Әбдісаттар Сәдуақасұлы Оспанов 1941 ж. 10-қазанда (дұрысы 1940 ж. 15-мамыр) Қызылорда облысы, Арал ауданы, «Ұялы» ауылында балықшы отбасында туылған. Үш жасынан сегіз жыл бойы төсекке таңылғанына қарамай, 1955 ж. Ұялы жетіжылдық мектебін «үздік» бітірген. Үш күннен соң, еңбек жолын «Балықшылар» артелінде есепші боп бастаған ол қос балдаққа сүйене, күрделі оталардан өте жүріп, Қазалы ауд. «Қызылқұм» кеңшарында аға экономист, бас есепшінің орынбасары, «Қызылордасушарқұрылысы» тресі «Тасбөгет автобазасында бас есепші, №42 ЖМК жоспарлау бөлімінің бастығы бола жүріп, 1972 ж. сол мекемеде облыста темірбетон көпірлер салатын тұңғыш бөлімше ұйымдастырып, екі жұмысты бірге басқарған, сол жылдың басында Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясов басқаратын кеңшарда бір жеті аралықты, 75-метрлік көпір мен сондай ұзындықтағы су өткізетін (кеңес үкіметі кезіндегі тұңғыш) темірбетон астау (акведук) салдырған.
Ә.С.Оспанов Алматыдағы ҚазМУ-дің тарих факультетінің кешкі бөлімде оқи жүріп, Жеңіл өнеркәсіп, тұрмыстық қызмет көрсету қызметкерлерін дайындайтын техникумда мұғалім, оны бітірген соң ҚазКСР Тарихи-мәдени ескерткіштер қорғау қоғамы Орталық Кеңесінде аға нұсқаушы, оның Қызылорда облыстық Кеңесінің басшысы, «Қайнар» баспасының аға редакторы, «Қазақ энциклопедиясының» бөлім меңгерушісі, Республикалық Кітап мұражайы мен жекеменшік «Маржан», «Қоғам және қылмыс» ЖШС-нің директоры болған.
Ә.С.Оспанов 1970-80 жж. құрамында Бек Ибраев, Ескендір Бәйтенов сынды белгілі сәулетшілер, С.Айтбаев, Қ.Закиров секілді суретшілер, тарихшы М.Сембин, мәдениеттанушы ғалым М.М.Әуезов бар экспедициялар ұйымдастырып, жетекшілік етіп, Қызылорда облысында 172 ескерткішті зерттеген. Олардың басым көпшілігіне құжаттар дайындап, Мәдениет министрлігіне өткізген.
Осындай жұмыстар нәтижесінде Қызылордада «Айтбай», Қазалыда «Мірәлі (Нұралы)», «Татар» мешіттері, «Ғанибай керуен сарайы» (бұрынғы техникумның ғимараты), сол аудандағы басқа да мешіттер, «Сырлыбай», «Құттыбай» мазарлары, «Бегім-Ана», «Сараман-Қоса» мұнара-бейіттері, ежелгі «Женткент», «Батпаққала», «Күйікқала» қалаларының орындары; Жаңақорғанда «Сауран» қаласы, «Ақтас» мешіті, Шиелі ауданында «Асан-Ата», «Ес абыз», «Оқшы-Ата» мазарлары, Қазақ хандығының тұңғыш астанасы «Сығанақ», Жалағаш ауданында «Сырлытам-2» мазары, Сырдария ауданында «Ахмет ишан», «Қалжан ахун медресесі» мен көптеген сәулет өнерінің ескерткіштері, көне қалалар есепке алынды. 1982-ж. бастап олар қайта қалпына келтіріліп, халық игілігіне берілді, тарихшы ғалымдардың зерттеу нысандарына айналды.
Ә.С.Оспанов Қазалы ауылшаруашылығы техникумы жоспарлау бөлімшесін, Алматыдағы Жоғары экономика мектебін, ҚазМУ-дің тарих факультетін бітірген. Ол – тарихшы-этнограф, ақын, жазушы, аудармашы, жырау, әнші-күйші сазгер. 64 ән, 10 күйдің, көптеген терме-толғаулардың, тарихи жырлардың авторы. Барлық әндерінің әуендері мен мәтіндерін өзі шығарады. Қазақстан Жазушылар одағының, ҚР Авторлары қоғамының мүшесі, КСРО, ҚазКСР Журналистер, Ақын-жыраулар одақтарының мүшесі болған, қазір тәуелсіз журналист.
1992 ж. «Жанқожа батыр» деректі тарихи-көркем романы, 2000 ж. «Өмір, неткен тәтті едің» эссе кітабы, 2002 ж. «Хан Сырлыбай» тарихи-деректі романы, 2009 ж. «Мәдени мұра» бағадарламасы аясында «Адамдықтың арқалап ауыр жүгін» атты өлеңдер, тарихи жыр-дастандар жинағы, 2010 ж. «Адам, қайда барасың?!» атты жыр жинағы, 2014 ж. «Ән ұшып, күй төгілді жүрегімнен» атты әндер мен күйлер жинағы, «Наркескен» тарихи-деректі көркем трилогиясы, 2016 ж. «Есімдері мәңгілік есімізде» естелік-эсселер жинағы, 2017 ж. «Қандырып құлақ құрышын» терме-толғаулар мен дастандар жинағы шыққан. «Даналар жайлы дастан» тарихи-деректі романы өткен жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің комиссиясынан өтті. 2021 ж. жарық көрмек. «Ақиық», «Зар заман» романдары аяқталуға жақын. Көптеген очерктердің, ғылыми-зерттеу, публицистикалық мақалалардың, теле-радиохабарлардың авторы, жүргізушісі болған.
Ол қырық жыл жинаған қолжазбаларды араб әліпбиінен кириллицаға өзі аударып, 1992-96 жж. Нұртуған Кенжеғұлұлының «Кәнеки, тілім, сөйлеші» (3 том), Ерімбет шайыр Көлдейбекұлының «Ұлағат сөзім ұрпаққа» атты (1 том) өлеңдер мен дастандар жинақтарын өз үйін кепілге қойып қарызға алған қаржысына шығарған. Көпшілікқолды ғылыми кітаптарды, жоғары оқу орындары оқулықтарын аударған.
Ол 1969 ж. Мәскеу қаласында өткен Бүкілодақтық көркемөнер байқауының дипломанты, 1987 ж. Алматыда өткен КСРО Халық творчествосы ІІ-фестивалінің, 1989 ж. Новосибирскіде КСРО Халық артисі И.Гуляев атынд. фестиваль лауреаты.
1965 жылдан өзі қызмет еткен ұжымдарда көркемөнерпаздар үйірмелерін ұйымдастырып отырған ол, 1982 ж. «Қайнар» баспасында аға редактор бола жүріп, журналистерден «Саржайлау» атты фольклорлық-этнографиялық ансамбль құрып, концертмейстрі болған. Бұл ұжым 1985 ж. қыркүйек айында Мәскеу қаласындағы ХШЖ Көрмесінің Бас ғимаратында үш күн бойы өткен Дүниежүзілік кітап саудасы-жәрмеңкесіне қатысқан 98 елдің делегациясына Орта Азия республикалары атынан концерт беру мәртебесіне ие болып, кейін Киев, Новосибирск, Алматы қалаларында және Алматы облысы көлемінде өнер көрсетіп, 1990 ж. «халықтық» атағын алған. 1986 ж. Жаңақорғанда М.Көкенов, 1995ж. Қазалыда Н.Кенжеғұлұлы атында айтыс ақындары, жыршы-жыраулар дайындайтын мектеп-орталық ашып, басқарған.
2015 ж. Астанадағы «Шабыт» Қазақ ұлттық өнер университетінде, 2016 ж. Қызылордада А.Тоқмағамбетов атындағы Мәдениет Сарайында, 2017 ж. Алматыда «Алатау» дәстүрлі өнер театрында Ә.С.Оспановтың шығармашылық-концерттік кештері өтіп, автор шығармаларын шәкірті, жырау Э.М.Жаңабергенова, Президент оркестрінің домбырашысы, күйші Бақытжан Дүйсенғазиев, Мирас пен Құралай Бекжановтар, Самал Байсейітова, Өмірқұл Айниязов басқаратын «Сейхун» тобы сынды әйгілі өнер саңлақтары мен «Хан» тобы сияқты жас өнерпаздар орындаған. Қызылордадағы кеште облыстық филармонияның Т.Ізтілеуұлы атындағы оркестрі, Алматыда Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық ұлт-аспаптар оркестрі бастан-аяқ сахнада болып, автордың күйлерін орындап, әндерін сүйемелдеген.