сүріп, бай-рақатты тұрмыс кешуіне ахуал қалыптастыру– әлемдік қауымдастыққа көшін ұластырған Қазақстанның алдына қойған асыл мұраты. Адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарына қол сұғылмайды және ол адамның туған сәтінен бастап өзіне тиесілі. Ата Заңымызда адамның келесі негізгі құқықтары мен бостандықтары жарияланған: әркімнің өмір сүруге құқығы бар, әркім өзінің жеке басының бостандығына құқығы бар; заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең; ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды; адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды; әркімнің жеке өміріне, өзінің және отбасының құпиясына қол сұғылмайды, абыройы мен ар-намысының қорғалу құқығы т.б. Кез келген адам мен азамат негізгі құқықтар мен бостандықтарды пайдалана алады. Жалпы, адам құқығын қорғап, бостандығын ардақтау азаматтардың лайықты өмір сүріп, бай-рақатты тұрмыс кешуіне ахуал қалыптастыру- Қазақстанның алдына қойған асыл мұраты. Қазақстан Республикасы адам құқықтарын қорғау саласында оң қадамдар жасауда. Біздің республикамыз келешекте де адам құқығы жөніндегі айтулы халықаралық, экономикалық, әлеуметтік және саяси пактілерге қосуға бет бұрып, үнемі басты назарда ұстауға кепілдік береді.
Достарыңызбен бөлісу: |